балта

Балалар үйіндегі қанды қырғын: павлодарлық үш жасөспірім 6 адамды қалай өлтірді

17858
(Жаңартылды 18:14 28.09.2019)
17 жыл бұрын Павлодар қаласындағы балалар үйінде жантүршігерлік оқиға болды. Интернаттың үш шәкірті осы мекемеде алты бірдей адамды балталап өлтірді. Sputnik Қазақстан тергеу материалдарына сүйене отырып, бүкіл елдің жағасын ұстатқан қылмыстың қалай болғанын баяндайды

"Вера, мен сені жақсы көремін!"

2002 жылы 15 мамырда түнгі сағат 03:00-де интернат балалары ұйқыдан оянып, сұмдық жағдайды көрді. Алты адамды пышақтап кеткен, тағы біреуі есін жия алмай, мәйіттердің арасында жатыр. "Өлтіріп кетті, өлтіріп кетті!", - деп бәрі шулай бастайды. Оқиға орнына шаруашылық бөлімінің меңгерушісі бірінші болып барды. Интернаттың ауласына кірген бойда аяғы бет-жүзі танымастай болып кеткен екі әйелдің өлі денесіне шалынды. Олар – күзетші және медбике. Ал меңгерушінің орынбасары отыратын кабинеттен көкшіл сұр түтін шығып жатты. Шаруашылық маманы бірден полиция мен өрт сөндіру қызметіне хабар берді.

Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер кабинеттен шыққан тілсіз жауды бірден ауыздықтап, интернаттан 150-ден астам баланы қауіпсіз жерге көшірді. Ал полицейлер тексеріс кезінде бірінші және екінші қабаттың арасындағы баспалдақтан бір әйелдің мәйіті – тәрбиешінің көмекшісін тапты. Оның жанындағы қабырғада "Вера, мен сені жақсы көремін!" деген сөздер қанмен жазылып тұрды.

Екінші қабаттағы бөлмелерде тағы үш адамның өлі денесі табылды. Біреуі комендант әйел болса, екеуі – 15 жастағы интернаттың шәкірттері. Қан-жоса болған денелердің арасынан осы мекеменің тағы бір шәкірті – осы түні аман қалған жалғыз адам Андрей Зыков та болды. Ол көптеген пышақ жарақатынан қанға боялып, әрең дем алып жатқан. Баланы бірден облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізді.

Тінту кезінде меңгерушінің кабинетінен бір парақ қағазды табылды. Онда "Қаншықтар, бұны мен жазып отырмын. Мен Вераны жақсы көремін, мен сені сүйемін. Біз 7 адамды өлтірдік, үш адам болдық" деген жазу болды. Астында үш адамның қисық жазылған қолтаңбасы бар.

"Аядық, бірақ түрмеге отырғымыз келмеді..."

Тергеушілер қандықол қылмыскерледі бірден анықтады. Үшеуі де интернатта 1996 жылдан бері тұрған. Біреуі 15 жаста, қалған екеуі 16 және 17 жаста болған.

Павлодар облысы бойынша бірден шұғыл ұстау операциясы жарияланды. Оған ең мықты қылмыстық іздестіру мамандары тартылды. Сөйтіп, таңғы сағат 10:00-ге таман үшеуі де қолға түсті. Олар сорғы стансасында тығылып отырған. Бәрі тынышталғаннан кейін Ресейге қашып кетеміз деп ойлады. Ұстау кезінде екеуі қарсылық көрсетпеді, үшіншісі қаша жөнелді. Бірақ көпке ұзаған жоқ.

Дене бітімі арық, сырт көзге әлсіз көрінген үшеуі де кінәларын мойындады. Алайда адам өлтіруді ойламағанын, тәрбиешілерді тек қорқытпақ болғанын айтып ақталды. Себебі олар қыздар блогына өтуге және музыканы қатты қоюға рұқсат бермеген. Дегенмен, тергеу кезінде олардың осы қылмысқа тыңғылықты дайындалғаны анықталды. Бір ай бұрын балта мен екі үлкен асүй пышағын сатып алыпты.

Тергеушілер "Ересек кісілер мен балаларды өлтіргенде аямадыңдар ма?" деген сұрақ қояды. Осы кезде 15 жастағы Алексей Малинин:

"Аядық. Бірақ түрмеге отырғымыз келмеді...", - деп қысқа ғана қайырды.

Дәл осы Алексей меңгерушінің кабинетінде хат қалдыруды ойлап тапқан. Ал сыбайласы қолын кесіп алғаннан кейін орамалдың бір шетін қанға батырып, қабырғаға Вера есімді кластасына арнап жазу қалдырды.

Батылдық берген "чекушка" 

Тергеу материалдарына сәйкес, 14 мамырда шамамен 23:00-де теледидар көргеннен кейін Алексей Малинин 17 жастағы Азат Сәкеновпен бірге екінші қабаттағы дәретханаға барады. Олардың артынан 16 жастағы Қайрат Исенов және тағы екі жасөспірім кірген. Сол жерде барлығы бір "чекушка" арақты сіміріп алады. Ол аз болғаннан кейін Алексей біреуіне ақша беріп, дүкенге бір бөтелке шарап пен темекіге жібереді. Оны да өзара бөліп ішеді. Осыдан кейін Малинин Қайрат қана қалсын дейді, қалғаны тарап кетеді.

Екеуі жеке-дара қалғанда Алексей өзімен бірге тұратын Андрей Зыковты өлтіруге ұсыныс жасайды. "Неге?" деген сұраққа екеуіміз тіл табыса алмай жүрміз дейді. Қайрат бірден келісті. Содан соң екеуі Сәкеновты шақырады. Оған да осы ұсынысты айтады. Бас кезінде Азат тартыншақтайды, алайда Малининнің қатты-қатты айтқан сөзінен кейін келісімін берді. Алексей тығып қойған үш пышақ пен ет шабуға арналған балтаны алып шығады. Исеновке - балтаны, Сәкеновқа – екі үлкен асүй пышағын, ал өзі қолдан жасалған пышақты алды.

Тағы оқыңыз: Отыз жеті баланы зорлап, үшеуін өлтірген адам бостандық сұрап жатыр

Түнгі сағат 03:00-дің кезінде үшеуі Зыковты оятып, дәретханаға шақырған. Ол кіргеннен кейін Сәкенов іштен есікті ұстайды. Ал Малинин ештеңе айтпай, бірден Зыковтың басына пышақ салады. Андрей жерге құлап, айқайлай бастайды. Осы кезде Алексей үстінен төніп, қолындағы пышақты басына да, денесіне де сұққылайды. Басқалар да қарап тұрмай, балтамен де, пышақпен де ұрды. Андрей олардың тоқтамайтынын түсініп, өтірік өлген адам болып, қозғалмай жатады. Осы кезде үшеуі тоқтайды да, дәретханадан шығып кетеді.  

Куәгерлердің көзін құрту керек

Зыковтың дауысын төменде жүрген 37 жастағы тәрбиешінің көмекшісі Рима Қалиева және 53 жастағы комендант Людмила Дубаева естіп қалып, жоғарғы қабатқа көтеріледі. Дәл алдынан үш жасөспірім шығады да, екеуіне тап беріп, кезек-кезек балтамен ұрады, пышақ сұғады. Комендант екінші қабаттың баспалдағында құлайды. Ал Қалиева төмен қарай жүгіреді. Бірақ Малинин оған бірінші және екінші қабаттың ортасында жетіп алып, пышақты тоқтамай сұға бастайды.

Әйел пышақтың жүзін қолымен ұстап қалуға тырысты. Бірақ Сәкенов жетіп келді де, өзінің екі пышағымен бірнеше рет бастан ұрады. Соңғы соққының қатты болғаны сонша, пышақ әйелдің бас қаңқасында тұрып қалды. Қанішер басты аяқпен тіреп тұрып, қаруын алып шығуға тырысты. Осы кезде пышақтың басы сынып, бір бөлігі бас сүйектің ішінде қалады. Тәрбиешнің көмекшісі алған жарақатынан тіл тартпай кетті. Осы кезде Исенов баспалдақтың үстінде жатқан Дубаеваның басынан балтамен бір ұрады. Сөйтіп, үшеуі төменгі қабатқа түседі. Малинин коменданттың кабинетінен тағы бір пышақты тауып, сынып қалған қарудың орнына Сәкеновке береді.

45 рет пышақ салды

Бірнеше минуттан кейін Дубаева есін жияды. Зәре-құты қашқан ол жақын тұрған бөлмеге тығылады. Осы бөлмеде кәмелеттік жасқа толмаған Павел Качута мен Анатолий Кащук ұйықтап жатқан. Әйел бос тұрған төсекке отырып, қабырғаға сүйенеді. Сөйтіп, барынша көрінбеуге тырысады.

Дегенмен, қылмыскерлер екінші қабатқа қайта барған. Баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда тәлтіректеп тұрған Зыковты көреді. Оны тағы төмпештеп, денесіне 45 рет пышақ салады, бастан ұрады. Коменданттың жоғын көріп, оны іздей бастайды. Қанның ізімен бөлмеге барады да, Дубаеваны қайтадан соққының астына алады. Оның айқайлаған дауысынан екі жасөспірім оянып кетеді. Қандықол қылмыскерлер куәгерлер қалмасын деп оларды да өлтіріп кетеді.

Осыдан кейін үшеуі бірінші қабатқа түседі де, бәрін қирата бастайды. Дубаеваның сөмкесін ақтарып, 100 теңгені, тәрбие жұмысы жөніндегі бастықтың орынбасары отыратын кабинеттің сейфінен тағы 900 теңгені алып шығады да, өрт қойып кетеді.

Тағы оқыңыз: Әйелін қызғанған ер адам жантүршігерлік қылмысқа барды

Өкініштің не екенін түсінбеді

Үшеуі жатақханадан шығып, шығаберіске бет алғанда алдарынан 42 жастағы кезекші медбике Майя Шәкірова және 55 жастағы вахтер Анна Полешко шығады. Екеуі балалардың үстіндегі қанды және қолындағы пышақтарды көреді де, қылмыскерлерді ұстауға тырысады. Бірақ жас балалар оларға да шабуыл жасайды. Екі әйел қашады.

Әйелдер қақпаның жанындағы адамдар кіріп-шығатын бөлмеге жеткенде артынан үш қылмыскер баса көктеп кірген. Малинин іште тұрған сүйменді алып, сонымен бір әйелді ұрғылайды. Ал Исенов екіншісін балталап өлтірді.

2002 жылы 20 қыркүйекте осы іске қатысты сот отырысы өтті. Үшеуі де өз кінәларын мойындады. Бірақ жасаған қылмыстарына өкініш білдірген жоқ. Олар өкініштің не екенін де түсінбеді. Ата-анасы тастап кеткен олар өздерін ешкімге керексіз санап, бүкіл әлемге ызаланып жүрген.

Судья үшеуінің кәмелеттік жасқа толмағанын ескеріп, Алексей Малинин мен Қайрат Исеновты 12 жылға, ал Азат Сәкеновты 11 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот шешімін жариялағанда жасөспірімдер тыныш қана тұрды, эмоция білдірген де жоқ. 

P.S. Осы қылмыстың құрбандары мен зардап шеккендердің, сондай-ақ қылмыскерлердің аты-жөні өзгертілді.

17858
Тақырып бойынша
Балабақшадағы қанды қырғын: әйел 14 бүлдіршінді пышақтап тастады
Төрт адамды қырып салған қанішер артынан өзін өлтірген
Шымкентте бір отбасыны қырып салған қанішер баланы да аямаған
Мектептегі төбелес: қанды қырғын болған жерден видео жарияланды
Мешіттегі қанды қырғын: желіде оқиға орнында түсірілген видеолар жарияланды
Кітапхана, архивтегі сурет

Бес жыл ішінде Қазақстандағы мектеп кітапханалары қалай өзгереді

51
(Жаңартылды 17:06 30.10.2020)
Бүгінде білім саласындағы мектеп кітапханалары қорында 200 миллионнан астам әдебиет бар. Оның ішінде 38 миллионы – көркем әдебиеттер мен мерзімді басылымдар

НҰР-СҰЛТАН, 30 қазан – Sputnik. Алдағы бес жылда мектеп кітапханалары көркем әдебиеттермен жүз пайыз қамтылып, материалдық-техникалық базасы жақсарады. Бұдан бөлек, кітапханашылар жалақысы өседі. Бұл туралы білім және ғылым министрлігі "Оқулық" ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Оның айтуынша, бүгінде білім саласындағы мектеп кітапханаларының қорында 200 миллионнан астам әдебиет бар. Оның ішінде 38 миллионы – көркем әдебиеттер мен мерзімді басылымдардың тізімі. 

"Дей тұрғанмен бұл басылымдардың сапасы көңіл көншітпейді. 80-90 жылдардың аяғында шыққан көркем әдебиеттер және олардың өзі 20-30 пайызы жарамсыз екені анықталып отыр. Соған байланысты мектеп кітапханаларын шұғыл түрде көркем әдебиетпен толықтыру мәселесі қолға алынып отыр", - деді Бейсембаев "Оқуға құштар мектеп" жобасының тұсаукесерінде. 

Ол мектеп кітапханаларын көркем әдебиетпен қамтуға 5 жыл уақыт қажет екенін атап өтті.  Әр жыл сайын кітапханалардың 20 проценті төрт бағыттағы көркем әдебиеттермен толықтырылып отырмақ. 
Олар: отандық классиктердің ең үздік шығармалары, қазақ тіліне аударылған әлем әдебиеттері, қазіргі замандағы ақын-жазушылардың шығармалары, анықтамалықтар, ғылыми-танымдық және оқу-әдістемелік әдебиеттер тізімі. 

"Оқуға құштар мектеп" жобасы аясында тек қана көркем әдебиеттермен  толықтыру жеткіліксіз екені түсінікті. Сондықтан да жол картасындағы екінші бағыт – мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасын нығайту. Бүгінгі күні ол сын көтермейтін жағдайда. Тіпті жаңа мектептердің өзінде кітапханаға жеткілікті орынның бөлінбейтіні көрініп отыр. Сондықтан бұдан былай балалардың кітап оқуға құштарлығын дамыту үшін міндетті түрде арнайы оқу залдарының безендірілуіне мән беріледі", - деді орталық директоры. 

Сонымен қатар, айтуынша, мектеп кітапханаларын жаңа компьютерлермен қамтамасыз ету қажет.
Мектеп кітапханашылары да назардан тыс қалмайды. 

"Үшінші бағытта осы жұмысты үйлестіретін мектеп кітапханашыларының әлеуетін көтеруге мән беріліп отыр. Бұл – мектеп кітапханашыларын жалпы аттестациядан өткізу, оларды арнайы курстардан, оқытудан өткізумен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындарында дайындалатын кітапханашы мамандығын педагог-кітапханашы деген мамандыққа алмастыру, сонымен қатар, мектеп кітапханашыларының айлығын көтеру мәселесі де жол картасында нақтыланған", - деді Бейсембаев. 

Ол жоба аясында мектеп кітапханалары толығымен цифрланатынын айтты. Биылдан бастап оқулықтардың барлығы дерлік ұлттық деректер базасына енгізілген, болашақта көркем әдебиеттер де осы базаға енеді. 

"Осы мәселелердің барлығы қолға алынған жағдайда, бес жылдың ішінде мектеп кітапханалары түгелдей дерлік көркем әдебиеттермен қамтылады.  Кітапханашылардың әлеуеті көтеріліп, жалақысы көбейеді. Материалдық-техникалық база үш жылдың ішінде жеткілікті әлемдік деңгейге көтеріледі", - деді орталық директоры. 

"Оқуға құштар мектеп" жобасы аясында бес жыл ішінде PISA оқу сауаттылығы деңгейі бірнеше есе артады деп күтілуде, деді ол.

51
Тақырып бойынша
"Бес мың кітап оқыдым": қырық жылдан бері қару-жарақ жасаған ұста кәсібінің құпиясын ашты
Қазақ қызы туралы дау тудырған кітап авторы тағы бір мәселені көтерді
"Түрме вице-министрдің көзімен": Суханбердиева кітап жазды
Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабы латын әліпбиінде басылып шықты
Депутаттар мен министрлер ұсынған кітаптардан онлайн-кітапхана жасақталады
Қорғаныс министрлігі

Түркі елдерінің "Тұран армиясы" құрыла ма қорғаныс министрлігі жауап берді

81
Сарапшылардың пікірінше, Таулы Қарабақтағы қақтығысқа байланысты түркітілдес мемлекеттердің бірыңғай әскери блогын құру тақырыбы қайта басталды

АЛМАТЫ, 30 қазан – Sputnik. Қазақстан қорғаныс министрлігі жақында Түркия қорғаныс министрінің елге сапары кезінде түркі мемлекеттерінің бірыңғай армиясын құру тақырыбы талқыланбағанын мәлімдеді. Кейбір түрік бұқаралық ақпарат құралдары Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акардың Қазақстанға сапарын түркітілдес елдерді біріктіретін әскери блок – "Тұран армиясын" құру идеясымен байланыстырды. Ал Қазақстанның қорғаныс министрлігі түрік БАҚ болжамын жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сонымен қатар министрлік Қазақстан қорғаныс ведомствосына түркі мемлекеттерінің бірыңғай армиясына қатысу туралы ұсыныстар түспегенін хабарлады. Қазақстанның халықаралық әскери ынтымақтастығының күн тәртібінде мұндай мәселе тұрған жоқ.

"Екі елдің қорғаныс ведомстволары басшысының кездесуі барысында Қазақстан мен Түркия қарулы күштерінің қатысуымен қандай да бір бірлескен әскери құрамалар құру мәселелері қарастырылмағанын ресми түрде хабарлаймыз", – деді Sputnik Қазақстан тілшісіне Қазақстанның қорғаныс министрлігі.

"Тұран армиясы" құрылуына қатысты сарапшылар не дейді

Әскери ғылымдар кандидаты Георгий Дубовцевтің ойынша, Таулы Қарабақтағы қақтығысқа байланысты түркітілдес мемлекеттердің бірыңғай әскери блогын құру тақырыбы қайта басталды. Түрік сарапшыларының пікірінше, оның құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан кіруі мүмкін. Алайда бұл бастаманың қолға алынуы күмән туғызады.

"Бұл сарапшылар өте маңызды жағдайды ескерусіз қалдырды. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Орталық Азиядағы басқа елдерде пантюркизм идеялары Әзербайжандағыдай кең таралмаған. Ол халық арасында жаппай қолдауға ие болмаған, ал сараптамалық деңгейде оны даму векторының бірі ретінде қабылдайды. Сондықтан Қазақстан мен басқа да Орталық Азия елдерінің "Тұран армиясына" мүше болу болжамы – жаңа османдық бағытты жандандыру идеясын қолдайтын жекелеген түрік сарапшылары алға тартатын декларативті ұран", – деді отставкадағы полковник, әскери ғылымдар кандидаты, доцент, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Георгий Дубовцев Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Қазақстан мен Түркияның әскери ынтымақтастығы

Сонымен қатар Дубовцев Қазақстан үшін Түркиямен қарым-қатынасты әр түрлі салаларда дамыту маңызды екенін, бірақ сыртқы саясатта бұл бағытқа басымдық берілмейтінін айтып өтті. Жақын орналасқан түркітілдес көршілер сияқты біздің еліміз де көпвекторлы сыртқы саясат жүргізіп отыр. Осы бағытта, егемендікті нығайту және ұлттық қауіпсіздікті қамтасамасыз ету маңызды саналатын Ресей, Қытай, ЕО елдері және АҚШ-пен ынтымақтастықты дамытуға басымдық берілетінін айтты.

Ал әскери саладағы қазақ-түрік ынтымақтастығы туралы сөз етілгенде, сарапшы бұл ең алдымен кадрлар даярлау және әскери білім беру, жауынгерлік дайындықтың бірлескен іс-шаралары, әскери қызметшілердің түрлі оқу-жаттығуларына қатысуы туралы сөз болып отырған деп есептейді.

"Әскери-техникалық салада қазақстандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту және қарулы күштер мен басқа да әскери құралымдарын техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін Түрік компанияларының бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыруы маңызды", – деп санайды Дубовцев.

Оқи отырыңыз: Оңтүстік өңірін "Тұран" облысы деп өзгерту ұсынылды

Алайда бұл Қазақстанның Ресей, Қытай, ЕО елдері және АҚШ-пен ынтымақтастықтан бас тартатынын білдірмейді. Сонымен қатар Қазақстанның Ресеймен ЕАЭО және ҰҚШҰ шеңберінде өзара одақтастық міндеттемесі бар.

81
Кілт сөздер:
Қазақстан, Түркия, түркітілдес халықтар
Тақырып бойынша
Қорғаныс министрі әскерилердің коронавирустың екінші кезеңіне дайындығы туралы айтты
Қорғаныс министрінің екі орынбасары тағайындалды
Қорғаныс министрлігі Қазақстан мен Ресей арасындағы жаңартылған шарт туралы айтты
Түркияның қорғаныс министрі Қазақстанға не үшін келгенін айтты
Астанада Тұран даңғылында екі аптаға көлік қозғалысы шектеледі
Өрт сөндіруші

Павлодарда көпқабатты үйден өрт шықты

0
Жедел жәрдем көрші пәтердегі балаларды ауруханаға жеткізді. Өрттің алдын ала себебі - темекі шегу кезінде қауіпсіздікті сақтамау

ПАВЛОДАР, 30 қазан — Sputnik. Өрт сөндірушілер көпқабатты үйден егде жастағы әйел, баласы мен көрші пәтердегі балаларды қолға алып шығарды, деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметі.

"Жұма күні сағат 12.36-да Жаяу Мұса көшесіндегі 1-ші үйде өрт шыққаны туралы хабар түсті. Сегізінші қабаттағы екі бөлмелі пәтерде жиһаз бен киімдер отқа оранды. Өрт аумағы - 10 шаршы метр", - делінген хабарламада.

Өрт сөндірушілер пәтерден 65 жастағы әйел мен 45-тегі баласын қауіпсіз жерге шығарды. Әйел орта дәрежедегі газбен улану, арқасын күйік шалу және алкогольге улану диагнозымен терапия бөліміне жеткізілді.

Баласы да орта дәрежедегі улану диагнозымен жансақтау бөліміне жатқызылды. Жағдайы ауыр.

Жедел жәрдем көрші пәтердегі балаларды ауруханаға жеткізді. Жағдайлары жақса, үйлеріне жіберілді.

Өрттің алдын ала себебі - темекі шегу кезінде қауіпсіздікті сақтамау.

0
Кілт сөздер:
көпқабатты тұрғын үй, өрт сөндірушілер, Павлодар
Тақырып бойынша
Қала қызыл жалын құрсауында қалғандай: Петропавлда алапат өрт болды – видео
Нұр-Сұлтанда жаңа өрт сөндіру депосы ашылды
Нұр-Сұлтанда тұрғын үйден өрт шығып, екі адам көз жұмды
Түркістан облысында жойқын өрт видеоға түсіп қалды
"Бізді басып озбақ болды": Өрт сөндіру көлігі аударылып, жүргізуші көз жұмды