Малика Досмағамбетова

Қазақ қызы шетелде екі бірдей білім грантын қалай ұтып алды?

1033
(Жаңартылды 17:00 25.07.2019)
Астаналық Малика Досмағамбетова мектепті бітірген соң, АҚШ, Канада және Еуропа елдерінен бірнеше шақырту алған

НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik, Арман Асқар. Малика Досмағамбетоваға Америкада оқудың ақшасын төлеу, шәкіртақы мен жұмыс ұсынылды. Бірақ ол басқа таңдау жасады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген қазақ қызы тиімді ұсынысқа қарамай, екі бірдей грантты қалай ұтып алғанын және Қазақстанның №1 инвесторы - Нидерландта білім алудың қыр-сырын айтып берді. Биыл ол бірінші курсты аяқтап отыр.

IELTS нәтижесі - 8.0

Малика астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебін "Алтын белгімен" бітірген. Ол шетелдегі оқуға екі жыл бойы тыңғылықты дайындалған болатын. Ағылшын тілін үнемі жетілдіріп, сан алуан білім беру жәрмеңкелерін қалт жібермей, әрбір университет туралы ақпарат жинап жүрді.

"Негізі, шетелдегі оқуға алдын ала дайындалған дұрыс. Мысалы, мен 10-сыныптан бастап дайындыққа кірістім. Өйткені біраз құжат жинау қажет. Сосын SAT, IELTS сияқты тесттер бар. Ал 11-ші класта жоғары оқу орындарының талаптарын зерделей бастадым. Шетелдегі білімге арналған жәрмеңкелерден қалмауға тырыстым. Брошюраларды жинап, әрбір елдің білім беру жүйесін жан-жақты зерттедім", - дейді Досмағамбетова.

IELTS тесті бойынша ол ең жоғары 9 ұпайдан 8-ді алып шықты. 

"Тәуекел дедім де, екі грантқа тапсырдым"

Малика әрбір университеттің оқу бағдарламасын да жіті зерделеді. Сөйтіп, АҚШ, Канада, Нидерланд пен Венгрияға құжат тапсырған болатын. Америка бірден шақырту жіберді. Канаданың екі бірдей жоғары оқу орны да оң жауап берді. Жалпы, бес шақырту келген екен.

"Шынымды айтсам, мен білім алатын мемлекетке емес, оқу бағдарламасына көбірек мән бердім. Мысалы, өзіме ыңғайлы бағдарлама бойынша алдымен жалпы пәндерді оқытады да, бір жылдан кейін нақты мамандықты таңдатқызады. Одан кейін тек сол мамандықпен ғана оқытады. Сосын қосымша пәндерді қосуға болады. Мәселен, биомедицинаны таңдасаң, оған тағы философияны қосуға мүмкіндік бар. Соның бәрі дипломда жазылады", - деді Досмағамбетова.

Малика Досмағамбетова
© Photo : Малика Досмағамбетованың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды
Малика Досмағамбетова

Осылайша, ол Нидерланд корольдігінің Erasmus University College атты жоғары оқу орнын таңдады. Бірақ ол жерде оқудың ақысын толығымен төлейтін грант жоқ болып шықты. Үш жылдық оқудың бағасы 12 мың еуро болса, соның жартысына ғана грант беріледі. Қалғанын өзің төлейсің.

"Алайда мен барлық оқудың ақысын жауып беретін екі грант беруді сұрадым. Негізі, ол жерде 6 және 5 мың еуроның гранты бар. Екеуінің біреуіне ғана тапсыруға болады. Мен тәуекел дедім де, екеуіне өтініш жаздым. Бұған дейін олай ешкім істемеген. Олар мені қосымша сұқбатқа шақырды. Біз интернет арқылы бір сағаттай сөйлестік. Ал бірнеше күннен кейін соң жауап келді", - деді Малика.

Жоспар құруға көп мән береді

Бір жылдың ішінде Малика Нидерландтың оқу жүйесін зерттеп үлгерді. Оның айтуынша, ол жақта оқу үлгерімі үшін 70 ұпай жинаудың өзі қиын. Ал одан көп алғандар үздік студент болып саналады. Сол себепті 90-95 ұпай жинау өте ауыр.

 Малика Досмағамбетова достарымен бірге
© Photo :  Малика Досмағамбетованың жеке архивінен алынды
 Малика Досмағамбетова достарымен бірге

"Менің таңғалғаным, олардың менталитетінде адамдардың қарым-қатынасына, өзара араласуына көп мән береді. Сосын жоспар құруды біледі. Мысалы, ол жақта киноға баруды екі апта бұрын жоспарлап қояды. Бізде болса, бір күн бұрын, я болмаса, екі сағат бұрын билетті сатып ала салады. Олар бәрін уақытында істейді. Екі минутқа кешігіп келсең, кәдімгідей ренжіп қалады. Сабаққа үш рет келмесең, бірден "0" қояды. Одан кейін курсты қайтадан тапсыру қажет", - дейді Малика.

Тағы оқыңыз: Сарыағаштық түлек ҰБТ-да 140 ұпайды қалай жинағанын айтты

Оның сөзіне қарағанда, нидерландықтардың барлығы жоспар жасағанда міндетті түрде достарға арнайы уақыт бөліп отырады. Ондайда дәмханада кездеседі немесе киноға барады.

"Жалпы сабақтарда біз бір топ студентпен отырып, сан алуан проблемаларды шешеміз. Мысалы, оқытушы ортаға бір мәселені шығарады да, соның шешімін табуды тапсырады. Біз бәріміз ақылдасамыз, дауласамыз, бір шешімге келеміз. Шешімін таппасақ, үзіліс кезінде кітапханадан қосымша білім іздейміз. Екінші сабақта тағы шешім іздеуге кірісеміз", - дейді Досмағамбетова.

Бас кезінде Малика жеке-дара ізденуді ұнататын. Бірақ бертін келе, маңызды бір нәрсені түсінгенін айтады. Ол ұжыммен бірге жасаған еңбектің кемшілігі болса да, бірлесіп атқарған істің нәтижесі артық болады деген ой түйген. Шетелде осы мәселеге баса назар аударылады. Жеке және ұжымдық жауапкершілікке үйретеді.

"Мұнда аз жұмыс істеп, көп жалақы алады"

Бүгінде Малика жазғы демалысқа шықса да, ұжымдық жобаға қатысып жүр. Ол тобымен бірге Оңтүстік Африканың Крюгер ұлттық паркіне барып, судың сапасына арналған зерттеу өткізбекші. Бірақ осы сапардың алдында да біршама қиындық болды. Өзге елдің студенттері үшін виза алудың қажеті жоқ. Ал Қазақстан мен Оңтүстік Африканың арасында бұл мәселе әлі реттелмеген. Виза үшін арнайы шақыртуды талап етеді. Дегенмен, Малика осы сынақтан да сүрінбей өтті.

"Негізі, кез келген мәселені шешуге болады. Грант алған кезде мен Нидерландының оқу орнына үнемі хат жазып, бәрін сұрап отырдым. Мәселені шешу жолын іздедім. Осы жолы да солай болды. Хат жазысып, Оңтүстік Африканың университетінен шақырту алдырттым. Соның негізінде визаны рәсімдеп алдық", - дейді Досмағамбетова.

Малика молекулярлы биология бойынша біліп алып жүр. Бакалаврдың алғашқы жылы артта қалды. Екі жылдан кейін ол магистратураға түсіп, криминалист мамандығын алып шығуды жоспарлап отыр. Оның ойынша, дұрыс жоспарлаудың арқасында біраз шаруа тындыруға болады.

"Негізі, нидерландықтар біз сияқты аптасына бес күн жұмыс істейді. Бір жылда төрт-ақ мемлекеттік мерекені атап өтеді. Мен бір статистиканы қарадым. Оған сәйкес, нидерландықтар сағатпен есептегенде ең аз уақыт жұмыс істейді екен. Бірақ ең көп жалақы алады. Меніңше, осының бәрі дұрыс жоспарлаудың арқасы. Олар аз жұмыс істесе де, көп нәрсені жасап үлгереді", - деді Малика.

1033
Кілт сөздер:
шетел, грант, білім, қазақ қызы
Тақырып бойынша
Оқуға түсе алмаған талапкерлерге қосымша 5 мың грант бөлінеді
Жаңа білім министрі студенттердің шәкіртақысы қаншаға өсетінін айтты
Қазақстанда 2019/2020 оқу жылына арналған гранттар тізімі жарияланды
Ресейге Қазақстаннан таланттарды тартудың қажеті жоқ – Путин
Түлектерге қосымша бөлінген бес мың грант кімдерге беріледі?
коронавирус, медбике

Ғалым коронавирус инфекциясын неге барлық адам жұқтырмайтынын түсіндірді

818
"Қызыл аймақта" бірнеше ай бойы жұмыс істеп жүрген кейбір дәрігерлердің вирус жұқтырмайтыны анықталды

НҰР-СҰЛТАН, 29 қараша – Sputnik. Коронавирустан қорғануға тек антиденелер ғана көмектеспейді, деп мәлімдеді микробиолог Сергей Иванов "МК" газетіне берген сұхбатында.

Ғалымның айтуынша, кейбір адамдар коронавируспен ауырғандармен жақын қарым-қатынаста болса да, инфекция жұқтырмайды.

"Осындай жағдайлар болды. Олардың ағзасы бұл коронавирусты қабылдамайды", - деді Иванов.

Пастер атындағы эпидемиология және микробиология институтының ғалымдары осындай қорытындыға келген.

"Ғалымдар "қызыл аймақта" бірнеше ай бойы жұмыс істеп жүрген кейбір дәрігерлердің вирус жұқтырмайтынын байқаған", - дейді маман.

Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемді қыспағына алды. 60 миллионнан астам адам вирус жұқтырса, оның 1,4 миллионнан астамы қайтыс болды. Коронавируспен ауырғандар саны бойынша АҚШ, Үндістан және Бразилия көш бастап тұр.

Оқи отырыңыз: Ғалымдар организмдегі коронавирусты 5 минуттың ішінде өлтіретін өнімді атады

Қазақстанда соңғы мәліметтер бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 130 865 адамға жетті. Коронавирустық пневмониямен ауырғандар саны – 42 104. Қайтыс болғандар – 2 470.

818
Кілт сөздер:
ғалым, коронавирус
аурухана, коронавирус

Денсаулық министрлігі өткен тәулікте қанша адамның қайтыс болғанын жариялады

1836
(Жаңартылды 11:36 29.11.2020)
Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 12 651 адам ем қабылдауды жалғастыруда, оның ішінде 214 адамның жағдайы нашар

НҰР-СҰЛТАН, 29 қараша – Sputnik. Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан 10 адам қайтыс болды, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.

Коронавирус инфекциясынан жеті адам, коронавирустық пневмониядан үш адам көз жұмған.

"Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 12 651 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 895 бала бар. Стационарларда 3 392 науқас жатыр.  9 259 адам амбулаториялық жағдайда емделуде", - деп хабарлады министрлік.

Науқастардың арасында 214 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 32 науқастың жағдайы аса ауыр деп бағалануда. 32 адам жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған.

Өткен тәулікте 826 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды.

Жалпы, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 130 865 адамға жетті.

Оның ішінде:

  • Шығыс Қазақстан облысында - 16191 (+135),
  • Алматы қаласында - 16033(+73),
  • Нұр-Сұлтан қаласында -15989(+83),
  • Атырау облысында - 11616(+18),
  • Қарағанды облысында - 11077(+25),
  • Батыс Қазақстан облысында - 7994(+39),
  • Солтүстік Қазақстан облысында - 6291(+105),
  • Павлодар облысында - 6254(+120),
  • Алматы облысында - 5682(+33),
  • Шымкент қаласында -5361(+6),
  • Қостанай облысында - 5212(+85),
  • Ақмола облысында - 5072(+86),
  • Жамбыл облысында - 4411(+14),
  • Ақтөбе облысында -3481(+1),
  • Түркістан облысында - 3477(+2),
  • Маңғыстау облысында - 3434(+0),
  • Қызылорда облысында -3290(+1).
1836
кісен, архив

Қарағандылық полицейлер қауіпті банда ұсталған сәттің видеосын жариялады

8
(Жаңартылды 13:36 29.11.2020)
Банда мүшелерінен қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіленді. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалды

НҰР-СҰЛТАН, 29 қараша — Sputnik. Қарағанды облысының полицейлері адам өлтіріп, қарақшылық шабуыл жасаған төрт адамды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

32 жастағы Теміртау тұрғыны полицейлерге қарақшылық шабуыл туралы хабарлаған.

Әйелдің айтуынша, 20 қараша күні белгісіз екі  адам пистолетпен қорқытып, Момышұлы көшесіндегі пәтеріне кіреді. Үйде бірге тұрып жатқан 50 жастағы ер адам екеуі болған. Қаскөйлер екеуін байлап тастап, ұрып-соққан. Ер адам алған жарақаттан оқиға орнында көз жұмады. Бандиттер үйдегі ақша мен мүлікті алып кеткен.

Бұл фактілер қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлімі "Адам өлтіру" және 192-бабының 3-бөлімі "Қарақшылық" бойынша тіркелді.

"Қылмысты ашып, күдіктілерді ұстау үшін арнайы шұғыл-тергеу тобы құрылды. Оның құрамына департамент аппараты, Теміртау қаласы полиция басқармасының тәжірибелі мамандары кірді", - деді полициядағылар.

Тәртіп сақшылары төрт күдіктіні анықтады. Олар - 25, 29, 34 және 39-жастағы Жезқазған, Сәтбаев және Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары. Полиция қаскөйлерді 26 және 28 қарашада Нұр-Сұлтан мен Жезқазғанда ұстады.

Күдіктілердің пәтерін тінту кезінде түрлі қару-жарақ пен оқ-дәрі табылды. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Олардың басқа қылмыстарға қатысы анықталады.

8