НҰР-СҰЛТАН, 12 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның терроризмге қарсы орталығы лаңкестік топтарда жүрген қазақстандықтар туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Штаб бастығының орынбасары Сергей Швейкиннің айтуынша, бүгінде террористік ұйымдардың қатарына қосылған Қазақстан азаматтарының саны - шамамен 40 адам. Олармен бірге әйелдері, балалары және отбасының басқа мүшелері барлығы 65 адам жүр.
Тағы оқыңыз: Сириядан оралған қазақстандық балалардың ауыр тағдыры
"Біз олардың бәрін білеміз. Қылмыстық істер қозғалды. Кейбір азаматтар бойынша әскери қақтығыс кезінде олардың қаза тапқаны туралы ақпарат тексеріліп жатыр. Негізі, террористік ұйымдарға қосылған қазақстандықтардың басым бөлігі моральдық жағынан күйзелісте жүр. Олардың арасында елге қайту жолдарын іздестіріп жүргендер де аз емес. Олар заң алдында жауап беруге дайын. Алайда қылмыстық әрекеттерін жалғастыруға мүдделі жігіттер де бар", - деді Швейкин астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде лаңкестік топтарға қосылуды көздейтін адамдардың транзитін тоқтатуға арналған шаралар қолға алынған. Мәселен, биыл Қазақстанда 31 адам ұсталып, өзге елдерге қайтарылды. Олардың барлығы террористік әрекет үшін іздеуде жүрген.
"Қазақстанда террористік қауіп әлі де бар. Ислам мемлекеті* халықаралық террористік ұйымы Сирия мен Ирак аймағында жеңілсе де, Аль-Каида* мен онымен байланысы бар шағын топтар террористік бастаманы қолға алуға дайын", - деп атап көрсетті Швейкин.
Қазақстанда және басқа елдерде тыйым салынған террористік ұйымдар
НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы қаңтар-наурыз айларындағы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары және санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде есеп берілді.
Премьер-министрдің мәліметіне сәйкес, аталған кезеңде экономиканың нақты секторында орнықты дамудың оң қарқыны байқалады.
Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында баяндады. Ауруханалардағы жұқпалы дертке шалдыққандарға арналған бөлімдердің – 41 пайызында, жан сақтау бөлімдердің – 27 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр. Сәуір айынан бастап өңірлерде ай сайын 2 миллион адамға вакцина салынады. Қыркүйек айында жалпы 10 миллион азаматқа екпе салынып, вакциналау жұмысы аяқталады.
Оқи отырыңыз: Вакцина салдырған соң бетпердесіз жүруге бола ма – сарапшы пікірі
Премьер-министрдің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі қажетті мөлшерде дәрі-дәрмектермен және медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектің бір айлық, ал "СҚ-Фармация" қоймалары мен дәріханаларда екі айлық қоры жинақталған. Еліміздің барлық өңірінде дәрі-дәрмектердің, қорғаныш құралдары мен шприцтердің үш айға жететін тұрақты қоры бар.
Сонымен қатар кездесу барысында мемлекеттік бағдарламаларды, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалығының басым бағыттарын жүзеге асыру және инвестиция тарту, экономика саласын одан әрі цифрландыру, Үкіметтің жұмысына озық цифрлық шешімдер енгізу, халықты жұмыспен қамтуды қолдау, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы мәселелер талқыланды.
Президентке 1 сәуірде өткен ОПЕК+ министрлер кездесуінің қорытындылары туралы мәлімет берілді. Онда Қазақстан үшін мұнай өндірудің тәуліктік көлемін қосымша 6 мың баррельге арттыруды көздейтін арнайы шарт келісілді. Тиісінше жыл қорытындысы бойынша мұнай өндірісінде едәуір серпін болуы тиіс.
НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Наурызбай қажы Тағанұлы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жеті бағыт бойынша биылғы атқарып жатқан жұмыстары және алдағы жоспары туралы баяндады.
Мемлекет басшысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пандемия кезінде Оразаның ұйымдастырылу ерекшеліктері, жасап жатқан қайырымдылық шаралары жайында мәлімет берілді. Сонымен қатар елордада Ислам академиясын құру жұмыстарының басталғаны туралы айтылды.
Оқи отырыңыз: Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұсылмандарын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, бүкіл әлем бастан өткеріп отырған пандемия кезінде жамағатты сабырға шақырып, эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталатынына, мешіттердің толық ашылатын күні алыс емес екеніне сенім білдірді.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти президентті Рамазан айының алғашқы күнімен құттықтап, "Муфтият" баспасынан жақында жарық көрген "Тәпсірлердің таңдаулысы" атты Құран тәпсірлерінің қазақ және орыс тілдеріндегі 8 томдық аудармасын табыстады.
НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір — Sputnik. 13 наурызда Алматы маңында апатқа ұшыраған ұшақтағы адамдарға алғашқы көмек көрсеткен жедел жәрдем қызметкерлері оқиғаның қалай болғанын және сол сәттегі өз сезімдері жайлы Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Алматы жедел жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы Пархат Надыров жедел жәрдем қызметкерлері апат болған орынға дабыл бойынша шұғыл жөнелтілгенін айтты. Жедел жәрдем қызметінің басшылығы жеке автокөлікпен тез арада оқиға орнына жеткен.
"Біз өте жылдам жеттік. Ол үшін жол полициясы қызметкерлеріне алғыс айтамын. Мен олардың көлігін көрген сәтте тоқтап, аты-жөнімді, қызметімді және шұғыл түрде әуежайға жету керектігімді жеткіздім. Дабыл бойынша біздің барлық ішкі қызмет жұмылдырылып, он бригада әуежайға бет алды. Жақын маңда орналасқан ауруханаларға апат салдарынан зардап шеккендерді жаппай қабылдауға дайын болуы туралы ескертілді. Себебі о баста түрлі ақпарат келді. Бірі ұшақ десе, екіншісі тікұшақ апатқа ұшырады деді. Тіпті кейбірі ұшақ аспанда жанып кеткенін айтты", - деп еске алды Пархат Надыров.
Ол оқиға орнына жеткен кезде Алматы облысының жедел жәрдем қызметкерлері бірінші болып жеткенін көрген. Надыровтың айтуынша, олар қоршаудан секіріп өтіп, өрт сөндірушілер тілсіз жаумен күресіп жатқанда, фельдшерлер жанып жатқан ұшақтан екі зардап шеккен азаматты алып шыққан. Осыдан кейін қалалық жедел жәрдем қызметі жетіп, аман қалғандар №4 қалалық ауруханаға жеткізілген.
"Осы ретте фельдшерлердің ерлігін атап өткім келеді. Олар үйлесімді түрде әрекет етіп, ұшақпен бірге жарылып кетуден қорыққан жоқ. Айналада керосин төгіліп жатты. Ол кез келген сәтте тұтануы мүмкін еді. Өмірлерін қауіпке тікті. Мұның барлығы менің көз алдымда болып жатты", - дейді Алматы жедел жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы.
Ол дәл сол фельдшерлер бір кездері алматылық станциялардың бірінде жұмыс істегенін айтты. Алайда белгілі бір себептермен облысқа көшкен. Бірақ қайта ауысқылары келген.
"Мен оларды біздегі жедел жәрдем қызметіне шақырдым. Енді олар осында еңбек етіп жатыр. Бұл олар жайлы айтуға да, жазуға да тұрарлық батыр азаматтар", - деді Пархат Надыров.
Рахымжан Гаитов пен Абдрим Абдрашитов Алматының жедел жәрдем қызметінде бір айдан бері жұмыс істеп жатқанын растады.
Рахымжан Гаитов сол күні апат туралы қоңырау 17.50-де болғанын еске алды. Ең алдымен оның досы әрі әріптесі Абдрим Абдрашитов 10 бригада құрамында жолға шыққан. Одан кейін Гаитов мінген көлік жеткен.
"Ол келіп, зардап шеккен азаматқа көмек көрсетті. Пациентті алып кетті, мен сол жерде қалдым. Ұшақ құлаған орынға барып, тағы да зардап шеккендер бар-жоғын білу үшін кабинаға кірдім. Ол уақытта зардап шеккендердің бірін Алматы жедел жәрдемі, екіншісін менің досым мінген медицина көлігі алып кеткен болатын. Ол жерде тағы төрт адамның мәйіті жатты. Біз жеткен кезде Пархат Талғатұлы сонда болды, ол көмектесіп, нұсқау беріп отырды", - дейді фельдшер.
Рахымжан Гаитов түнгі сағат 10-ға дейін оқиға орнында кезекшілікте болған.
"Апат жайлы хабарлама келген кезде біз қайда бара жатқанымызды және не істеу керек екенімізді білдік. Сондықтан жедел іске кірісіп, ештеңені ойламастан, алғашқы көмек көрсетіп, адам өмірін құтқару керек болды. Осыны ғана ойладым", - деп еске алды Рахымжан Гаитов.
Ал Абдрим Абдрашитов ол келген кезде ұшақтағы өрт сөндірілгенін айтты. Ол зардап шеккен азаматты ауруханаға жеткізген. Қалған бригадалар апат орнында жұмыс істеу үшін қалған.
"Әдеттегідей қоңыраудан кейін жеттік. Ұшақ күнде құлап жатпаса да, біз көңіл-күй мен сезімді екінші орынға ысырып қоямыз. Біз Пархат Талғатұлының жетекшілік етуімен өте жылдам әрекет еттік. Көмек көрсеттік. Мен өз көңіл-күйім жайлы ойлаған жоқпын. Мен үшін ең бастысы кәсіби міндетімді атқару болды", - деді фельдшер.
Айта кету керек, фельдшерлер толық жазылғаннан кейін ұшқыштармен кездескілері келетінін айтты.
Сенбі, 13 наурызда Алматы әуежайының маңындағы Қызыл Ту ауылының іргесіне әскери ұшақ апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған. Алайда Ан-26 ұшағы қону алаңына жақындағанда отқа оранып құлады.
Оқи отырыңыз: Әскери ұшақ апаты: оқиға орнынан түсірілген видео
Ұшақ бортында алты адам болған. Төрт әскери қызметші оқиға орнында қаза тапты. Олар: аға лейтенант Досжан Баймұратов, сержант Евгений Васильков, лейтенант Мұхтар Сағынбаев және майор Ғабит Барлықбаев.
Екі әскери ғана аман қалды. Олар апат орнынан №4 қалалық клиникалық ауруханаға шұғыл түрде жеткізілді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті апатқа ұшыраған әуе көлігі ведомствоның авиация қызметіне қарасты екенін растады. Қазір ҰҚК оқиғаның анық-қанығын анықтап тергеу жүргізуде.