Қоғам

Ата-аналарды мазалаған мәселе білім беру бағдарламасына енгізілуі мүмкін

© Sputnik / Болат ШайхиновОқушылар, архивтегі сурет
Оқушылар, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министрдің есеп беру кездесуінде ата-аналар мектеп жиһазын ауыстыру мен оқушылардың түскі ас уақытын ұзарту мәселесін көтерді

НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп жиһазын ауыстыруға қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгінгі есеп беру кездесуінде астана қаласының тұрғыны Ханзада Есниязова мектептегі жиһаз мәселесін көтерді. Сондай-ақ, оқушылардың түскі асын ұзарту қажеттігін жеткізді.

"Мектептегі жиһаздың дизайыны қашан өзгереді? Сосын оқушылардың түскі ас уақыты ұзартыла ма? Мәселен, 9-сыныптарда күнде 7-8 сабақ болады. Балалар дұрыс тамақтануға да үлгермейді. Жасыратыны жоқ, бүгінде оқушылардың көзі нашар көре бастады, асқазаны да ауырады. Осы мәселені қалай шешеміз? Дәрігерлердің кеңесін ескеру керек қой. Мектеп жиһазының дизайны көптен бері өзгерген жоқ. Балалар үшін өте ыңғайсыз. Осы мәселелер қашан шешіледі? Нақты жоспар бар ма?", - деді Есниязова.

Тағы оқыңыз: Мұғалімдерді аттестациядан өткізудегі өзгерістер туралы айтты

Министрдің айтуынша, бұл мәселелерді білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізуге әбден болады.

"Сіз өте маңызды әрі өзекті мәселені көтердіңіз. Негізі, мәселе дизайнде емес, сол жиһаздың биіктігі пен өлшемінде. Себебі жиһаз балалардың жас ерекшеліктеріне қарай орнатылуы қажет. Сондықтан біз мектеп жиһазы пен түскі асты ұзартуды ескеріп, тиісті жұмысты атқаратын боламыз. Негізі, аталған ұсыныстарды білім берудің мемлекеттік бағдарламасына енгізуге әбден болады", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде білім беру саласын дамытуға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу шаралары жүргізіліп жатыр. Аталған құжаттың мерзімі 2025 жылға дейін есептелген.

"Осыған байланысты біз барлық ата-ананы, сарапшыларды, әріптес педагогтарды, ректорлар мен ғылыми ұйым жетекшілерін осы жұмысқа белсене атсалысуға шақырамыз. Біз бүгінгі заман талабына сай жақсы бағдарламаны жасап шығуымыз қажет", - деді жаңа білім министрі.

Жаңалықтар
0