Сотрудник лаборатории проводит исследование пробы на коронавирус

Қазақстанда бұрынғы денсаулық вице-министрінде коронавирус расталды

1858
(Жаңартылды 10:30 22.04.2020)
Қарамағындағы қызметкерде коронавирус табылғанын министр хабарлады. Қазіргі уақытта науқас ауруханада жатыр

АЛМАТЫ, 22 сәуір –Sputnik. Бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыровтан коронавирус анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook парақшасында хабарлады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Кеше Камалжан Надыров денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылып, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы қызметіне тағайындалған болатын.

"Кеше үкімет қаулысымен Камалжан Надыров басқа жұмысқа ауысуына байланысты денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылды. Алматы қаласында коронавирустық инфекция кеңінен тарап, жағдай қиындаған соң қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қазіргі басшысы Тілеухан Әбілдаев отставкаға кету туралы өтініш білдірген болатын. Қаладағы команданы күшейту мақсатында басқарма басшысы лауазымына Надыровты тағайындау жоспарланған еді",- деп жазды министр.

Вице-министр здравоохранения Камалжан Надыров
© Sputnik / Тимур Батыршин
Бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров

Алайда Надыровтың коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды.

"Кеше кешке Надыровқа коронавирус инфекциясын жұқтырды деген диагноз қойылды, қазір ол емделу үшін ауруханаға жатты. Әріптесім Камалжан Талғатұлының тез сауығып кетуіне тілектеспін және қолдау білдіремін!", - деп жазды Біртанов.

Соған байланысты Алматы қаласы әкімінің келісімімен Тілеухан Әбілдаевтың отставкаға кету туралы өтініші тоқтатылды.

Сонымен қатар министр Алматыдағы COVID-19 қатысты жағдай мемлекет және қала басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Тағы оқыңыз: Мамырда карантин ұзартылуы мүмкін, бұл қауіпті кезең – денсаулық сақтау министрі

Соңғы мәліметке сәйкес, қалада 680 адамның инфекция жұқтырғаны анықталды, науқастардың жартысына жуығы – медицина қызметкері. 

"Орталық қалалық клиникалық ауруханадағы індеттің ошағы оқшауландырылды, барлық науқас, коронавирус инфекциясы диагнозы расталған қызметкерлер қаладағы стационарларға жатқызылып, ем қабылдауда",- деп жазды министр.

Орталық аурухана ғимараты дезинфекцияланған соң ғана науқастарды қабылдайтын болады.

 

1858
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы (2031)
Тақырып бойынша
Денсаулық сақтау вице-министрі не себепті қызметінен кеткені белгілі болды
Людмила Бюрабекова денсаулық сақтау вице-министрі болды
Әзірге вирустың таралу шыңында тұрмыз – Біртанов
Қазақстандағы COVID-19: вирус 2 025 адамда расталды
Вакцина, коронавирус

COVID-19-ке қарсы вакцинаны 5 жағдайда салдыруға болмайды маман кеңесі

9
(Жаңартылды 15:51 27.01.2021)
АҚШ-тың Джордж Мэйсон университетінің жүйелі биология мектебі арнайы зерттеу жүргізген. Мамандар қорытындысын бөлісті

НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Өткір респираторлық вирустық инфекция, коронавирус оң тесті, постковидтік жағдай, IgM антиденелері бар болғанда және ауыр сырқат кезінде вакцина салдыртуға болмайды. АҚШ-тың Джордж Мэйсон университеті жүйелі биология мектебінің мамандары осы бес жағдайда вакцина алуға болмайды деп отыр. 

"Мәселен, біз антиденеге қан тапсырып, М иммуноглобулиндері табылса, ағза вирусқа иммундық жауап беруді жалғастырып жатыр деген сөз. Демек, ПЦР-тест теріс нәтиже көрсетсе де, ағза вируспен байланыста. Вирус жасырын болуы мүмкін. Бұл жағдай персистенция деп аталады", - деді биологтар.

Ал постковидтік жағдай деген ағзада IgG, без IgM антиденелерінің болуы. Олар болса, вакцинациядан өтудің қажеттілігі жоқ, деп жазады Lenta.ru7

"Иммуносупрессия немесе склероз сырқаты барлар да екпе салдырмас бұрын дәрігерге қаралуы тиіс. Бірақ дәрігерлер де мұндай жауапкершілік алғысы келмейді", - дейді мамандар.

Еске сала кетсек, 1 ақпанда қазақстандықтарға COVID-19-ға қарсы вакцина егу науқаны басталады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салу жоспарланып отырғанын айтты.

9
Екпе

"Шешім қабылдаған жоқпын": министрлер мен депутаттар қандай вакцина салдыратынын айтты

212
(Жаңартылды 15:24 27.01.2021)
Наурыз айында COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинамен жаппай егу басталады. Ал қазірге кезде QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің соңғы ІІІ сатысы өтіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Қазақстандық депутаттар мен министрлер коронавирусқа қарсы вакцинаның тиімділігіне сенеді. Кейбірі тіпті отандық вакцинаны бірінші болып салдыруға дайын. Бұл туралы олар Sputnik Қазақстанға берген сұқбатында айтты.

Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай COVID-19-ға қарсы вакцина алуға дайын екенін жеткізді. Бірақ, әзірге ресейлік "Спутник V" немесе қазақстандық QazCovid-IN вакциналарының қайсысын егетінін шешпеген.

"Әзірге шешім қабылдаған жоқпын. Бірақ, қалай болғанда да, егер халыққа салынса, мен де шет қалмаймын. Өйткені бұл жаппай вакцинация ғой. Әрине, қарсы шығып жатқандар да бар. Бірақ біз бәрін түсіндіруіміз керек. Адамдар түсінеді деп ойлаймын. Қауіп жоқ емес, алайда вакцина болмаса, оның орнына басқа нәрсе қажет. Сол себепті бұл бағытта тиісті жұмыс жүріп жатыр", – деді мәжілісмен Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Ол өзі де, жақындары да коронавируспен ауырмағанын айтты.

Ал ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз таңдауын жасап қойған. Тіпті, препаратты полицейлердің арасында бірінші болып аламын деп отыр.

"Мен қазақстандық вакцинаны салдырамын. Полиция қызметкерлері арасында бірінші болып қабылдаймын", – деп қысқа қайырды ведомство басшысы.

Әділет министрі Марат Бекетаев ақ халаттылардың кеңесімен вакцина алатынын жеткізді.

"Мен дәрігерлердің кеңесіне құлақ асамын. Дәрігерлерімізге сенемін, қандай ұсыныс айтса, соны істеймін", – деді министр.

Биліктен кімдер вакцина салдырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық вакцинаны салдыратынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы қазақстандық препараттың сынақ нәтижелерін күтіп отыр.

"Егер жақсы нәтиже көрсетсе, мен дәл осы қазақстандық вакцинаны салдырамын", – деген болатын Тоқаев 26 қаңтарда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Қазақстандық QazCovid-in вакцинасын алғаш салғызған шенеуніктердің бірі – білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Ведомство басшысы екпені былтыр тамыз айында ектірді. Ол вакцинадан кейін дене қызуы көтерілмегенін, антидене пайда болғанын айтқан еді.

Коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан президентінің көмекшісі Ерлан Қарин де салдырды.

Жаппай вакцинация

Қазақстанда биыл 1 ақпанда жаппай вакцинациялау басталады. Инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен ресейлік "Спутник V" вакцинасы егіледі. Вакцинациялау ерікті түрде және тегін салынады.

Вакцина бірінші кезеңде:

Инфекциялық ауруханалар, жедел жәрдем, реанимация бөлімшелері, науқастарды қабылдау бөлмесі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысшылары – 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап шамамен 100 мың адам;

екінші кезеңде:

жалпы білім беретін мектептер, жоғары оқу орындарының педагогтері, медициналық қызметтің жұмысшылары – 2021 жылдың наурызынан 150 мыңға жуық адам;

үшінші кезеңде:

мектеп-интернаттар, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтері, созылмалы аурумен ауыратындар – сәуір айынан бастап 600 мың адам.

Айта кететін жәйт, "Спутник V" 18 жасқа дейінгі балаларға салынбайды. Яғни, екпе Қазақстанның кәмелет жасына толған азаматтарына ғана салынады.

Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салуды жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз: Төрт ай бұрын коронавирусқа қарсы екпе салдырған қазақстандық сұқбат берді

Ал 2021 жылдың наурыз айында COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинамен жаппай егу басталады.

Қазір QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің соңғы ІІІ сатысы өтіп жатыр. Оның аясында вакцина 3 мың еріктіге егілді.

212
Кілт сөздер:
вакцина, екпе
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы (2031)
Тақырып бойынша
Балаларға екпе салу қашан басталады?
Балаларға профилактикалық екпе салынып жатыр – денсаулық сақтау министрлігі
"Үкімет күшіне сенбей ме?": Бекболат Тілеухан екпе туралы заңға қарсы шықты
Тұмауға қарсы вакцинация: министр Цой өзіне екпе салдыруды жоспарлап отыр
Қазақстандағы екпе салу туралы шындық - денсаулық министрі жазба жариялады