Қоғам

Денсаулық министрі: жалпыұлттық карантин жарияламаймыз

© Sputnik / Абзал КалиевМинистр здравоохранения Елжан Биртанов
Министр здравоохранения Елжан Биртанов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстанда 13 наурыздан бастап көпшілік іс-шараларға, соның ішінде мерекелік, спорттық, мәдени-көпшілік шаралар, конференциялар, семинарлар мен көрмелерге тыйым салынады

НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирустың алдын алуға арналған уақытша шектеудің мерзімі туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бұл шешім бас санитарлық дәрігердің қаулысы негізінде шығырылып отыр. Оған коронавирусқа байланысты әлемдегі эпидемиологиялық жағдай түрткі болды. Шектеудің нақты мерзімі жоқ. Эпидемиологиялық жағдай жақсарғанда алып тастаймыз. Әзірше, уақыты белгіленбеген. Шектеуді алып тастағанда арнайы шешім шығарамыз", - деді Біртанов арнайы баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, биыл Наурыз мейрамына арналған көпшілік шаралар ұйымдастырылмайды. Алайда адамдардың бір-біріне барып, мерекемен құттықтауға шектеу жоқ. Сауда орталықтары мен базарлар жұмыс істей береді. Алайда кинотеатрлар мен театрлар жабылады.

"Қазіргі кезде "үкімет шектеу шараларын енгізу арқылы жалпыұлттық карантин енгізіп отыр" деген пікір бар. Олай емес. Бұл жерде көпшілік және мерекелік шараларға ғана тыйым салынады. Барлық қоғамдық орын жабылады деген сөз жоқ. Мемлекет басшысы да шағын және орта бизнес жұмыс істеуі керек деді. Сондықтан үйірме және тағы басқа жерлерге баруға болады. Бұқаралық шаралар ғана уақытша тоқтатылады", - деп атап көрсетті Біртанов.

Тоқаевтың тапсырмасы

Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы қоғамдық шаралардың уақытша тоқтатылатынын мәлімдеді. Осыған байланысты коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қосымша шараларды әзірледі. 13 наурыздан бастап бұқаралық іс-шараларға, соның ішінде мерекелік, спорттық, мәдени-көпшілік шаралар, конференциялар, семинарлар мен көрмелерді өткізуге тыйым салынады.

Бұдан бөлек, барлық қоғамдық ұйым арнайы режимге көшеді. Жалпы, мынадай шаралар қарастырылған:

  • Денсаулық сақтау ұйымдары, қоғамдық көпшілік орындары, білім беру ұйымдары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, қоммуналдық шаруашылық, тамақ өнеркәсібі орындары, базарлар, қонақ үйлер, әуежайлар мен вокзалдарда күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим енгізу;
  • Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік нысандарға, әлеуметтік оңалту орталықтарына, мүгедек балаларға арналған оқу орындарына баруға шектеу қою;
  • Каникул кезінде оқушылардың өңірден тыс жерлерге экскурсия жасауына тыйым салу;
  • Қоғамдық көлікті жуу мен дезинфекциялау, орта білім беру ұйымдарының 2020 жылдың 16 наурызы мен бастап 5 сәуірі аралығында каникулға шығуын қамтамасыз ету;
  • 16 наурыздан бастап колледж бен жоғары оқу орындарын қашықтықтан оқытуға, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрін қашықтықтан жүргізуге ауыстыру;
  • 1"а", 1"б", екінші және үшінші санаттағы елдерге халықаралық спорт, мәдени, туристік шараларға тыйым салу сияқты уақытша шектеу енгізу.
Жаңалықтар
0