Қоғам

Ішкі істер министрлігі полицейлерге төленетін үстемеақының мөлшерін айтты

© Photo : департамент полиции Северо-Казахстанской областиПолицейские на блокпостах в Петропавловске
Полицейские на блокпостах в Петропавловске - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазіргі уақытта коронавирус эпидемиясына қарсы іс-шараларға ішкі істер органдарының 52 мың қызметкері тартылған

НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір – Sputnik. Коронавирусқа қарсы шараларға қатысып жүрген ішкі істер органдарының қызметкерлеріне үстемеақы беріледі. Бұл туралы министрдің орынбасары Юрий Ильин мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде карантиндік аймақтардың өткізу-бақылау бекеттерінде, науқастар жатқан медициналық мекемелерде және тағы басқа коронавирус жұқтыру қаупі бар жерлерде жұмыс істеп жүрген қызметкерлер аз емес. Олардың барлығына үстемеақы беріледі.   

"Бізде қауіпсіздік шараларына қатысып жүргендер көп. Басшылық емес, қатардағы қызметкерлердің саны 52 мың адамды құрайды. Дәл осы қызметкерлер бір айлық жалақы көлемінде үстемеақы алады. Иә, олардың жалақысы әртүрлі. Дегенмен, тура бір жалақының мөлшерінде болады. Оған бөлінген қаржының жалпы көлемі 6 миллиард теңгеден асады", - деді Ильин бүгінгі онлайн-брифингте.

Айта кетейік, бұған дейін президенттің тапсырмасы бойынша коронавирус эпидемиясына қарсы іс-шараларға тартылған барлық медицина қызметкеріне жалақыға қоса ай сайын үстемеақы беру тәртібі бекітілген болатын. Төлемдер коронавирусты жұқтыру қаупіне қарай үшке бөлінеді. 

Медицина қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 миллион теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік төлем беріледі. Ал маман коронавирустан көз жұмса, 10 миллион теңге бөлінеді.

Жаңалықтар
0