НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан – Sputnik. "Сарыарқа" газ құбыры астанаға дейін тартылды. Енді, оны ішкі желілер арқылы жеке меншік үйлерге тарататын болады. Одан кейін тұрғындар газ желісіне қосылады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген жеке кәсіпкер Александр Мироненко желіге қосылу тәртібі мен оған кететін шығындар туралы айтып берді.
"Мәселен, Алматыда газ желісіне қосылу ақысы 120 мың теңгенің айналасында. Маман далада үйдің жанынан өтетін сары құбырды тесіп, газды үйге кіргізіп береді. Сосын есептеуіш құралын және арнайы клапанды орнатып береді. Оған қоса, газ қазандығын қойып бере алады", - дейді Мироненко.
Оның айтуынша, жақсы газ қазандығы 200-250 мың теңгенің шамасында тұрады. Үйдің иесі оны өзі тауып, сатып алса да болды. Себебі сатылымда осы қондырғының түр-түрі бар. Сонда ол тек газ желісіне қосылу ақысын ғана төлейді.
"Меніңше, астанада газ қосылудың әділ бағасы, ол - 200 мың теңге. Оған үйге дейінгі 8 метрлік газ құбыры, есептеуіш құралы және газ анализаторы кіреді. Міне, осы жұмысты 200 мың теңгеге жасауға болады", - деді Мироненко.
Кәсіпкердің ойынша, астанада газ желісіне қосылумен нақты бір компаниялар ғана айналысады. Себебі көгілдір отынға толы құбырға қосылу оңай шаруа емес.
"Мына бір нәрсені елестетіп көріңізші, көшенің бойымен сары құбыр өтеді. Оның іші - толған газ. Оған қосылу үшін тесік жасау керек. Ал тесік жасаса, қысыммен газ шығады. Жарылыс та болуы мүмкін. Ол үшін арнайы құрал-жабдықтар қажет. Рұқсат қағаздары да болуы шарт. Әзірше, астанадағы компанияларда ондай рұсқат жоқ. Меніңше, белгілі бір компаниялар болады", - деді жеке кәсіпкер.
Тағы оқыңыз: "Сарыарқа" газ құбыры Жезқазғанға жақындады
Айта кетейік, жақында "Сарыарқа" газ құбырының астанаға дейінгі құрылысы аяқталған болатын. Қала әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, ендігі кезекте ішкі газ тарату желілерін салу қажет. Бүгінде көгілдір отын ЖЭС-1 мен ЖЭС-2-ге тартылып жатыр. Келесі жылы газ Көктал-1 мен Көктал-2 мен Агроқалашықта болады.
Ал 2021 жылы Оңтүстік-Шығыс шағын ауданына газ тарту жұмыстары аяқталады деген жоспар бар. Бұдан бөлек, Железнодорожный, Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар,Тельман, Пригородный, Garden Village, Family Village, Ильинка, Шұбар мен Өндіріс бар. Осы жерлерде газ тартау жүйлері 2023 жылға дейін салынады.
НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі вакцинадан бас тартқан педагогтардың санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетованың айтуынша, осы уақытқа дейін 22 мың адам коронавирусқа қарсы вакцина алды. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар мен құқық қорғаушылар бар.
"Статистикаға осы уақытқа дейін вакцина алған 458 педагог кіреді. Медицина қызметкерлерімен бірге санағанда "Спутник V" вакцинасының алғашқы компоненті 22 мың адамға егілді. Педагогтар арасында 4 адам екпеден бас тартты. Үшеуі Қостанай облысында, бір педагог Нұр-Сұлтан қаласында", - деді Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, өңірлерге вакцинаның екінші партиясы – 93 дозаны жеткізу шаралары атқарылып жатыр.
Оқи отырыңыз: Коронавирус көбейе ме – денсаулық сақтау министрлігі көктемге болжам жасады
Айта кетейік, Қазақстанда 1 ақпанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация басталды. Екпе алдымен медицина қызметкерлеріне салынды. Ал 1 наурызда коронавирусқа қарсы екпе мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне салына бастады. Екпе тегін және ерікті түрде жүргізіледі.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, вакцинадан бас тартқандардың саны 70 адамға жетті. Олардың ішінде медицина қызметкерлері мен педагогтар бар.
НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – әйелдерге ұдайы қолдау көрсету, олардың дамуына жан-жақты жағдай жасау, деп мәлімдеді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаевтың "Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар мен құралдар" атты конференцияға қатысушыларға бейнеүндеуін жариялады.
"Бүгінде еліміздің қыз-келіншектері түрлі салада қызмет етіп, табысқа жетуде. Бұл – Сіздерге тән еңбекқорлық пен іскерліктің айқын көрінісі. Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі. Осыған орай, нақты шаралар қолға алынды", - деді президент.
Тоқаев қазір басшылық қызметтегі әйелдердің қатары көбейіп келе жатқанын, парламентте оларға арнайы квота берілгенін атап өтті.
Сондай-ақ, әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Соның арқасында еліміздегі шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін әйелдердің үлесі 43 проценттен асты.
"Жеке кәсіпкерлердің тең жартысынан көбі – өздеріңіз сияқты қыз-келіншектер. Біз еліміздің дамуына белсене атсалысып жүрген осындай іскер аруларымызға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Таяуда әйелдер кәсіпкерлігін жандандыру мақсатымен еліміз бойынша 17 орталық ашылды", - деп толықтырды мемлекет басшысы.
Ол осы орталықтар әйелдердің бизнестегі жаңа идеяларын іске асыру үшін жұмыс жүргізетінін атап өтті.
"Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – әйелдерге ұдайы қолдау көрсету, олардың дамуына жан-жақты жағдай жасау. Осы орайда, Елбасының бастамасымен қабылданған 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының мәні ерекше. Бұл маңызды құжат осы бағыттағы жұмысымызға айрықша серпін беріп отыр", - дейді Тоқаев.
Оның айтуынша, еліміздегі әйелдер қауымы мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдалануда. Бүгінгі таңда жеке кәсібін дөңгелетіп, табысқа жеткен аруларымыз аз емес. Шағын және орта бизнесті меңгерген қыз-келіншектер де көп.
Соның айқын көрінісі – қазіргі індет кезіндегі дағдарысқа қарамастан, елімізде әйелдер қауымының экономикадағы рөлі артуда. Іскер аруларымыздың арқасында 1 миллионнан астам азаматымыз тұрақты жұмыспен қамтылып отыр, дейді президент.
Оқи отырыңыз: Президент биліктегі әйелдер туралы не ойлайтынын айтты
"ХХІ ғасырда әйел, бір жағынан, сұлулық пен ізгіліктің бейнесі болса, екінші жағынан, тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, аруларымызға тән ғажайып үйлесім, айрықша ұмтылыс, әр іске деген шығармашылық көзқарас, еңбекқорлық пен жауапкершілік – ұлтымыздың жаңа болмысын нығайтатын қасиеттер. Баршаңызды алдағы Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!", - деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қарағанды гарнизонының "Спасск" полигонында Қазақстан қорғаныс министрлігінің мамандары NEFER жауынгерлік модулі бар ARMA 8x8 дөңгелекті броньды машинаны сынақтан өткізуді жалғастыруда. Қазақстан әскерін қаруландыру мақсатында бұл ауыр техниканы түріктердің Otokar компаниясы ұсынған болатын. Сынақтардың ұзақтығына қарағанда ARMA 8x8 машинасының бет алысы жаман емес секілді. Ол өткен жылдың көктемінен бері қазақ даласында жүйткіп жүр.
Қазақстан Ресейде шығарылған жаңа әскери техниканы Ресей Федерациясының ішкі бағасымен сатып алады. Сонымен қатар Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіптік кешендері ресейлік броньды машиналарды жөндеу және жаңартуға жақсы бейімделген. "Уралвагонзавод" кәсіпорнымен арадағы келісім бойынша республикада Т-72 танктері мен БМП-1 және БМП-2 жаяу әскер машиналарына қызмет көрсету, модернизациялау және жөндеу орталығы құрылды.
Дүниежүзілік қару-жарақ нарығының шамамен 30%-і Ресейдің үлесінде. Сондай-ақ Ресей әскери мақсаттағы өнім шығару және ол өнімді әлемдегі 50 елге (соның ішінде ТМД-ның жеті еліне) жеткізу бойынша екінші орында тұр. 2020 жылы ресейлік қорғаныс өнімдерінің экспорты 13 миллиард доллардан асты. Тапсырыстар портфелінде 55 миллиард долларға жасалған келісімшарттар бар. Бұл ресейлік қарудың сапасына кепілдік деп бағалауға тұрарлық статистика. Ресей Федерациясы дәстүрлі түрде жаңа броньды машиналармен жабдықтаушылар рейтингінде көш бастап тұр. Бір ғана 2010-2017 жылдар аралығында 1,48 миллиард долларға 1200-ден астам соғыс техникасы сатылған. Әйтсе де қазақстандық мамандар түріктің ARMA броньды машинасына не себепті қызықты?
Бірқатар сарапшы кей мемлекеттердің өздеріндегі шынжыр табанды техниканы жаңа машинамен ауыстыруға деген ниеттерін Otokar ARMA машинасының басымдылығы ретінде атады. Ал батыстағылар "жаңа машина әлемнің басым елдерінде қолданылып келе жатқан кеңестік броньды тасымалдағыштардың орнын басатынын" айтты. Енді машинамен жақынырақ таныссақ.
Қазақстанға арналған полигондық үлгі қазақ әскері үшін арнайы әзірленген NEFER әскери модулімен жасақталған. Бұл модуль нысананы көздеу кешені мен жылуды анықтау камерасын қолдану арқылы түнгі уақытта атысуға мүмкіндік береді. Алты адамнан тұратын десант артқы жақта орналасқан жалғыз есік арқылы кіріп-шығады. Стандартты жинақта кондиционер бар.
Сынақтан өткізу үшін Қазақстанның қорғаныс министрлігіне ARMA-ның бірнеше үлгісі ұсынылды. Алғашқы сынақтар 2020 жылдың наурызында Қарағанды облысында өтті. Сынақ барысында күндіз де, түнде де оқ ату, типтік кедергілерден өту, 65 сантиметрге дейінгі тереңдіктегі қар құрсауынан шығу секілді машықтар пысықталды. Түріктердің Otokar компаниясы машинаға кез келген модульді қаруды орнатуға көмек көрсететінін жеткізді. Мұндай ұсыныстар әркез жоғары бағаланады.ARMA 8x8 брондалған машинасы 2011 жылдан бері шығарылып келеді. Otokar фирмасының мәліметі бойынша, 24 тонналық машина маневрі, жылдамдығы, қозғалыстағы ептілігі, баллистикалық және мина қарсы қауіпсіздігі деңгейі бойынша НАТО талаптарына толық сәйкес келеді. Тактикалық дөңгелекті броньды тасымалдаушы сағатына 8 шақырымға дейінгі жылдамдықпен су айдындарынан кедергісіз өте алады. Тас жолдардағы жоғарғы жылдамдық сағатына 105 километрге дейін жетеді. Конструкциясы тапсырыс берушінің қалауы бойынша әскери модульдерді орнату арқылы көлікті әртүрлі міндеттерге қарай бейімдеуге мүмкіндік береді.
Алайда түрік өндірісіне жататын бұл ауырт техникаларда тек электроника мен броньды корпус қана түріктерге тиесілі. Әйтпесе МТU және "Скания" қозғалтқыштары шведтер мен немістердікі, трансмиссия – Америкаға немесе Германияға тиесілі, зеңбіректері АҚШ-та дайындалған "Бушмастер" немесе Ресейдегі 2А42.
Осыған ұқсас ресейлік броньды тасымалдағыш БТР-90 машинасымен салыстырып көрейік. Оның қозғалтқышының қуаты – 510 л.с. Яғни түріктердің техникасынан әлдеқайда үлкен. Жылдамдығы сағатына 100 километрді құрайды. БТР-90 машинасының маневр жасау мүмкіндігін арттыратын ерекше трансмиссиясы бар. Ол борттық ақпараттық-басқару жүйесімен жабдықталады. Экипаж бен десант саны – сәйкесінше үш және жеті әскери қызметкер. Салмағы – 22 тонна. Түріктердің техникасынан екі тоннаға жеңіл. Оның қарулану кешені де жинақы. 30 миллиметрлі 2А42 автомат зеңбірегі мен 7,62 миллиметрлі оқшашардан бөлек танкке қарсы "Конкурс-М" зымырандары және АГ-17 гранатометтермен жабдықталған. Осы аталғандарды ескерген күннің өзінде Ресей оны мінсіз машина қатарына жатқызбайды. Орыстар әлдеқайда жеңіл БТР-82А немесе "Бумерангтерді" қолдануға басымдық беріп отыр.
Ресейлік "Бумеранг" броньды тасымалдағышы соғыс кезінде пайдалану мүмкіндіктерінің ең жоғарғы үлгісі. Ол халықаралық нарықта 2020 жылдың көктемінде таныстырылды. Броньды тасымалдағыш атыс қаруларынан, мина жарғыш құрылғыларынан және артиллерия снарядтарының сынықтарынан жоғары деңгейде қорғай алады. Машина астында мина жарылған болса, үш адамнан тұратын экипаж бен 8 десанттық жауынгер аман қалады. Үнемді 750 күштік дизельдік қозғалтқыш 20 тонналық "Бумерангты" тас жолда сағатына 100 километр, жолсызда 50 километр, суда 10 километр жылдамдықпен жүруін қамтамасыз етеді.Қызығы, Қазақстанда дайындалған "Барыс" 8х8 броньды тасымалдағышы көп көрсеткіш бойынша түрік машинасынан әлдеқайда асып түседі. "Барыс" турбодизельді қозғалтқышының қуаты 500 л.с. Тас жолдағы жылдамдығы – сағатына 100 километр. Экипаж бен десант саны – 11 адам. Салмағы – 19 тонна. Яғни түрік техникасынан 5 тоннаға жеңіл.
"Казахстан Парамаунт инжиниринг" компаниясының машинасында баллистикалық және минадан қорғаудың жоғары деңгейі, жауынгерлік модульдердің кең спектрі бар. Бәлкім өндіріс көлемі әзірше шектеулі шығар. Бірақ әскерді қайта қаруландыру бүгінгі күні аса қажет. Сол себепті ұсыныстарды, таңдаудың технологиялық және әскери-саяси салдарларын мұқият зерттеп алу қажет.
21AAR басылымының "Otokar ARMA НАТО-ға мүше мемлекет құрастырған ең үздік броньды тасымалдағыш және ол Франция мен Германияда жасалған балама машиналардан бірқатар көрсеткіш бойынша жоғары тұр"деген пікірімен келіспеске болмайды. Бірақ бұл артықшылықтар түрік техникасы ТМД елдерінде сәтті қолданылатынына кепілдік емес. Ресей Федерациясы секілді бәсекелестері бар уақытта қазақстандық әскерді қаруландыру түріктерге ғана жүктеледі деп үміттенуге болмайды.