Қоғам

Балалар дұрыс тамақтанбайды: дәрігер ата-аналарға пайдалы кеңес берді

© Sputnik / Дәурен ЕрболатҒалия Сейдалиева
Ғалия Сейдалиева - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Педиатр ана-аналарға балаларына тамақты үйден дайындап беруге кеңес берді. Дәрігер басқа да пайдалы ұсыныстарымен бөлісті

НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан – Sputnik. Дәурен Ерболат. Педиатр-дәрігер Ғалия Сейдалиева балаларға кішкентайынан дұрыс тамақтануды үйрету керек дейді. Маман бүгінде балғындар арасында қандай ауру жиілеп кеткенін, ата-аналар неден сақ болу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Семіздіктің себебі

Он бір жыл бойы медицина саласында жүрген дәрігер балалар суық тию, өкпе қабынуымен жиі ауырады дейді. Мұндағы ең маңызды мәселе баланың дұрыс тамақтанбауы екен. Елордадағы жеке медицина орталығында еңбек етіп жүрген Ғалия Сейдалиева семіздіктің жиі кездесетіне де алаңдаулы.

"Бүгінде бұл дертке 6-7 жастағы балалар жиі шалдығады. Ол неге байланысты? Біріншіден, ата-аналар балаларымен бірге аптасына бір немесе екі-үш рет кафеге барып, фаст-фудпен тамақтанады. Екіншіден, балалар құрамында көмірсулары көп тағамдарды жиі тұтынады. Көшеде "кириешки", қытырлақ картоп жеп, газдалған сусын ішеді. Яғни, дұрыс тамақтанбайды. Үшіншіден, семіздік тұқым қуалайды. Егер ата-ананың біреуінде семіздік болса, баланың да бұл дертке шалдығу қаупі жоғары", - дейді педиатр.

Тағы оқыңыз: Арықтауға көмектеседі - таңертең қалай тамақтану керек?

Дәрігердің айтуынша, семіздікті уақытында емдемесе науқас қант диабеті ауруына шалдығуы мүмкін. Қазір тұрғындар арасында қант диабеті жиі кездеседі екен.

Ата-аналар қателігі

Ғалия Сейдалиева балаларды кішкентайынан дұрыс тамақтануға үйрету маңызды дейді. Дәрігер балғындарға пайдалы, дәрумені мол тамақты үйде дайындап беру қажеттігін атап өтті. Бұған қоса, ата-аналардың жиі жіберетін қателігіне де тоқталды.

"Әрбір ата-ана таңертең үйде ботқа, бутерброд дайындауы керек. Сондай-ақ, түскі, кешкі уақытта балаға ыстық тамақ беруі қажет. Айран, көкөніс берген де дұрыс. Алайда көп аналардың қателігі - 3-4 жастан баласына бесбармақ, фаст-фуд, фри беруі. Бұл дұрыс емес. Себебі осы уақыттан бастап дұрыс тамақтанбаудан балада ас қорыту жүйесі, ішек ауруы немесе аллергиялық дертке шалдығу қаупі артады", - дейді педиатр.

Оның айтуынша, 3 жастан асқан бүлдіршіннің күнделікті рационында ботқа, жеміс-жидек пен көкөніс болуы тиіс. Ол күніне 1 литрден артық су ішуі керек.

Пайдалы сусын қандай?

Осы орайда дәрігер балаларға газдалған сусын мен тәтті шырын ішуге болмайтынын айтты.

"Себебі оның құрамында консервант көп әрі ол тым тәтті. Бала мұндай шырын ішкеннен кейін су немесе үйде дайындалған кисель мен компотты ішкісі келмей қалады. Оны көп тұтынған соң тістің эмалі бұзылады, аллергиялық ауруға шалдығу қаупі артады. Тіпті консерванттың көп болуы салдарынан бала үлкен дәретке баруға да қорқуы мүмкін", - дейді ол.

Осыған байланысты педиатр балаға күнде 50-100 грамм жаңа сығылған шырын беру жеткілікті дейді. Бұл оның асқорыту жүйесіне оң әсер беріп, баланың өсуіне жақсы ықпал етеді.

Жаңалықтар
0