АСТАНА, 24 мамыр – Sputnik. Президент істері басқармасының медициналық орталығы ауруханасының дәрігерлері алғаш рет интраоперациялық фотодинамикалық терапияны пайдаланды.
Бұл терапия өткен ғасырда таралып, қатерлі ісікті емдеудегі ең тиімді хирургиялық емес әдіс ретінде танылған болатын – фотодинамика жасуша деңгейінде қатерлі ісікпен күреседі. Науқас ағзасына арнайы препарат – фотосенсибилизатор енгізіледі, ол қатерлік ісік жасушаларына жинақталып, нәтижесінде жарықтың әсерін ұлғайтады. Сол себепті дәрігер қатерлі ісік жасушалары жинақталған жерге лазер түсіргенде, жарық толқындары жасушаларды жоя бастайды.
"Науқас аналық жыныс безі қатерлі ісігіне шалдығып, дерт бүкіл құрсақ қуысын жайлап кеткен. Оған үшінші рет операция жасап, метастаздарды алған. Операция кезінде ішекті бірнеше рет кесуге тура келді. Одан кейін 6 курс химиотерапия алып, кейін қайта тексеруден өткенде, аурудың шағын екі ошағы анықталған. Консилиум ішектерді біріктіріп, тексеру барысында көзге түскен ошақтарды алып тастау үшін санитарлық операция жүргізуге шешім қабылдады", — деп мәлімет берді аурухананың бас онкологы Насрулла Шаназаров.
Бұл жолы дерттің жаңа ошақтары пайда болмауы үшін, дәрігерлер операциямен қатар фотодинамика әдісін пайдаланбақ болды. Операция кезінде енгізілген препарат зақымдалған тағы басқа жасушаларды көрсетті.
Интраоперациялық фотодинамика операция тиімділігін арттырып қана қоймай, қатерлі ісікті емдеудің өзге әдістері сияқты жанама әсерін тигізбейді. Қазақстанда бұл әдіс алғаш рет қолданылып отыр, әзірше оны Президент істері басқармасының медициналық орталығы ауруханасы ғана қолға алды.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар — Sputnik. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирус індетіне қарсы күрес бойынша Қазақстанда қабылданып жатқан шаралар жөнінде есеп берілді.
Министр мемлекет басшысына өңірлердегі эпидемиялық жағдай туралы, соның ішінде, карантин шараларының күшейтілуі және ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің қолда бар ресурстары жайында мәлімет берді. Цой жұқпалы аурулар стационарларындағы дертке шалдыққан адамдар жататын орындардың 33 процентке, жансақтау бөлімдерінде бұл көрсеткіш 21 процентке толғанын айтты.
Денсаулық министрі COVID-19 жұқтырғандар санының көбеюіне қарамастан, еліміздегі ахуалдың бақылауда тұрғанын және медициналық қызметтің азаматтарға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Ол елімізде адамдардың коронавирустан қайтыс болу деңгейі былтырғы шілде айымен салыстырғанда 4 есе төмендегенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойға эпидемиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды, халықты уақытылы әрі толық құлақтандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ, жаппай вакцина егуге дайындықты тиісті дәрежеде қамтамасыз етуді жүктеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сәйкес, 1 миллион адамға шаққандағы індетке шалдыққандардың саны бойынша Қазақстан 221 мемлекеттің ішінде 109-орында тұр. Ал өткізілген тест сынамаларының саны бойынша 67-ші, өлім-жітім бойынша 94-ші, COVID-19 індетінен жазылып шыққандар саны бойынша 48-ші, дерттің ауыр тиюі тұрғысынан 50-орында.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2020 жылы жемқорлық үшін сотталған лауазымды тұлғалардың статистикасын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, 2020 жылы мыңнан астам адам сотталған.
Соның ішінде 334 - пара алғаны үшін, 256 - пара бергені үшін, 146 - алаяқтық үшін, 98 - ұрлық үшін, 120 - лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін, 26 - парақорлыққа делдал болғаны үшін және тағы басқа.
"299 адам бас бостандығынан айырылды, 142 адамның бас бостандығы шектелді, 575 адамға бірнеше еселік айыппұл салынса, қалғандары шартты мерзімге немесе кейінге қалдыру жазасына кесілді", - деді ол брифингте.
Сондай-ақ, 1 268 адамға қатысты қосымша жазалау шаралары қолданылған.
Агенттік бір адамға қатысты бірнеше қосымша жазалау шаралары қолданылуы мүмкін екенін ескертті.