Қоғам

"Төмендету бар сияқты": атамекеніне алғаш рет келген Өзбекстан қазағының әңгімесі

© Sputnik / Дәурен ЕрболатӨзбекстан қазағы Илгиз Хамитов
Өзбекстан қазағы Илгиз Хамитов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Илгиз Хамитовтың айтуынша, Өзбекстандағы қазақтардың тұрмысы жақсы, түрлі шаруашылықпен айналысады

НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Елордада тарихи отанына оралған, әрі шетелде тұратын қазақтар арасында шағын футболдан халықаралық турнир өтуде. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі тарихи отанына алғаш рет келген Өзбекстан қазағы Илгиз Хамитовпен сұқбаттасты.

26 жастағы Илгиз Хамитов Өзбекстанда туып өскен. Ол Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан ала доп бәсекесіне өз командасымен келіпті. Мақсаты – халықаралық турнирде жеңіске жету.

Тағы оқыңыз: Өзбекстандағы шенді қазақ Құдайбергенов туралы не білеміз?

Әңгіме барысында ол өзбек елінде білім алғанын, бүгінде Науаи облысындағы кәсіпорындардың бірінде тер төгіп жүргенін айтты.

"Науаи облысындағы Заварбат деген елді мекенде тұрамын. Облыс Ташкент қаласынан 500 шақырым жерде орналасқан. Мен "Рупият" зауытында слесарь болып жұмыс істеймін, - дейді ол.

Сонымен қатар қазақ жігіті жат елде сүйікті кәсібімен шұғылданып жүргенін атап өтті.

"Әрине, өз мамандығымды жақсы көремін, ұялмаймын. Қазақстанда бұл мамандыққа басқаша көзқарас бар екенін естігемін, төмендету бар сияқты", - деп Илгиз Хамитов ағынан жарылды.

Тағы оқыңыз: Әке-шешем атажұрты туралы жылап отырып айтады - Түркиядағы қазақ

Сұқбат барысында ол Науаи облысындағы қазақтар түрлі кәсіппен шұғылданатынын, тұрмыстары жақсы екенін айтты.

"Науаи облысында қанша қазақ түтіні бар екенін білмеймін. Бірақ онда қазақтар көп. Олардың тұрмыстары жақсы, әртүрлі кәсіппен шұғылданады: бизнес, мал, егін шаруашылығы деген сияқты. Құдайға шүкір, мұнда барлығы жақсы", - деді Өзбекстандағы қазақ жігіті.

Әңгіме барысында Илгиз Хамитов Қазақстанға алғаш рет келгенін, жақсы әсер алғанын атап өтті.

"Қазақ еліне бірінші рет келіп тұрмын. Нұр-Сұлтан қаласын араладым. Мұнда көркі көз тартар әсем ғимараттар көп екен. Барлығы ұнады. Осында оқығым келеді. Ниет бар", - деп түйіндеді сөзін ол.

Тағы оқыңыз: Қытайдағы үйін сатуға кеткен қандасымыздың басы бәлеге қалды

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласындағы Жас-Батыр спорт кешенінде шағын футболдан халықаралық турнир өтіп жатыр. Оған Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Ауғанстан, Иран, Ресей, Қырғызстан елдерімен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және өзге облыстардан 24 команда қатысып жатыр. Жарыс ертең аяқталады. Спорттық шараның жүлде қоры – 3 миллион теңге.

Жаңалықтар
0