Беташар

"Оның бәрі - "фальш": жазушы қазақ тойының басты кемшілігін атады

2663
Қазақ зиялылары қазіргі тойдың мәні де, сәні де жоғалып бара жатқанын айтады. Олар халықтың қазынасы нарық заманының салдарынан ұлттық болмысынан айырылып барады деген ойда

НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik, Арман Асқар. Ақын-жазушылар тойдың мазмұнын қалай өзгерту керектігін Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

"Адамға шын қуаныш керек..."

Жазушы-драматург Төлен Әбдік тойдың қазіргі форматын ауыстыру үшін уақыт керек деп санайды. Себебі бір стереотипті өзгерту оңай емес.

"Бұл біреу өзгертейік деп, өзгерте салатын нәрсе емес қой. Оған уақыт керек. Ұрпақ ауысуы керек шығар. Иә, адамды жалықтыратын тойлар болады, кейде дұрыс өтетін тойлар да бар. Ол өзі бір стереотип қой. Мысалы, қазір жұрттың бәріне сөз беру әлі басылмай жатыр ғой. Шынымен де, шаршап шығасың. Музыканы даңғырлатып қояды. Ал тойға барғаннан кейін адаммен араласып, сөйлескің келді. Оған мүмкіндік бермейді", - дейді Төлен Әбдік.

Тағы оқыңыз: Әр қазақтың үйлену тойында орындалатын хит әндер – видео

Осы орайда жазушы шетелдегі жиындарды мысалға келтірді. Ол жақта тойға барған адамдар танысымен сөйлеседі, пікір алмасады. Тілек айтқанда ешкім ұзақ сөйлемейді.

"Сосын халықты әдемі сөздер мен бөлек бір адамдардың төңірегінде емес, құндылықтардың төңірегінде біріктіру керек. Қазір бір асабаны таңдап алады. Ол айқайды салып сөйлейді. Оны тоқтата алмайсың, өңкей бір поэзия, ұйқасқан сөздер. Оның бәрі - "фальш". Ал адамға шынайы сөз, шын қуаныш керек", - деп атап көрсетті Әбдік.

Тойды тілексіз өткізуге болады

Ал Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бір тойын тілексіз өткізіп көрген. Ол жиын концерт сияқты өтті. Қонақтардың бәрі риза болып кетті.

"Мен қызымның тойын тілексіз өткіздім. Ешкімді сөйлеткен жоқпын. Тілекті тамаданың аузына салып бердік. Мына үстелде осындай адам отыр, сол қонақтардың құрметіне ән шырқалсын, келесі үстелде отырғандар үшін күй тартылсын деп, өнердің жарысы сияқты өткіздік. Артынан бір депутат досымыз келіп, сіздің тойыңыз керемет өтті, бірақ мен олай істей алмаймын, себебі алыстан келген туыстарым өкпелеп кетеді деді. Бізде ондай реніш болған жоқ", - дейді Ұлықбек Есдәулет.

Тағы оқыңыз: "Ажырасу көбейіп кетті": этнограф қазақтың ежелгі салтын жаңғыртуды ұсынды

Оның ойынша, бәрі ұйымдастыру шараларына байланысты. Кей кезде асабалардың деңгейі төмен болады. Ондайда тамада арзан сөз айтып, тойдың мәнін де, сәнін де кетіреді. Тойда отыратын адамдардың жас ерекшеліктері де әртүрлі.

"Енді, тойдың басқа да форматын іздеу керек. Ешкімге ұқсамайтын той жасаймын десең, бәрі қиялыңа байланысты ғой. Мысалы, қызымның тойын мен өзім өлеңмен аштым. Үлкен кісінің батасын алдық. Қалғанын әнші-күйшілер атқарды. Бәрі бұл бір ерекше той екен деп кетті. Ал енді ұлым үйленгенде тілек бергіздім. Ол той басқаша болды", - деп атап өтті Есдәулет.

Беташардың негізгі мақсаты - ақша қағу

Танымал сықақшы Көпен Әмірбек те қазіргі тойдың біраз кемшілігін байқады. Оның айтуынша, тойдың тәрбиелік мәні жоғалып барады.

"Мысалы, қазақ ұлтының салты, әдет-ғұрпы мен дәстүрінің қаймағы бұзылмаған замандағы тойды бір сәтке елестетіп көріңізші? Мөлдір ме? Мөлдір. Сол кезде қызды ұзатқанда болашақ шаңырақтың беріктігін ұстайтын тәрбиемен ұзатып шағарып салды. Қыз болашақ ана екенін және ол болашақ шаңырақтың үрім-бұтағын таратуға бара жатқанын сезінеді. Ал қазір тұрмысқа шығатын қыздарда, құдай-ай, сондай бір сәуледей ғана саңылау бар ма? Күйеуге шығып бара жатқанына қуанғандай болып көрінеді. Теңімді таптым-ау деген ғана бір мақтаныш бар", - дейді Әмірбек.

Сатирик қазіргі үйлену тойындағы беташар рәсімін де сынға алды. Себебі бұрын келіннің бетін ашқанда ақша салатын дәстүр болмаған.

Тағы оқыңыз: "Тойдың тең жартысы керек емес": Мамандар қазақша "понтты" сынап тастады

"Баяғыда келіннің беташары қалай болды? Әдемі дәстүр, әдемі әдеп, бір ғажап қуаныш пен шаттық болатын. Ал қазіргі беташарларда асабаның негізгі мақсаты - келінге көбірек сәлем бергізіп, қонақтардың қалтасын қағу. Анаған бір сәлем, мынаған бір сәлем дейді. Содан олар ақша салып, бәсекеге түседі. Баяғы заманда беташар жасап, ақша тастайтын дәстүр бар ма еді? Жоқ. Ол қайдан келген нәрсе? Кешегі кеңес үкіметінің соңғы бір 10-15 жылында нарық заманына байланысты енді-ау деймін. Міне, тойдың сәні мен сымбаты да содан кетіп отыр. Соған етіміз үйреніп кетті", - деп түйіндеді Көпен Әмірбек.

Жазушының айтуынша, қазіргі тойда бір адам тілек айтады, қалғаны соның бәрін қайталап шығады. Сол себепті кеңес заманынан келе жатқан "өзбектің тойы - би-жарыс, орыстың тойы - құй да іш, қазақтың тойы - жиналыс" деген келеке сөз әлі де өзекті болып тұр.

2663
Кілт сөздер:
қалыңдық, қонақ, той
Тақырып бойынша
Желідегілер қалыңдық тойға жалаңаш келді деп ойлап қалды – жұртты шулатқан фото
"Басқа айтарым жоқ": Дана Нұржігіт ауыл халқына қатысты сөзін түсіндірді
Бес қыздың анасы: ене болу – дипломатияның жоғары деңгейі
"Әнші мен әртісті ақшаға үйреткен байлар" немесе қазақ мәдениетіндегі аш бала кім, тоқ талант кім?
"Басына бақ қонды": Қазақстанда қандай әншілер бір әнімен жұлдыз болды?
  Электронды үкімет мобильді қосымшасы

Электронды цифрлық қолтаңбаны заңсыз пайдалану фактілері  жиіледі

16
Электронды цифрлық қолтаңба қолмен қойылған қолтаңбаға теңестірілген және заңдық тұрғыда салдары онымен бірдей болады

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Қазақстанда электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) заңсыз пайдалану фактілері  жиілеп кетті, деп хабарлады цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

2015-2018 жылдар аралығында 640-бабы "Қазақстан Республикасының электронды құжаттар және электронды цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын бұзу" бойынша 15 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. 2019 жылы мұндай істердің саны күрт өсті – 52 іс қозғалды.  

Оқи отырыңыз: Енді электронды цифрлық қолтаңбаны компьютерде сақтау қажет емес 

"Осы жылдың 9 айында электронды цифрлық қолтаңбаны заңсыз берудің 30-дан астам фактісі және оны қорғау шараларын сақтамаудың бестен астам жағдайы анықталды. Бұл фактілер бойынша 10-нан 150 АЕК-ке (27 780-нен 416 700 теңгеге дейін – Sputnik) дейін айыппұл салынды", - деп нақтылады ведомство.

Соңғы кездері министрлікке жеке тұлғалардан және лауазымды адамдардан электронды цифрлық қолтаңбаны заңсыз беруге қатысты көптеген шағым түсіп жатыр.

"Электронды цифрлық қолтаңба қолмен қойылған қолтаңбаға теңестірілгенін және заңдық тұрғыда салдары онымен бірдей болатынын ұмытпау керек", - деп атап өтті ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов.

Өткен кезеңмен салыстырғанда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары өздерінің ЭЦҚ-сын басқа қызметкерлерге беру жағдайлары, сондай-ақ жұмыс берушілер жұмыстан шығып кеткен қызметкерлердің ЭЦҚ-сын қайтарып алмайтын жағдайлар көбейді. Мұндай әрекеттер электронды цифрлық қолтаңбаны заңсыз қолдануға жол ашады, ал ол әкімшілік және тіпті қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтырады.

ЭЦҚ-ны қалай қорғауға болады

Өзіңді қорғау және алаяқтықтың құрбаны немесе керісінше заң бұзушы атанбау үшін министрлік мынадай кеңес береді:

  • ЭЦҚ-ны үшінші тұлғаларға беруге болмайды. Ұйымдарда құжаттарға қол қоюға жауапты қызметкерлерге жеке ЭСҚ беру керек;     
  • ЭСҚ-сы бар қызметкерлерді жұмыстан шығару фактілерін қадағалап, олардың ЭСҚ-сын дер кезінде қайтарып алған жөн;
  • ЭСҚ жоғалған жағдайда бұрынғысынан бас тарту арқылы дереу қайта шығарып, стандартты парольді күрделілеуіне ауыстыру қажет.

Айта кетейік, электронды цифрлық қолтаңбаны үйден шықпай-ақ алуға болады.  

16
Кілт сөздер:
электронды үкімет порталы, қолтаңба
Тақырып бойынша
Қазақстан премьері ЕАЭО үшін маңызды ұсыныс жасады
Электронды цифрлық қолтаңбаның мерзімін қалай ұзартуға болады – министр жауабы
Боран

Бұрқасын соғып, көктайғақ болады синоптиктер жұмаға болжам жасады

857
Қазақстанның тоғыз өңірінде дабылды ескерту жарияланды, бұрқасын соғып, тұман түседі, көктайғақ болады деп болжанып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Синоптиктер жұмада ауа райы қандай болатынын хабарлады.

Қазгидрометтің мамандары Қазақстан аумағының басым бөлігінде жаңбыр, қар жауады деген болжам жасады, тек шығыста және оңтүстік-шығыста ауа райы жауын-шашынсыз болады. Республиканың кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейеді, Қазақстанның солтүстігінде және орталық бөлігінде жаяу бұрқасын соғады.  

Дабылды ескерту

Ақтөбе облысында кей жерлерде тұман түседі.

Жұма күні Түркістан облысының кей жерлерінде тұман түсіп, секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады.

Ақмола облысында кей жерлерде тұман, жаяу бұрқасын соғады, секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады.

Жұма күні Маңғыстау, Қызылорда, Атырау, Қостанай облыстарында кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады.

Қараша айының жиырма жетісінде Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман түсіп, бұрқасындатады.

Оқи отырыңыз: Биылғы қыс қандай болады – синоптиктер болжам жасады 

28 қарашада таңертең және күндіз Жамбыл облысында жауын-шашын қатты жауады (жаңбыр, қар), 27-29 қарашада кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады, 28 қарашада кей жерлерде жаяу бұрқасын соғады. 27 қарашада күндіз, 28 қарашада тәулік бойы секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады, 28 қарашада екпіні секундына 23-28 метрге жетеді.

Өңірлердегі ауа райы

Қарағанды ​​облысында кей жерлерде тұман түсіп, жаяу бұрқасын соғады.

Батыс Қазақстанда тұман түсіп, көктайғақ болады деп болжануда.

Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында, түнде Павлодар облысында тұман түседі.

Алматы облысында, Жалаңашкөл маңында жел секундына 17-22 метрге күшейеді.

Мегаполистердегі ауа райы

Нұр-Сұлтанда түнде 14-16, күндіз 5-7 градус суық болады.

Алматыда түнде ауа температурасы минус 5-7 градусқа дейін төмендейді, күндіз плюс 4-6 градус болады.

Шымкентте дабылды ескерту жарияланды. 27 қарашада күндіз мұнда жел тұрып, екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Түнде минус 1 - плюс 1, күндіз 7-9 градус жылы болады.

857
Кілт сөздер:
ауа райы болжамы, көктайғақ, бұрқасын