гүл

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Дәукенова өмірден озды

1201
Гүлнар Дәукенова - халық арасында кеңінен танылған "Сағындым сағым жылдар", "Күрең күз", "Қайран уақыт", "Шыңдағы шынарым-ай", "Мөлдір сезім" секілді көптеген әндердің авторы

АЛМАТЫ,14 мамыр – Sputnik. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" орденінің иегері, әнші әрі композитор Гүлнар Дәукенова қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қаралы хабарды Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, режиссер Асхан Маемиров Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.

"Өміршең әндерімен, көкейкесті күйлерімен тербеген әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, ҚР композиторлар одағының мүшесі Гүлнар Дәукенова өмірден өтті. Халық арасына кеңінен танылған "Сағындым сағым жылдар", "Күрең күз", "Қайран уақыт", "Шыңдағы шынарым-ай", "Мөлдір сезім" секілді көптеген әндердің авторы Гүлнар Дәукенова әпкеміздің туындылары да, өзінің жан дүниесі секілді шынайылыққа, сыршылдыққа, лиризмге толы болатын", - деп жазды Маемиров.

Сонымен қатар ол Дәукенованың шығармашылығына тоқталды.

"Еліміз тәуелсіздігін алған тұста үлкен толғаныстан туған "Жасай бер, Қазақстаным!" күйі көптеген оркестрлердің репертуарының алтын қорына енді. Елге деген махаббатын әнмен, күймен өрнектеген Гүлнар апа өмірде кішілік пен кісілікті, адалдық пен мейірімді, адамгершілік асыл қасиеттерді ту етті. Көптеген әндері - марқұм Мәдина Ералиева шығармашылығының бойтұмарына айналды",- деп жазды ол.

Гүлнар Дәукенова 1961 жылы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында дүниеге келген. Үржар ауданының музыка мектебін және Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесін бітірген. Ол жерде Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың сыныбында оқыған. Алматы мемлекеттік консерваториясының аспаптық орындау факультетін, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Малғаждар Әубәкіровтің сыныбында бітірген. 25 жыл Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің домбырашысы болды.

Гүлнар Даукенованың әндерін Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Айгүл Қосанова, Тамара Асар, Меруерт Түсіпбаева, Айгүл Иманбай, Гүлнар Оразымбетова, Ақбота Керімбекова,Мирас пен Құралай, "Жігіттер" квартеті, "Кешью" топтары орындап жүр. 

1201
Индонезиядағы жер сілкінісі

Мемлекет басшысы Индонезия президентіне көңіл айтты

13
(Жаңартылды 19:49 15.01.2021)
Индонезияда соңғы тәулікте бірнеше рет жерасты дүмпуі болды. Салдарынан отыздан астам адам көз жұмып, 600-ден астам тұрғын зардап шекті

НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезия президенті Джоко Видодоға көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы Сулавеси аралындағы күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза болуына байланысты Индонезия Президенті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады.

"Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болған адамдардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Осындай қиын жағдайда біз индонезиялық достарымыздың қайғыларына ортақтасып, олармен бірге екенімізді жеткіземін. Сонымен қатар табиғат апатынан зардап шеккендердің тезірек сауығып, үйлеріне оралуына тілектестік білдіремін", – делінген жеделхатта.

Индонезиядағы жер сілкінісі

Индонезияда соңғы тәулікте бірнеше рет 5,7 және 6,2 магнитудалы жойқын жер сілкінісі болды. Салдарынан отыздан астам адам көз жұмып, 600-ден астам тұрғын зардап шекті.

Жер сілкінісі салдарынан жергілікті аурухана ғимараты құлап, медицина қызметкерлері мен емделушілер үйінді астында қалғаны белгілі болды.

Билік 15 мыңнан астам тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді.

13
Тақырып бойынша
Тоқаев парламент отырысында қандай уәде берді – толық ақпарат
"Әділ болуы керек": Тоқаев зейнетақы жинағын пайдалану туралы айтты
Президент мәжіліске өтпеген саяси күштер туралы пікір білдірді
Бірнеше депутат премьер-министр кандидатурасын қолдамады – Тоқаев не деді
Ауылға баратын әрбір жол толығымен жөнделеді – Тоқаев
Құс пен қыс

Демалыс күндері ауа райы қандай болады

277
Қостанай облысының кей жерінде бұрқасын болып, тұман түседі. Оңтүстік-шығыс пен оңтүстіктен секундына 15-20 м/с жел соғады

АЛМАТЫ, 15 қаңтар – Sputnik. Қазгидромет синоптиктері 2021 жылдың 16-18 қаңтарында ауа райы қандай болатынын жариялады.

Сенбі, жексенбі күндері республиканың батысы мен солтүстігінде Жерорта теңізі циклонының әсерінен ауа райы тұрақсыз болады.

Кей жерлерде жауын-шашын түседі, батыста қар мен жаңбыр араласып, солтүстікте қар жауады.

Сондай-ақ кей жерлерде жел күшейіп, боран соғады, ауа температурасы көтеріледі. Қазақстанның қалған аумағында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республика бойынша кей жерлерде тұман түседі.

Мегаполистерде ауа райы қандай болады

Нұр-Сұлтанда түнде минус 13-15 градус, күндіз 4-6 градус аяз болады.

Алматыда түнде минус 8-10, күндіз плюс 5-7 градус.

Шымкентте түнде плюс 1-3, күндіз 15-17 градус жылы болады.

Дабылды ескерту жарияланды

Ақмола облысының кей жерлерінде бұрқасын болады. Оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен секундына 15-20 метр жел соғады.

"Ақтөбе облысының кей жерінде тұман, көктайғақ болады. Оңтүстік-шығыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысып, секундына 18 метр жылдамдықпен жел соғады. Мұғалжар ауданында түнде желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді", – делінген хабарламада.

Батыс Қазақстан облысының кей жерінде тұман, көктайғақ, бұрқасын болады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы – 15-20 м/с, күндіз екпіні секундына 25 м/с жетеді.

16 қаңтарда Қызылорда облысының кей жерінде желдің жылдамдығы секундына 15-20 м/с-ке жетеді.

Қостанай облысының кей жерінде бұрқасын болып, тұман түседі. Күндіз кей жерлерде көктайғақ болады. Оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен секундына 15-20 м/с жел соғады.

Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман түсіп, күндіз бұрқасын болады. Жел оңтүстік, оңтүстік-шығыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғады.

Петропавлда түнде оңтүстіктен, оңтүстік-шығыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады.

277
Кілт сөздер:
табиғат, ауа райы