НҰР-СҰЛТАН, 31 қаңтар – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі педагогтердің айлығын есептейтін калькулятор жасап шығарды. Енді кез келген мұғалім өз жалақысын өзі есептей алады. Бұл туралы бүгін білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Асхат Қанатұлы министр болып келген кезде бізге ұстаздардың еңбекақысын есептейтін калькулятор жасауды тапсырды. Енді кез келген педагог онлайн режимде өзінің айлығын есептей алады. Бұл дегеніміз, мұғалімдер бухгалтерлер мен қаржыгерлерге тәуелді болмайды", - деді Асылова министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Ұстаз калькуляторға өз категориясын, жұмыс өтілін, сағат санын жазып, жалақысын есептей алады. Сондай-ақ, экологиялық апатты аймақта тұрғаны үшін, магистрант, тәлімгерлік қызметтер үшін қандай үстемақы болатынын көріп, біле алады.
Асылованың айтуынша, қаңтар айының өзінде еңбекақыны есептейтін бөлімге елуден астам өтініш келіп түскен. Педагоготер әртүрлі себептерге байланысты айлығының дұрыс есептелмегенін айтып шағымданған.
"Енді кез келген мұғалім база арқылы өз жалақысын есептеп, есеп бөлімінен себебін сұрай алады. Ол базаға ұстаздардың еңбекақысын арттыру жөніндегі шаралардың барлығы енді. Егер есепші шатасып кетсе, ол сол қағазды шығарып алып, түсіндіруді талап етуге құқылы", - деді вице-министр.
НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезия президенті Джоко Видодоға көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы Сулавеси аралындағы күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза болуына байланысты Индонезия Президенті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады.
"Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болған адамдардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Осындай қиын жағдайда біз индонезиялық достарымыздың қайғыларына ортақтасып, олармен бірге екенімізді жеткіземін. Сонымен қатар табиғат апатынан зардап шеккендердің тезірек сауығып, үйлеріне оралуына тілектестік білдіремін", – делінген жеделхатта.
Индонезияда соңғы тәулікте бірнеше рет 5,7 және 6,2 магнитудалы жойқын жер сілкінісі болды. Салдарынан отыздан астам адам көз жұмып, 600-ден астам тұрғын зардап шекті.
Жер сілкінісі салдарынан жергілікті аурухана ғимараты құлап, медицина қызметкерлері мен емделушілер үйінді астында қалғаны белгілі болды.
Билік 15 мыңнан астам тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді.
АЛМАТЫ, 15 қаңтар – Sputnik. Қазгидромет синоптиктері 2021 жылдың 16-18 қаңтарында ауа райы қандай болатынын жариялады.
Сенбі, жексенбі күндері республиканың батысы мен солтүстігінде Жерорта теңізі циклонының әсерінен ауа райы тұрақсыз болады.
Кей жерлерде жауын-шашын түседі, батыста қар мен жаңбыр араласып, солтүстікте қар жауады.
Сондай-ақ кей жерлерде жел күшейіп, боран соғады, ауа температурасы көтеріледі. Қазақстанның қалған аумағында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республика бойынша кей жерлерде тұман түседі.
Нұр-Сұлтанда түнде минус 13-15 градус, күндіз 4-6 градус аяз болады.
Алматыда түнде минус 8-10, күндіз плюс 5-7 градус.
Шымкентте түнде плюс 1-3, күндіз 15-17 градус жылы болады.
Ақмола облысының кей жерлерінде бұрқасын болады. Оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен секундына 15-20 метр жел соғады.
"Ақтөбе облысының кей жерінде тұман, көктайғақ болады. Оңтүстік-шығыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысып, секундына 18 метр жылдамдықпен жел соғады. Мұғалжар ауданында түнде желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді", – делінген хабарламада.
Батыс Қазақстан облысының кей жерінде тұман, көктайғақ, бұрқасын болады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы – 15-20 м/с, күндіз екпіні секундына 25 м/с жетеді.
16 қаңтарда Қызылорда облысының кей жерінде желдің жылдамдығы секундына 15-20 м/с-ке жетеді.
Қостанай облысының кей жерінде бұрқасын болып, тұман түседі. Күндіз кей жерлерде көктайғақ болады. Оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен секундына 15-20 м/с жел соғады.
Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман түсіп, күндіз бұрқасын болады. Жел оңтүстік, оңтүстік-шығыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғады.
Петропавлда түнде оңтүстіктен, оңтүстік-шығыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады.