Бақытжан Сағынтаев

"Өтірік айтқанда да, дұрыстап айту керек қой" Министрлер Сағынтаевтан сөз естіді

1689
(Жаңартылды 08:37 12.09.2018)
8 айда республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы бойынша, бірқатар министрлік қаржыны уақытылы игермеген

АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. ҚР Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев 8 айдың ішінде бюджеттен бөлінген қаржыны игере алмай отырған министрлерді сынады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жыл басынан бері бюджеттен бөлінген қаражатты игермеген министрліктердің жұмысын сынға алды. 

8 айдың қорытындысы бойынша, ең көп игерілмеген сома – 15,4 миллиард теңге қорғаныс министрлігіне тиесілі. Қорғаныс ведомствосының басшысы болып жуырда ғана тағайындалған Нұрлан Ермекбаев тиісті шаралар қабылданып жатқанын айтты.

"Сіз жаңадан келіп жатырсыз, сондықтан қаржының не себептен игерілмей жатқанын анықтаңыз. Жылдың соңына кеп қалдық", — деп тапсырды Бақытжан Сағынтаев. 

Ал мәдениет және спорт министрлігі 11,1 миллиард теңгені уақытында игермеген. 

"Бақытжан Әбдірұлы, бәрі жоспарлы түрде жүріп жатыр", — деп ақтала бастады министр Арыстанбек Мұхамедиұлы. 

"Қалай жоспарлы түрде жүреді? Бұл 8 айдың қорытындысы бойынша игерілмеген ақша. Сонда біз жоспарлы түрде біз игермей отырамыз ба?..Осы сегіз айда 11 миллиардқа қанша мектеп, балабақша, аурухана салуға болады, қанша шақырым жол жөндеуге болады… Жаңа Сұлтанов айтып өтті, игерілмеген ақшаны бюджетті қайта қарау кезінде алып қоямыз. Өкпелемеңіздер", — деді премьер-министр. 

Бақытжан Сағынтаевтың сынына орынбасары Өмірзақ Шөкеев те ілікті. Шөкеев жетекшілік ететін ауыл шаруашылығы министрлігі 10,9 миллиард теңгені игере алмай отыр. 

"Қазір су шаруашылығынан актілер күтіп отырмыз. Актілерге қол қойылса, 5 миллиард теңге бірден төленеді. Содан кейін ғылым жағынан, білім министрлігіне маусым айында өтінім бердік. Екінші өтінім – тамызда. Өтінім 90 күн қаралады екен. Мен қайта-қайта хабарласып, сөйлестім. Мүмкін, тәртіпті өзгерту керек шығар, 90 күнді қалай қысқартамыз?", — деп сұраққа сұрақпен жауап берді. 

"Өмірзақ Естайұлы, сіз үкімет басшысының орынбасарысыз! Министрлерге қарағанда лауазымыңыз жоғары. Тәртібін өзгертесіз бе, басқа шара қолданасыз ба, әйтеуір берілген ақша игерілу керек…Ғылымға деп ақша аласыздар да, сосын ол игерілмей жатады.  Онда не үшін ақша беріледі?", — деп ашуланды Сағынтаев.

4,5 миллиард теңгені игере алмай отырған ішкі істер министрі де премьерден сөз естіді. 

"Бақытжан Әбдірұлы, 4,5 миллиард теңгені қыркүйеккке дейін игереміз", — деп  сөз бере бастап еді, үкімет басшысы сөзін бөлді. 

"Қыркүйектің ішінде отырмыз ғой, қалай қыркүйектің соңына дейін орындайсыз?  Өтірік айтқанда да, дұрыстап айту керек қой", — деп дауыс көтере сөйледі Сағынтаев.

Бюджет қаржысын уақытында игермеген ақпарат және коммуникациялар министрлігі де премьер-министрдің сынына ілікті.

1689
Кілт сөздер:
қаражатты игермеу, мемлекеттік бюджет, министрлер, Бақытжан Сағынтаев
Тақырып бойынша
"Нәтиже жоқ!". Сағынтаев Елбасының айтқанын орындамаған шенділерді сынады
Сағынтаев "іскер" министрлердің әрекетін қалжыңға айналдырды
Сағынтаев "7-20-5" бағдарламасына қатысты Ұлттық банкке тапсырма берді
"Айтпады демеңіздер". Сағынтаев министрлерге соңғы ескерту жасады
Сағынтаев Шөкеевке: Елбасының алдында тағы да ұятқа қалмайық
Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының саяси кеңесін өткізді

"Nur Otan" сайлау алдында берген уәделерінің басым бөлігін орындады Назарбаев

185
(Жаңартылды 19:41 24.11.2020)
Қазақстан тиімді жұмыстың және Ұлттық қор қаражатының арқасында күрделі жағдайларды айналып өте білді, деп атап өтті Елбасы

НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Nur Otan" партиясының саяси кеңесі бюросының отырысы өтті, деп хабарлады Елбасының ресми сайты.

Жиында Назарбаев соңғы бес жыл ішінде партия өзінің сайлау алдында берген уәделерінің басым бөлігін орындағанын атап өтті.

"Пандемияға және соған байланысты әлемдік экономиканың 4,4 процентке, кейбір дамыған елдерде 10 процентке құлдырағанына қарамастан, біз тиімді жұмыстың және Ұлттық қор қаражатының арқасында мұндай күрделі жағдайларды айналып өте білдік", – деді партия төрағасы.

Қазақстанның Тұңғыш президенті соңғы бір жылдың ішінде партия жұмысын қайта жандандыру бағытында ауқымды жүйелі жұмыс атқарылғанын атап өтті.

Оқи отырыңыз: Nur Otan мәжіліс депутаттығына 78 кандидатты бекітті 

"Біз алғаш рет праймериз өткіздік. Соның нәтижесінде аудан, қала және облыс деңгейіндегі іріктеулерден өткен 77 кандидат Саяси кеңестің шешімімен Съезге ұсынылып отыр. Бүгін праймериз тәртібіне сәйкес, қалған 49 кандидатты орталық квота бойынша партиялық тізімге қосу жөнінде шешім қабылдаймыз. Халықтың қатысуымен 216 өңірлік сайлауалды бағдарлама жан-жақты талқыланып, қабылданды. Онда жұртшылық тарапынан келіп түскен 17 мыңнан астам ұсыныс ескерілді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Елбасы праймеризге қатысушылар мен онда жеңіске жеткен азаматтарға тоқталды.

"Праймеризге қатысушылардың үштен бір бөлігі және партиялық тізімге енген әрбір бесінші адам – жастар өкілі. Партиялық тізімнің 30 процентін  әйелдер құрайды. Сонымен бірге партия тізімдерінде көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, бизнес өкілдері, жұмысшылар мен қызметкерлер бар", – деп толықтырды ол.

Қазақстанның Тұңғыш президенті праймеризге қатысқан партияның әрбір үшінші жаңа мүшесі жеңіске жеткенін атап өтті.

"Осылайша, біз "Nur Otan" партиясының жұмысын жүйелі түрде қайта жандандыруды аяқтадық", – деп түйіндеді партия төрағасы.

Бюро мен саяси кеңес отырыстарының нәтижесінде 126 кандидаттан құралған тізім "Nur Otan" партиясының ХХ съезіне ұсынылады.

185
Кілт сөздер:
Назарбаев, сайлау, Мәжіліс
Тақырып:
Мәжіліс сайлауы
Тақырып бойынша
"Ауыл" партиясы ОСК-ге мәжіліс депутаттығына кандидаттардың тізімін тапсырды
Қазақстанда тағы бір партия атауын өзгертті
Косарев жаңа жылдан кейін депутат болмайтынын айтты
"Ақ жол" партиясы мәжіліс депутаттығына кандидаттар тізімін жариялады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов

Нұрымбетов жәрдемақы төлеу кезінде әділетсіздікке жол беріліп жатқанын айтты

2206
(Жаңартылды 18:54 24.11.2020)
Қазақстанда кейбір заңнамалық актілерге әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр   

НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедек бала тәрбиеленіп жатқан отбасыға екі жәрдемақыны қатар алуға құқық беруді ұсынып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр Біржан Нұрымбетов азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы туралы айтып берді.  

Оқи отырыңыз: Депутат Бектаев әр балаға 18 жасқа дейін қаржы бөлуді ұсынды 

"Өкінішке қарай, біздің қолданыстағы заңнамамызда әлеуметтік тұрғыдан әділетсіз нормалар бар. Бірнеше мысал келтірейін. Бізде бірінші топтағы мүгедекті күтуге жәрдемақы қарастырылған. Бірақ неге екені белгісіз, бұл жәрдемақы адам бала кезінен мүгедек болса ғана беріледі. Ал ересек кезінде мүгедек болып қалғандар не істейді? Бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасау жәрдемақысын барлығы алу үшін біз мұны түбегейлі өзгерткіміз келеді", - деді Нұрымбетов Азаматтық форумда.

Ол мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыға қатысты тағы бір мысал келтірді.   

"Отбасы асыраушысынан айырылған жағдайда мемлекет тарапынан балаларға жәрдемақы беріледі. Ал мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы бұдан құр қалады – мұндай кезде заң мүгедектік бойынша жәрдемақы алып отырсың дейді. Біз бұл әділетсіз деп санаймыз. Сондықтан осы заң жобасында бұл жағдайда мүгедектігі бойынша жәрдемақы мен  асыраушысынан айрылғандарға берілетін жәрдемақыны қатар алу жағын қарастырамыз", - деп толықтырды министр.

Сондай-ақ, мүгедек деген ұғымды "мүгедектігі бар адамға" ауыстыру, мүгедектіктің 1-2 тобы анықталған жағдайда, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған және 18 жасқа дейін тұрғын үй алған отбасылардың баспана алу кезегін сақтау ұсынылып отыр.

Сонымен қатар, заң жобасында 2023 жылдан бастап инватакси қызметін көрсету, 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларды жәрдемақы мөлшерін қайта қарастыра отырып, мүгедектік топтарына бөлу қарастырылады.

2206
Кілт сөздер:
мүгедектер, жәрдемақы
Тақырып бойынша
Солтүстікке қоныс аударатындарға берілетін жәрдемақы екі есе артады
Перуашев зейнетақы мен жәрдемақыны басқаша есептеуді талап етті
Көпбалалы аналар 153 миллиард теңге жәрдемақы алды - еңбек министрлігі
Елорда әкімдігі 44,5 мың теңге әлеуметтік көмек кімдерге берілетінін түсіндірді
коронавирусқа қарсы вакцина

G20 саммитінде ескерусіз қалған мәселелер

0
G20 виртуалды саммиті қатысушылардың күш салуына қарамастан, жаһанданудың өлгенін, постковидті әлемде жеке-даралылық орын алғанын көрсетті

Мұнда мәселе шартты "америкалық бірполярлы әлемге" қарсы сөз байласуда немесе ХХ ғасырдың екінші жартысының үлгісі бойынша "блоктық қарсы тұруды" қайта тірілтуде емес. Деглобализация және көпполярлылық – бұл вашингтондық немесе брюссельдік "басшылардың" не ойлайтынына қарамастан орын алған ақиқат, деп жазады РИА Новости.

Мәселелерді талқылауға арналған бірыңғай саяси тілдің жоқтығы секілді бірыңғай әлемдік саяси күн тәртібінің жоқтығы проблема болып отыр. Оның үстіне, әлемдік қауымдастық үлгі алатындай "геосаяси камертон" да жоқ. 

Коронавирус пандемиясынан бастап экономикалық дағдарысқа жалғасатын ортақ проблемалар бар болғанымен, олардың ортақ шешімі принципті түрде жоқ. Себебі, жаһандық деңгейде мемлекеттер арасындағы өзара әрекеттестік нөлге дейін төмендеді. Яғни, нақты бір елдің қандай да бір табысы бәсекелестердің жеңіліс табуы секілді бағаланады. Геосаяси бәсекелестердің қайсыбірі кез-келген имидждік, саяи немесе экономикалық жеңісті өз қоржынына салмауы үшін ортақ мүдделерді құрбан етуге дайын.

Бұл сөзге айқын мысалдар келтіруге болады. "Жиырмалықтың" саммитінде ҚХР елдер арасындағы жүріс-тұрыс пен келім-кетімді қайта ашатын қандай да бір цифрлық механизм құруды ұсынды. Бұл әлемдік экономикаға, халықаралық саудаға және туризмді қалпына келтіруге үлкен қолдау болар еді. Қытай тестілердің нәтижелеріне негізделетін "Денсаулық QR-кодын" өзара мойындаудың халықаралық механизмін құруды ұсынды.

"Оған мейлінше көп ел қосылады деп үміттенемін", - деді Си Цзиньпин.

Әділін айту керек, қандай да бір турист, дипломат немесе бизнесменнің дені сау және түрлі шекаралық шектеулерге қарамастан мемлекеттердің аумағына кіре алуын қамтамасыз ететін халықаралық және жаппай мойындалған "цифрлық растауды" құру өте жақсы идея. Бұл шара дәл қазір аса қажет болып тұрғанымен, оны жаһандық деңгейде жүзеге асыру мүмкіндігі жоқтың қасы. Бұған дәл осы ұсынысты Си төрағаның ұсынуы да өз ықпалын тигізеді. Себебі, батыс көшбасшыларының имидждік көзқарасы бойынша қытайлық ақпараттық технологиялардың жоғары дамуын паш ететін ресми Бейжің ұсынысына келісуге болмайды. Бұл – принцип.

Келесі мысал кедей елдер үшін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның қолжетімсіздігі турасында болмақ. Бұлай болған жағдайда ол елдер "коронавирустың ошағына" айналуы ықтимал. Владимир Путин өз сөзінде вакциналауға жаһандық қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігін баса айтты: "Ресей осы саммиттің тиімді және қауіпсіз вакциналарды барлығы үшін қолжетімді етуге бағытталған шешімдер жобасын қолдайды. Біздің ел, әрине, мұқтаж мемлекеттерге біздің ғалымдар әзірлеген вакцинаны ұсынуға дайын. Бұл әлемде бірінші болып тіркелген және адамның аденовирустық векторлары платформасындағы " Спутник V" вакцинасы, новосібірлік ғылыми орталықтың "ЭпиВакКорона" вакцинасы да дайын. Қазір ресейлік үшінші вакцина әзірленіп жатыр.

Пандемияның ауқымы бізді барлық қолда бар ресурстарды пайдалануға міндеттейді. Біздің ортақ мақсатымыз – вакциналық препараттар портфелін құрып, бүкіл ғаламшар тұрғындарын сенімді қорғаныспен қамтамасыз ету. Бұл дегеніміз, құрметті әріптестер, барлығымызға жеткілікті жұмыс бар және бәсекелестік болғанымен, біз ең алдымен гуманитарлық ойларды басшылыққа алып, осыны алдыңғы қатарға қоюға тиіспіз".

Декларациялық деңгейде барлығы дұрыс болғанымен, "Жиырмалық" әлдеқайда қолжетімді және тиімді вакциналарды қолдану арқылы кедей мемлекеттердің халқын вакциналауды ортақ қаржыландыру қорын құруға келісім бермейді. Себебі, бұл америкалық және еуропалық препаратқа қарағанда арзан ресейлік "Sputnik V" вакцинасын қолдануды білдіреді.

Владимир Путин бәсекелестікті бір шетке ысырып қойып, гуманизм көзқарасымен адамгершілік танытуға шақырды. Бірақ, оның бұл үндеуіне құлақ асатындар кемде-кем. Оның үстіне, батыстық БАҚ ресейлік және қытайлық вакциналарды қаралау бағытындағы ақпараттық-насихаттау жұмыстарын бәсеңдете қойған жоқ.

G20 саммитінде субстанциялық диалог орнатылмаған мәселелер тақырыбын ұзақ жаза беруге болады. Оның қатарында ДСҰ реформасы, дамушы елдердің валюталық қарыздары, протекционизмге бағытталған жаһандық тренд те бар. Батыс көшбасшылары нақты позицияны ұстанатын секілді: біз көп сөйлейміз, біз ешкімді тыңдамаймыз және барлығы біздің айтқанымызды бұлжытпай орындап, шешімдерімізбен келісуі керек. Ел президенті ауысқаннан кейін де Вашингтонның бұл позициясы өзгере қоюы екіталай.

G20 саммитіндегі субстанциялықтың жоқтығы әлем "геосаяси блоктар" бәсекелестігі мен "америкалық әлемді" қалпына келтіруге қарай дамып келе жатпағанын айқын көрсетті. Олардың бағыты мүлде бөлек. Әлем елдері тек екіжатқы келіссөздер жұргізу арқылы ғана күрделі мәселелердің де шешімі табуға болатынын түсініп, осы бағытты бетке алды.

0