Қоғам

Сапарбаев зейнетақы неге бірден толық көлемде берілмейтінін түсіндірді

© Sputnik / Александр Кряжев / Медиабанкке өтуЗейнеткер, архивтегі сурет
Зейнеткер, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министр бұған дейін зейнетақыны бірден төлеген кезде мақсатсыз, оңды-солды жұмсалғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Халыққа есеп беру кездесуінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев зейнетақыға қатысты жұртты мазалаған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Халыққа есеп беру кездесуінде залда отырғандар министрден зейнетақыны бірден шешіп алуға қатысты сұрақ қойды.

"Бұрын зейнетақы бір реттік төлем ретінде берілетін еді, қазір оны алып тастаған. Бұл біздің ақшамыз ғой, кейбіріне ем үшін, енді біріне балаларын оқытуға, ипотекасын жабуға қажет", - деді әйел.

Сапарбаевтың айтуынша, зейнетақы жинағы әлеуметтік қолдау ретінде барлық зейнеткерге төленеді. Бірақ бұрынғы тәжірибе зейнетақыны бірден төлеген кезде, оның мақсатсыз, оңды-солды жұмсалып кететінін көрсетіп отыр.

"Осыдан кейін зейнеткер ең төменгі зейнетақымен қалады. Содан барып маған өмір сүру үшін қосымша ақша беріңдер деген мәселе көтереді. Сондықтан ынтымақты зейнетақы сияқты жинақтаушы зейнетақыны да ай сайын беру туралы шешім қабылданды", - деп жауап берді министр.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда орташа зейнетақы мөлшері қандай?

Сондай-ақ, сұрақ-жауап барысында зейнетке шыққан мемлекеттік қызметкер еңбек (ынтымақты) зейнетақысының қысқарып бара жатқанына алаңдады.

"Мен өзім 43 жыл мемлекеттік қызметте істеп, зейнетке шықтым. Зейнетақының мөлшеріне ризамын, ұдайы сұрай бергенше, еңбек ету керек дегеннің жағындамын...1998 жылға дейін қызмет еткен азаматтар еңбек зейнетақысы деген ақшаны алады. Соңғы жылдары ол біртіндеп қысқарып бара жатыр. Бұл солай жалғасып, нөлге айнала ма, жоқ әлде жаңа бағдарлама бола ма?", - деп сұрады ол министрден.

"Өкінішке қарай, 1998 жылға дейін еңбек еткен азаматтардың зейнетақысы азайып, ертең ол үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Сондықтан, ең алдымен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түсетін ақшаны көбейтіп жатырмыз. Қазір азаматтар оған өздері 10 процент төлейді. Ал келесі жылдан бастап жұмыс берушілер бес процент төлейтін болады.Сонда барлығы 15 процентті құрайды. Ал қазір зейнетте жүрген азаматтардың зейнетақысы инфляция деңгейіне қарай өсіп отырады", - деді Сапарбаев.

Жаңалықтар
0