Қоғам

Үкімет халықтың кредитін өтейді: қарыз алушы не істеуі керек?

© Sputnik / Абзал КалиевНациональная валюта Казахстана тенге
Национальная валюта Казахстана тенге - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Кредиті өтелетін қазақстандықтар банктер мен микроқаржы ұйымдарына өтініш жазбайды

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Тұрмысы төмен азаматтардың 300 мың теңге мөлшеріндегі қарызы тамыз айының соңына дейін өтеледі. Бұл туралы ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Досаев қазақстандықтардың борыш жүктемесін азайту үшін үкімет пен ұлттық банк екінші деңгейлі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп, екі бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

"Біріншісі – халықтың әлеуметтік осал топтары үшін кепілсіз тұтынушылық қарыз бойынша 300 мың теңгеге дейінгі берешекті өтеу. Азаматтардың тізімдері бойынша берешек туралы ақпарат жиналды. Қарызы өтелетіндердің тізімі жасалды. Берешекті өтеу тамыздың соңына дейін аяқталады", - деді Досаев.

Оның айтуынша, кредиті өтелетін қазақстандықтар банктер мен микроқаржы ұйымдарына өтініш жазбайды. Берешекті өтеу жұмысын кредиторлар дербес жүргізеді. Содан кейін кредиторлар әрбір қарыз алушыға тиісті хабарлама жібереді.

"Екінші бағыт – барша қазақстандықтың кепілсіз тұтынушылық қарызы бойынша 2019 жылғы 1 шілдеде есептелген айыппұлы мен өсімпұлын есептен шығару. 30 шілдеде банктер мен микроқаржы ұйымдары 33 миллиард 600 миллион теңгеге 1 миллион 200 мың азаматтың айыппұлы мен өсімпұлын кешірді", - деді Досаев.

Ол 20 тамызға дейін ұлттық банк банктер жұмсаған шығынның 30 процентін өтейтінін атап өтті.

Тоқаевтың жарлығы

Осы жылдың маусымында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы жарлыққа қол қойған еді. Мұндай жеңілдік көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.

Тағы оқыңыз: Тоқаевтың қарыздан құтылуға мүмкіндік беретін жарлығы күшіне енді

Мемлекет есебінен әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтардың 300 мың теңге мөлшеріндегі барлық қарызы өтеледі. Бұл қарызға негізгі борыш, сыйақы, айыппұлдар да кіреді.

2019 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша бір қарыз алушыға кредиттің жалпы көлемі 3 миллион теңгеден аспауы тиіс.

Жаңалықтар
0