Қоғам

Тура бір ай: төтенше жағдай қазақстандықтардың өмірін қалай өзгертті

© Sputnik / Владислав ВодневЕлорда көшелерінде қозғалыс шектелді
Елорда көшелерінде қозғалыс шектелді - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Отыз күн ішінде қазақстандықтар үйден жұмыс істеп, ал оқушылар мен студенттер қашықтан оқуды үйренді

НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысының жарлығымен 16 наурыздан елде төтенше жағдай жарияланды. Режим бір айға созылуы тиіс еді, алайда оның мерзімі 1 мамыр сағат 07.00-ге дейін ұзартылды. Отыз күн ішінде қазақстандықтардың өмірінде не өзгергенін Sputnik Қазақстан шолуынан оқыңыздар.

Қазақстаннан коронавирус табылған күннен бастап (13 наурыз) ел билігі арнайы алдын алу шараларын қолға алды. Барлық бұқаралық шараға тыйым салынды, оқушылар мерзімінен бұрын демалысқа аттанса, студенттер қашықтан оқуға кірісті.

19 наурыздан Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды. Қалаға кіріп-шығу толығымен тоқтатылды. Артынша елдің басқа қалалары мен облыстары да карантиндік шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Коронавирус бүкіл өңірге тарай бастады.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Қазақстанда төтенше жағдай режимін ұзартты

Ірі сауда орталықтары, мейрамханалар мен дәмханалар, спорт кешендері, саябақтар, балалардың ойын алаңдары, балабақшалар, мешіттер  – көпшілік жиналатын барлық орын уақытша жабылды.

Қазақстандықтардың басым бөлігі қашықтан жұмыс істеуге көшті.

Далаға себепсіз шығуға болмайды

28 наурыздан ел астанасы мен Алматыда карантин күшейтілді. Тұрғындарға үйден тек дүкенге, дәріханаға және жұмысқа шығуға рұқсат етілді. Жұмысқа бару үшін өзіңізбен бірге анықтама алып жүру керек.

30 наурыздан 5 сәуірге дейін екі қалада жұмыс бір аптаға тоқтатылды. Қоғамдық көліктер тоқтады. Адамдарға үйден себепсіз шығуға тыйым салынды.

Полиция далаға шыққанда, міндетті түрде маска тағу керектігін ескертті. Тәртіпке бағынбағандар жазаланады.

Төтенше жағдай сәуір айының соңына дейін ұзартылғаннан кейін, Алматы әкімдігі жұмыссыз режимді 30 сәуірге дейін созды. Бұған қарамастан кейбір шағын және орта бизнес кәсіпорындары біртіндеп қалыпты жұмысын бастай береді.

Оқушылар үйден оқып жатыр

Мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап демалысқа шыққан еді. 6 сәуірде төртінші тоқсан басталды. Қазір олар қашықтан білім алып жатыр.

Карантин кезінде қашықтан оқыту "Ел арна", "Балапан" телеарналары, "Qazaq radiosy", интернет-ресурстар мен пошта арқылы жүргізіледі.

Бір сабақтың ұзақтығы 30 минутқа созылады. Оқушы, мұғалім, ата-ана кері байланысты "kundelik", "bilimal" мектеп жүйелері арқылы орнатады.

Тағы оқыңыз: Қашықтан оқу кезінде мұғалімдер есеп бермейді – министр

Білім және ғылым министрлігінің ақпаратынша, елімізде компьютері жоқ үш жүз мыңнан астам бала бар. Уәкілетті орган бұл мәселені екі жолмен шешті.

Біріншісі, мектептердегі компьютерлерді балаларға уақытша пайдалануға берген. Екіншісі, қосымша компьютерлер сатып алды.

Қашықтан оқуға қарамастан, оқушылардың жазғы демалысы өзгерген жоқ. Балалар әдеттегідей 25 мамыр күні демалысқа шығады. Биыл қорытынды аттестациялық емтихан өткізілмейді. Аттестатқа жылдың қорытынды бағалары қойылады.

Ұлттық бірыңғай тестілеу мерзімінде де еш өзгеріс жоқ.

Жалақысыз қалғандарға –  42 500 теңге

Президенттің тапсырмасымен төтенше жағдайға байланысты кірісінен айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы – 42 500 теңге жәрдемақы беріледі.

Әлеуметтік төлем төтенше жағдай аяқталғанға дейін төленеді. Төлемді екінші рет алу үшін тағы да өтініш берудің қажеті жоқ.

Зейнеткерлер немесе жәрдемақы алатындар төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеген болса, 42 500 теңгеге өтініш беруге құқылы.

Табысынан айырылған, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға да әлеуметтік төлем төленеді.

Сонымен қатар, ең төменгі жалақы мөлшеріндегі көмекке төтенше жағдайға байланысты жұмыссыз қалған студенттер де ілігеді.

Баласы бір жасқа толған, декретте отырған әйелдер де өтініш бере алады.

Әлеуметтік төлемге өтінішті eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.

Бұдан бөлек, еңбек министрлігі 42 500 теңге жәрдемақы алуға берген өтініштің статусын тексеруге мүмкіндік беретін арнайы сервисті іске қосты.

Ақхалаттыларға үстемеақы төленеді

Коронавирус эпидемиясымен күресіп жатқан дәрігерлерге үш ай бойы жалақысына үстемеақы төленетін болды.

Медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне қарай үш топқа бөлінген.

"Қауіптілігі аса жоғары" — жансақтау бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы - 850 мың теңге;

"Қауіптілігі жоғары" – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Оларға 425 мың теңге төленеді;

Тағы оқыңыз: Министрлік 42 500 теңгені қайтаруға қатысты сауалға жауап берді

"Қауіптілігі орташа" – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және т. б. Үстемеақы 212,5 мың теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, медицина қызметкері коронавирус жұқтырып алған жағдайда, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін 2 миллион теңге төленеді. Егер қайтыс болып кетсе, 10 миллион теңге өтемақы қарастырылған.

Кредит пен салық демалысы

Төтенше жағдайда қаржылай қиындыққа тап болған азаматтар кредит төлеуден үш айға босатылды. Тәртіп бойынша төтенше жағдайға дейін, яғни 16 наурызға дейін берілген кредиттер ғана үш айға шегеріледі.  Кредитті шегеру кезінде айыппұл мен өсімпұл есептелмейді.

Сонымен қатар, шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетілді. Кәсіпкерлер салықтан уақытша босатылды.

ШОБ өкілдері осы жылдың бірінші қазанына дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылды. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды.

1 маусымға дейін барлық салық пен бюджетке төленетін міндетті төлемдерді және әлеуметтік жарналар (жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, қызметкер үшін әлеуметтік және медициналық сақтандыру) кейінге қалдырылды.

Ірі сауда орындары, сауда ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер, қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй, хостел және туристік қызмет объектілері жылдың соңына дейін мүлік салығынан босатылды.

Тағы оқыңыз: Төтенше жағдай: қазақстандықтардың банктегі есепшотына қатысты тың ақпарат жарияланды

Салық салудың жалпы белгіленген тәртібінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жыл соңына дейінгі мерзімде жеке табыс салығын төлемейді.

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жылдың соңына дейін жер салығынан босатылып отыр.

Бұдан бөлек, осы жылдың 20 наурызынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері меншікті жалға алу ақысын уақытша төлемейді.

Әскери міндеттілер жиынға шақырылды

2 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы жарлыққа қол қойды.

Арнаулы жиынға шақырылған азаматтардың міндеті – коронавирустың таралуын болдырмау, инфекция анықталған нысандарды қорғау, төтенше жағдай режимі кезінде туындайтын басқа да міндеттерді орындау.

Жергілікті билік арнаулы жиындарға қанша әскери міндетті шақырылатынын  өзі белгілейді.

Әскери жиындар үш айға дейін созылады. Арнайы жиындарға шақырылатын азаматтар тұрғылықты жері бойынша жұмыс істейді. Әскери казармада жатпайды. Күндіз әскери қызметін атқарса, кешке қарай үйіне барады.

Кімдер арнаулы жиыннан босатылады:

  • қорғаныс, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар қызметкерлері;
  • авиация қызметкерлері;
  • егістік жұмыстарына қатысатындар;
  • педагогтар;
  • күндізгі бөлімде оқитындар;
  • әйелдер;
  • 18 жасқа дейін үш және одан көп баласы бар азаматтар;
  • тергеуге ілінген адамдар.
  • жергілікті органдардың депутаттары.

Паспорт пен жүргізуші куәлігі қымбаттады

1 сәуірден бастап айлық есептік көрсеткіш 2 651 теңгеден 2 778 теңгеге дейін өсті. Осыған байланысты құжаттарды ресімдеу бағасы да өзгерді.

  • Паспорт алу үшін мемлекеттік баждың құны – 8 АЕК немесе 22 224 теңге
  • Жеке куәлік бағасы – 0,2 АЕК немесе 555,6 теңге
  • Жүргізуші куәлігін алу үшін мемлекеттік баж құны – 1,25 АЕК немесе 3 473 теңге.

АЕК салық түрлері мен мемлекеттік баж секілді төлемдер, сонымен қатар зейнетақы, жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде пайдаланылады. Олардың мөлшері қалай өзгергенін мына сілтемеден біле аласыздар.

Жаңалықтар
0