Қоғам

Кім кінәлі? Нұр-Сұлтанда жарықтың өшуіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

© Sputnik / Владислав ВодневЗдание Абу-Даби в Нур-Султане
Здание Абу-Даби в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министр Тұрғымбаев елордада жарықтың өшуіне кінәлі адамдарды іздестіруге кірісті. Екі айдың ішінде кінәлі азаматтар жауапқа тартылады

НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Ішкі істер министрлігі елорданың сол жағалауында болған апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділовтың айтуынша, тергеуді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жеке бақылауына алған.

"10 қарашаға қараған түні Есілдің сол жағалауындағы "Левобережная" станциясында апат болды. Соның салдарынан бірқатар мемлекеттік ғимарат пен тұрғын үйлер жарықсыз қалды. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 292-бабы – өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады", - деді Әділов журналистерге берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, сотқа дейінгі тергеу кезінде мамандар станцияны қарап, апаттың себебін анықтайды. Соған қарай процессуалдық шешім қабылданады.

"Заң бойынша сотқа дейінгі тергеудің мерзімі – екі ай. Бұл дегеніміз, екі айдың ішінде біз барлық тергеу шарасын өткізіп, кінәлі азаматтарды жауапқа тарту мәселесін шешуіміз керек", - деп атап көрсетті Әділов.

Нұр-Сұлтан қалай жарықсыз қалды?

Сол жағалаудағы тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар, соның ішінде Ақорда, Nur Otan, үкімет, сенат пен мәжіліс, министрліктер үйі, Жоғарғы сот бір тәуліктен аса уақыт жарықсыз қалды. Оған "Левобережная" қосалқы станциясындағы апат себеп болған. Белгілі болғандай, станцияның қосалқы каналынан өрт шыққан. Өрт сөндіру бригадаларын тоқ соқпауы үшін кабель желісіне қосылған тұтынушылар тоқтан ажыратылды.

Тағы оқыңыз: Тоқаев жарықтың сөнуіне кінәлілерді анықтауды тапсырды

11 қараша күні таңертең қала билігі апат салдары жойылып, үйлер мен әкімшілік ғимараттарға жарық берілгенін хабарлады.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке арнайы комиссия құрып, кінәлілерді анықтауды тапсырды.

Жаңалықтар
0