Әйел

"19 рет тұрмысқа шықты". Сириядан оралған қазақ әйелінің әңгімесі

25508
(Жаңартылды 19:50 13.05.2019)
Қазақ әйелі 4 жыл отбасымен бірге Сирияда болып, ондағы сұмдықты көзімен көрген

НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. "Жусан" операциясының арқасында елге оралған 33 жастағы қазақ әйелі Сирияға қалай тап болғанын әңгімелеп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

"2009 жылы намаз оқи бастадым. 1,5 жылдан кейін намаз оқитын жігітке тұрмысқа шықтым. Ол дұрыс жолда екен деп ойладым. Күйеуім мені өзіне тарта бастады. Яғни "жиһад" мәселесін қозғап, намаз оқымайтындарды "кәпір" деп, өзінің дінге көзқарасын ашық білдірді. Мен жиһад деген не екенін түсінген жоқпын. Бірақ менде намаз оқымайтындар "мұсылман емес" деген түсінік қалыптаса бастады", - деді ол сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.

Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді 

Оның айтуынша, 2012 жылы күйеуі Украинаға жұмысқа кетіп, бір айдан кейін одан хабар келген.

"Күйеуім өзі хабарласты да "екеуміздің жәннатта болғанымызды қалаймын" деді. Сонда ғана оның қайда кеткенін түсіндім. Күйеуімнің артынан баруға шешім қабылдадым. Сол жаққа барып-қайтуға билет алдым. Өйткені ол кезде 8 жастағы қызым болды. Ол Қазақстанда қалып қойды", - деді аты-жөнін айтуды жөн көрмеген келіншек.

Сондай-ақ ол алғашында күйеуін елге қайтарамын деген ой болғанын айтты.

"Содан Түркияға жол тарттым. Ол мені сонда күтіп алды. Кейін шекарадан оңай өттік. Онда темір қоршаулар болған жоқ. Бір ауылға келдік. Мен Сирияға келгенде адамдар қару-жарақпен жүрді. Ол түн мезгілі еді. Біз "Сирияға келген сияқтымыз ғой?" дедім. Күйеуім "иә" деп жауап берді. Ол жерде бір апта болдым. Кейін жұбайыма үйге қайтатынымды айттым. Сол уақытта ол менің төлқұжатымды тартып алды да, "Олар сенің қайда болғаныңды біліп отыр. Сен түрмеге отырасың" деді. Содан қорқып, күйеуімнің айтқанынан шыға алмадым", - дейді ол.

Сирияда әйелдердің құқы аяққа тапталады

33 жастағы қазақ әйелі 2013 жылдан 2017 жылға дейін ДАИШ-тың бақылауындағы Сирия аумағында күйеуімен тұрған. Сонда бір баласын дүниеге әкелген. Кейін күйеуі қайтыс болған соң, амалын тауып, күрттердің иелігіндегі аумаққа өтіпті.

Таяуда ғана Сириядан елге қайтарылған 20 адам қамауға алынды – ҰҚК 

Әңгіме барысында ол Сириядағы ДАИШ басқаратын аумақта әйелдердің құқы аяққа тапталғанын жасырмады.

"Күйеуім 2017 жылдың 5 наурызында өмірден өтті. Қалай қайтыс болғанын білмеймін. Бомбаға түсті ме, біреу өлтірді ме, оны ешкім айтпайды. Суретін де көрсетпеді. Сирияда күйеуі қайтыс болған әйелді бір үйге алып келеді. Ол жерде тамақ, жарық болмайды. Яғни ешқандай жағдай жасалмаған. Амал жоқ басқа күйеуге шығуға мәжбүр боласың. Ал күйеуге шықпасаң, сол жерде аштан өлесің. Ол күйеуің 2-3 күннен қайтыс болып кетуі мүмкін. Яғни, осылай 5 рет, 6 рет, тіпті 19 рет күйеуге шығып жатқан әйелдер болды", - дейді елге оралған келіншек.

Сонымен қатар отандасымыз Сириядағы қазақ әйелдері ойын ашық айта алмай қиналғанын жеткізді.

"Ол жақта қазақ қыздарымен араласып тұрдық. Көбі "үйге қайтқым" келеді деп айта алмай, іштен тынады. "Тек күйеуіммен бірге жәннатта болғым келеді" дейміз.  Бірақ әркімнің өз ойы бар. Мысалы, мен елге қайтқым келді.  Бірақ оны айта алмадым. Өйткені басымнан айырыламын. Не атып тастайды, не түрмеге отырғызады", - дейді ол.

Ол күрттер басқаратын аумақта 1,5 жыл тұрған. Кейін "Жусан" операциясы барысында Қазақстанға оралыпты.

25508
Кілт сөздер:
соғыс, Сирия
Тақырып бойынша
Джеки Чан Сириядан құтқарылған қазақстандықтар жайлы фильмді көрді – видео
Сириядан елге қайтарылған қазақстандықтар: 7 адам тергеліп жатыр
"Көбісі қайтыс болды" Назарбаев маңызды мәлімдеме жасады – видео
Сирияда содырлар 3 қазақстандық әйелді өлім жазасына кесті
Сирияда құтқарылған қазақстандықтар туралы көркем фильм түсіріледі
Бетперде таққан адамдар

Денсаулық министрі Тоқаевқа карантиннің күшейтілуі туралы айтып берді

1191
(Жаңартылды 17:42 22.01.2021)
Президент эпидемиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды, жаппай вакцина егуге дайындықты тиісті дәрежеде қамтамасыз етуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар — Sputnik. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирус індетіне қарсы күрес бойынша Қазақстанда қабылданып жатқан шаралар жөнінде есеп берілді.

Министр мемлекет басшысына өңірлердегі эпидемиялық жағдай туралы, соның ішінде, карантин шараларының күшейтілуі және ұлттық  денсаулық сақтау жүйесінің қолда бар ресурстары жайында мәлімет берді. Цой жұқпалы аурулар стационарларындағы дертке шалдыққан адамдар жататын орындардың 33 процентке, жансақтау бөлімдерінде бұл көрсеткіш 21 процентке толғанын айтты.  

Денсаулық министрі COVID-19 жұқтырғандар санының көбеюіне қарамастан, еліміздегі ахуалдың бақылауда тұрғанын және медициналық қызметтің азаматтарға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.  

Ол елімізде адамдардың коронавирустан қайтыс болу деңгейі былтырғы шілде айымен салыстырғанда 4 есе төмендегенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойға эпидемиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды, халықты уақытылы әрі толық құлақтандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ, жаппай вакцина егуге дайындықты тиісті дәрежеде қамтамасыз етуді жүктеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сәйкес, 1 миллион адамға шаққандағы індетке шалдыққандардың саны бойынша Қазақстан 221 мемлекеттің ішінде 109-орында тұр. Ал өткізілген тест сынамаларының саны бойынша 67-ші, өлім-жітім бойынша 94-ші, COVID-19 індетінен жазылып шыққандар саны бойынша 48-ші, дерттің ауыр тиюі тұрғысынан 50-орында.

1191
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Ақша, теңге

Өткен жылы Қазақстанда жемқорлық жасағаны үшін қанша адам сотталды

9
(Жаңартылды 17:14 22.01.2021)
Агенттік бір адамға қатысты бірнеше қосымша жазалау шаралары қолданылуы мүмкін екенін ескертіп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2020 жылы жемқорлық үшін сотталған лауазымды тұлғалардың статистикасын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, 2020 жылы мыңнан астам адам сотталған. 

Соның ішінде 334 - пара алғаны үшін, 256 - пара бергені үшін, 146 - алаяқтық үшін, 98 - ұрлық үшін, 120 - лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін, 26 - парақорлыққа делдал болғаны үшін және тағы басқа. 

"299 адам бас бостандығынан айырылды, 142 адамның бас бостандығы шектелді, 575 адамға бірнеше еселік айыппұл салынса, қалғандары шартты мерзімге немесе кейінге қалдыру жазасына кесілді", - деді ол брифингте.

Сондай-ақ, 1 268 адамға қатысты қосымша жазалау шаралары қолданылған. 

  • 963 адам белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылды;
  • 279 адам - арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айырылды; 
  • 26 адам мүлкі тәркіленіп сотталды.

Агенттік бір адамға қатысты бірнеше қосымша жазалау шаралары қолданылуы мүмкін екенін ескертті.

 

9
Кілт сөздер:
жемқорлық, Қазақстан
Тақырып бойынша
Кешірім сұрады: мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан жемқор басшылар кімдер?
Қазақстандық шенеунік қызметке тағайындау үшін 2 млн теңге пара алды
Шенеуніктерді жемқор деп айыптаған кәсіпкердің өз қылмысы әшкере болды
Пара бергендер төлейтін айыппұл мөлшері артты
Қазақстанда генерал-майор 200 мың теңге пара үшін бес жылға сотталды
COVID-19 ауруханасы

COVID-19 ауруханасы төңірегіндегі дау: жемқорлыққа қарсы агенттік түсініктеме берді

181
(Жаңартылды 18:47 22.01.2021)
18 қаңтарда Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды

НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматыда инфекциялық аурухана салу кезінде бюджет қаражатын жымқыру туралы іске түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Қылмыстық іс ішкі мемлекеттік аудит актісі бойынша тіркелді. Тергеу барысында келтірілген нақты шығынды анықтау үшін актілер тексеріс жүргізу үшін тіркеледі. Ақшаның ұрланып-ұрланбағанын және сомасын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалады. Көп жағдайда бұрын айтылған шығын сомасы расталмай жатады, тіпті, істер тоқтатылған кездер де болған", - деп түсіндірді агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров брифингте. 

Айтуынша, қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр. 

"Ақша шынымен жымқырылды ма, жоқ әлде бұл қандай да бір заңбұзушылық па, мұның бәрі тергеу барысында анықталады", - деп нақтылады ол.

Жемқорлыққа қарсы агенттік тергеу барысы туралы қосымша ақпарат береді. 

"БАҚ-та резонанс туғызбауды өтінеміз. Бұл акті бойынша әдеттегі тіркеу, бізде ондай көп. Тергеу барысы туралы қосымша хабарлаймыз", - деді Биғайдаров. 

COVID-19 ауруханасы төңірегіндегі дау

18 қаңтарда Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Сонымен қатар, бұл іске "Bi-Industrial" ЖШС директорының да қатысы бар екені айтылды.

БАҚ хабарлағандай, олар COVID-19 науқастарына арналған модульдік аурухананы салу кезінде 3,9 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінді.

Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды. 

Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін БАҚ-та Сапар Нұрашевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Алайда қала әкімдігі мұны жоққа шығарды. 

Алматы әкімінің баспасөз қызметі Сапар Нұрашевтың өз жұмыс орнында екенін растайтын видео түсірді.

181
Кілт сөздер:
түсініктеме, жемқорлық, коронавирус
Тақырып бойынша
Денсаулық министрі Тоқаевқа карантиннің күшейтілуі туралы айтып берді
"Мені ешқайда шақырмады": Нұрашев қылмыстық іс туралы ақпаратқа пікір білдірді  
BI Group басшысы миллиардтап қаржы жымқыру ісіне қатысты түсініктеме берді
Алматыда миллиардтап қаржы жымқыру ісі бойынша тергеу басталды
Жарамсыз әуе айлағын 240 миллион теңгеге сатып алған экс-әкімге сот үкімі шықты