НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз мектеп-интернатында қайтыс болған төрт оқушының денсаулық жағдайы жете бағаланбағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ол мұндай пікірді кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысында айтты.
"Балалардың қайтыс болуына байланысты олардың денсаулық жағдайы жете бағаланбағанын атап өткен жөн. Нәтижесінде, жасөспірімдер ауданаралық ауруханаға кешігіп жатқызылған. Жергілікті жердегі медициналық көмек көрсету барысында ешқандай ақау болған жоқ. Бірақ, балалар ауыр патологиямен ауыр жағдайда қабылданғандықтан, көптеген ағзалық дерт салдарынан сөз жұмды", – деді Бюрабекова.
Аягөздегі мектеп-интернатта бала күтіміне байланысты бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.
"Стационарлық көмек көрсетуге лицензия бар, бірақ ғимараттың өзі стандартқа сәйкес келмейді", – деп атап өтті Бюрабекова.
Оның айтуынша, мектеп-интернаттың терапевт-дәрігері балаларды қабылдап, тексеруден өткізуі тиіс. Алайда, балалардың күнделікті тексеруден өткендігі туралы ешқандай дәлел жоқ.
"Құжаттамалық жұмыстар жүргізілмегендіктен, балалардың тексерілгенін дәлелдеу мүмкін емес. Бүгінгі таңда тексеру тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жалғасуда", – деді вице-министр.
18 мамыр күні Аягөздегі арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын балалар орталығы, психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған мектеп-интернаттың төрт тәрбиеленуші қайтыс болғаны белгілі болды.
Сондай-ақ, осы орталықтың оннан астам баласы қызылша диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Тіпті, кейбіреулерінен ішек инфекциясы анықталды.
Аягөз қаласы облыс орталығы – Өскеменнен 310 шақырым жерде орналасқан.
Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Қазақстандағы балалар омбудсмені Аружан Саин мекеменің қашықта орналасқандығы өзекті мәселе деп атап өтті.
"Мекеме шалғайда болғандықтан оған қоғамдық бақылау жүргізу қиынға соғады", – деді ол.
Балалар омбудсмені шағын қалаларда орналасқан балалар мектеп-интернаттарын облыс орталықтарына көшіруге тырысатынын мәлімдеді.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Аягөздегі интернатта балалардың қайтыс болуына байланысты кешенді тексеріс жүргізу туралы шешім қабылдады.
Ол еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық сектор мен мемлекеттік органдар өкілінің қатысуымен медициналық және әлеуметтік мекемелерді, балалар үйлерін, балалар үйлері мен мектеп-интернаттарды кешенді тексеру қажет екенін мәлімдеді.
"Ведомствоаралық комиссияның атынан біз Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне барлық ұсыныстарды, оның ішінде мекемені облыс орталығына көшіру мәселесін қарастыруды тапсырамыз. Үлкен қаладан алыс өңірлерде балалардың денсаулығы үшін маңызды қызметтерді көрсетуде үлкен қауіптер бар", – деді Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Ақтөбедегі балалар шипажайында баланы ұрып-соққан: видео жарияланды
Сондай-ақ министрдің пікірінше, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның жұмысын да қайта қарау шаралары қабылдануы қажет.
"Мұндай ұйымдардың барлығында қоғамдық бақылау институтын дамыту керек", – деді білім және ғылым министрлігінің басшысы.
НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Парламент мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитеті қоғамда шу туғызған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасын кері қайтарып алу жайлы шешім қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Заң жобасын 2019 жылы президенттің жолдауынан кейін парламенттің бір топ депутаты әзірледі. Мемлекет басшысы елде отбасылық-тұрмыстық жанжалдың артып бара жатқанын мәлімдеген болатын.
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Sputnik Қазақстан тілшісіне заң жобасы 10 айдан астам парламент қабырғасында талқыланып жатқанын айтты.
"Жұмыс топтары заң жобасымен жұмысты тоқтатқан жоқ. Қазіргі заң – мүлде басқа құжат. Парламенттен бөлек, заң жобасымен тағы 55 ұйым жұмыс істейді. Қазір көбі депутаттарға жала жабуда, құжатта мүлде болмаған баптарды айтып жатыр", - дейді депутат.
Айтуынша, мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Жәмила Нұрманбетова заң жобасын кері қайтару және оның мазмұнын жетілдіру туралы шешім қабылдаған.
Тағы оқыңыз: Тоқаев қазақстандықтар қызу талқылап жатқан заң жобасына қатысты пікір білдірді
"Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің басшысы нормаларды тағы бір мәрте қарау және заң жобасына тағы бір рет тәуелсіз бағалау жүргізу үшін заңды қайтарып алды. Заң жобасымен жұмыс қанша уақыт қажет болса, сонша жалғасады", - деп нақтылады депутат.
Айта кетсек, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасын парламенттің сегіз депутаты әзірлеген. Құжат балалардың құқығын қорғайды және тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтуға септігін тигізеді.
Жазаны қатаңдатудан бөлек, зорлық-зомбылық жасайтындарға емделуге мүмкіндік беріледі.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Құжатқа қарсы шыққандар көп. Десе де, құқыққорғаушылар мен заңгерлер қазақстандықтарды отбасындағы зомбылықтан қорғауға мүмкіндік беретін заң жобасының қабылданғанын құптап отыр.
НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғалымы, вирусолог, профессор Леспек Кұтымбетов отандық QazCovid-in вакцинасының құрамы туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан білім және ғылым министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Инактивті вакцинаны дайындау технологиясы қарапайым. Ол басқа вакциналарға қарағанда қауіпсіз әрі тиімді әсер етеді. Вакцинаны егу нәтижесінде мықты иммунитет қалыптасады. Мысалы, ауырып, кейін сауыққан адамда пайда болатын иммунитетпен салыстыруға болады. Инактивті вакцинаны дайындау үшін пайдаланылған компоненттердің басым бөлігі ондаған жылдар бойы ғылыми тұрғыда пайдаланылып келеді. Олардың зияны болмаған. Сондықтан біз QazCovid-in әзірлеу үшін вакцинаның инактивті түрін таңдадық", – дейді Кұтымбетов.
Оның айтуынша, вакцинаның барлық құрамдас бөлігі басқа да вакциналарды әзірлеу кезінде пайдаланылады. Сондықтан сенімді компоненттерден тұрады.
"Инактивті вакцинаның платформасы қауіпсіз. Халықтың көпшілігі вакцинаның құрамындағы компоненттерді басқа да вакциналар арқылы бұған дейін де қабылдаған. QazCovid-in препаратын әзірлеу барысында пайдаланылған жалғыз жаңа компонент – белсенді емес вирус", - деп атап көрсетті ғалым.
Айта кетейік, бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, президенттің көмекшісі Ерлан Карин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин клиникалық зерттеулерден тыс ерікті түрде отандық вакцинаны салдырған болатын.
АЛМАТЫ, 27 қаңтар – Sputnik. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев қаладағы COVID-19 статистикасы алаңдаушылық тудырып отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қаладағы эпидемиологиялық жағдай алаңдатуда. Алматы "қызыл" аймаққа енді. COVID-19 статистикасы сөзсіз алаңдаушылық тудыруда. Ауырғандардың күнделікті саны 130 адамнан төмен түспей тұр", - деді Табынбаев.
Қаланың бас дәрігері онлайн-брифинг барысында Алматыдағы инфекциялық стационарлардың 61%-і бос тұрғанын хабарлады. Сонымен қатар 5 145 төсек-орын резервте тұр.
"Қазір тәулігіне орташа есеппен 50-90 науқас емдеуге жатқызылып жатыр. Ал жансақтау бөлімінің 50%-інде науқастар жатыр, жалпы 120 реанимациялық төсек-орын бар", - деді ол.
Нариман Табынбаевтың айтуынша, бірінші ақпаннан бастап жүргізілетін вакцинацияға байланысты ресейлік Спутник V вакцинасы жеткізіледі.
"Қаңтардың соңында Алматыға вакцинаның 1 450 дозасы келіп түседі. Ақпанда алты мың доза және шілдеге дейін 150 мың доза алу жоспарланып отыр", - деді Табынбаев.
Ең алдымен коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен жұмыс істейтін мамандарға вакцина салынады. Олар: жедел медициналық жәрдем қызметкерлері, инфекциялық аурухана мамандары, көпбейінді аурухананың қабылдау бөлімі қызметкерлері. Вакцина ерікті түрде салынады.