Қоғам

Қазақстанда "оралман" сөзі ресми түрде ауыстырылды

© Photo : пресс-служба сената парламента КазахстанаДепутаты на заседании
Депутаты на заседании - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Депутаттар сондай-ақ ешқандай құжаты жоқ шетелдік азаматтарды елден шығаруға мүмкіндік беретін "жол жүру" құжатын енгізуді ұсынды

НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. Мәжіліс депутаттары "оралман" ұғымын "қандас" сөзіне алмастыруды көздейтін заң жобасын мақұлдады. Құжат сенатқа жіберілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралды.

Басты жаңашылдықтың бірі – "оралман" ұғымын "қандас" сөзімен ауыстыру.

"Бір кезде ойдан шығарылып, жағымсыздау атауға айналған "оралман" сөзінің орнына алдағы уақытта қандас атауы қолданылатын болады", - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Кәрібай Мұсырман.

Сонымен қатар, қандастарға елде тұрақты тұруға рұқсат алу және Қазақстан азаматтығын алу үшін құжаттарды бір мезгілде тапсыру мүмкіндігі берілмек.

Депутаттың айтуынша, бұған дейін олар екі рет құжат жинап әлекке түскен.

"Сондай ақ, елімізде 183 күннен кем тұру және әкімшілік құқық бұзушылықтардың болуы бойынша заңнамалық нормалар қолданылмайтын адамдар санатына этникалық қазақтарды қосу көзделіп отыр. Бүл түзетулер қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуын жеделдетуге септігін тигізеді", - деді мәжілісмен.

Оқи отырыңыз: Тоқаев "оралман" деген сөзден бас тартуға қатысты пікір білдірді

Оралман мәртебесін ұзарту мерзімін үш айдан алты айға дейін ұлғайтуға бағытталған түзетулер енгізілді.

Бұдан бөлек, еңбек мигранттарын маусымдық жұмысшыларға теңестіру арқылы оларды шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысқа тартуына рұқсат етіледі.

"Бұл да қоғамда көптен бері көтеріліп жүрген өзекті мәселе", - деді Мұсырман.

Сонымен қатар, депутаттар ешқандай құжаты жоқ шетелдік азаматтарды елден шығаруға мүмкіндік беретін "жол жүру" құжатын енгізуді ұсынды.

Депутаттың айтуынша, соттардың шешімімен елден шығуы тиіс жүздеген шетелдік ешқандай жарамды құжатының болмауына байланысты Қазақстан аумағынан шығарылмай, полицияның қабылдау-бөлу орындарында мемлекеттік бюджет есебінен тегін тұрып жатыр.

Мәжіліс заң жобасын мақұлдап, сенаттың қарауына жіберді.

Жаңалықтар
0