Өмірзақ және Айнагүл Әбдіқановтар

"Малдың қиналғанын сезінемін" Ет жемейтін қазақ ерлі-зайыптының әңгімесі

2325
(Жаңартылды 13:46 25.11.2018)
Өмірзақ және Айнагүл Әбдіқановтар туғаннан ет жемейтін қазақтар емес. Ет, балық және жұмыртқадан бас тарту – ақыл-есі кіріп, оң-солын танығаннан кейін саналы түрде қабылданған шешім

АСТАНА, 22 қараша – Sputnik, Нұргүл Абай. "Етті ең көп жейтін ұлт" атағына ие болған қазақтар үшін еттен мүлде бас тарту оңайға соқпайтыны рас. Кейбіреулер үшін бұл тіпті мүмкін емес нәрсе. Тек Өмірзақ пен Айнагүл Әбдіқановтар үшін емес. Ерлі-зайыптының вегетариандар қатарына қосылғанына біраз жыл болды. Үш жасар қыздары да ата-анасына тартқан, етті аузына алмайды. Әбдіқановтар осыдан екі жарым жыл бұрын елордадан вегетариандық дәмхана ашып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған жайы бар. Sputnik Қазақстан тілшісі еттен саналы түрде бас тартқан астаналық жұппен кездесіп, көкейді мазалаған сұрақтарға жауап алып қайтты.

"Жастайымнан зорлық-зомбылыққа қарсы болдым"

41 жастағы Өмірзақ Әбдіқановтың ет жемегеніне 18 жыл болыпты. 10 жыл бойы Үндістанда тұрып, монах болған. Сол жылдары йогамен айналысып, үнді философиясына тереңірек бойлап, ежелгі қасиетті жазбаларды жан-жақты зерттеп, біраз дүниені көңіліне түйіп қайтқан. 

"Үндістанда сиыр қасиетті жануар саналатынын білесіз. Жұрт үнділер малға табынып кеткен деп сөгіп жатады. Ал мен сол елге өзім барып көрдім, олар малға табынбайды, сиырға тек құрмет көрсетеді. Не үшін? Өйткені, сиыр –  шынымен құрметке лайық жануар. Ол жыртқыш емес, ешкімге зияны жоқ, жайлауда жайылып, кешке таман желіні сүтке толып келеді. Біз оны сауып, рақаттанып сүті мен айранын ішіп, қаймағы мен ірімшігін жеп, бала-шағамызды асыраймыз. Ал сүт бермей қойса, бірден сойып тастап, жеп аламыз. Бұл қандай мәдениет сонда?", — деп сөзін бастады ет жемейтін қазақ. 

41 жастағы Өмірзақ Әбдіқанов 18 жылдан бері ет жемейді
41 жастағы Өмірзақ Әбдіқанов 18 жылдан бері ет жемейді

Жастайынан зорлық-зомбылыққа қарсы болған Өмірзақ Әбдіқанов ақыр соңында вегетариан болуға бел буады. Ол кезде жасы 23-те болатын. 

"Бала кезде үйдегілердің қой сойып жатқанын көргенде, шыдай алмай, кетіп қалатын едім. Тіпті тауық та сойғым келмейтін. Бір сөзбен айтсақ, жан қиғым келмеді", — дейді астаналық тұрғын. 

Оның айтуынша, адам мен хайуанды бір-бірінен өзгешелейтін үш нәрсе бар – мәдениет, құрмет және махаббат. Бұл үшеуі тек адамның өмірінде кездеседі, сондықтан адам секілді өмір сүресің бе, жоқ әлде хайуан секілді тіршілік етесің бе, бұл әркімнің өз таңдауы. 

"Алдыңызға жүгіріп келген үш-төрт итке мүжілген сүйекті лақтыра салсаңыз, олар сыпайылық танытып, мәдениетті болып, бір-біріне "сен жей ғой" демейді. Өйткені Алла о баста оларды жыртқыш етіп жаратқан. Ал адамның жаратылысы мүлде бөлек. Жыртқыштар да бірін-бірі жейді ғой деп, біз де сондай болуымыз керек пе?! Құдай адамға сана-сезім, түйсік берді. Бірақ таңдау еркін де өзіне қалдырды", — дейді Өмірзақ Әбдіқанов. 

"Ет жемейтін қазақты қайдан табасың?"

Ал Өмірзақ Әбдіқановтың жары Айнагүл 8 жылдан бері ет жемейді. Вегетариан болу туралы ой өзінің жан-дүниесіне тереңірек үңіліп, психологияны оқи бастағаннан кейін туған. 

"Астанаға көшіп көлгенде, адамның өзін-өзі дамытып, жетілдіруі үшін перспективалар көп екенін ұқтым. Адам бақытсыз болған кезде, үнемі бір нәрсені іздеп жүреді. Неге бақытсыз екенін, жалған ғұмырдың мәнін, ғаламның жаратылысын ұғынып-түсінгісі келеді. Психологияны оқып, семинар-тренингтерге қатыса бастағаннан кейін, йогамен айналыстым. Йогамен айналысқан кезде, ұстазымыз бізді ахимсаны сақтауға үйретеді. Яғни, зорлық-зомбылыққа жол бермеу, біреуге тіл тигізбеу, тіршілік атаулыға құрметпен қарау және денсаулыққа зиянын тигізбей, ағзаға пайдалы тамаққа көшу. Менің вегетариандар қатарына қосылуым осылай басталды", — дейді Айнагүл Әбдіқанова. 

Айнагүл Әбдіқанованың еттен бас тартқанына 8 жыл, вегетариан болу туралы ой өзінің жан-дүниесіне тереңірек үңіліп, психологияны оқи бастағаннан кейін туған
© Sputnik / Владислав Воднев
Айнагүл Әбдіқанованың еттен бас тартқанына 8 жыл, вегетариан болу туралы ой өзінің жан-дүниесіне тереңірек үңіліп, психологияны оқи бастағаннан кейін туған

39 жастағы Айнагүл өмірлік серігі Өмірзақты вегетариан болғаннан кейін кездестірген. Ет жемейтін қазақты мақсатты түрде іздедім, деп күлді ол. 

"Ол кезде жасым 35-ке келіп қалған еді. Анам "арақ ішпейтін, темекі тартпайтын, оның үстіне ет жемейтін қазақты қайдан табасың" дейтін. Бірақ мен өз-өзіме сенімді болдым. Себебі адам бір нәрсені шын қалап, өзі соған дайын болса, сәттілік серігің болады", — дейді елордалық әйел. 

Ерлі-зайыпты Алматыда өткен йога фестивалінде танысыпты. Бүгінде 3 жасар қызы бар. Айнагүлдің айтуынша, ол да туғаннан ата-анасы сияқты вегетариан. Ешқашан еттің дәмін сезініп, аузына алып көрмепті. 

Вегетариан отбасының үш мезгіл тамағы қандай?

Бұл отбасының дастарқанынан күнделікті жейтін етті көрмейтініңіз анық. Оның үстіне балық пен жұмыртқа да атымен жоқ. Тіпті торт пен басқа тәттілердің өзі жұмыртқасыз дайындалады. 

"Таңғы асқа міндетті түрде жеміс-жидек, түрлі ботқа жейміз. Жеміс-жидек шырынын, шпинат, мүк жидегі қосылған смузи әзірлейміз. Ал түскі асымыз бұдан да құнарлы, бұршақ дақылдарын көбірек жеуге тырысамыз. Бұрын гарнир десе көз алдымызға тек макарон, картоп, күріш, қарақұмық қана елестейтін. Ал қазір булгур, киноа, чиа тұқымы, жасымық бар. Солардан котлет, сорпа пісіреміз, көкөністерді бұқтырамыз. Сосын үстелде үнемі жаңғақ тұрады. Қарап отырсаңыз, вегетариандардың асханасы әртүрлі дәмді-тәттіге бай", — дейді ас үйдің иесі Айнагүл. 

Алты кезінде кешкі ас ішіледі. Бұл кезде вегетариандар асқазанда тез қорытылып, оңай сіңірілетін тағамдармен шектеледі. 

"Алтыдан кейін қарнымыз қатты ашып бара жатса, жеңіл-желпі ауқаттанып аламыз", — дейді ол. 

Бір қызығы, ерлі-зайыпты күнделікті ас-сусыннан сүт қосылған шай мен кофені де алып тастаған. Негізінен, ағзаға пайдалы шөп шайларын ішеді екен.

Отбасының дастарқанынан еттен бөлек, балық пен жұмыртқа да жоқ. Тіпті торт пен басқа тәттілердің өзі жұмыртқасыз дайындалады.
© Sputnik / Владислав Воднев
Отбасының дастарқанынан еттен бөлек, балық пен жұмыртқа да жоқ. Тіпті торт пен басқа тәттілердің өзі жұмыртқасыз дайындалады.
 "150 адамды шақырып, етсіз той жасадық"

Өмірзақ пен Айнагүл Әбдіқановтар Астанада шаңырақ көтерген. 150 адамды қонаққа шақырып, етсіз-арақсыз дүбірлі той жасаған. 

"Арнайы аспаздарды шақырдық, ішімдіктің орнына қымыз қойдық. Қонақтардың бәрі мәз-мейрам болып, күліп-ойнап кетті. "Мынауларың не, ет қайда?" деген туысқандарымыз да болды. Бірақ үндемей жеді", — деп күліп еске алды ерлі-зайыпты. 

Қазір ағайын-туыс, дос-жаран екеуінің де ет жемейтініне үйренген. Тіпті той-томалаққа шақырған кезде, алдын ала хабарласып, сіздерге қандай тағам дайындап қояйық" деп сұрап та алады екен. 

"Бұрын туысқандарыма қонаққа барған кезде, тамақ жағынан қиналатын едім. Өйткені салаттың өзіне дейін құс еті мен жұмыртқа, майонез қосылған. Қазір өздері де біледі, мен де көбірек жеміс алыңдар деп тапсырыс беріп қоямын", — дейді әңгімесін жалғастырған Айнагүл. 

Ет жемеген адам қалай өзгереді?

Өмірзақ Әбдіқановтың айтуынша, ет ұзақ қорытылатындықтан, денсаулыққа зияны көп. Ет жеген адамды ұйқы қысып, энергиясы сарқылып, бойдағы күш-қуаты кете бастайды. 

"Қазір таңнан кеш батқанға дейін терлеп-тепшіп жұмыс істейтін адам жоқ. Көбі жылы кеңседе, жұмсақ орындықта отырады. Ет кеңседе отырған адамның ойлау қабілетіне кері әсер етеді. Адамның ұйқысы келіп, бір жерге қисайып, мызғып алғысы келеді. Өйткені бойдағы энергияның бәрі асқазандағы етті қорытуға кетіп жатыр. Ол дұрыс қорытылмаса, жартысы токсин болып, қанға кетеді. Содан ауру басталады", — дейді елорда тұрғыны. 

Жұбайының айтқанымен Айнагүл де келісіп отыр. Астаналық әйел ет жемегелі бері физиологиялық тұрғыдан біраз оң өзгерісті сезінген. 

"Тіпті денеңнің иісіне де дейін өзгереді, бұрын тер иісі қатты шықса, қазір мүлде жоқ деуге болады. Органдар тазарып, ағза жасушалық деңгейде жаңарады. Жеңіл тамақ тез сіңіріліп, жылдам қорытыландықтан, іш қату болмайды. Ал салмақ қосу деген тіптен жоқ", — дейді ол. 

Сонымен қатар, вегетариан әйел ет жемегеннен бері бойындағы мазасыздықтан, қорқыныш пен үрейден, ашу-ызадан арылған. 

"Өткенмен салыстырғанда, қазір маған өмір сүру оңай", — деп ағынан жарылды ол. 

Жарық дүниеге әкелген қызының да денсаулығы жақсы, тіпті ойлау қабілеті өзге қатарластарына қарағанда анағұрлым жоғары екен. Небәрі үште болса да, әріп таниды, оқиды.

Вегетариандарға арналған дәмхана ашты

Отау құрып, үй болғаннан кейін ерлі-зайыпты Ресейден вегетариан шұжығы мен сосискаларын әкеліп, Қазақстанның түкпір-түкпіріне сата бастайды. Республика бойынша ресми дилер болады. Бірде достары вегетариан асханасын ашуға тендер өткізілгелі жатқанын айтып, қатысып көруді ұсынған. Тапсырыс беруші – медициналық орталықтардың бірінің бас дәрігері екен.  

Отбасы ашқан дәмханада ет, балық пен жұмыртқаны айтпағанның өзінде, темекі, қорқор, ішімдікке қатаң тыйым салынған
© Sputnik / Владислав Воднев
Отбасы ашқан дәмханада ет, балық пен жұмыртқаны айтпағанның өзінде, темекі, қорқор, ішімдікке қатаң тыйым салынған

"Дәрігердің өзі біз сияқты вегетариан екен. Біз де конкурстан сүрінбей өтіп, тендерді ұтып алдық. Сөйтіп медициналық орталықтың ішінен шағын ғана дәмхана аштық. Кейінірек ол жерден көшіп кетуге тура келді. Өйткені ғимараттың ішінде орналасқандықтан, тек алтыға дейін жұмыс істейтін. Ал адамдардың бәрі жұмыстан сол уақытта босайтынын білесіз, сондықтан тиімсіз еді", — дейді Айнагүл Әбдіқанова. 

Адамдар қалаған уақытында келіп, тамақтанып отырып емін-еркін әңгімелесетін жеке дәмхана осылай пайда болған. Қазір Астанадағы вегетариандық дәмхананың жұмыс істеп тұрғанына екі жарым жыл болды. Келушілер қатары жылдан-жылға артпаса, азаймаған. 

"Бұл біздің отбасылық бизнесіміз. Өзіміз де вегетариан болғандықтан, келген адамдарға осы мәдениетті жеткізгіміз келеді", — дейді дәмхана иесі. 

Бұл дәмхананың өзінің принциптері мен стандарттары бар. Ет, балық пен жұмыртқаны айтпағанның өзінде, темекі, қорқор, ішімдікке қатаң тыйым салынған. 

"Қыруар ақша түсетін, табысы көп бизнес деп айта алмайсың. Себебі барлық мекемеде негізгі кірісті ішімдік пен ет өнімдері әкеледі. Ал бізде мұның екеуі де жоқ. Есесіне біз халыққа пайдалы тағам ұсынамыз. Кейбіреулер неге ет жоқ деп күліп жатады, мәселе еттен бас тартуда ғана емес. Адамдардың жан-дүниесінің, ойының өзгеруі, тән мен жанның саулығы", — дейді Айнагүл. 

Вегетариан болу кез келген адамның қолынан келе бермейтіні сөзсіз, әсіресе етсіз тамақты менсінбейтін қазақ үшін, дейді ерлі-зайыптылар
© Sputnik / Владислав Воднев
Вегетариан болу кез келген адамның қолынан келе бермейтіні сөзсіз, әсіресе етсіз тамақты менсінбейтін қазақ үшін, дейді ерлі-зайыптылар

"Басында күледі, кейін сынайды, сосын бақылайды"

Вегетариан болу кез келген адамның қолынан келе бермейтіні сөзсіз, әсіресе етсіз тамақты менсінбейтін қазақ үшін. Одан қалса, еттен бас тартқаның үшін сені сөгіп, сынап-мінеп, айыптайтыны тағы бар. 

"Вегетариан болған кезде бірнеше сатыдан өтесің. Бас кезінде туған-туыс, дос-жаран бәрі саған күледі. Маған да туысқандарым күлген. Кейін "ой, сендер вегетариандар, сектасыңдар" айыптайды, сынайды. Үшінші сатыда жай ғана сырттай бақылайды. Адамның жасарып, өзгеріп келе жатқанын көргенде, қызығушылық танытып, сұрастыра бастайды", — дейді осының бәрін өз басынан кешірген Айнагүл. 

"Етке қарағанда, малдың қалай қиналғанын сезінемін" деген Өмірзақ Әбдіқанов болашақта тіпті сүт өнімдерінен де бас тартып, веган болуды жоспарлап отыр. 

2325
Кілт сөздер:
Астана, балық, жұмыртқа, ет, қазақ, ерлі-зайыпты, вегетариан
Тақырып бойынша
Ғалымдар қатерлі ісіктің дамуын төрт есеге арттыратын факторды анықтады
Жеген сайын адамды бақытты ететін 7 тағам
Балаларға беруге болмайтын 9 зиянды тағам
Түнде жұмыс істеудің қаупі: ғалымдар жантүршігерлік қорытынды жасады
"Ет жасыл түсті болған". Бекшин Қарағандыда ауызашарда уланғандар жайлы айтты
Ғалымдар жылдам салмақ тастауға не көмектесетінін айтты
Ғалымдар қартаюды баяулататын өнімдерді атады
Ғалымдар ұйықтап жатқанда артық майды кетіретін тағам түрін анықтады
Ғалымдар сыраның ешкім күтпеген пайдасын анықтады
Архивтегі фото

35 адам бас санитар дәрігерді сотқа берді шешім қабылданды

437
Сот бас санитар дәрігердің қаулыларын заңсыз деп тануға ешқандай негіз жоқ екенін мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек –  Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік сотына 35 адам арызданды. Барлығы бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысында көрсетілген талаптарды заңсыз деп тануды талап еткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.  

Сот материалдарына сәйкес, арызданушылар вакцина алмаған жұмыскерлер үшін міндетті ПТР-тест енгізу, профилактикалық екпе жасау, сондай-ақ вакцина салдырмағандарды жұмысқа кіргізбеу сияқты тармақтарды заңсыз деп санайды.

"Қаулы конституциялық нормаларды бұзады, өмірге қауіп төндіреді және денсаулыққа зиян келтіреді, адамдардың еңбек ету құқығын бұзады. COVID-19 вакцинасы тексерілмеген", - дейді олар.

Әкімшілік сот бас мемлекеттік санитар дәрігер шығарған қаулылардың бір бөлігін заңсыз деп тану және күшін жою туралы шағымды қанағаттандырудан бас тартты.

"Сот қаулыларды шығару кезінде заңнама нормаларының бұзылуын анықтаған жоқ. Азаматтардың еңбек құқықтары бұзылмаған, өйткені COVID-19-ға қарсы вакциналанбаған жұмыскер кепілдендірілген еңбек құқықтарын сақтайды, еңбек функцияларын қашықтан жүзеге асыруға рұқсат етіледі. Ол үшін қажетті жағдайлар жасалуда", - делінген сот үкімінде.

Судьяның айтуынша, қаулылардың даулы тармақтары вакциналауды ұйымдастыру мәселесін регламенттейді. Оны вакциналауды міндеттеу деп қабылдауға болмайды. Ал Қазақстан Республикасының фармацевтикалық нарығына қандай да бір вакцинаны кіргізу препараттың қойылатын талаптарға сәйкестігін білдіреді.

"Анықталған мән-жайлардың бәрін, жалпы әлемдік инфекциямен күресуге бағытталған шараларды қабылдаудың қажеттілігін ескере келіп, сот бас санитар дәрігердің қаулыларын заңсыз деуге негіз жоқ деп тапты", - деді судья.

Оқи отырыңыз:

437
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Архивтегі фото

Тоқаев айтқан бустерлік вакцина кімге салынады? 

64
Қазақстанда бустерлік вакцинаға қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. вакцинадан кейінгі иммунитеттің қанша уақытқа дейін сақталатынын жан-жақты зерделеп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Бүгінде бүкіл әлемде бустерлік вакцинаны салдыру мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Ал кейбір мемлекеттер оны егуге кірісіп кеткен. Себебі коронавирустың жаңа штамдары көбейіп барады. Оған қоса, вакцинадан кейін ауырып қалатын адамдардың саны артып келеді. Енді иммунитетті күшейту үшін үшінші дозаны салу қажет. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы жолдауында бустерлік вакцина туралы айтты. Бірақ оны қашан және кімге егеді? Үшінші доза коронавирусқа қарсы иммунитетті күшейте ала ма? Ревакциналау қалай өтеді? Sputnik Қазақстан осы мәселелерді зерделеп көрді.

Бустерлік вакцинаны егуге кірісті

Қазіргі кезде коронавирусқа қарсы вакцина алғандардың арасында вирус жұқтырған адамдардың саны көбейіп жатыр. Ал кейбір ғалымдар оны жаңа штамдардың таралуымен байланыстырып отыр. Дегенмен бір мәселе анық, адамдардың коронавирусқа қарсы иммунитеті төмендеп қалған. Осыған байланысты бірқатар мемлекетте бустерлік вакцинаны салу шаралары басталды.

Мәселен вакциналау жағынан оқ бойы озық тұрған Израиль карантинді жеңілдетіп, бетпердені шешуге рұқсат берсе де, аз уақыттан кейін қайтадан шектеу шараларын енгізуге мәжбүр болды. Себебі вирус жұқтырғандардың саны көбейе бастады. Жақында ревакциналау қолға алынды. Әуелі екпенің үшінші дозасы 60 жастан асқан адамдарға егілсе, артынан 40 жастағылар да қосылды. Мұғалімдер, медицина қызметкерлері мен жүкті әйелдерге бустерлік вакцина салуға шешім қабылданды.

Осы елдің денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, екпенің екі дозасын алған зейнеткерлер бустерлік вакцина салдырса, коронавирусқа қарсы иммунитет 5-6 есеге күшейеді.

Ал Грекияда медицина қызметкерлері коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын алуға міндеттелді. Ондай талап басқа саладағы қызметкерлерге де қойылады деген жоспар бар.

АҚШ сарапшылары бустерлік вакцинаны тек 65 жастан асқан адамдарға ғана салуға кеңес беріп отыр. Дегенмен коронавирусты жұқтырғаннан кейін аурудың асқыну қаупі болса, 18 жастан асқандардың барлығы үшінші дозаны ектіре алады. Бірақ жаппай ревакциналауға рұқсат жоқ.  

Ұлыбритания болса, 50 жастан бастап бустерлік вакцинаны егуге кірісті. Бұдан бөлек, Италия, Германия, Венгрия мен Франция үшінші дозаны салу шараларын бастап кетті. Олардың бәрі Pfizer немесе Moderna-ның бір дозасын бустерлік вакцина ретінде қолданып жатыр. Ал Ресей коронавирусқа қарсы имунитеті төмендеп қалған адамдарға "Спутник Лайтты" салдыруға кеңес берді.  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы не дейді?

Өткен айда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ревакциналауға уақытша мораторий енгізуге шақырды. Ұйым басшысы Тедрос Аданом Гебреисус қыркүйектің аяғына дейін күте тұруды сұрады. Әйтпесе кедей елдерге вакцина жетпей жатыр. Қазіргі вакциналардың бір дозасын бустерлік екпе ретінде қолданса, коронавирусқа қарсы препараттардың тапшылығы туындайды.

Ғалымдардың айтуынша, вакциналау барлығына бірдей болуы керек. Сонда ғана пандемияны тоқтатуға болады. Өйткені бір елдің халқы толығымен вакцина алса да, екпе алмаған мемлекетте вирус мутацияға түсе береді. Артынан ол бәрібір жан-жаққа таралып кетеді. Сондықтан вакциналау шаралары кезінде өзара теңдік принципін ұстанған жөн.

Қазақстанда бустерлік вакцина бола ма?

Қазақстанда бустерлік вакцинаға қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. Ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцинадан кейінгі иммунитеттің қанша уақытқа дейін сақталатынын жан-жақты зерделеп жатыр. Соның негізінде шешім қабылданады.

"Вакцинадан кейін уақыт өте келе, адам ағзасындағы антиденелердің саны азаяды. Біреуде бір жыл, енді біреуде бес жылға дейін сақталады. Созылмалы ауруы болса, иммунитеттің қорғану қабілеті жылдам төмендейді. Сол себепті бустерлік вакциналау немесе ревакциналау жасалады. Шетелде ондай шаралар басталып кетті", - деді профессор Ләззат Ералиева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.    

Қазақстандық ғалымдар алдымен қауіп-қатер тобына кіретін мамандарды, атап айтқанда, дәрігерлер мен мұғалімдерді, сондай-ақ, созылмалы ауруы бар және егде жастағы адамдарды ревакциналау қажет деп санайды. Алайда әзірше нақты шешім жоқ. Бустерге қолданылатын вакцина да анықталмапты.

"Қазіргі кезде біз осы мәселені зерделеп жатырмыз. Мысалы адам вакциналау кезінде QazVac салдырды. Ал ревакциналау үшін қандай екпені алуға болады? Біз осыны зерттеп, әлемдік тәжірибені де бақылап отырмыз. Мәселен Израильде үш вакцина – Pfizer, Moderna мен AstraZeneca тіркелген. Олар ревакциналауды қолда бар екпемен жасап жатыр. Біз де ревакциналауға қатысты шешім шығарған кезде өзімізде тіркелген вакциналарды қараймыз. Оған дейін Pfizer де келетін шығар", - деп атап өтті Ералиева. 

Ал биологиялық қауіпсіздік институтының мамандары QazVac-тың "дельта-штамға" төтеп бере алатынын мәлімдеді. Сондықтан ревакциналау кезінде отандық екпені де қарастыруы әбден мүмкін.

Тоқаев қандай тапсырма берді?

Осы айдың басында халыққа жолдау жасаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындауды тапсырды. Осы орайда президент адамзаттың талай індетті бастан өткергенін, ал вакцина табылғаннан кейін қауіпті дерттерге тосқауыл қойғанын еске салды.

"Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін. Сарапшылар басқа да індеттер пайда болатынын айтты. Біз оның қашан болатынын күтіп, қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүріп, ары қарай дамуға бейімделуіміз керек. Қазір бустерлік вакцинаны сатып алу өте маңызды", - деді Тоқаев.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да вакцинаны қайта егу шаралары туралы айтқан. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда халықтың басым бөлігі маусым-шілде айларында екпе салдырды. Сол себепті әзірше антиденелердің деңгейі әлі жоғары болып тұр. Ал ревакциналауды 9 айдан кейін жасауға болады. Дегенмен екпені ақпан айында салған адамдар да бар.

"Мәселен ақпан айында алғашқы болып вакцина салдырған адамдарға қазан айына қарай екпені қайта салу қажет. Оның уақыты шамамен 1 қазан", - деді Цой отырыстардың бірінде.

Қазақстан ревакциналау тәртібін пысықтап алғаннан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен консультация жүргізеді. Содан кейін ғана вакцинаны қайта салу шаралары басталады.

64
Тақырып:
COVID-ке қарсы вакцина
Архивтегі фото

Тоқаев қордаланған мәселелерге назар аударды

0
Қазақстаннан Қытайға жүк тасымалдауға қойылған шектеулерге қатысты қордаланған мәселе ұзақ уақыттан бері шешілмей келеді, деді президент

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек –  Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық өнімдерді эспорттау саласындағы қордаланған мәселелерге назар аударды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың экспортты ілгерілету жөніндегі жүйелі шаралар туралы баяндамасын тыңдай келе, шикізат экспортын ұлғайту үкіметтің күн тәртібіндегі өте маңызды мәселе екенін атап өтті.  

Оқи отырыңыз: Инфляция бекітілген межеден әлдеқашан шығып кеткен – Тоқаев

Оның пікірінше, экспортқа қатысты кедергілерді жою, экспорттың географиясы мен номенклатурасын кеңейту, ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау үшін бүкіл үкіметтің күш-жігерін жұмылдыру керек. Сонымен қатар сыртқы істер министрлігі мен оның шетелдегі мекемелері экспортты ілгерілету, нарықтарға жол ашу және кедергілерді жою жөніндегі жұмыстарға белсенді атсалысуы қажет.

"Қазақстаннан Қытайға жүк тасымалдауға қойылған шектеулерге қатысты қордаланған мәселе ұзақ уақыттан бері шешілмей келеді. Транзиттік жүктер өтеді, ал біздің жүктеріміз шекарада қалып қояды. Қазақстандық тауарлар тиелген мыңдаған вагон бекеттерде тұр. Бизнес тікелей президенттен көмек сұрайды. Мұндай жағдайларда үкімет жедел әрекет етіп, серіктестермен арадағы барлық мәселені реттеуі тиіс", – деді мемлекет басшысы реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында.

 Отырыстың күн тәртібінде төрт мәселе қарастырылды. Олар: ұлттық жобалар, тиімді тауар өткізу жүйесін қалыптастыру, экспортты ілгерілету жөніндегі жүйелі шаралар және аумақтық даму жоспарының жобасы.

0