Малика Қараджанова қызы Ямурмен бірге

"Қазақ қоғамы үшін ұят екенін білемін": италиялыққа тұрмысқа шыққан қыздың әңгімесі

4645
(Жаңартылды 13:33 05.01.2019)
Италиялыққа тұрмысқа шыққан Малика Қараджанова екі елдің ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы әңгімелеп берді

АСТАНА, 4 қаңтар — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. 28 жастағы Малика Қараджанова Италия азаматына тұрмысқа шығып, бүгінде екі баланың анасы атанып отыр. Ақсайда туып-өсіп, Орал қаласында жоғары білім алған. Кейін Астана қаласындағы ірі компаниялардың біріне жұмысқа орналасып, сол жерде көптеген жаңа адаммен танысады. Достарымен бірге өткізген мерекелік кештердің бірінде болашақ жарымен жолығып, оның шетелге көшу туралы ұсынысын қабыл алады.

Дәл қазір Италияның Сицилия аралының астанасы Палермо қаласында тұрып жатыр. Бастапқыда күйеуінің жұмысы екі мемлекетте болғандықтан, бір ай Қазақстанда, бір ай Италияда тұрып келген. Екінші балалары дүниеге келген соң бір жерде тұрақтап қалуды жөн көрген. Екі баламен әрі-бері көшіп жүрудің қиын екенін айтады.

Италияда ғашықтар 10 жылға дейін некелеспей жүре алады

"Күйеуім екеуіміз өткен жылдың сәуір айында некелестік. Мұның қазақ қоғамы үшін ұят болып саналатынын білемін. Десе де, әке-шешем еркін көзқарастағы адамдар болғандықтан, ешқандай қарсылық танытпады. Екі мемлекет арасында көшіп-қонып жүру өте қиын болды. Бұл бірінші кезекті көп құжат әзірлеуді талап ететін еді", — деді Малика.

Италия дәстүріне сәйкес, қыз бен жігіт кемінде екі жылдан бастап он жылға дейін некелеспей кездесіп жүреді. Бұл аталған мемлекетте отбасы институтын жоғары бағалайтынымен байланысты. Маликаның айтуынша, Италияда да ажырасу көп болғанымен, Қазақстаннан жүз есе аз. Сондай-ақ, Италияда әйелдерге қатысты қыз бала, бойжеткен және сеньора деген түсінік бар. Соңғысына әйел қауымы тұрмысқа шыққаннан кейін ие болады.

"Италияда адамдар кеш үйленеді. Барлығының дерлік бірнеше білімі бар. Мысалы, менің күйеуім 47 жасында шаңырақ көтерді. Екеуіміздің жас айырмашылығымыз — 20 жыл. Ол әлі күнге дейін білім алуды жалғастырып келеді. Сондай-ақ, біз тұрып жатқан оңтүстік аймақта салт-дәстүр мен дінді берік ұстанады", — дейді Малика.

Тағы оқыңыз:

Бүгінде италиялықтар екі баланың анасы Маликаға 20 жастан артық бермейді. Тіпті, қызыл шарап сататын дүкен одан біраз уақытқа дейін құжатын талап еткен екен. Мұнымен қатар, Малика күйеуі екеуінің жас айырмашылығы мүлдем білінбейтінін айтады.

Қариялар сезімін көрсетуге қысылмайды

"Мен кеңес одағы құлап, Қазақстанға сникерс секілді шетелдік тауарлар келген кезде дүниеге келдім. Бала күнімде нанға май мен қант жағып алып, аулада ханшайым болып жүретінмін. Күйеуім де бала күнінде нанға зәйтүн майын жағып, үстіне сардина қойып алып ауласында ханзададай болған. Яғни жас алшақтығына қарамастан, екеуіміздің балалық шағымыз бірдей өткен", — деді ол.

Малика Италия азаматтарының жұрт ойлағандай аса романтик еместігін айтады. Мысалы, күйеуі, біріншіден, мұны бос шығын деп ойласа, екіншіден гүлге аллергиясы бар. Мұның орнына "Сыйлықты өзің таңда, мен ақша төлейін" деп айтады екен. Ал бірақ Италияда қариялар қол ұстасып жүруге қысылмайды.

Малика Караджанова қызымен бірге жаңажылдық шыршаны безендіріп жатыр
жеке архив
Малика Караджанова қызымен бірге жаңажылдық шыршаны безендіріп жатыр

"Меніңше, жер бетінде Сицилияға келіп, оған ғашық болмайтын адам кемде-кем. Бұл жерге алғаш рет желтоқсан айында келіп, ата-енеммен таныстым. Сыртта күн 25 градус жылы болды. Қазақстанда солтүстікке қарағанда оңтүстіктің адамдары жылы келсе, бұл жерде де дәл солай. Италия — тамаша мемлекет. Күйеуім екеуіміз италиялықтардың қазақтарға қатты ұқсайтынын айтып күлеміз", — дейді Малика.

Сицилияда ер адамдар анасына жақын және әйелдерін қатты қызғанады. Сүйіктілеріне қысқа киім киюге тыйым салмаса да, олардың бұл әрекетін құптай бермейді. Сондай-ақ, италиялықтар қазақтар секілді қонақжай келіп, бар жақсысын қонақтарға ұсынады.

"Еуропада қонақтың өзімен бірге тамақ ала баратыны рас. Мысалы, бізді қонаққа шақырса, біз өзімізбен бірге десерт, бір бөтелке қызыл шарап немесе джелато ала барамыз. Бұл жерде кейде таныстарымыз пицца жеуге шақыратын кез болады. Алайда арнайы отырыс болса, оған міндетті түрде дайындалады. Енем бізді шақырған кезде дастарханға он түрлі дәмтатым, біріншіге арналған, екіншіге арналған үш түрлі тағамнан әзірлейді. Туған күн болса, міндетті түрде аққайнарға орын табылады", — дейді Малика.

85 жастағы енем аптасына үш рет шаштараз шақыртады

Сицилияда қонаққа барарда ғана емес, жол-жөнекей кіре кету үшін де алдын ала хабарласып сұрайды. Бұл баратын үйдің қонақ күтуге дайын болмай қалуымен байланысты. Бұдан өзге Италияда адамдар шаш үлгісіне ерекше мән береді. Маликаның 85 жастағы енесі аптасына үш рет шаштаразын үйге алдырып, шашына ерекше күтім жасап отырады. Осы орайда, Малика, расымен де, Италия қарияларының сырт келбетіне ерекше мән беретінін айтып өтті.

Италияда тұрып жатқан қазақ қызы Малика Караджанова мен қызы Ямур
жеке архив
Италияда тұрып жатқан қазақ қызы Малика Караджанова мен қызы Ямур

"Бұл жердегі әйел қауымы басқасына мән бермесе де, шаш үлгісін қалдырмай жасатып отырады. Бір қызық жағдайды айтып берейін. Қызым мен ұлымның арасы үш жыл. Екеуі бір күнде, бір сағатта дүниеге келген. Қызым 2014 жылы 28 наурыз сағат 04:15-те, ал ұлым 2017 жылы 28 наурыз сағат 04:12-де туды. Қызымның есімі — Ямур, ал ұлымның аты — Микеле. Балалармен жүріп аптасына бірнеше рет сұлулық салонына баруға уақытым болмайды. Соны байқаған енем "Малика, сенің шаштаразың жоқ қой деймін. Мен саған өзімдікін бере тұрайыншы. Сен де шаштараз қызметін пайдалан" деген кішігірім ескерту жасады (Күлді). Әрине, енем секілді аптасына 2-3 рет шаштараз қызметін пайдалануға уақытым жоқ. Десе де, сұлулық салонына аптасына бір рет барып тұрамын", — деді ол.

Тойды несиеге жасауды ұят көреді

Малика қазақ қоғамы мен италия қоғамының басты айырмашылығын атап өтті. Мұнда ата-аналар мүмкіндігінше балалармен бірге тұрмауға тырысады. Олар мұны баланың жеке кеңістігін бұзу деп түсінеді. Сондай-ақ, италиялықтар үшін өз үйіңде тұру маңызды емес. Тіпті, қартайғанша пәтер жалдап тұра берулері мүмкін. Бұл бірінші кезекте халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы және үй бағасының айтарлықтай қымбат болуымен байланысты. Бұдан өзге Малика италиялықтардың тойға несие алуды ұят деп санайтынын айтты.

"Бұл жақта біз секілді жарты немесе бір жыл қалғанда емес, тойға 3-4 жыл бұрын дайындалады. Тойға несие алуды ақымақтық деп санайды. Қазақстанда еуропалықтар ұлан-асыр той жасамайды деген ой қалыптасқан. Алайда бұл жақта да 200-300 адамға арналған тойлар өтеді. Бірақ оны екі тарап бірігіп жасайды. Әрине, жұпыны өтетін тойлар да кездеседі", — деді ол.

Малика Еуропада балалардың 5-7 жасқа дейін бесік арбада отыратынын айтады. Бұл — балаларды шектен тыс еркелету емес. Негізінен ата-аналардың көлік қоятын жер таба алмай, көп жаяу жүретінімен байланысты. Сондай-ақ, ауа райы жаяу қыдыруға мүмкіндік береді. Аталған елде емізікті де балалар 5-7 жасқа дейін пайдаланады.

Ямур ата-анасымен бірге
Жеке архив
Ямур ата-анасымен бірге

"Бір күні қызымды балабақшаға апарып, сол жерде оның құрдасының емізік сорып жүргенін көрдім. Ал менің қызым бес жаста. Шыны керек, көзге ерсі көрінеді. Десе де, Италияда ата-аналар балаларын "Болды емізік сормайсың немесе памперс кимейсің" деп қинамайды. Әр баланың ерекше екенін түсініп, өзін көрсетуге мүмкіндік береді. Қазақстандықтар да осыған келе жатыр. Әдетте емізікті көп пайдаланса, тісі қисық болады деп жатады. Бұл өтірік, италиялықтардың тісі басқаларға қарағанда әлдеқайда жақсы", — дейді Малика.

Декреттік демалысқа үш ай беріледі

Әрі қарай Малика ата-аналардың балаларына ересек шақта та толық қолдау көрсететінін айтып өтті. Режиссер мамандығын таңдаған таныстарының қызына бүгінде отбасы жабылып жүріп оқу орнын таңдауға көмектесуде. Сондай-ақ, ол Сицилияда жұмыс табу қиын болғандықтан, көптеген әйелдің үй шаруасымен айналысатынын айтып өтті. Декреттік демалысқа тек үш ай берілетіндіктен, әйелдер көп бала туғылары келмейді. Себебі, жұмыс орындарынан айырылып қаламыз деп қорқады.

"Әдетте Еуропада табыс жоғары деп жатады. Меніңше, бұл қате түсінік. Себебі, мұнда өмір сүру деңгейі жоғары және барлығы қымбат. Яғни күнкөріс деңгейі Қазақстанмен бірдей десек те болады. Италияда әйелдерді өте жоғары бағалайды. Менің өзім болашақ жарымды анасына деген құрметіне қарап таңдадым. Тіпті, есік ашып беру үшін ер адамдар алыстан жүгіріп келеді.

Жуырда көлігіме балалар йогурт төгіп алған болатын. Соны дұрыстап жумаған екен. Сонда көлік жуушылар бүкіл жұмысты тоқтатып, қайта-қайта кешірім сұрады. Қазақстанда әйел адамдар бірінші орынға бала-шағасын, күйеуін, кейін туыстарын, соңында өзін қояды. Ал Италияда керісінше әйелдер бірінші орынға өзін, кейін күйеуін, соңында балаларын қояды", — деді Малика Қараджанова. 

Малика Караджанова екі баласымен бірге отыр
жеке архив
Малика Караджанова екі баласымен бірге отыр

Сондай-ақ, Малика бүгінде күйеуімен италян тілінде сөйлесетінін айтады. Бастапқыда тек ағылшын тілінде тілдескен. Ал Рим, Милан секілді ірі қалаларда туристер көп болғандықтан, жергілікті тұрғындар ағылшын тілін біледі.

Асты негізінен ер адамдар әзірлейді

Малика Италияда, әсіресе, Сицилияда қазақтардың аз екенін айтады. Әлі күнге дейін кездестірмеген екен. Ал солтүстік өңірде бар.

"Перуджеде Алматыдан келген құрбымның қызының туған күніне бардық. Сол жерде қазақ диаспорасы болды. Өте жылы да қызықты отырыс болды. Құдды өз отанымда отырғандай күй кештім. Ет асып, мәнті жедік. Өкінішке қарай, күйеуім Қазақстаннан қазы әкеле алмайды. Үйге бір жарым тәулік бойы ұшып келе жатқанда бұзылып кетуі мүмкін. Мұның орнына консервілер әкеліп, солардан тағам әзірлеймін. Күйеуім менің етті бәрінен күшті асатынымды айтады. Басқа ешкімнің етін жеп көрмегендіктен ғана осылай дейтін шығар", — дейді ол.

Малика Караджанова балаларымен бірге теңіз жағасында қыдырып жүр
Жеке архив
Малика Караджанова балаларымен бірге теңіз жағасында қыдырып жүр

Италияда аналары балаларының бәріне тамақ жасауды үйретеді. Маликаның жолдасы бастапқы бір-екі жылда тағамды өзі әзірлеген. Қазір де аптасына бірнеше рет түскі асты өзі дайындайды. Аталған елде бас аспаздардың барлығы дерлік — ер адамдар.

Малика Караджанова 2019 жылы қайын жұртымен бірге Қазақстанға баруды жоспарлап отырғанын айтады. Оларға отанының көрікті жерлерін көрсетіп, бар дәмдісін ұсынбақ.

4645
Кілт сөздер:
шетелдік, неке, отбасы, өзге ұлтқа тұрмысқа шығу, Италия, Қазақстан
Тақырып бойынша
Назарбаевқа айтар өтінішім бар – Омбы қазағы
Өзбекстан қазағы: Атажұртқа оралуға асықпаймыз
Түмен қазағы: Отанда тұру – бәрімізге бұйырмаған бақыт, бағалаңыздар
Психолог: қыздардың шетелдікке тұрмысқа шыққаны балаларына жақсы
Назарбаев 600-ге тарта шетелдікке Қазақстан азаматтығын бермек
Шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қызы жұрттың ашуын келтірді - видео
"Ғалам аруы" байқауында қазақ қызы салмағы 30 келі костюм киіп шықты - видео
Микрофон

Әнші Досымжан Таңатаров зейнетке шықты видео

1961
(Жаңартылды 18:52 25.01.2021)
2009 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанған Досымжан Таңатаров Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында туған

АЛМАТЫ, 25 қаңтар – Sputnik. Әнші Досымжан Таңатаров президент оркестрінде 20 жыл қызмет етіп, майор шенімен зейнетке шыққанын хабарлады.

"2000 жылы Тараз қаласынан арнайы шақырумен келдім. Содан бері ешқайда жылжымай оркестрде қызмет істеген екенмін. 2003 жылдан бастап әскери жұмысқа кірістім, оның алдында әнші ретінде қызмет атқардым. Осы оркестрдің артқан сенімін алып шығуға бар күш-жігерімді салып өнер көрсетіп қызмет істегеніме де 20 жылдың көлемі болған екен", – деп жазды Таңатаров Instagram парақшасында.

Айтуынша, осы уақыт ішінде мемлекеттік іс-шараларда, шетелдің мемлекет басшылары мен арнайы қонақтар қатысқан салтанатты жиындарда өнер көрсеткен. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Досымжан Танатаров (@dossymzhan_tanatarov)

"Осы оркестрмен АҚШ, Қытай, Германия, Ресей, Араб елдерінде өнер көрсетіп, өз еліміздің мәдениетін, өнерін танытуға үлес қосқанымды мақтан тұтамын. Өнер биігінде өзімді қалыптастыруға, танымал болуыма, жалпы азамат болуыма осы ортаның берген көмегі көп болды. 20 жылдық ғұмырым оркестрге арналды. Мен де оркестрге аз нәрсе берген жоқпын. Мемлекеттік деңгейдегі марапаттардың бәріне бірден-бір себепші болған да осы оркестр", – деп жазды ол.

Досымжан Таңатаров оркестрдің толық құрамымен бірге 2015 жылы "Қазақстан" орталық концерт залында жеке шығармашылық кешін берген. Бір жылдары оркестрдің көркемдік жетекшісі болды.

"Әскери қызмет болғаннан кейін өткен жылы осы мемлекеттік күзет қызметі президент оркестірінен майор шенімен арнайы зейнетке шықтым. Оркестр басшысы Талғат Айтжанұлы әріптестерім Клара Түленбаева, Ардақ Балажанова үшеумізді осылай құрмет көрсетіп шығарып салды. Осы ұжымға, осында арнайы шақыртқан ағаларға, мені қолдаған басшыларға, халқыма рахмет айтып, басымды иемін", – деді ол.

Оқи отырыңыз: "Мені көргендер қарапайым екенсіз ғой деп таңғалады": Қайрат Байбосыновтан 10 кеңес

Айтуынша, 2000 жылы қызметке кіріскен кезде президент оркестрінің бастығы Арыстанбек Мұхамедиұлы, көркемдік жетекшісі Бекболат Тілеухан, бас әнші Нұрлан Өнербаев, ансамбль жетекшісі Рүстем Күлшебаев болған.

Досымжан Таңатаров 1975 жылы Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында туған. 2008 жылы Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, 2009 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды.

1961
Кілт сөздер:
әнші, зейнеткер
Тақырып бойынша
Димаш Құдайберген АҚШ-тың жаңа президентін қазақ тілінде құттықтады – видео
Коронавирус жұқтырған Мейрамбек Бесбаев қазақстандықтарға үндеу жасады
"Басқа проблема жоқ па?" Тоқаевтың тойға қатысты ұсынысы кімге жақпай қалды?
Ернар Айдар туралы не білеміз?
"Сантехник болып, трактор айдадым". Әншілер өнерге келмес бұрын не істегенін айтты
Вакцинация

Қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға коронавирусқа қарсы вакцина салуға бола ма?

35
(Жаңартылды 18:49 25.01.2021)
Маман екпені қолданудың өз ерекшеліктері бар екенін айтады. Яғни, емделуші мұндай топқа жататын болса, дәрігермен кеңесуі керек

НҰР-СҰЛТАН, 25 қаңтар – Sputnik. Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын абайлап қолдануы керек, деп мәлімдеді Гамалея орталығының директоры Александр Гинцбург.

Сондай-ақ, ол "Спутник V" нұсқауында онкологиялық науқастарға вакцинация жасауға тыйым салынбайтынын атап өтті, деп хабарлайды РИА Новости.

Маманның пікірінше, екпені қолданудың өз ерекшеліктері бар. Яғни, емделуші мұндай топқа жататын болса сақтықпен, емдеуші дәрігермен кеңесуі керек.

"Бұл тұжырымдама "Спутник V" вакцинасының қауіпсіздігі мәселесімен байланысты емес. Себебі, онкологиялық науқастар түрлі химиялық терапия курсынан, соның ішінде қуатты цитостатикадан өткен болуы мүмкін (ісікке қарсы дәрі-дәрмектер тобы – Sputnik). Мұның бәрі иммундық функцияны төмендететіні анық", – дейді Александр Гинцбург.

Бұған дейін қатерлі ісікке шалдыққан науқастар "Спутник V" вакцинасын абайлап қолдану керектігі хабарланған болатын. Өйткені оның мұндай науқастарға әсері туралы ақпарат әлі де жеткіліксіз. Сондықтан да медициналық преапаратты қолдану жөніндегі жаңа нұсқаулықтың шыққанын күтуге тура келеді.

Орталық басшысының айтуынша, мұндай жағдайларда вакцинация туралы шешім емдеуші дәрігермен кеңескеннен кейін қабылдануы тиіс. Алайда бұл "Спутник V" вакцинасының қауіпсіздігіне ешқандай қатысы жоқтығын немесе пациенттердің бұл тобын иммундауға тыйым салуды білдірмейді.

Оқи отырыңыз: "Үкімет күшіне сенбей ме?": Бекболат Тілеухан екпе туралы заңға қарсы шықты

Сонымен қатар, Гинцбург "Спутник V" рак ауруын тудыруы мүмкін емес деп санайды. Өйткені, ол адамның аденовирусының дәлелденген және шимпанзе аденовирусы мен РНҚ платформасына негізделген бірқатар басқа дәрілерден айырмашылығы жақсы зерттелген. Бірақ оның ұзақ мерзімді әсерлеріне зерттеу жүргізілмеген.

35
Кілт сөздер:
коронавирус, онкология, вакцина
Тақырып бойынша
Қазақстандағы екпе салу туралы шындық - денсаулық министрі жазба жариялады
Төрт ай бұрын коронавирусқа қарсы екпе салдырған қазақстандық сұқбат берді
Тұмауға қарсы вакцинация: министр Цой өзіне екпе салдыруды жоспарлап отыр
Үкіметте вакцинация мен маска тағудың нәтижесі жарияланды 
Қазақстанда COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинация 2021 жылдың ақпан айында басталады
Архивтегі фото

Американың теңіз жаяу әскері Норвегияда не істеп жүр?

0
Ақпанда америкалықтар, норвегиялықтар, сондай-ақ голландиялықтар мен британдықтар Joint Viking 2021 ауқымды маневрлеріне қатысады

НҰР-СҰЛТАН, 25 қаңтар – Sputnik. АҚШ Ресей шекарасына жақын орналасқан Норвегияда әскерін күшейтіп жатыр. Мұнда қаңтарда мыңға жуық теңіз жаяу әскері қоныстанды. Ал америкалық саясаткерлер мен генералдар Арктикадағы шиеленістің күшеюін жиі сөз етіп жатыр. Бірақ, сарапшылардың пікірінше, бұл шиеленісті тудырып жатқан да өздері, деп жазды РИА Новости.

Теңіз жаяу әскерлері ротация аясында Солтүстік Каролинадан Норвегияға қоныс аударды. Америкалықтар бірнеше жылдан бері осындай қулыққа барып жатыр: бір бөлімшені басқа бөлімшемен ауыстырып, АҚШ-тың әскери контингенті елден кеткен емес.

Теңіз жаяу әскерлерінің міндеті – Норвегия нұсқаушыларының жетекшілігімен Арктиканың қатал жағдайында ұрыс қимылдарын жүргізуді үйрену және НАТО-дағы әріптестерімен тығыз іс-әрекетті  пысықтау.

Ақпан айында америкалықтар, норвегиялықтар, сондай-ақ голландиялықтар мен британдықтар – барлығы он мыңға жуық жауынгер Joint Viking 2021 ауқымды маневрлеріне қатысады. Натолықтар әскердің үлкен қашықтықтарда жылдам орын ауыстыруын пысықтап, барлық деңгейде ақпарат алмасу әдістерін игереді және бірнеше бірлескен операция жүргізеді.

JointViking оқу-жаттығулары жыл сайын өтеді. Броньды техника, артиллерия, авиация, кемелер және суасты қайықтары орманды немесе таулы алқапта бірнеше жүздеген шаршы километр аумақта жоғары қарқынды соғыс жағдайын қалыптастырады.

Әскери сарапшы Александр Жилин РИА Новостиге берген сұхбатында АҚШ-тың әскери доктринасына сәйкес, олардың армиясы ең алдымен шетелде соғысуға дағдыланатанын айтты.

"Сондықтан, мемлекеттің саясаты америкалық әскери күш басқа елдерде үнемі жауынгерлік операциялар, барлау, аэродромдарды айнала ұшу, теңіз жолдарын айналып өтуді пысықтау мүмкін болатындай етіп құрылды", - деп түсіндірді ол.

Сарапшының айтуынша, Пентагон жағдайды әдейі шиеленістіріп отыр. Себебі, АҚШ пен НАТО Арктикадан дәмелі.

"Теңіз жаяу әскерінің оқу-жаттығулары қорғану емес, шабуылдау сипатында өтеді, - деп сенім білдірді Жилин. – Соның ішінде, Ресейге қарсы әрекеттер пысықталады. НАТО-ның Еуропадағы маневрлеріне тұтастай сипаттама берер болсақ, онда олар Мәскеу үшін шиеленіс аймақтарын құру бойынша ұйымдастырылатыны анық. Біздің әскер алаңсыз отыра бермейді, әрине. Әсіресе, Норвегияда болып жатқан оқиғаларға қатысты әрекет ету керек. Ешқандай дегбірсіздік жоқ, бірақ біз кез келген арандатушылыққа жол бермей, жағдайды толығымен бақылауды ұстау керекпіз".

"Валдай" аналитикалық клубының сарапшысы Артем Куреев америкалықтардың Аляскада Арктикадағы әскери әрекеттерді пысықтауға арналған инфрақұрылымы бар екенін айтты. Бірақ АҚШ сонда да оқу-жаттығуда Норвегияда өткізуді ұйғарып отыр.

"Бұл НАТО көшбасшылары ретінде оларға қажет. Норвегия – альянстың ең "аға" мүшесі. Осло Ресейді ықтимал қарсылас деп санайды. Алда-жалда қақтығыс бола қалса, Солтүстік Норвегия НАТО-ның басты плацдармына айналады", - деп санайды Куреев.

Вашингтонның Арктикаға берік орын теуіп, ол жақтан басқа мемлекеттерді ығыстырғысы келген ниетіне Әскери-теңіз күші мен Теңіз жаяу әскері корпусының жаңа Арктикалық стратегиясы дәлел. Бұл құжатта "арктикалық өңірге америкалықтардың әскери-теңіз араласуы болмаса, әлемге төнген Ресей мен Қытай қаупі азаймайды" деп жазылған.

АҚШ Әскери-теңіз күштерінің хатшысы Кеннет Брейтуэйт атап өткендей, Ресей жағалауына жақын акваторияны патрульдеу және "Мәскеудің Қиыр Солтүстікке шабуыл жасауына" жол бермеу мақсатында Пентагон тұрақты түрде Арктикада әскери кемелер мен сүңгуір қайықтарды орналастырады.

Мойындау керек, АҚШ Солтүстікке нық орналасып алды. Норвегия бұл мәселеде басты рөл ойнап отыр. Қыркүйек айында норвегиялық Тромсе портына Seawolf субмариналары қоныс тебетіні туралы хабарланды. Бұл сүңгуір қайықтар ресейлік суасты қайықтарының бағыттарын бақылауда ұстауға негізделген.

Пентагон Арктикадағы әуе күштерін нығайтуға шындап кірісті. Өткен жылы америкалық және норвегиялық әскери-әуе күштерінің ауқымды оқу-жаттығулары өтті. Алты B-52 Stratofortress стратегиялық бомбалаушылары Солтүстік полюстің үстімен ұшып өтіп, Норвегия әскери-әуе күштерінің жойғыштарымен бірге жаттығу жасады.

0