Қоғам

Тоқаев қазақстандықтарға наразылық шеруіне шығуға рұқсат берілетінін айтты

© Sputnik / Анна ПлатоноваЛюди в Алматы, архивное фото
Люди в Алматы, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Наразылық шеруіне шыққысы келетін азаматтарға арнайы орын бөлінеді

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Қазақстанда азаматтардың көшеге шығып, наразылығын білдіруге рұқсат беретін арнайы заң қабылданады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews басылымына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Көшеге шығуға рұқсат етіледі

Тоқаев көшедегі заңсыз митингтер мен акциялардың барлығына тосқауыл қойылатынын атап өтті. Бірақ, оның айтуынша, заң әзірленіп, қазақстандықтарға көшеге шығып, өз пікірін білдіруге рұқсат етіледі.

"Бас прокуратура көшелердегі шерулердің заңсыздығы туралы талай мәрте ескертті. Заңсыз митинг, тәртіпсіздік мұндай акцияларға қатысқысы келмейтін адамдарға да кедергі келтіреді емес пе. Сондықтан заң әзірленеді. Наразылық шеруіне шығып, өз пікірін айтқысы келетіндер тиісті инстанцияға жүгінеді. Ол адамдарға жиналып, ой-пікірлерін білдіру үшін арнайы орын бөлінеді", - деді президент.

Ал президент сайлауы күні және одан кейінгі заңсыз митингтер кезінде ұсталғандармен бас прокуратура айналысып жатыр.  

"Егер олардың арасында қоғамдық қауіпсіздікке айтарлықтай зиян келтірмеген адамдар болса, олар таяу арада босатылады, әрине. Маған олардың арасында кездейсоқ ұсталғандар да болғанын хабарлады. Біз оларды тез арада босатамыз. Бұл мәселе шешіледі", - деп сендірді Тоқаев.

Ашық сайлауға барлық жағдай жасалды

Мемлекет басшысы кезектен тыс президент сайлауын өткізу кезінде кейбір учаскелерде заң бұзылған болуы мүмкін екенін айтты. Бірақ, оның пікірінше, сайлау жалпы алғанда ашық әрі әділ өткен.

Тағы оқыңыз: "Халық кедейліктен көшеге шықты": Тоқаев Қазақстандағы митингілер туралы айтты

"Ашық сайлау өткізуге барлық жағдай жасалды. Кейбір учаскелерде заң бұзушылықтар болған болуы мүмкін. Біз толық талдау жүргіземіз, әрине, егер расталып жатса, ұйымдастырушылық шаралары қолға алынады", - деді ол.

Ал сайлау әділ өткен жоқ деп қана айтқандар, президенттің айтуынша, босатылады.

"Әрине, олар босатылады, себебі бұл олардың пікірі. Ал мен, мәселен,  сайлау, жалпы алғанда, әділ болды деп санаймын, бар болғаны осы", - деді мемлекет басшысы.

Тағы оқыңыз: Министр Абаев Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы митингілерге қатысты пікір білдірді

Тоқаев билік пен халық арасындағы диалогты жолға қою қажет деп санайды. Бұл үшін оның тапсырмасымен қоғамдық сенім комитеті құрылды.

"Адамдар көшеге наразылықтарын білдіріп шықты. Қазір олардың талаптарына талдау жүргізіліп жатыр, негізінен бұл әлеуметтік сипаттағы талаптар. Менің міндетім – осы талаптарды саралап, зерттеп-зерделеу. Көшеге шыққан адамдардың нені қалайтынын білуіміз керек", - деді президент.

Тоқаев өз саясатында жастарды билікке тартуға және мемлекеттік маңыздағы мәселелерді шешуге басымдық беретінін қадап айтты.

Жаңалықтар
0