Қоғам

Енді астаналық оқушылар мектеп асханасында көлік картасымен есептесе алады

© Sputnik / Владислав ВодневМектеп асханасы
Мектеп асханасы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Пилоттық жоба оқушылар саны көп № 27, 54 және 59 мектептерде енгізілген

АСТАНА, 15 қазан – Sputnik. Астананың үш мектебінде асханалар мен буфеттерде көлік картасымен есеп айырысу бойынша пилоттық жоба енгізілді, деп хабарлайды тілшісі. 

Астана қаласы білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, елордалық оқушылар асханада LRT атаулы көлік картасымен төлем жасай алады. 

Пилоттық жоба бірнеше апта бұрын № 27, 54 және 59 мектептерінде енгізілген. 

Түскі ас - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Мектеп асханасында оқушылардың түскі ас мәзіріне не кіреді?

"Біз бұл білім беру ұйымдарында толығымен қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшкіміз келеді. Әр балада мектепке кіретін карта бар. Турникет арқылы мектепке кірген кезде, оның мекемеге қашан келгені тіркеледі. Буфетте де сол карта арқылы төлем жасай алады", — деді Жанғозин. 

Картаның балансын терминалдар арқылы немесе онлайн толтыруға болады. Сондай-ақ картада оқушы мектеп асханасында сатып ала алмайтын өнімдерді таңдау мүмкіндігі қарастырылған. 

"Егер ата-ана баласының қандай да бір тағамды жегенін қаламаса, онда ол мәзірден шектеу қойылатын өнімдерді таңдай алады. Буфетте картамен есеп айырысқан бала ата-анасы тыйым салған өнімді сатып ала алмайды. Картадан ақша алынғанда, ата-аналарға хабарландыру келеді", — деп түсіндірді ол. 

Жанғозин қолма-қол ақшасыз есеп айырысу асханалар мен буфеттегі ұзын-сонар кезекті азайту мақсатында енгізіліп отыр.

"Буфетте ақшамен есеп айырысқан кезде, балалар кезекте тұрып қалады. Біз қазір бұл жобаны оқушылар саны көп мектептерде енгізіп жатырмыз. Егер бәрі ойдағыдай өтсе, басқа білім ошақтарын да тартамыз", — деді білім басқармасының басшысы.


Жаңалықтар
0