Дания Еспаева

Кандидат Еспаева қазақ тілінен емтихан тапсырған соң көзіне жас алды

2943
(Жаңартылды 17:10 26.04.2019)
"Ақ жол" партиясынан сайлауға түсетін кандидат Дания Еспаева қазақ тілінен емтихан тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. "Ақ жол" партиясынан президенттікке үміткер Дания Еспаева қазақ тілінен емтихан тапсырғаннан кейін көзіне жас алды.

"Қалай уайымдағанымды өздеріңіз көріп тұрсыздар... Бұл мен үшін өте маңызды күн. Өмірімде үшінші рет емтихан тапсырдым: алғаш рет мектепте, екіншісін институтта, үшіншісін қазір. Бұл өте жауапты сәт еді, түрімнен де көрініп тұрған шығар. Бәрі ашық өтті. Тақырыптарды таратып берді, барлығы үш тапсырма болды. Тапсырмалар өте қиын, бірақ қызықты", - деп Дания Еспаева алған әсерімен бөлісті.

Тағы оқыңыз: Әміржан Қосанов президент сайлауына түседі

Емтихан тапсырған соң кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия Еспаеваның жауабын бағалап, қорытынды шығарды.

"Жазбаша жұмысында Дания Еспаева тақырыпты жақсы меңгерген, сауатты, терең талдау жасаған. Екінші тапсырма бойынша, ол Мұқағали Мақатаевтың екі өлеңін оқыды. Қазақ тілінің нормасына сай сөздерді анық айтып, ойын жеткізе білді. Үшінші тапсырма бойынша "Қоғам және демократия" тақырыбында 15 минут сөйледі. Өзін саяси жағынан танытып, қоғамның хал-ахуалын жақсы білетінін көрсетті. Біздің сұрақтарымызға жауап берді. Комиссия мүшелері дауыс бере келе, "Дания Мәдиқызы Еспаева  мемлекеттік тілді еркін меңгерген" деген қорытындыға келдік", - деді комиссия мүшесі Сейіт Қасқабасов.

Тағы оқыңыз: Коммунистер партиясынан президенттікке кім үміткер?

Кандидаттар қазақ тілінен емтиханды қалай тапсырады?

Бірінші кезеңде үміткер лингвистикалық комиссия ұсынған тақырыпқа жазбаша жұмыс тапсырады. Ол 2 беттен аспауы керек, оны жазуға 1 сағат уақыт беріледі. Егер үміткер 1 сағатта жазып бітіре алмаса, комиссия ақылдаса келе, оған қосымша жарты сағат бере алады.

Екінші кезеңде үміткер комиссия ұсынған көлемі үш беттен аспайтын мәтінді оқиды. Үшінші кезеңде кандидат берілген тақырып бойынша сөз сөйлейді. Тақырыпты тереңірек ашу үшін комиссия қосымша сұрақтар қоюы мүмкін.

Тағы оқыңыз: Перуашев президент сайлауына неге қатыспады?

2943
Кілт сөздер:
президент сайлауы, Дания Еспаева
Тақырып:
Президент сайлауы - 2019 (176)
кітапхана

Қазақстан кітапханаларында электронды кітаптарды ақшаға жүктеу ұсынылды

0
Сенатор кітапханалар мен мұрағаттар мәселесін көтерді, олардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін ұсыныс айтты

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп кітапханаларда электронды кітаптарды жүктеуді ақылы етуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатордың айтуынша, ұлттық кітапханалар мен мұрағаттарда құжаттар мен жазбаларды сақтау ісіне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Ал көне жазбаларды санитарлық нормаларға сай сақтамаса, көзге көрінбейтін әртүрлі паразиттер жеп қояды. Мұндай жағдайда түпнұсқаларды келешек ұрпаққа жеткізу қиындайды.

"Eлордадағы Ұлттық архивке қарасты қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығын алайық. Орталықтың қолжазбалар мен сирек кітапты сақтайтын жері өте тар. Қор көбейген сайын, ғимаратқа сыймай барады. Орталықтың ғимараты еуропалық талаптарға мүлдем сай емес. Көрермендерге арнап дайындаған көрмесі де өте кішкентай", - деді Жүсіп премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, кітапханаларды цифрландыру сапасы да сын көтермейді.

"Шет елдердегі архив, кітапханалар өз қорларын түгел цифрландырып жатыр. Ал бізде көпшілігінің цифрландыру сапасы өте төмен. Цифрландырылған сирек қолжазбалар мен кітаптардың оқылуы қиын. Көшірменің сапасы да нашар, жүктеп алуға келмейді. Сондықтан кітаптардың оқылымын тегін етіп, бірақ жүктеуін ақылы етер болса, бұл олардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берер еді", - деп санайды депутат.

Ол елімізде реставрация саласы да дамымағанын тілге тиек етті. Нұртөре Жүсіптің пікірінше, реставраторларды арнайы даярлау ісімен бірге, олардың денсаулығына да көңіл бөлінуі тиіс. Себебі қолжазбамен жұмыс істеу, оны реставрациялау денсаулыққа зиянды.

0
Кілт сөздер:
кітапхана
Сенат депутаты

Ағылшын саяхатшысын таңғалдырған жер: депутат Қапал ауылының жағдайына алаңдады

247
(Жаңартылды 12:48 26.11.2020)
Жұмағұлов жуырда Қапал, Ақсу елді мекендерінде болып қайтқанын айтты. Тұрғындармен кездесуде халық қасиетті Қапалдың жағдайын үкіметке жеткізуді өтінген

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Сенат депутаттары Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан өшпес тарихы бар Қапал ауылының қазіргі жағдайына алаңдап, оны үкіметтің қорғауындағы нысандар қатарына қосуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатор Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, 1847 жылы бекініс ретінде, Ресей империясының мүддесіне сай бой көтерген елді мекеннің тарихын тану, оны ХІХ ғасырдағы сәулет өнерінің мәдени  ескерткіші ретінде ұрпақтан ұрпаққа қалдырудың рухани мәні зор.

"Бұл өлке сонау Түркі дәуірінен, Қимақ мемлекеті тұсынан бері танымал, белгілі тарихи жер. Қапал – ұлтымыздың ұлы тұлғасы Шоқан Уәлихановтың, Петр Семенов-Тяньшанскийдің ізі қалған жер. Қапал – ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсонды таңғалдырған жер. Қапал – жоңғар шапқыншыларымен шайқаста ту көтерген Қапал батыр жатқан жер. Бұл туралы Уәлихановтың "Жоңғария очерктерінде" жазылған", - деді ол үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында. 

Жұмағұлов жуырда Қапал, Ақсу елді мекендерінде болып қайтқанын айтты. Тұрғындармен кездесуде халық қасиетті Қапалдың жағдайын үкіметке жеткізуді өтінген. 

"Сан ғасырлық тарихы бар Қапал ауылының бүгінгі жағдайы кімді болса да алаңдатпай қоймайды. XIX ғасырдың ескерткіші болып саналатын қос қабатты үйлердің бет жағы ғана аман қалған. Ескі екі мешіт үйі де қараусыз қалып, құлаған. Көп үйлердің ағаштарын жергілікті тұрғындар бұзып алып, қора-қопсы салып алғаны да жасырын емес. Ауылдың рухани орталығы болған Қапалдағы ақын Сара мен Фатима Ғабитованың музей үйлерінің де ізі жоқ. Ондағы құнды экспонаттар да жоғалған", - деп қапаланды сенатор.

Депутаттың пікірінше, атақты Жібек жолының бір бекеті, Қапал ауылы қай жағынан алсаң да Жетісудың туристік мекеніне айнала алады. Ол Қапалдағы тарихи ескерткіштердің қорғалмай, ескерусіз қалатынына алаңдады. 
Осыған байланысты сенат депутаттары сәулетшілер, тарихшылар, әдебиетшілер, этнографтардан тұратын арнайы комиссия құрып, Қапал ауылының мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау үшін тиісті шаралар қабылдауды, оларды үкіметтің қорғауындағы объектілер қатарына қосуды ұсынды.

247
Кілт сөздер:
ауыл, депутат
Тақырып бойынша
Табысы 35 мың теңге: депутат кедейлердің көпшілігі ауылда тұрып жатқанын айтты
Депутат Бектаев әр балаға 18 жасқа дейін қаржы бөлуді ұсынды
Депутат тұрмысы төмен отбасылардың неге баспана ала алмай жүргенін айтты
"Үкіметтің ақылы неге соған жетпейді?!": депутат жаңа бағдарлама қабылдауды ұсынды
Қазақстанның сыртқы қарызы қанша – депутат сұрағына үкімет мүшелері жауап берді