Қоғам

Қытайдан жеткізілетін қазақстандықтар Алматыда карантинге жатқызылады

© REUTERS / LIM HUEY TENGЖенщина в защитной маске в аэропорту
Женщина в защитной маске в аэропорту - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстандықтар Алматы қаласына жеткізіледі, оларды қабылдайтын мекеме дайындалды. Ал астанада карантинге әзірленген госпитальдар толып қалған

НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. Қытайдан тағы 155 қазақстандық жеткізіледі, олар Алматыда карантинге жатқызылады. Бұл туралы сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлім етті деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бүгін кешке Қытайға ұшып шығады. Кейін Алматыға оралады. Алматыда қазақстандықтарды қабылдайтын мекеме дайындалған", - деді Тілеуберді БАҚ өкілдеріне.

Бұған дейін Қытайдан оралған қазақстандықтар Нұр-Сұлтанға жеткізілген еді. Министрдің айтуынша, астанада карантинге әзірленген госпитальдар толып қалған. Сол себепті келесі ұшақ Алматыға қонады.

Тілеуберді Қытайдағы қазақстандықтарды тасымалдауға ұшатын ұшақ чартерлік екенін айтты. Қазақстан азаматтары тегін жеткізіледі.

Жалпы, "Эйр Астана" ұшағы 220 орынға шақталған, алайда оралатындар саны 155 қана. Сондықтан елге қайтам деген басқа азаматтарға да орын бар, деп сендірді Тілеуберді.

"Осыдан кейін Қытай аумағында 343 Қазақстан азаматы қалады. Олар негізінен, біздің дипломатиялық мекемелерде істейтін қызметкерлер, олардың отбасы мүшелері, студенттер, өз шаруаларымен жүрген қазақстандықтар. Барлығымен елшілік тығыз байланыста. Әзірге олар қайтуға ниет білдірген жоқ", - деді ол.

Министр Қазақстанның Қытайдағы шетелдік мекемелері штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айтты. Тек консулдық бөлімдердің жұмысы шектелген.

Бұған дейін 1 ақпанда коронавирус ошағы Ухань қаласынан 83 қазақстандық санавиациямен елге оралған еді. Сондай-ақ, 18 Қырғызстан азаматы, бес Беларусь азаматы мен бір Армения азаматы эвакуацияланды. Олардың арасында коронавирус жұқтырғандар тіркелген жоқ.

Ал 11 ақпан күні таңертең 217 қазақстандық Нұр-Сұлтанға жеткізілді.

Қытайдағы коронавирус

Әлемді дүрліктірген індет Қытайдың Ухань қаласында өткен жылдың соңында тарай бастады. Вирус Ухань қаласынан Қытайдың басқа өңірлеріне, кейін өзге елдерге де жылдам тарап кетті. 

12 ақпандағы мәлімет бойынша Қытайдан коронавирустан 1 113 адам көз жұмған, жұқтырғандар саны 44,6 мың адамға жетті, тек 4 740- і емделіп шыққан.

Қазақстан Қытаймен жолаушылар тасымалының барлық түрін тоқтатты. Алайда екі ел арасында тауар қозғалысы шектелген жоқ.

Жаңалықтар
0