Қоғам

Тоқаев Азия елдерінің жазушыларын жинады

© Sputnik / Владислав ВодневМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Нұр-Сұлтанға келген 300-ге жуық ақын-жазушының арасында Нобель сыйлығының лауреаттары да бар

НҰР-СҰЛТАН, 4 қыркүйек – Sputnik. Елордада Азия елдері қаламгерлерінің I форумы басталды. Пленарлық отырысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Форумға Азия елдерінің 300-ге жуық ақын-жазушысы келді. Олардың ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары, ұлттық және мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері, жазушылар одақтары мен қауымдастықтарының төрағалары да бар. Жиынның негізгі мақсаты – Азия елдері арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту және тәжірибе алмасу.

Тағы оқыңыз: Тоқаев жазушы және кинодраматург Смағұл Елубайды қабылдады 

Форумның пленарлық отырысына Нобель сыйлығының номинанттары Ко Ын (Оңтүстік Корея), Моза әл-Мальки (Қатар), Мэнд-ООЕО (Моңғолия), Оңтүстік Азия халықаралық сыйлығының лауреаты Амар Митра (Үндістан), Әзербайжанның халық жазушысы Анар Расул Рзаев және тағы басқа танымал тұлғалар баяндама жасайды.

Астанада жиналған қаламгерлер қауымы әдебиет саласындағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, Азия авторларының құқықтарын қорғайтын ортақ ұйым құру жайын да қарастырады. Азия елдерінің қаламгерлері арасында халықаралық сыйлық тағайындау бастамасы да талқыға салынады.

Форум бағдарламасында TED форматындағы форсайт сессиялар, танымал жазушылардың шеберлік сабақтары, "Қаламгерлер" аллеясының ашылуы, жас ақын-жазушалармен кездесулер және тағы басқа шаралар жоспарланған.

"Азия ақын-жазушыларының алғашқы форумы Қазақстанның тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен өткізілуде. Біздің халқымыз рухани мұраларын сақтап, ұлттық тарихын зерттеуге, мәдениетін жаңғыртуға бас мән береді. Бұл берік ұстаным тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жаңа сипат алып отыр. Қазақ әдебиеті - халқымыздың сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан асыл қазына", - деді Тоқаев.

Осы орайда президент Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған, Әл-Фараби сынды танымал тұлғалардың мұрасын еске алып, жыраулық поэзияның маңыздылығына тоқталды. Төл әдебиетіміздің асқар шыңға шығуы дана Абайдың мұрасымен байланысты екенін жеткізді.

"Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлемдік әдебиеттің даму көшіне қосылды. Қазақ қаламгерлерінің туындылары арқылы дүниежүзі жұртшылығы ұлттық руханиятымызды танып білуде", - деп атап көрсетті Тоқаев.

Жаңалықтар
0