АСТАНА, 15 қараша – Sputnik, Нұргүл Абай. Соян Мысаұлы – Моңғолияда тұратын ақын, Астанада өткен алыс-жақын шет елдерден келген қандастарымыздың басын қосқан "Қасиетті қазақ елі" халықаралық өнер фестивалінің жүлдегері. Арнайы шақырумен қазақ елінің бас қаласына табаны тиіп, Асқар Татанаев атындағы сыйлықты қанжығасына байлады. Sputnik Қазақстан тілшісі Моңғолияға атажұртынан олжалы қайтқан ақынды әңгімеге тартып, жырақтағы қандастарымыздың хал-ахуалынан аз-мaз хабардар болды.
Соян Мысаұлы алғаш рет Қазақстан астанасына 2007 жылы келген. Бірақ құрылысы қарқынды жүріп жатқан сол кездегі елорда қандасымызға ұнай қоймапты. Айтуынша, қаланың тыныс-тіршілігінен қазақилық байқалмаған.
"Ар жақтан қазақ елін аңсап, шекарадан өте бергенде, бізді қазақтың қаракөз қыздары мен қоңыр ұлдары қарсы алып, қызмет көрсетеді деп ойлаған едік. Алайда халқының өзі орыс тілді, сол баяғы орыстанудан құтыла алмағанын байқадым. Кез келген мекеменің тақтайшасындағы мекенжай да орыс тілінде болатын", —деп сөзін бастады ақын.
Он бір жылда елорданың келбеті де, халқы да адам танымастай өзгерген.
"Өте үлкен өркениетке жеткен, әлі де өркендеп бара жатқаны көрініп тұр. Ана тілінде сөйлейтін адамдар көбейіп, дүкен, мекеме атаулары қазақшаланған. Тіпті тұрғындарының өзі қазақи, бір-бірін сыйлап, түсіністік танытады. Қаракөз ұл-қыздарымыздан жол сұрасаң "аға, адасып жүрсіз бе, мына көшемен былай барасыз" деп жөн сілтейді. Қандай ғанибет!", — дейді қандасымыз.
Соян Мысаұлының айтуынша, тоқсаныншы жылдардан бері қарай 30 мыңдай қазақ атажұртына қоныс аударып, қазір Моңғолияда 120 мың қандасымыз қалған. Қазақтардың басым көпшілігі Моңғолияның 21 аймағының бірі – Баян-Өлгийде тұрады.
"Моңғолия қазақтары әлі де көшпенді. Қылышын сүйретіп қыс келсе, қыстауға кіреді. Бұл үшін екі-үш қабаттан тұратын үйлер салынған ауылдар бар. Жаймашуақ жаз келгенде, мал төлдететін жеріне шатырлап үй салып алады. Негізі, бұрын бізде киіз үймен жайлап, күзеп, қыстап жүрген болса, оның барлығы отырықтанып бара жатқан сыңай бар. Десе де кәдімгідей отырықтанып отырмайды, жайлауда үш-төрт ай бойы киіз үй тігіп, бие байлайды. Оң жағында бүркіті отырады, оның томағасын кигізіп, тұғырын қояды. Таяқ тастам жерде тас ошақта құрт қайнап жатады. Былайша айтқанда, кәдімгі ерте-кездегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі сол қалпында бұзылмай сақталған", — деп сөзін жалғады ол.
Күн салқындап, шөп сарғайып, күздің қара суығы сезіле бастағанда, жайлауда жатқан жұрт артынып-тартынып күзеуге көшеді. "Қыстың қамын жаз ойла" демекші, күзеуде қауырт жұмыс басталады. Қыстың қорасы жөнделеді, шабындықтар алынады."Қыстау үйлер ағаштан емес, кірпіштен салынады. Ағаш табиғат көркі емес пе, сондықтан оны қорғау үшін қажетімізге жаратпаймыз. Ауылымызда қызыл кірпіш шығаратын зауыт бар. Үйлеріміз де сол кірпіштерден қаланған", — деді қандас ақын.
Айтуынша, Моңғолияда қазақ балалары бесінші сыныпқа дейін сабақты ана тілінде оқиды. Қосымша моңғол, ағылшын, орыс тілі қосылып кіріп, орта сыныпқа ауысқанда, барлық сабақ моңғол тілінде өтеді. Бірақ, бұл Моңғолиядағы қазақ жастарының ана тілінде сөйлеуіне еш кедергі емес дейді. Бүлдіршіндер де қазақ балабақшаларына барып, тәлім-тәрбие алады екен.
Бүгінде төрт баланың әкесі Соян Мысаұлы болашақта отбасын алып, қазақ еліне көшіп келуді армандайды.
"Биыл тұңғышым он екінші сыныпты бітіріп, Түркістан қаласына оқуға түсті. Одан кейінгі балаларым да қазақ елінде біліп алып, осы елде тамыр жаяды деген ойдамын. Ата қонысымызға көшіп келу жоспарымда бар", — дейді ол.
Сайрагүл Сауытбай бостандықта: қазақ неге алаңдайды?
Атажұртынан жырақта жүрген қандасымыз Ұлы қазақ даласын үнемі аңсап тұратынын жасырмады.
"Өзге елде қанша жерден бай бол, батыр бол, кезінде ата-бабамыздың қаны төгілген Ұлы қазақ даласын аңсап жүреміз. Біздің бір қара шаңырағымыз, арқа сүйер тіреуіміз, ұлы еліміз бар деп ойлап жүреміз, еске аламыз"- деп ағынан жарылды ақын.
Ол бүгінде білім қуып, Моңғолиядан Қазақстанға аттанған қазақ жастары аз емес екенін атап өтті. Айтуынша, дені оқуын тәмамдағаннан кейін, атақонысында тұрақтап қалады екен.
"Қазақстанға келгеніміз дұрыс деп ойлаймын. Үлкен елдің дамуына тамшыдай болса үлес қосқымыз келеді", — деді Соян Мысаұлы.
"Қазір Қытайға барып келген кейбір адамдар "енді ол елге баруға болмайды екен" деп жатыр. Тексеріс күшейіп кеткен, айтуларынша, телефонның іші-сыртына дейін ақтарып барып өткізеді. Бірақ та, Моңғолия қазақтарына қысым көрсетіп жатқан жоқ. Біз сауда жайымен немесе сол жақтағы ағайындарға қонаққа емін-еркін барып келеміз", — деп сөзін жалғастырды қандас ақын.
Десе де, Моңғолиядағы қандастарымыз алаңдап отырған сияқты.
"Қытайдағы қазақтың басынан кешіп жатқан дүниелерін көріп, біздегі адамдар "ертең сол саясатты моңғол мемлекеті де бізге жасауы мүмкін ғой" деп қобалжығаны рас. Сондықтан да олар қазақ еліне қоныс аударғысы келеді. Әйтпесе, моңғол жерінде жан баға алмай, күн көре алмай отыр деген сөз емес. Келешегі үшін, артынан ерген бала-шағасы үшін алаңдайды. Ертең баласы ержеткенде "шіркін-ай, неге мені қазақ еліне жеткізіп кетпедің" деп өкпе-реніш айтуы мүмкін деп ойлайды. Сол себепті қазір көбі Қазақстанға балаларын жіберіп, артынан өздері келіп, орнығып жатқан жағдай бар", — деді ол.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар — Sputnik. Жандос Бүркітбаев денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалды. Үкіметтің тиісті қаулысы шықты.
Жандос Бүркітбаев 1971 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген.
1996 жылы C. Асфендияров атындағы Алматы ұлттық медицина университетін "Емдеу ісі" мамандығы бойынша, 2003 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығы бойынша тәмамдады. Ал 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын "Фармация" мамандағы бойынша, 2018 жылы Қазақстан медицина университетінің дипломын алып шықты.
Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық жедел медициналық жәрдем клиникалық ауруханасында дәрігер-терапевт болып бастаған.
Әр жылдары Алматы қаласындағы республикалық апаттар медицинасы орталығының дәрігері, денсаулық сақтау министрлігінің бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысы, мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2008 жылы астанадағы "Қан орталығын" басқарды. 2011-2019 жылдары Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының директоры болды.
2019 жылдың 23 қаңтарынн бастап Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың басқарма төрағасы қызметін атқарды.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар — Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады.
Қала басшысы Елбасыға эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.
Оның мәліметіне сәйкес, 2020 жылы елорданы дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бойынша маңызды жобаларды іске асыруға 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Көлгінов білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, тұрғын үй құрылысы және инфрақұрылымды дамыту жобаларына да тоқталды.
Сондай-ақ, астана әкімі пандемия жағдайында елорданың шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау шаралары туралы айтып берді.
Елбасының ресми сайты Назарбаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловты да қабылдағанын хабарлап отыр.
Бұл COVID-19 қоздырғышы болып табылатын SARS-CoV-2 тікенді ақуызының кішкентай бөлшектерінен тұратын синтетикалық препарат. Қазір бұл вакцинаны сынауға үш мыңнан астам ерікті қатысып жатыр. Сондай-ақ, ол азаматтық айналымға да түсті. Оның кері әсері өте аз деп хабарланды. Сондықтан, вакцина егде жастағы адамдарға қолдануға да жарамды.
Осы вакцина тасымалдағыш ақуызға бекітілген SARS-CoV-2 коронавирусының тікенді ақуызының қысқа бөлшектерінен тұрады. Бұл бөлшектердің құрамында пептидтер деп аталады. Сондықтан, вакцина да пептидтік деген атауға ие болды. Тасымалдаушы ақуызға коронавирустың РНҚ-сын қоршап тұрған нуклеокапсидті ақуыздың бөліктері бар. Иммундық әсерді күшейтетін зат - адъювант ретінде алюминий гидроксиді жұмыс жасайды. Сонымен қатар қосалқы қосылыстар мен су бар. Барлық құрауыш элементтер синтетикалық болып табылады.
РИА Новости агенттігіне "Вектор" мемлекеттік ғылыми орталықта хабарлағандай, вакциналық пептидтердің құрамында ең алдымен В-жасушалы эпитоптар бар. Т-хелперлі эпитоптардың көзі ретінде тағысалдаушы ақуыз қызмет етеді.
SARS-CoV-2 - нуклеокапсид қабыршағына оралған РНҚ молекуласы болып табылады. Мұның бәрі сыртынан тәж тәрізді тікенді ақуыздармен безендірілген липидті қапшықта тұрады. Сондықтан, оны коронавирус деп айтады.
Тікенді ақуыздар вирустық бөлшектің адам жасушасына жабысып, ішке енуіне көмектеседі. Көптеген зерттеулер бұл тікендердің организмде ең үлкен иммундық реакцияны тудыратынын анықтады. Биологтардың терминологиясында тікенді ақуыз - антиген болып табылады.
Бұл ақуыздың молекуласы өте үлкен және оның ішінде ерекше аймақтар – эпитоптар бар. Иммундық жүйенің жасушалары оларды анықтап, инфекциямен күресті іске қосады.
Екпе нәтижесінде ақуыз тасымалдаушы барлық үш пептидті адамның Влимфоцитіне жеткізеді. Олар пептидті белсендіреді де, қорғаныш антиденелер - иммуноглобулиндер өндіріле бастайды. Әрбір В-эпитопы бірегей иммуноглобулиннің синтезіне жауап береді. Алдымен M (IgM) тобына жататын антиденелер түзіледі. IgG - содан кейін қалыптасады да, олар иммунитетті көрсетіп, ұзақ уақытқа қанда қалады.
"Вектор" орталығындағылар екпеден туындайтын антиденелер коронавирустың тікенді ақуыз үшін айрықша екенін растайды. Иммунизацияланған еріктілердің қан сарысулары вирусты бейтараптандыратын белсенділік танытады. Демек, антиденелер коронавирусты танып қана қоймай, оны жоюға қабілетті.
Онда ешқандай вирус және оның бөліктері жоқ. Бұл вакцина құрамында аденовирустар бар "Спутника V" вакцинасынан өзгеше. "ЭпиВакКорона" құрамында РНҚ, ДНҚ, тірі құрауыштар, консерванттар немесе антибиотиктер жоқ. Оның құрамында пептидтер бар. Олар коронавирустың ақуыздарымен бірдей пептидтер – ақуыздар бөлшектері бар.
Ол пептидтердің химиялық синтездері, яғни, жекелеген аминқышқылды қалдықтардан бірізді тізбек құру процесімен әзірленеді.
"Егер пептид қысқа - сегізден онға дейінгі қалдықтар болса, онда синтездеу ерітіндіде өтуі мүмкін болады. Ол ұзағырақ, бірақ арзан. Ұзынырақ пептидтер қатты фазалы әдіспен синтезделеді. Сегіз аминқышқылының қалдықтарынан тұратын пептид қатты фазалық әдіспен көлеміне, аминқышқылдарының реттілігі мен жабдық сипаттамаларына байланысты екі сағат ішінде, ұзақ дегенде бір тәулік ішінде синтезделеді. Әрі қарай тиімділігі жоғары сұйықтық хроматографиясымен тазарту жүргізіледі. Бұл әлдеқайда тез, бірақ арзан емес", - дейді В.Н.Орехович атындағы биомедициналық химия ғылыми-зерттеу институтының пептидтік инженерия зертханасының меңгерушісі Екатерина Колесанова.
Вакцина суспензия түрінде шығарылады және шприцпен иық бұлшықетіне енгізіледі. Пептидті препараттар иммунитеттің қуатты әрі жылдам жауап қатуын қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан, "ЭпиВакКорона" 21 күн аралығымен екі рет бірдей мөлшерде енгізіледі.
І және ІІ кезеңдегі сынақтарға қатысушылар екпе салған орынның аздап ауыратынын, бірақ, тез басылатынын айтқан. Басқа жағымсыз әсер тіркелген жоқ.
Тіркеуден кейінгі сынаққа қатысушылар құрған ресми емес #ЭпиВакКорона Telegram арнасында қолайсыздық, екпе салған орынның тәулік бойы қызарып тұруы, иықты қатты ауырсыну секілді аздаған кері әсер жайлы айтқан. Дене қызуының көтерілуі, қалтырау секілді белгілер ешкімнен байқалмаған немесе оның екпемен байланысы расталған жоқ.
"Иммунологиялық және профилактикалық тиімділік бар. Біріншісі - айрықша антиденелер шығару. Клиникалық зерттеулердің I-II кезеңдерінің нәтижелері бойынша барлық еріктілерде айрықша антиденелер түзілді. Профилактикалық тиімділік - бұл екпе салдырғандардың аурудан қорғануы. Бұл бағыттағы зерттеулер тіркеуден кейінгі клиникалық сынақтар барысында жалғасып жатыр. Мәліметтер ақпан айында дайын болады", - деп түсіндірді Ресей тұтынушлар құқығын қорғау мекемесінің баспасөз қызметінде.
"Вектор" мемлекеттік ғылыми орталығында І-ІІ кезеңдердің клиникалық сынақтары әлі аяқталмағанын айтты.
Қазір плацебо тобымен рандомдалған зерттеу өтіп жатыр. Адамдарды кездейсоқ іріктеумен топтарға бөліп, олардың біріне вакцина, біріне физикалық ерітінді салынып жатыр. Сынақтар соңғы еріктіге екпе салғаннан кейін 180 күннен соң аяқтайды.
Бір уақытта жасы 60-тан асқан азаматтарға да сынақ жүргізіліп жатыр. Осы топ бойынша алдын ала мәлімет те ақпан айында дайын болады.
IgG тобындағы антиденелердің коронавирустың S-ақуызына әсері бойынша қан талдауын вакцина егілген күннен бастап 35-42 күн өткен соң ғана жасау керек. Алайда, барлық тест-жүйелер "ЭпиВакКорона" түзген антиденелерді көре бермейді.
Ресей тұтынушлар құқығын қорғау мекемесінде мәлімдегендей, ол үшін "Вектор" мемлекеттік ғылыми орталығы әзірлеген "SARS-CoV-2-IgG-Вектор" тест-жүйесі сәйкес келеді.
Бүкіл әлемде пептидтік вакциналар эксперименттік сатыда тұр. Олардың әзірлеу және тексеру үлкен шығынды қажет етеді. Сондықтан, олар мРНҚ, векторлық және инактивацияланған / өлтірілген вакциналардан артта келе жатыр. Ресейде бұл мәселені өз бетімен шешу үшін қажетті ресурс пен білікті мамандар жеткілікті.
19 қаңтардағы ДДҰ тізімінде "ЭпиВакКоронадан " басқа тағы екі пептидтік вакцина бар. Олар да адам ағзасында тексеріліп жатыр.