Қоғам

Тоқаев коронавирусқа шалдыққандар туралы: науқастар сапалы ем алып жатыр

© Sputnik / Владислав Воднев Модульная инфекционная больница, построенная в условиях ЧП в связи с пандемией коронавируса в Нур-Султане
 Модульная инфекционная больница, построенная в условиях ЧП в связи с пандемией коронавируса в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазіргі уақытта елімізде науқастар сапалы әрі тиімді ем алып жатыр, бұл - дәрігерлердің арқасы, деді мемлекет басшысы

НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың коронавирустан жазылып шығатынына сенімді екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстанда 100 мың адамға коронавируспен ауыратын 80 науқас келеді. Бұл – әлемдік статистиканың орташа көрсеткіші.

"Иә, жаман емес, бірақ тым жақсы да емес. Біз инфекцияны жұқтыру статистикасын үнемі бақылап келеміз. Алайда жазылып шыққандардың статистикасын ұмытып отырамыз. Науқастардың жартысы сапалы әрі тиімді ем алып жатыр. Бұл - дәрігерлердің арқасы. Науқастардың басым көпшілігі коронавирустан сәтті жазылып шығады деп білемін", - деді Тоқаев "Біз Біргеміз" онлайн-форумында.

Мемлекет басшысы жақында бір топ медицина маманын марапаттағанын, сол арқылы барша халықтың атынан дәрігерлерге ризашылық білдіріп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, президент полиция қызметкерлерін бүгінгі төл мерекесімен құттықтады.

"Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық полицияның мінсіз қызметіне байланысты. Сіздер күрделі төтенше жағдай кезеңінен абыроймен өттіңіздер. Бүгінде карантин шараларының сақталуын қадағалап, бекеттерде қызмет етіп келесіздер. Бұл оңай жұмыс емес. Тіпті, қоғам өкілдері тарапынан сынға ұшыраған кездеріңіз де болды", -  деп атап көрсетті Тоқаев.

Мемлекет басшысы кәсіби тұрғыда біліксіздік танытқан полиция қызметкерлерінің болғанын да еске алды. Ондай жағдайлар бүкіл құқық қорғау органдарының беделіне зиян келтіреді.

Оқи отырыңыз: Президент коронавирустан қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтты

"Дегенмен, тәртіп сақшыларының басым бөлігі – адал қызмет етіп жатқан азаматтар. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Осы ретте ішкі істер органдарының барлық қызметкерін кәсіби мереке – полиция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекеттік қызметшілердің және ақ халатты абзал жандардың төл мерекелері құтты болсын! Отан алдындағы сертке берік болғандарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын", - дейді Тоқаев.

Бұдан бөлек, президент әскери қызметкерлерге, еріктілерге, қайырымдылық ұйымдарының өкілдеріне, журналистерге және барлық белсенді азаматқа ризашылық білдіріп, оларды "бейбіт күннің батырлары" деп атады.

Жаңалықтар
0