Қоғам

"Көшеде латынша жазуға әлі ерте": ғалым қазіргі әліпбидің кемшіліктерін атады

© Sputnik / Владислав ВодневНадписи на латинице на улицах столицы
Надписи на латинице на улицах столицы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ғалымның пікірінше, латын графикасына негізделген қазақ тілінің әліпбиі көрші Қырғызстан мен Өзбекстан халқына да түсінікті болуы қажет

НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тіл мамандарына латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді жетілдіруді тапсырды. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл институтының директоры Ерден Қажыбек соңғы нұсқаның негізгі олқылықтарын атап берді.

Әліпби тілдің төл ерекшеліктеріне сай емес

Профессор Қажыбектің айтуынша, латын графикасына негізделген әліпби тілдің заңдылықтары мен төл ерекшеліктеріне сай болуы тиіс. Қазіргі нұсқасы ол қағидаттарға сәйкес келмейді.

"Өйткені біз, біріншіден, өзіміздің бүкіл дыбысты қазіргі әліпбиде көрсете алмадық. Олар жоқ. Содан кейін дәл қазіргі кезде әліпбиге қазақ тілінде жоқ дыбыстарды кіргізіп қойдық. Мәселен, қазақта "Й" мен "У" деген дыбыстар жоқ. Оның бәрі - бөтен тіл. Ертең қытай дыбыстарын кіргіземіз бе? Ағылшын тілінің дыбыстарын кіргіземіз бе? Соны ойлануымыз керек", - дейді Қажыбек.

Ғалымның ойынша, латын графикасына негізделген қазақ тілінің әліпбиі көрші Қырғызстан мен Өзбекстан халқына да түсінікті болуы қажет. Себебі олар да латын графикасына көшеді. Сонда бауырлас елдердің арасындағы қарым-қатынас күшейеді.

"Біз тұлғасы бір, мағынасы бір сөздерді бәріміз оқи алуымыз керек. Ал қазіргі жасаған әліпбиімізбен бізді бауырымыз да түсінбейді, өзіміз де түсінбейміз. Бір ортақ дыбысты бөлек-бөлек таңбалармен беріп жатырмыз. Ол ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе", - деп атап көрсетті Қажыбек.

Емле ресми түрде бекітілген жоқ

Институт директоры тағы бір маңызды мәселені қозғады. Оның сөзіне қарағанда, латын орфографиясының жалпыға ортақ заңдылықтарын сақтамасақ, жаңа әліпбиге көшудің басты миссиясы - ақпараттық-технологиялық инновацияларды тез игеруіміз екіталай.

"Мысалы, дүниежүзінде "Y" деген әріппен "Е" деген дыбыс беріледі. Ал біз "Nazarbayev" деп жазып жүрміз. Сондықтан біздің әліпбиіміз Еуропа және ағылшын елдерінің латын әріптерін пайдалану принциптеріне кереғар болмауы керек", - деді Қажыбек.

Өз сөзінде ғалым жаңа әліпбидің соңғы нұсқасын кімнің жасағанын білмейтінін жеткізді.

"Біз талқылауға қатыстық. Бірақ біздің ұсыныстарымыз мүлдем көрініс таппады", - деп атап көрсетті Қажыбек.

Айтуынша, бүгінде қала көшелерінде дүкен маңдайшаларын латын графикасымен ерте жазып жатыр. Себебі әліпби әлі де өзгереді. Ал емле ресми түрде бекітілген жоқ.

Тағы оқыңыз: Ғалымдар Тоқаевтың жаңа әліпбиге неліктен көңілі толмағанын түсіндірді

"Әрине, бұл халықтың латынға көшкісі келетінін көрсетеді деп есептеуіміз керек. Бірақ әлі емле бекітілген жоқ. Ол үкімет қаулысымен бекітілуі қажет. Барлық мәселелері аяғына дейін шешілмей тұрып, осындай әрекеттерге барған әлі ерте. Енді, қайтесіз, мемлекеттік деңгейде үлкен жұмыстарды жасағанда, кейде осындай жағдайлар болады. Емле ресми түрде үкімет қаулысымен бекітілгенше дейін ешқандай ресми жазуларды жазбау керек. Әліпби тілімізге сай, қарапайым, анық, түсінікті және ыңғайлы болуы тиіс", - деп түйіндеді Қажыбек.  

Тоқаевтың тапсырмасы

Өткен аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін жетілдіруді тапсырды.

"Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек", - деп жазды президент Twitter парақшасында.

Осыған байланысты мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға тиісті тапсырманы да бергенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың ақпанында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын бекіткен болатын.

Жаңалықтар
0