Қоғам

Табысынан айырылған екі жүз мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алды

© Sputnik / Абзал КалиевПортмоне с деньгами
Портмоне с деньгами - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әлеуметтік төлем алуға 1 миллион 688 мың 131 азаматтан барлығы 2 миллион 755 мың 866 өтініш келіп түскен

НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір – Sputnik. Төтенше жағдай кезеңінде табысынан айырылуына байланысты 216 922 адамға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалды.

8 сәуірдегі мәлімет бойынша әлеуметтік төлем алу үшін 1 миллион 688 мың 131 азаматтан барлығы 2 миллион 755 мың 866 өтініш келіп түскен.

"Осылайша, 1 миллион 67 мың 735 қайталанатын өтінім тіркелді. Өтініштерді қарау мерзімдерінің ұлғаюына жол бермеу мақсатында азаматтардан өтінішті бір рет беруін сұраймыз", - делінген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан хабарламада.

Деректерді тексеру және өтінішті қарау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорында төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ға жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді.

Оқи отырыңыз: Енді 42 500 теңгені үйден шықпастан алуға болады 

Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.

Төтенше жағдай кезеңінде табысынан айырылған жағдайда бір адамға айына 42 500 теңге мөлшерінде төмендегі санаттарға әлеуметтік төлем беріледі: 

  • шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
  • карантин енгізілген елді мекендерде қызметін атқаратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
  • мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
  • жеке кәсіпкерлерге;
  • жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
  • бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;
  • нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы (бұдан әрі – АҚС) шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдар.
Жаңалықтар
0