АСТАНА, 6 шілде – Sputnik, Нұргүл Абай. Бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 78 жасқа толды. Осыған орай Sputnik Қазақстан тілшісі Елбасына әр жылдары жасалған ерекше сыйлықтарды еске түсіруді жөн көрді.
Президенттің қыздарының әкесіне жасаған сыйы Елбасы кітапханасындағы экспонаттардың қатарын толықтырып тұр. Назарбаевтың қос қызы мемлекет басшысына сағаты бар "JAIMA" шатырын тарту еткен. Бірақ қай жылы екені көрсетілмепті. Сыйлық металл, табиғи тастардан жасалған. Шатырдағы барыстардың көздері де бағалы тастан.
Бір жақ қырында мынадай өлең жолдары бар:
"В этот цех угодит, где расплавилось время
Что уж там говорить, — непосильное бремя
Но из сданного в лом предыдущего царства
Всем напастям назло – сотворить государство!
Вот достойный венец!
С днем рождения, отец!"
Дариға, Әлия
Ресейдің экс-президенті, қазіргі РФ үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев 2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне Ақорда бейнеленген картинаны тарту еткен. Бұл суретті Медведев Ақорданың аумағына кірген сәтте өз телефонының камерасына түсіріп алған. Мемлекет басшысы 75 жасқа толған кезде, картина етіп шығарып сыйға тартыпты.
Мына суретте бас қаруын асынған қазақ батыры. Мұндағы қару-жарақтың бәрі жан-жақтан топтастырылған. Мәселен, қорамсақтағы жебелер мен садақты 2015 жылы Ресей президенті Владимир Путин тарту еткен. Алайда нақты қай мерекеге арнап сыйға тартқаны көрсетілмепті. Ал қынаптағы қылышты 1996 жылы Елбасының туған күніне Алматы қаласының тұрғындары сыйлаған.
Семейліктер жасаған сый да Елбасы кітапханасында сақтаулы.
Түрлі делегациялар әр жылдары тарту еткен қару-жарақтың түр-түрі бар. Мәселен, Араб елінің дәстүрлі қанжарлары, жапон самурайларының қаруы, дуэльге арналған тапаншалар, Владимир Путин сыйға берген "кортик", Сербия президенті сыйлаған қылыш және тағы басқа.
"Мемлекетті басқаратын әр адам шахмат ойнауы керек". Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Осыдан ба, Елбасының шахмат ойнағанды жақсы көретінін білетін шет мемлекет басшылары оған ерекше стильде жасалған шахмат сыйлауға тырысады екен. Мәселен, Арменияның бұрынғы президенті Серж Саргсян 2010 жылы Назарбаевтың туған күніне дәстүрлі "стаунтондық" шахмат сыйлаған. Қол жұмысы. Ойын фигуралары алтын, табиғи тастардан (жадеит, кохолонг) жасалған.
Бұған қоса, "Ұлы моғолдар әскері" шахматы, Қытай шахматы, Беларусь президенті Лукашенко сыйлаған "Мәскеу түбіндегі "Бородино шайқасы" тақырыбында жасалған шахмат, қазақтың батырлары мен хандары, киіз үй пішінінде жасалған шахмат та бар.
2007 жылы дағыстандық Ахмет Сурхатилов 67 жасқа толған Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа рекордын арнады. Астана алаңында орнатылған су толы контейнердің ішінде 10 минут 3 секунд болған. Испанияда Сурхатиловты "акула адам" деп атайды екен. Бұған дейінгі Барселонада орнатқан рекорды 7 минутты құраған.
Дәл осы жылы шымкенттік аспаз Жарайр Карапетян да кәуап пісіруден әлемдік рекорд орнатпақшы болып, оны президенттің туған күніне арнады. Аспаз тауық етінен ұзындығы 67 метр кәуап пісірген, ондағы мақсаты Гиннес рекордтар кітабына кіру болған. Кәуап әзірлеуге шамамен 100 келі тауық еті сатылып алыныпты.
Шымкенттік аспаз Нұрсұлтан Назарбаевқа телеграммамен әлемдегі ең үлкен кәуапты президенттің туған күні құрметіне әзірлейтіні туралы хабар беріпті.
2013 жылы Алматы облысының Текелі қаласында жергілікті тұрғындар ұлттық ою-өрнекпен безендірілген төсеніш жасап шықты. Шеберлер бұл еңбегін Астана күні мен президенттің туған күніне арнаған.
Қытайдан атажұртына оралған оралмандарға 73 метрлік сырмақты жасау үшін бір отар қойдың жүні кеткен.
2016 жылы Шымкентте драма театрдың сахнасында Нұрсұлтан есімді 80 бала Елбасыны туған күні құрметіне ән шырқады. Ән "Нұрсұлтан ата" деп аталды.
Ән орындалып жатқанда, балалардың артындағы үлкен экранда Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен жұмысынан үзінділер көрсетілді.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар — Sputnik. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирус індетіне қарсы күрес бойынша Қазақстанда қабылданып жатқан шаралар жөнінде есеп берілді.
Министр мемлекет басшысына өңірлердегі эпидемиялық жағдай туралы, соның ішінде, карантин шараларының күшейтілуі және ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің қолда бар ресурстары жайында мәлімет берді. Цой жұқпалы аурулар стационарларындағы дертке шалдыққан адамдар жататын орындардың 33 процентке, жансақтау бөлімдерінде бұл көрсеткіш 21 процентке толғанын айтты.
Денсаулық министрі COVID-19 жұқтырғандар санының көбеюіне қарамастан, еліміздегі ахуалдың бақылауда тұрғанын және медициналық қызметтің азаматтарға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Ол елімізде адамдардың коронавирустан қайтыс болу деңгейі былтырғы шілде айымен салыстырғанда 4 есе төмендегенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойға эпидемиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды, халықты уақытылы әрі толық құлақтандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ, жаппай вакцина егуге дайындықты тиісті дәрежеде қамтамасыз етуді жүктеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сәйкес, 1 миллион адамға шаққандағы індетке шалдыққандардың саны бойынша Қазақстан 221 мемлекеттің ішінде 109-орында тұр. Ал өткізілген тест сынамаларының саны бойынша 67-ші, өлім-жітім бойынша 94-ші, COVID-19 індетінен жазылып шыққандар саны бойынша 48-ші, дерттің ауыр тиюі тұрғысынан 50-орында.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2020 жылы жемқорлық үшін сотталған лауазымды тұлғалардың статистикасын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, 2020 жылы мыңнан астам адам сотталған.
Соның ішінде 334 - пара алғаны үшін, 256 - пара бергені үшін, 146 - алаяқтық үшін, 98 - ұрлық үшін, 120 - лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін, 26 - парақорлыққа делдал болғаны үшін және тағы басқа.
"299 адам бас бостандығынан айырылды, 142 адамның бас бостандығы шектелді, 575 адамға бірнеше еселік айыппұл салынса, қалғандары шартты мерзімге немесе кейінге қалдыру жазасына кесілді", - деді ол брифингте.
Сондай-ақ, 1 268 адамға қатысты қосымша жазалау шаралары қолданылған.
Агенттік бір адамға қатысты бірнеше қосымша жазалау шаралары қолданылуы мүмкін екенін ескертті.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматыда инфекциялық аурухана салу кезінде бюджет қаражатын жымқыру туралы іске түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қылмыстық іс ішкі мемлекеттік аудит актісі бойынша тіркелді. Тергеу барысында келтірілген нақты шығынды анықтау үшін актілер тексеріс жүргізу үшін тіркеледі. Ақшаның ұрланып-ұрланбағанын және сомасын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалады. Көп жағдайда бұрын айтылған шығын сомасы расталмай жатады, тіпті, істер тоқтатылған кездер де болған", - деп түсіндірді агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров брифингте.
Айтуынша, қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"ақша шынымен жымқырылды ма, жоқ әлде бұл қандай да бір заңбұзушылық па, мұның бәрі тергеу барысында анықталады", - деп нақтылады ол.
Жемқорлыққа қарсы агенттік тергеу барысы туралы қосымша ақпарат береді.
"БАҚ-та резонанс туғызбауды өтінеміз. Бұл акті бойынша әдеттегі тіркеу, бізде ондай көп. Тергеу барысы туралы қосымша хабарлаймыз", - деді Биғайдаров.
18 қаңтарда Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Сонымен қатар, бұл іске "Bi-Industrial" ЖШС директорының да қатысы бар екені айтылды.
БАҚ хабарлағандай, олар COVID-19 науқастарына арналған модульдік аурухананы салу кезінде 3,9 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінді.
Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.
Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін БАҚ-та Сапар Нұрашевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Алайда қала әкімдігі мұны жоққа шығарды.
Алматы әкімінің баспасөз қызметі Сапар Нұрашевтың өз жұмыс орнында екенін растайтын видео түсірді.