Қоғам

Алматы түбіндегі ұшақ апатынан зардап шеккен келіншек мәлімдеме жасады

© Photo : Пресс-служба Международного аэропорта АлматыСамолет Bek Air, разбившийся в Алматы - фото с места происшествия
Самолет Bek Air, разбившийся в Алматы - фото с места происшествия - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әуе апатынан зардап шеккендердің бірі қырсық шалған рейстің жолаушылары мен олардың туыстары қандай қиындықтарға тап болғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 7 қаңтар – Sputnik. Алматы түбінде Bek Air ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін ота жасатқан елорда тұрғыны Сәуле Нұрманова оқиға туралы және әуе апатынан зардап шеккендердің қандай қиындықтарға тап болғанын әңгімеледі.

Ол Facebook-тегі парақшасында жоғары оқу орнындағы сессиясын тапсырғаннан кейін үйіне Bek Air рейсімен ұшқанын жазды. Қасында жұбайы болған.

"Сыртқы есікті ұзақ уақыт бойы жаппады. Мен ұйықтап кетіппін, адамдардың шуылы мен айқайынан ояндым, бортта дүрбелең басталды, ұшақ тербеліп-шайқалып жатқанын сездім, қатты жылдамдықпен келе жаттық. Күйеуіме қарадым – оның көзінде де қорқыныш болды. Ол тіземе жат деп айғайлап, мені денесімен жапты. Бір кезде тарс еткен дауыс шықты, содан кейін есімнен танып қалсам керек", - деп есіне алды астаналық келіншек.

Оның айтуынша, есін жиған кезде қандай да бір заттардың арасында қысылып қалғанын көрген. Үйінділердің астынан шығуға күйеуі көмектесіпті. Сәуле төменгі жіліншігі мен тобығын қалпына келтіру үшін күрделі ота жасатты.

Сәуле Нұрманова әлеуметтік желіде ұшақтың апатқа ұшырауы – жазым және оған ешкім кінәлі емес деген сыңайда мәлімдемелер жасалып жатқанына таңғалғанын жасырмады.

"Қауіп сейілді, біз аман қалдық, бірақ одан әрі не болады? Желідегі жазбалар азайғанмен, біз үшін сұмдық аяқталмады. Менің, күйеуімнің, аман қалған басқа адамдардың күні не болмақ? Қаза болғандардың жақындары қалай күн көреді? Біреу отбасын асыраушысынан айырылды, әлдекімнің бортта әкеле жатқан мүлкі із-түзсіз жоғалды. Өз басым бірнеше ай оңалтудан өтуім керек, тағы бір ота жасауы мүмкін, бұл кем дегенде жарты жыл жұмыссыз жатамын деген сөз!", - деп жазды Сәуле.

Ол зардап шеккендердің отбасылары емделіп жатқан жақындарының қасында болу үшін Алматыға басқа қалалардан ұшып келіп, әжептеуір шығындалғанын айтты.

Тағы оқыңыз: Bek Air-дің аман қалған жолаушысы ұшақта не болғанын айтып берді 

Сондай-ақ, келіншек рейстің барлық жолаушысынан жеке заттарының жоғалуы мен бүлінуінен келген материалдық шығынды растайтын құжаттар талап етіліп жатқанын мәлімдеп, бюрократияға шағымданды.  

"Ұшақ құламай, ұшуы тиіс еді ғой. Мерекеде үйде болып, Жаңа жылды жақсы көңіл-күймен қарсы алғымыз келді. Біз қандай да бір реакция болып, қалайда көмектесетініне сенімді емеспіз, өйткені әзірге медициналық қызмет қана тегін көрсетіліп жатыр, ал біздің жүрегіміздегі дерт өмір бойы қалады", - деп қорытындылады келіншек.

Алматы түбіндегі ұшақ апаты

Ұшақ апаты 27 желтоқсан таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш жансақтау бөліміне түсті. Қазір ол есін жиды.

Ішкі істер министрлігі әуе апатына себеп болған үш жағдайды атады. Олар: экипаж қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызмет жұмысы.

Ұшақтың қара жәшігі Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне тапсырылды. Тергеудің алдын ала қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланбақ.

Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Жаңалықтар
0