Күләй Оңалханқызының бір қолы мен бір аяғы жансыз

Сиыр да сауады, көрпе де тігеді. Қолы мен аяғы жансыз келіншектің ауыр тағдыры - фото

2433
(Жаңартылды 16:49 23.08.2018)
Бүкіл шаруасын бір қолы мен бір аяғымен жасап жүрген Күләй ана көмекке зәру. Еліміздің Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда 440 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Он екі мүшесі сау адамдар жұмыс таппай жүргенде, бір қолы мен бір аяғы жансыз Күләй Оңалханқызы өзін біреу жұмысқа алады дегенге сенбейді

АСТАНА, 22 тамыз – Sputnik, Кенжекей Тоқтамұрат. Бүгінгі кейіпкеріміз Астанадан алпыс шақырым жердегі Шортанды ауылында тұрады. Үйі жоқ. Ақыл-есі кемдеу жолдасы және бір ұлы бар. Күләй ана өзі секілді мүгедек бауыры мен он төрт құрсақ көтерген батыр анасы туралы көзіне жас ала әңгімелеп берді. 

Қол-аяғымыз кемтар болса да, ақыл-есіміз сау 

Күләй Оңалханқызы 1970 жылы Моңғолия Республикасында туған. Өзге де қандастармен бірге 90-шы жылдардың басында Атажұртқа оралады. Екінші топтағы мүгедек. Мүгедектігін құзырлы органдар өмір бойғы деп бекіткен. 

"Анамның айтуынша, ай-күнім толып туған үйдегі он үшінші бала екенмін. Екі қолым да, екі аяғым да сап-сау болған. Перзентханадан шығамыз деп отырғанда, туғаннан кейін үш күннен соң қызуым қатты көтеріліп, аяқ асты ауырған екенмін. Дәрігерлер температураны бірнеше күн түсіре алмай, бар шараны қолданған. Бірақ, ақырында бір қол, бір аяғымнан жан кетіп қалған", — деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. 

"Қазір екінші топтағы мүгедекпін. Өзімнен кейін 1972 жылы туған бауырым бар. Туғаннан екі аяғы, бір қолы жоқ. Екінші қолының тек үш саусағы бар. Мүгедек болып тусақ та, ақыл есіміз дұрыс. Соған Аллаға мың да бір шүкір деймін. Бауырым қолөнер шебері. Бір бұйым жасап отырғанда көзін шығарып алған. Қазір сонда бір көзі, екі аяғы, бір қолы жоқ жан", — деген ол бауырының суретін көрсетіп, көзіне жас алды. 

Алты жасында бірақ аяғын басқан

Күләй Оңалханқызына дәрігерлер ДЦП (церебральды сал ауруы) диагнозын қояды. Балаларды туа жалмап жатқан бұл жаман ауру қазір өте көп кездесетіні жасырын емес. Ал, ол кезде, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары сал бала сирек кездесетін. Бір таңдай қақтыратыны – медицина дамыған мына ғасырда сал баланы аяққа тұрғызу өте көп қаржы мен емді талап етсе де, баланың оңалып кетуі екіталай. Ал, Күләй Оңалханқызының анасы болса қызын өзі емдеп, өзі аяғынан тұрғызған. 

"Аяғымды алты жасымда бірақ басыппын. Дәрігерлер "енді ауыра береді, адам болмайды" деп шығарып салғанда, анам бір жасыма дейін өзі күтіп, әртүрлі массаж жасап, аурудың денеме тарап кетпеуі үшін күні-түні ұйықтамаған екен. Биенің саумалын беріп, қымызымен емдеген.  Сол анамның арқасында қалған мүшелерім сау, ақыл-есім дұрыс. Аяғымды алты жасымда бастым. Соған дейін анам көтеріп жүріп, ақыры мені адам қылды", — дейді Күләй ана. 

Күләй ана бір қол, бір аяғымен үйдің бүкіл шаруасын дөңгелетіп жүр
© Sputnik /
Күләй ана бір қол, бір аяғымен үйдің бүкіл шаруасын дөңгелетіп жүр

"Сен мүгедек емессің!"

Мүгедек баланы әрине кішкентайлар мазақтаса, үлкендер мүсіркей қарап жатады. Күләй ана да бұл сезімді басынан өткерген.  Бір қолы мен бір аяғының жансыздығын үнемі қысылып, өзге балалар сияқты ойнап-күліп, жүгіре алмаған.  Бойжеткен кездегі қиындық өз алдына.  Тек бір адам ғана оның бойынан еш мін таппай, оның мүмкіндігін өзге адамдардан да артық қоя білген.  Ол әрине – тағы да анасы. 

"Мектепке де бардым, мектептен кейін де білім алдым. Сөмкемді көрші үйдің баласы, жақын құрбым көтеріп апарып береді. Сабақтан келерде үйге дейін тағы көтеріседі. Бәрі кемтар деп маған жұмыс істетпейтін, ойын ойнатпайтын. Тек анам ғана "Сен мүгедек емессің. Сенің он екі мүшең де сау, ақыл есің де дұрыс. Бар да сиыр сау, бар да кір жу" деп жұмсай беретін. Маған сенгені соншалық, мені тігінші мамандығына түсірген. Бірақ, ол арманын орындай алмадым…" — дейді Күләй ана. 

Анасының арманын орындап, тігінші болмаса да, Күләй ананың үйіне барып көрдік: құрақ көрпені де тігеді, сиыр да сауады, сүт те тартып, нан илеп, кірді де өзі жуады екен. Тоқыма да тоқимын дейді. Және осының  бәрін бір аяқ, бір қолымен жасап жүр. 

"Анамның ауыр тағдыры"

Күләй Оңалханқызы сұхбат барысында өзінен гөрі туған бауырының тағдырын көп сөз етіп, көп уайым қылды. Туған інісі Қарағанды облысына қарасты аудан орталықтарының бірінде тұрады. Дүниеге екі аяғы мен бір қолы мүлде жоқ қалпында келген. Дәрігерлер баланың неге бұлай туғанын дұрыс анықтай да алмаған. Ал, Күләй мен бауырының бұл кемтарлығын анасы ауыр апаттан көреді екен. 

Тағы оқыңыз: Сал ауруын жеңген қыздың жантебірентерлік әңгімесі

"Анам өмір бойы медбике болып жұмыс істеді. 1959 жылы 25 жасында Моңғолияның астанасы Ұлан-Батырға барып, қазіргі тілмен айтқанда біліктілігін арттыру керек болған. Ол кезде Моңғолия қазақтары "Ваз" көлігімен қатынайтын. Және сол көліктің үстіне дейін мініп отырып алады. Анам келе жатқан көлік сайдан аударылып, үлкен апат болған. Ал, менің шешемнің шашы қылтасынан төмен болатын. Өзге адамдар жан-жаққа домалап, секіріп кеткенде, анамның шашы машинаның доңғалағына оратылып қалады да, көлікпен бірге бірнеше рет аунаған. Шашы, бас терісі мен бір жақ құлағы жұылынып кеткен. Дәрігерлер Ресейден хирург шақырып, анамның құлағы, бас терісін сол орыс дәрігер тігіпті. Жарты жыл төсек тартып жатты. Апатқа дейін үш құрсақ көтерген. Апаттан кейін он бір бала туған батыр ана. Екі баласы шетінеп, бір баласы бауыр ауруынан көз жұмған. Тірілерінің бірі мен және сол бауырым. Біздің кемтарлығымызға сол апаттың бір салдары болды ма деп көп ойлаймыз", — дейді келіншек.  

Күләй Оңалханқызының анасы балаларының ортасында
© Sputnik /
Күләй Оңалханқызының анасы балаларының ортасында

"Бір қолыма іліп, бір қолыммен суға түсірдім"

Күләй Оңалханқызы да жасы жеткенде тұрмысқа шыққан. Мүгедектігіне қарамастан, бала көтеріп, дені сау ұл бала сүйген. Қазір баласы он бес жаста. Шақалақты жаны жоқ бір қолына іліп, екінші қолымен суға түсірген, сол қолымен сылап-сипаған. 

"Дені сау бала бергеніне Аллаға  мың да бір шүкір етемін. Баламды да ешкімге жалынбай өзім бағып-қақтым. Сәбиді қырқынан шыққанша суға шомылдыру керек. Ол медицина да мойындаған қазақтың өте жақсы дәстүрі ғой. Менің жағдайымда қарап, біреулер шомылдырмай-ақ қой деген сыңай танытқан. Бірақ, ондай қаңқу сөздерге мән берген жоқпын. Бір қолыма іліп қойып, сау қолыммен қырық күн суға түсіріп, сыладым. Ендігі мақсатым – баламды жоғары білімді азамат ету. Әттең, қолым қысқа. Сондықтан да уайымым көп", — дейді Күләй ана.  

Көмек сұрайды…

Даладағы ұзақ әңгімеден кейін қамкөңіл ана үйіне шақырды. Тұрып жатқан баспанасы – бір бөлмелі "времянка". Жарымжан ананың уайымы көп – баста баспана да жоқ, үйдегі пеш те ескі, баланың оқуы да бар, қыс та қыр артында тұр. 

"Қазір қасиетті Құрбан айт қой. Барша мұсылмандарды қасиетті мерекемен құттықтаймын. Адамнан жасырсам да Алладан жасыра алмаймын: қазір менің отбасым мүгедектікке берілетін 40 мыңға жетер-жетпес ақшамен өмір сүріп отыр. Өйткені, жолдасымның да денсаулығында кінәрат бар…Балам әлі оқушы. Қолымызда қора мал тұрған жоқ, қарап отырғанымыз бір сиыр. Сондықтан, маған материалдық көмек керек екенін жасырмаймын…", — дейді Күләй Оңалханқызы. 

Мүгедек әйел отбасымен бір бөлмелі времянкада тұрып жатыр
© Sputnik /
Мүгедек әйел отбасымен бір бөлмелі "времянкада" тұрып жатыр

Құрбан айт күндері қайырымдылық жасап, Күләй Оңалханқызына көмектесемін деген жандар болса, редакциямызға хабарласып, байланыс телефондары мен мекен-жайын ала алады. 

2433
Кілт сөздер:
атажұрт, қандастар, оралмандар, сал ауруы, материалдық көмек, келіншек, мүгедек, Астана
Медициналық аппарат құрылғысы

Невропатолог адамдар не себепті инсульт алатынын айтты

399
(Жаңартылды 10:53 30.10.2020)
Невропатолог инсульттың алғашқы үш белгісі бар екенін айтады. Адамның бет терісінің салбырауы, кеуде тұсқа дейін көтеріп созғанда қолды бір сызық бойымен ұстай алмау және жеңіл фразаны қайталай алмау

АЛМАТЫ, 30 қазан – Sputnik. 29 қазан – Дүниежүзілік инсультқа қарсы күрес күні. Инсульт – ми қан тамырларының бітелуі немесе жарылуы кезінде пайда болатын ауру. Атаулы күнге орай невропатолог, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының екінші дәрежелі дәрігері Әсем Телеубаева Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат беріп, инсульттың алдын алу, жедел жәрдем келгенге дейін көрсетілу қажет көмек жайлы айтты.

– Инсульт тек егде жастағы адамдарда бола ма? Кейінгі кезде инсульттің де "жасарып" жатқаны жайлы естиміз. Статистика не дейді?

– Жыл сайын 40 мыңнан астам инсульт алады. Оның ішінде 5 мың адам алғашқы 10 күнде қайтыс болады. Тағы 5 мың адам ауруханадан шыққаннан кейін қайтыс болады. Бұл – ауруханаға жеткізілген науқастар есепке алынған статистика. Жедел жәрдем келмей жатып қайтыс болатын адам да көп. Ең көп сырқаттанушы – 41 жастан 60 жасқа дейінгі адамдар, одан кейін 61-70 жас аралығындағы науқастар, алайда бұл ауру қазір жастар арасында да кездеседі.

Инсультқа ұшыраған адамдарды саралайтын болсақ, науқастардың 50%-ті сыртқы фактор салдарынан ауырады. Мысал ретінде жас жігітті алайық. Ол бірнеше күн бойы компьютер алдында отырады, аз қозғалады, майлы тамақ жейді. Мұның бәрі семіздікке алып келеді. Оған қосымша темекі тартып, ұйқысы қанбай, жүйке жүйесі тозса, адамның қан қысымы жоғарылайды. Оның бәрі инсультқа алып келеді.

Инсультқа генетика да әсер етеді. Жақын туысы ауырған адам да кейін инсульт алуы мүмкін. Сонымен қатар қант диабеті, жүрек ауруы, жүрекше фибрилляциясы, гипертония, ми қан тамырларының туа біткен патологиялық аурулары инсультқа алып келеді.

Қарт адамдар қан қысымының жоғарылағанына бейімделген. Оларда гипертония (қан қысымының төмендеуінен әртүрлі мүшелер мен тән жүйелерінде ауытқулардың пайда болуы) ауруының көп жылдық тәжірибесі бар. Жастарда ондай жоқ. Сол себепті жастар арасында инсульт жиі кездеседі.

– Бір рет инсульт алған адам екінші рет ауырып қалуы жиі кездесе ме?

– Инсульт алған барлық науқаста бірінші жылы жағдайдың қайталану қауіпі жоғары. Ал науқас ауруханада емделіп, үйге шыққан кезде барлық ұсынысты орындаса, инсульттің қайталану қауіпі азаяды. Себебі инсультпен ауырып шыққан науқастар өмір салтын толығымен өзгертеді. Науқас жедел жағдайдан шыққаннан кейін бірден оңалту шаралары басталады. Науқастың жұтыну, сөйлеу, жүру секілді қалыпты әрекеттерін орындау қабілеті қаншалықты бұзылғаны анықталады. Науқас үйге шығатын кезде оның туыстарын моральдық тұрғыдан дайындаймыз. Күнделікті қандай мөлшерде сұйықтық ішу керек екені, ұйқы режимі, жаттығу жұмыстары түсіндіріледі.

– Инсульттың қандай түрі бар? Қай түрі жиі кездеседі?

– Аурудың үш түрі бар: ишимиялық, гемморрагиялық, субарохноидальді инсульт. Ең жиі кездесетін түрі – ишимиялық инсульт. Бұл – мидың бір бөлігінде тромбтың пайда болуы. Соның салдарынан мидың бір бөлігінің қан айналымы азаяды немесе қан айналымы тоқтайды. Гемморрагиялық инсульт – қан тамырының атылуы. Субарохноидальді инсульт – ми қабығы тамырларының жарылуы нәтижесінде пайда болатын ми мен оның қабығы арасында пайда болған қанды ісік.

– Адамдар инсульттің қандай белгілерін міндетті түрде білу керек?

– Инсульттың алғашқы белгілері – беттің қисайып кетуі. Науқасқа "жымиыңыз, тісіңізді көрсетіңіз" дегенде, бір беті төмен салбырап тұрады. Сондай-ақ, екі қолды көтеріп, кеуде тұсымен бір сызық бойында ұстап тұрыңыз дейміз. Сондай жағдайда бір қолы төмен түсіп кетеді. Үшінші белгісі – жеңіл фразаны қайталау. Соны қайталай алмау инсульттың бір белгісі болып есептеледі.

– Инсульт болған жағдайда жедел жәрдем келгенше қалай көмек көрсеткен жөн?

– Үй жағдайында инсульт белгілерін байқаған кезде науқасты тыныштандырып, төсекке жатқызу керек. Бас жағы 30 градусқа жоғары болатындай етіп, жастық қойған жөн. Егер науқас есінен танып қалған болса, қырымен жатқызу қажет. Өйткені ол құсуы мүмкін. Жейдедегі түймені ағытып, ауа ағынын қамтамасыз ету керек. Мүмкіндік болса, жедел жәрдем келгенше қан қысымын өлшеп, жоғары болса, қысымды төмендететін дәрі беру керек. Сонымен қатар инсульт белгісі байқалған жағдайда науқасқа тамақ беру және қан тамырын кеңейтетін дәрі беруге тыйым салынады.

– Инсульттың алдын алу бойынша қандай да бір нұсқама бар ма?

– Иә, аурудың алдын алу бойынша бірнеше нұсқама бар. Бұл қан қысымын бақылау, қандағы холестерин деңгейін бақылау, қандағы қант деңгейі мен өз салмағын бақылау, дұрыс тамақтану, темекіні тастау, жаттығу жасау, күйзелісті бақылау, жыл сайын медициналық тексеруден өту.

Оқи отырыңыз: "Бәрін уси-пуси құртады": мамандар бала тілінің неге кеш шығатынын түсіндірді

Артық салмақ инсульт қауіпін арттыратын бірнеше факторды өзімен бірге алып келеді. Бұл – қан қысымының жоғарылауы, жүрек қан тамырлары ауруы және қант диабетінің дамуы.

– Инсульттан кейін емделу орта есеппен қанша уақытқа жалғасады?

– Науқастарға 6 айдан 2 жылға дейін ем алу қажет екенін айтамыз. Бірақ оның нақты жауабы жоқ, өйткені бұл науқастың өзіне де, жанындағы туыстарына да байланысты. Егер науқас ем алуға дайын болып, инсульттың қайталанбауы үшін барлық шараны жасаса, тез сауығып кетуге мүмкіндік бар.

399
Кілт сөздер:
ауру, дәрігер, инсульт
Тақырып бойынша
"Еркектің қуатын арттырады": Германияда оқыған дәрігер қан алдырудың пайдасын айтты
Жас дәрігер Сапарбаевқа: Жалақым 180 мың теңге, жағдайымыз жаман емес
Ауыр дертпен күресіп жүрген астаналық жігіт: бақсы-балгерлерге бармаңдар
"Бәрін уси-пуси құртады": мамандар бала тілінің неге кеш шығатынын түсіндірді
Қазақстанда зейнетке шығу жасы төмендей ме?
Аурухана, архивнтегі фото

Бір тәулікте коронавирус пен пневмониядан алты адам қайтыс болды

12
Қазір коронавирус инфекциясынан 3 461 адам ем қабылдап жатыр, арасында 313 бала бар, 9 науқастың жағдайы аса ауыр деп бағаланған

АЛМАТЫ, 30 қазан – Sputnik. Қазақстанда өткен тәулікте коронавирус инфекциясынан 4 адам, пневмониядан 2 адам қайтыс болды, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.

29 қазанда 392 адамнан коронавирус инфекциясы табылды және 195 адамға коронавирус белгісі бар пневмония диагнозы қойылды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда індетке шалдыққан 400-ге тарта науқас анықталды

Қазір коронавирус инфекциясынан 3 461 адам ем қабылдап жатыр, оның 313-і бала. Стационарларда 2 303 науқас бар, 1 158 адам амбулаториялық жағдайда емделуге шешім қабылдаған.

Оның ішінде 135 адамның жағдайы ауыр, 9 науқастың жағдайы аса ауыр екені хабарланды. 16 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Пандемия басталғалы Қазақстанда 111 492 адам коронавирус жұқтырды, 1 тамыздан бастап 37 574 адам пневмонияға шалдықты.

Коронавирустан 1 844 адам, 1 тамыздан бастап пневмониядан 399 адам қайтыс болды.

12
Кілт сөздер:
коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Тақырып бойынша
Парламент бюджетке түзетулерді қабылдады: қосымша ақша қайда жұмсалады
2 миллион теңге берілмейді: дәрігерлердің өтемақысын неге тоқтатты?
Қазақстанның бір облысында блок бекеттер қойылады
Алматыда коронавирус жұқтырған үш жігіттің шәуеті тартылып қалған
Қоңыр аю

Аю 50 жастағы әйелге тап берді видео

0
(Жаңартылды 10:58 30.10.2020)
Зардап шеккен әйел жануарлар үйінде жұмыс істеген, ол көптеген дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді  

НҰР-СҰЛТАН, 30 қазан – Sputnik. Ресейдің Курск облысында жануарлар үйіндегі аю қызметкерге тап берді, деп хабарлады РИА Новости.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан әйелдің тордың жанынан өтіп бара жатқанын көруге болады. Ол жолда тұрған таяқтан аттаймын деп, жыртқыш отырған торға тым қатты жақындап кеткен. Дәл сол кезде аю оны қолынан ұстап алып, ішке қарай тартқылайды, бір табанымен арқасынан да ұстап тұрады. Оны көрген қызметкерлер жүгіріп келіп, оны таяқпен ұра бастайды. Алайда аю қайтпайды. Ақырында әйелдің күрткесін жыртып тынады.  

Оқиға Фатежск ауданында орналасқан Новые дворы ауылында болған. Осы аймақтағы тергеу басқармасының мәліметіне сәйкес, зардап шеккен әйел жануарлар үйінде жұмыс істейді. Ол жерде үй жануарларымен бірге жабайы аңдарды да ұстайды.

Қостанай облысында 11 жастағы баланы қасқыр талап тастады

"Әйел аю отырған тордың жанынан өтіп бара жатқанда жыртқыштың шабуылына тап болды. Аю оны қолынан ұстап алып, өзі отырған торға тартқан. 50 жастағы әйел көптеген дене жарақатымен Курск облысының клиникалық ауруханасына жеткізілді", - дейді тергеушілер.

Тергеушілер тексеріс шараларын бастады. Соның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады. "Фатежские будни" басылымының мәліметінше, әйелге гималай аюы тап берген.

Ал әлеуметтік желілерде тараған ақпаратта аюдың өлгені туралы айтылады. Тордың ішінде үшкір таяқ қалып қойған. Аю соған өкпесін тілгізіп алған.

0
Кілт сөздер:
жануарлар әлемі, аю
Тақырып бойынша
Көжекке тұтқиылдан қаршыға шабуылдады: оқиғаның соңын ешкім күтпеген еді - видео
Буйвол туристердің көлігіне тап беріп, оны мүйізімен көтерді – видео
Лақ бір топ жыртқышқа тойтарыс берді – қызықты видео
Кішкентай ит арыстандармен айқасты, оқиғаның соңын ешкім күтпеді – видео