ноутбук қолданып отырған адам, архивтегі фото

Qazforum-2018: Астанада қазақ сайттарының бүгіні мен келешегі талқыланды

111
(Жаңартылды 18:50 07.12.2018)
Форумға медиа сарапшылар, БАҚ басшылары, журналистер мен блогерлер қатысты

АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik. Астанада Qazforum-2018 қазақ интернетінде контент жасаушылардың ІІІ форумы өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Қазақ тілді сайттардың саны да, салмағы да артып келеді"

Қазақ тілді контентті жасаушылардың басын қосқан форумның шымылдығын ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ашты. Министр бүгінде қазақ тілді сайттардың саны да, салмағы да артып келе жатқанын атап өтті.

"Уақыт талабына сай өз аудиториясын қалыптастырған бәсекеге бейім порталдардың қарасы көбейіп жатыр. Осы қарқын жалғасса, мемлекеттік тіліміздің мәртебесі өседі", — деді Абаев. 

Ол қазіргі таңда нақты дерегі бар қысқа да нұсқа ақпарат құнды екенін атап өтіп, қазақ тілді сайттардың сапасын күшейту керектігін айтты. 

"Қазіргі күні әлем жедел қарқынмен өзгеру үстінде. Соған сай ақпараттық технологиялар түрлі бағыт бойынша жан-жақты дамып жатыр. Сол себепті аудиторияға қызықты контент, оқырманға тартымды портал қалыптастыру – бүгінгі заман талабы. Қазір қазақ тілді сайттардың өз бағыты қалыптасып келеді. Осы жайт көңілге қуаныш ұялатады", — деді министр.

"Қазақ интернеті де намыстан жаралған"

Форумның бірінші сессиясы контент басқарудың заманауи технологиялары тақырыбына арналды. Аталған сессияда сөз сөйлеген  "Balapan" телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай контент жасауда екі ақпараттық кеңістік бар екенін атап өтті. 

"Бүгінгі күні қазақ тілді немесе басқа тілді контент жасаушылар деп бөлудің, сол көзқарасты алға тартудың дәуірі өтіп кетті деп ойлаймын. Сондықтан тек сапалы контентті қалай жасаймыз деген ортақ мақсатқа жұмылуға шақырамын. Жалпы контент жасауда екі ақпараттық кеңістік бар. Біріншісі, дүнижүзілік тенденцияларды ескеру; екіншісі – өз қоғамымыздағы мәселелер. Екеуін тең зерттеп алмау немесе осы екеуінің тек біреуіне ғана назар аудару – сапасыз контенттің алғышарты", — дейді Жұмабай. 

Ал белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, контентті сапалы және сапасыз деп бөлудің өзі қателік. 

"Себебі әрбір менеджер өзінің контентін жақсы деп есептейді немесе керісінше. Мәселен, мен "Балапан" телеарнасында айтылып жатқан дүниелер сайқымазақ болып көрінуі мүмкін. Мыстан кемпірге мен сенбеймін. Бірақ,  4 жастағы балаға макроэкономика туралы айтсам, оның мені түсінбейтіні анық. Яғни, біз сапалы немесе сапасыз емес, "нишевой" аудитория деген мәселені көтеруіміз керек", — дейді ол. 

Осы орайда спикер "қазақ баспасөзі" деген ұғым неден пайда болды деген сұраққа жауап іздеді. 

"Қазақ" газетінен бастайтын болсақ, қазақ баспасөзі, біріншіден, намыстан жаралған. Екіншіден, қазақты құтқару үшін, ағарту үшін жаралған. Ал енді, қазақ интернеті дегенді алып қарайық. Өзім де басы-қасында жүрген адам ретінде айтайын, шындығында қазақ интернеті де намыстан жаралған", — деді Сарым. 

Оның ойынша, бүгінгі қазақ журналистикасының трагедиясы, біріншіден, әлеуметтік функцияны атқаруында. Яғни қазақты құтқару, қазақты ағарту дегенді алып жүруге мәжбүр болады. Екіншіден, мұны бизнеске айналдыру. 

"Рас, қазақ интернеті, қазақ баспасөзі әлі біраз уақыт бойы қаржылық билікке тәуелді болады. Бірақ бұл биліктің өте ақылды болғаны керек. Біз тек үгіт-насихат жағына ауып кетпей, аудиторияға жақындауымыз керек", — деді саясаттанушы. 

"Baribar.kz" сайтының негізін қалаушы Ербол Серікбай қазақ тілді аудиторияға сапалы контент жасау үшін жаңа тәсілдер енгізу өте маңызды екенін атап өтті. 

"Ақпаратты бұрынғыдай бір сарында, баспасөз релизі ретінде беру қазір "өтпейді". Біз лонгрид, карттотека, сауалнама, тест секілді тәсілдерді қолдана отырып, контентті түрлі форматта беріп жатырмыз. Соңғы кезде бізде ең көп аудитория жинайтын – тест, лонгрид және картотекалар. Жарнама берушілер де осындай құралдарға қызығушылық танытады", — дейді Серікбай. 

"Ақылды журналистика: шынайылықтың медиалануы" деп аталатын екінші сессияда "Chartbeat" сервисі, Big data, веб-аналитика құралдарын табысты қолдану, технологиялар, құралдар және монетизациялау үлгілері, автоматтандырылған журналистика мәселелері қозғалды. 

Адамдар неге хайп жасайды?

Форумның үшінші сессиясы "Хайп – мәдениет феномені" деп аталды. Оған атышулы "Ninety one" тобының продюсері Ерболат Беделхан, тележүргізуші, журналист, блогер Динара Сәтжан, журналист әрі блогер Өркен Кенжебек, журналист Жұлдыз Әбділдә, режиссер, "Шоу Ирины Кайратовны" жобасының авторы Қуаныш Бейсеков қатысты. 

Өркен Кенжебек адамдар неге хайпқа барады деген сауалға жауап беріп көрді. Айтуынша, кез келген пиаршы брендке деген сенімді қалыптастырғысы келеді. Ал хайп жасаған кезде, сенім екінші орынға ығысады. 

"Бірінші орынға қандай жолмен болсын жұрттың назар аудару шығып қалады. Мәселен, банк немесе компания хайп жасаған кезде, адамда "мынау сенімді банк екен" деген сезім тумайды ғой. Хайптың пайдалылық коэффициентін алып қарасақ, 80%-і – пайдасыз, 20%-і ғана – пайдалы", — дейді журналист. 

Осы тұста блогер соңғы бір жылда өз есінде қалған хайпты мысалға келтірді. 

"Осы жылдың қаңтарында nur.kz-те бір банктің банкоматындағы ақшаны тышқандар жеп қойыпты деген жаңалық шықты. Видеода банктің аты аталмайды, тек бейдж таққан бір адам жақындайды. Әлгі бейджикте банктің аты жазулы, елеусіз ғана, бірақ көрінеді. Бұл жерде хайптың бір ғана пайдасы болды. Ол қандай? Адамдарға "мына банкте ақша көп екен ғой, көптігі соншалық тышқандар деп жатыр" деген ой келді", — дейді Кенжебек. 

Блогердің пікірінше, адамдар сапа мен дәстүрлі маркетинг дұрыс болмаған кезде хайпқа барады. 

"Егер брендте осы екі дүние жақсы жұмыс істесе, оған үшінші дүние ретінде хайп керек емес", — деген ол кей кезде өзі де жасанды хайпқа баратынын жасырмады. 

"Хайп – бір аудиторияның тақырыбы, ол өлмейді. Бірақ біздің соны талқылауымыз ол аудиторияның деңейіне түсу дегенді білдіреді. Сондықтан соған түспейік", — деді Өркен Кенжебек. 

"Ақпараттың рас-өтірігін тексеру деген мүлде жоқ"

Ал журналист Жұлдыз Әбділдә қазақ тілді интернет кеңістікте кемшін қалып бара жатқан үш нәрсені атады. 

"Біріншісі, медиа сауаттылық. Өкінішке қарай, бұл тек журналистер мен блогерлерге ғана емес, жалпы қоғамға қатысты. Екіншісі, қазақ тілді интернет кеңістікте пікірталас мәдениетінің жоқтығы қатты байқалады. Бірінші кезекке адамның жеке басына тиісу шыққан. Адамның қадір-қасиетіне қол сұғуға ешкімнің хақысы жоқ. Бізге біреу ұнауы немесе ұнамауы мүмкін. Алайда оны кемсітуге, қорлауға, ар-намысына тиюге, оның бүкіл өміріне әсер ететіндей сөздер айтуға хақымыз жоқ", — дейді Әбділдә. 

Үшіншісі – ақпараттың рас-өтірігін тексермеу. 

"Кейде өте тәжірибелі деп жүрген журналистердің өзі "WhatsApp-та тарап жатыр ғой" деп жаңалық жариялайды. Өкінішке қарай, бұл қазір газет-журналға, телевидения, радиоға, тіпті мемлекеттен қаржы алып отырған ақпарат құралдарына да шығып кетті. Журналистер ештеңені тексермей, "фейктің" жетегінде кетіп, ақпарат таратып кетті", — деп алаңдаушылық білдірді Әбділдә. 

Белгілі "91" тобының продюсері Ерболат Беделхан медиа адамы болғаннан кейін, хайпты қолдануыңа тура келеді дейді. 

"Мен үшін хайп – елдің назарын аудару. Бұл маркетинг, мұны міндетті түрде жасау керек. Десе де, біз үшін басты орында әрдайым – өнер", — деді шоу-бизнес жұлдызы. 

Беделхан "Ninety one" тобы жігіттерінің сырт келбетіне назар аудармауды сұрады. 

"Олардың өнеріне, өнімдеріне мән беріңіздер. Бастысы – өнімдерінің құндылықтары. Біз қазақ тілін насихаттаймыз. Сіздер білесізздер, бізде қазақша көше тілі, бизнес тілі қалыптаспаған. Яғни, тіліміз 21 ғасырға сай бейімделмеді. Жастардың бойында қазақ тіліне деген қызығушылықты қалай оятуға болады? Музыка, заманауи ырғақ арқылы", — деп санайды продюсер. 

Ал соңғы төртінші сессияда келешек трендтерге шолу, технологиялық болжам жасалды. 

 

111
Кілт сөздер:
Астана, журналистика, интернет, жаңалықтар, форум, қазақ сайттары, контент
Тақырып бойынша
Павел Дуровқа Қазақстан журналистер одағының сыйлығы не үшін берілді?
Сейітқазы Матаев Қазақстанның журналистер одағын қайта басқаратын болды
Димаш Құдайберген журналистер алдында жанды дауыспен ән айтты – видео
Журналистер арасында тұңғыш ұлттық "Үркер" сыйлығы жарияланды
ҰБТ-ға дайындық: оқушылар үшін арнайы сайт жасалды
Архивтегі фото

35 адам бас санитар дәрігерді сотқа берді шешім қабылданды

473
Сот бас санитар дәрігердің қаулыларын заңсыз деп тануға ешқандай негіз жоқ екенін мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек –  Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік сотына 35 адам арызданды. Барлығы бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысында көрсетілген талаптарды заңсыз деп тануды талап еткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.  

Сот материалдарына сәйкес, арызданушылар вакцина алмаған жұмыскерлер үшін міндетті ПТР-тест енгізу, профилактикалық екпе жасау, сондай-ақ вакцина салдырмағандарды жұмысқа кіргізбеу сияқты тармақтарды заңсыз деп санайды.

"Қаулы конституциялық нормаларды бұзады, өмірге қауіп төндіреді және денсаулыққа зиян келтіреді, адамдардың еңбек ету құқығын бұзады. COVID-19 вакцинасы тексерілмеген", - дейді олар.

Әкімшілік сот бас мемлекеттік санитар дәрігер шығарған қаулылардың бір бөлігін заңсыз деп тану және күшін жою туралы шағымды қанағаттандырудан бас тартты.

"Сот қаулыларды шығару кезінде заңнама нормаларының бұзылуын анықтаған жоқ. Азаматтардың еңбек құқықтары бұзылмаған, өйткені COVID-19-ға қарсы вакциналанбаған жұмыскер кепілдендірілген еңбек құқықтарын сақтайды, еңбек функцияларын қашықтан жүзеге асыруға рұқсат етіледі. Ол үшін қажетті жағдайлар жасалуда", - делінген сот үкімінде.

Судьяның айтуынша, қаулылардың даулы тармақтары вакциналауды ұйымдастыру мәселесін регламенттейді. Оны вакциналауды міндеттеу деп қабылдауға болмайды. Ал Қазақстан Республикасының фармацевтикалық нарығына қандай да бір вакцинаны кіргізу препараттың қойылатын талаптарға сәйкестігін білдіреді.

"Анықталған мән-жайлардың бәрін, жалпы әлемдік инфекциямен күресуге бағытталған шараларды қабылдаудың қажеттілігін ескере келіп, сот бас санитар дәрігердің қаулыларын заңсыз деуге негіз жоқ деп тапты", - деді судья.

Оқи отырыңыз:

473
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Архивтегі фото

Тоқаев айтқан бустерлік вакцина кімге салынады? 

67
Қазақстанда бустерлік вакцинаға қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. вакцинадан кейінгі иммунитеттің қанша уақытқа дейін сақталатынын жан-жақты зерделеп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Бүгінде бүкіл әлемде бустерлік вакцинаны салдыру мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Ал кейбір мемлекеттер оны егуге кірісіп кеткен. Себебі коронавирустың жаңа штамдары көбейіп барады. Оған қоса, вакцинадан кейін ауырып қалатын адамдардың саны артып келеді. Енді иммунитетті күшейту үшін үшінші дозаны салу қажет. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы жолдауында бустерлік вакцина туралы айтты. Бірақ оны қашан және кімге егеді? Үшінші доза коронавирусқа қарсы иммунитетті күшейте ала ма? Ревакциналау қалай өтеді? Sputnik Қазақстан осы мәселелерді зерделеп көрді.

Бустерлік вакцинаны егуге кірісті

Қазіргі кезде коронавирусқа қарсы вакцина алғандардың арасында вирус жұқтырған адамдардың саны көбейіп жатыр. Ал кейбір ғалымдар оны жаңа штамдардың таралуымен байланыстырып отыр. Дегенмен бір мәселе анық, адамдардың коронавирусқа қарсы иммунитеті төмендеп қалған. Осыған байланысты бірқатар мемлекетте бустерлік вакцинаны салу шаралары басталды.

Мәселен вакциналау жағынан оқ бойы озық тұрған Израиль карантинді жеңілдетіп, бетпердені шешуге рұқсат берсе де, аз уақыттан кейін қайтадан шектеу шараларын енгізуге мәжбүр болды. Себебі вирус жұқтырғандардың саны көбейе бастады. Жақында ревакциналау қолға алынды. Әуелі екпенің үшінші дозасы 60 жастан асқан адамдарға егілсе, артынан 40 жастағылар да қосылды. Мұғалімдер, медицина қызметкерлері мен жүкті әйелдерге бустерлік вакцина салуға шешім қабылданды.

Осы елдің денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, екпенің екі дозасын алған зейнеткерлер бустерлік вакцина салдырса, коронавирусқа қарсы иммунитет 5-6 есеге күшейеді.

Ал Грекияда медицина қызметкерлері коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын алуға міндеттелді. Ондай талап басқа саладағы қызметкерлерге де қойылады деген жоспар бар.

АҚШ сарапшылары бустерлік вакцинаны тек 65 жастан асқан адамдарға ғана салуға кеңес беріп отыр. Дегенмен коронавирусты жұқтырғаннан кейін аурудың асқыну қаупі болса, 18 жастан асқандардың барлығы үшінші дозаны ектіре алады. Бірақ жаппай ревакциналауға рұқсат жоқ.  

Ұлыбритания болса, 50 жастан бастап бустерлік вакцинаны егуге кірісті. Бұдан бөлек, Италия, Германия, Венгрия мен Франция үшінші дозаны салу шараларын бастап кетті. Олардың бәрі Pfizer немесе Moderna-ның бір дозасын бустерлік вакцина ретінде қолданып жатыр. Ал Ресей коронавирусқа қарсы имунитеті төмендеп қалған адамдарға "Спутник Лайтты" салдыруға кеңес берді.  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы не дейді?

Өткен айда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ревакциналауға уақытша мораторий енгізуге шақырды. Ұйым басшысы Тедрос Аданом Гебреисус қыркүйектің аяғына дейін күте тұруды сұрады. Әйтпесе кедей елдерге вакцина жетпей жатыр. Қазіргі вакциналардың бір дозасын бустерлік екпе ретінде қолданса, коронавирусқа қарсы препараттардың тапшылығы туындайды.

Ғалымдардың айтуынша, вакциналау барлығына бірдей болуы керек. Сонда ғана пандемияны тоқтатуға болады. Өйткені бір елдің халқы толығымен вакцина алса да, екпе алмаған мемлекетте вирус мутацияға түсе береді. Артынан ол бәрібір жан-жаққа таралып кетеді. Сондықтан вакциналау шаралары кезінде өзара теңдік принципін ұстанған жөн.

Қазақстанда бустерлік вакцина бола ма?

Қазақстанда бустерлік вакцинаға қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. Ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцинадан кейінгі иммунитеттің қанша уақытқа дейін сақталатынын жан-жақты зерделеп жатыр. Соның негізінде шешім қабылданады.

"Вакцинадан кейін уақыт өте келе, адам ағзасындағы антиденелердің саны азаяды. Біреуде бір жыл, енді біреуде бес жылға дейін сақталады. Созылмалы ауруы болса, иммунитеттің қорғану қабілеті жылдам төмендейді. Сол себепті бустерлік вакциналау немесе ревакциналау жасалады. Шетелде ондай шаралар басталып кетті", - деді профессор Ләззат Ералиева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.    

Қазақстандық ғалымдар алдымен қауіп-қатер тобына кіретін мамандарды, атап айтқанда, дәрігерлер мен мұғалімдерді, сондай-ақ, созылмалы ауруы бар және егде жастағы адамдарды ревакциналау қажет деп санайды. Алайда әзірше нақты шешім жоқ. Бустерге қолданылатын вакцина да анықталмапты.

"Қазіргі кезде біз осы мәселені зерделеп жатырмыз. Мысалы адам вакциналау кезінде QazVac салдырды. Ал ревакциналау үшін қандай екпені алуға болады? Біз осыны зерттеп, әлемдік тәжірибені де бақылап отырмыз. Мәселен Израильде үш вакцина – Pfizer, Moderna мен AstraZeneca тіркелген. Олар ревакциналауды қолда бар екпемен жасап жатыр. Біз де ревакциналауға қатысты шешім шығарған кезде өзімізде тіркелген вакциналарды қараймыз. Оған дейін Pfizer де келетін шығар", - деп атап өтті Ералиева. 

Ал биологиялық қауіпсіздік институтының мамандары QazVac-тың "дельта-штамға" төтеп бере алатынын мәлімдеді. Сондықтан ревакциналау кезінде отандық екпені де қарастыруы әбден мүмкін.

Тоқаев қандай тапсырма берді?

Осы айдың басында халыққа жолдау жасаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындауды тапсырды. Осы орайда президент адамзаттың талай індетті бастан өткергенін, ал вакцина табылғаннан кейін қауіпті дерттерге тосқауыл қойғанын еске салды.

"Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін. Сарапшылар басқа да індеттер пайда болатынын айтты. Біз оның қашан болатынын күтіп, қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүріп, ары қарай дамуға бейімделуіміз керек. Қазір бустерлік вакцинаны сатып алу өте маңызды", - деді Тоқаев.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да вакцинаны қайта егу шаралары туралы айтқан. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда халықтың басым бөлігі маусым-шілде айларында екпе салдырды. Сол себепті әзірше антиденелердің деңгейі әлі жоғары болып тұр. Ал ревакциналауды 9 айдан кейін жасауға болады. Дегенмен екпені ақпан айында салған адамдар да бар.

"Мәселен ақпан айында алғашқы болып вакцина салдырған адамдарға қазан айына қарай екпені қайта салу қажет. Оның уақыты шамамен 1 қазан", - деді Цой отырыстардың бірінде.

Қазақстан ревакциналау тәртібін пысықтап алғаннан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен консультация жүргізеді. Содан кейін ғана вакцинаны қайта салу шаралары басталады.

67
Тақырып:
COVID-ке қарсы вакцина
Архивтегі форто

Көкшетауда қыздарды жезөкшелікке мәжбүрлеген сауналардың әкімшісі ұсталды

0
(Жаңартылды 21:46 24.09.2021)
Олар облыс орталығында 2 және 5 мың теңге көлемінде сыйақыға интимдік қызмет көрсету үшін қыздар ұсынған  

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Ақмола облысында қыздарды жезөкшелікке жеккен екі сауна анықталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Өңірде 19 қыркүйекте басталған "Стоп-трафик" республикалық арнайы операциясы аясында полиция қызметкерлері адам саудасына қатысты 5 қылмысты ашты (оның екеуі жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу қылмысы).

Мысалы, 21 және 23 қыркүйек күндері облыс орталығында полицейлер 2 және 5 мың теңге көлемінде сыйақыға клиенттеріне интимдік қызмет көрсету үшін қыздар ұсынған екі саунаның әкімшілерін ұстады. Олар кінәсін мойындады.

Қазақстан Қылмыстық кодексінің 309-бабы 1-бөлігі (Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау немесе жеңгетайлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Айта кетері, бұл баптың санкциясы мүлікті тәркілей отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

Сонымен қатар 19 қыркүйекте жедел алдын алу іс-шарасы барысында Көкшетау қаласының 32 жастағы тұрғыны ұсталды, ол жергілікті тұрғынның материалдық жағдайын пайдаланып, жезөкшелікпен айналысуға тартқан.  

Қазақстан Қылмыстық кодексінің 308-бабы 1-бөлігі (Жезөкшелікпен айналысуға тарту) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Оқи отырыңыз:

 

0