Қоғам

Бір тонна – 1 доллар: Перуашев "АрселорМиттал Теміртаудың" қулығын әшкереледі

© SputnikАрселорМиттал Темиртау
АрселорМиттал Темиртау - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Шикізат алдымен компанияның Сауд Арабиясындағы өз фирмасына + 1 долларға, содан кейін әлемдік бағамен басқаларға сатылып отырған

НҰР-СҰЛТАН, 25 желтоқсан – Sputnik. "Ақ жол" партиясының депутаттары премьер-министр мен прокуратураға сауал жолдап, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қатысты шара қолдануды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Азат Перуашевтің айтуынша, бүгінде ашық ақпарат көздерінде "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының өз табысын қалайша төмендетіп көрсететіні жайында жазылып жүр.

"Барлық экспорт компанияның Дубайдағы кеңсесі арқылы өткен. Металл шикізаты алдымен компанияның Сауд Арабиясындағы өз фирмасына өзіндік баға + 1 долларға сатылған. Содан әлемдік бағамен басқаларға сатылып отырды. Осылайша, Митталдың бір тонна экспорттан тапқан пайдасы "1 доллар" деп көрсетілген. Осының арқасында ол Қазақстандағы салықтарды да бір доллардан төлеп отырған. Ал табыстың басым бөлігі оффшордағы компанияларға түскен, әлі де түсіп келеді", -  деді Перуашев.

Оның сөзіне қарағанда, дәл осы жолмен комбинат жылына жарты миллиард доллар көлемінде табыс табады. Бұл – төмендетілген табыстың көрсеткіші ғана. Ал жасырын пайда одан әлдеқайда көп. Соған қарамастан, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы тапсырыс алатын қазақстандық кәсіпкерлердің ақшасын уақытында бермейді. Енді, олар мәжілістің табалдырығын тоздырып, әділдік іздеп жүр.

"Миттал мырза жауап берсін". Назарбаев теміртаулық компанияның жұмысын сынады

"Әлемдегі ірі болат өндіруші компания сан алуан сылтауларды алға тартып, ылғи атқарылған жұмыстардың ақшасын жарты жыл, тіпті, одан да көп уақыт бермей отырады. 2016 жылы оның қарызы 1 миллиард теңге болса, 2017 жылы – 2 миллиард, 2018 жылы 1 миллиардтан асқан, биыл облыс пен қала басшылығы жергілікті кәсіпкерлердің ақшасын қайтару бойынша "АрселорМиттал Теміртаумен" тағы келіссөздер өткізді", - деп атап көрсетті Перуашев.

Депутаттың сөзіне қарағанда, кәсіпкерлердің көбісі банктен кредит алып, тапсырыстарды орындайды. Ал тендердің ақшасы уақытында төленбесе, айыппұл мен өсімпұл төлеуге мәжбүр.

Жаңалықтар
0