АСТАНА, 11 қыркүйек — Sputnik. Оқушылар арасында жүргізілетін тестілеу ақылы болмауы тиіс. Бұл туралы мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен жиын барысында айтты, деп хабарлайды Sputnik тілшісі.
Оның айтуынша, білім беру жүйесіндегі проблемалық мәселелердің бірі — мектеп оқушылары арасында ақылы тестілеу өткізу фактілері. Мысалы, Алматы облысында білім бөлімдерінің нұсқауы бойынша оқушыларды тестілеу тұрақты түрде өткізіліп тұрған. Мұндай тестілеу өткізу үшін әр оқушыдан 300-500 теңге көлемінде ақша жинап отырған.
"Агенттіктің жұмысы адалдық принциптерін нығайтуға, білім беру жүйесінде "адал ортаны" құруға бағытталған", — деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ, білім саласындағы сыбайлас жемқорлық себептерінің бірі болып табылатын осы сала қызметкерлерінің еңбекақысы төмен деңгейде болу мәселесі де қаралды.
Сонымен қатар, агенттік өкілі мұғалімдерге төленетін еңбекақының көтерілуі әрқашан қосымша қаражат бөлуін талап етпейтінін атап өтті. Мысал ретінде Астана қаласының балалар үйінің оң тәжірибесі келтірілді. Онда басшылықтың жұмысты дұрыс ұйымдастыра білуі жағдайды түбегейлі жақсартуға мүмкіндік берген.
Танымал әнші қазақстандық ұстаздарға кимешек кигізуді ұсынды
Балалар үйінің директоры Динара Закиеваның айтуынша, жұмыстың дұрыс жүзеге асуының арқасында 90 млн теңге үнемделген. Кейін осының арқасында жұмысшылардың жалақысы 3-4 есеге көтерілді. Яғни бұрын 30 мың теңге алып отырған жұмысшы бүгінде 120 мың теңге алып жүр. Сондай-ақ, балалар үйінің материалдық базасы айтарлықтай жақсарған.