Қоғам

Қазақстанда электронды сайлау жүйесі неге іске аспай қалды?

© Sputnik / Абзал КалиевОрталық сайлау комиссиясында сайлау бюллетендері таныстырылды
Орталық сайлау комиссиясында сайлау бюллетендері таныстырылды  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Сайлау" атты автоматтандырылған дауыс беру жүйесіне республикалық бюджеттен 4,2 миллиард теңге бөлінген болатын

НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым — Sputnik. Осы жолғы президент сайлауында электронды дауыс беру жүйесі болмайды. Алайда сайлауға арналған конституциялық заңда ондай мүмкіндік қарастырылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сайлау учаскесі қалай жабдықталады?  

"Сайлау туралы" заңның 9-1-тарауында электродық сайлау жүйесі арқылы сайлау өткізудің ерекшеліктері жазылған. Оған сәйкес, электронды сайлау жүйесiнiң жабдықтары учаскелiк комиссия мүшелерiнiң қатысуымен дауыс беруге кемінде үш күн қалғанда ашылып орнатылады. Аталған жұмыстар бойынша акт жасалады. Оған байқаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатыса алады.

Содан бастап iшкi iстер органдары сайлау учаскесiн күзетуге кіріседі. Ал жергiлiктi атқарушы органдар дауыс беру нәтижелерi Орталық сайлау комиссиясына берiлгенге дейiн электронды жүйемен істейтін учаскелерге электр энергиясының үздiксiз берiлуiн қамтамасыз етуге міндетті.

Электронды дауыс қалай беріледі?

"Дауыс беру басталғанға дейін сайлау комиссиясының төрағасы электронды сайлау жүйесін қосудың мөр басылып жабылған паролiн ашады және электрондық сайлау жүйесiн оны енгізу жолымен iске қосады. Бұл ретте қатысушыларға паролдің сақталу шараларының бүтiндiгiне алдын ала көз жеткiзу мүмкiндiгi қамтамасыз етiлуi тиiс", - делінген заңда.

Ал дауыс беру электронды бюллетеньмен жасалады. Сайлаушы алдымен куәлігін көрсетеді. Одан кейін кабинаға кіріп, арнайы құрылғы арқылы дауыс береді. Кабинаға кірердің алдында арнайы маманның кеңесін алуға болады.

Дегенмен, заң бойынша сайлау учаскесінен тыс жерден де дауыс беруге болады. Ол үшін дауыс беруге арналған тасымалданатын құрылғы қолданылады. Ал техникалық ақаулықтар болған жағдайда дауыс беру жалпы негiзде жүргізіледі.

Электронды сайлау жүйесі неге тоқтап қалды? 

Қазақстанда "Сайлау" атты электронды дауыс беру жүйесі 2000 жылы енгізілген болатын. Оны 2005 жылғы президенттік сайлау кезінде пайдаланды. Сол кезде дауыс берудің екі жолы болды. Біреуі – дәстүрлі бюллетень, екіншісі – электронды жүйе.

Электронды сайлау жүйесін таңдаған сайлаушыға алдымен арнайы электронды карта берілетін. Жасырын дауыс беру кабинасына кіргеннен кейін ол картаны терминалға салу қажет. Экранға бірден электронды бюллетень шығатын. Осыдан кейін қолды экранға тигізу арқылы тілді таңдап, кандидатқа дауыс беруге мүмкіндік болған. Картаны қайта алып, учаскелік комиссияның мүшесіне беру керек. Сөйтіп, сайлаушының дауысы есептелген болатын.    

Алайда сайлаушылар оған сенімсіздікпен қарады. Саяси партиялар мен байқаушылар тарапынан да сын-ескертпелер көп айтылды. Сол себепті 2007 жылы "Сайлау" электронды дауыс беру жүйесін қолдануды тоқтатты.

Жалпы, жаңа жүйені енгізуге республикалық бюджеттен 4,2 миллиард теңге жұмсалды. Аталған бастаманы орталық сайлау комиссиясының сол кездегі басшысы Зағипа Балиева іске асырып көрді. Он жылдан кейін комиссияның жаңа басшысы Қуандық Тұрғанқұлов электронды жүйені аймақтармен ақпарат алмасу үшін қолдана бастағанын мәлімдеді.

Жаңалықтар
0