ҰБТ - 2020

ҰБТ-2020: 138 балл жинаған ауыл баласы тестті қалай тапсырғанын айтты

15928
(Жаңартылды 11:42 24.06.2020)
Абзал осы күндері тест тапсырып жатқан талапкерлерге таза білімге ғана сену керектігін айтады

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні республика бойынша 39 талапкер 130 балдан жоғары жинаған. Бірақ олардың ішінен оқ бойы озық шыққан бір ауылдың баласы бар. Оған максималды балға екі-ақ ұпай жетпей қалды. Түркістан облысындағы Теспе ауылының мектеп түлегі Абзал Әбдіманап ҰБТ-дан 138 бал жинап шықты. Sputnik Қазақстан тілшісі онымен хабарласып, тестке қалай дайындалғанын және сұрақтарға қандай әдіспен жауап бергенін білді.

Директор ағайдың әңгімесі

Теспе ауылы Түркістан қаласынан 150 шақырым шалғай жерде орналасқан. Ордабасы ауданына кіреді және Бөріжар ауылдық округіне қарайды. Біз Абзалды Теспе орта мектебінің директоры Бақыт Тұрғанбекұлы арқылы таптық. Телефон арқылы хабарласақанда директор ағай Абзалдың үйіне бара жатқан. "Балаға жолығып кетейін деп келгенмін, сіз звондап қалдыңыз", - деп, жол-жөнекей Абзал туралы айтып берді.

"Абзал алдымен Ынтымақ ауылында Сұлтан Ысқақов атындағы тоғыз жылдық мектепте оқыған. Өзі сол жерде тұрады. Теспе мен Ынтмақтың арасы 9 шақырымдай болады. Соны үздік бітіріп шыққаннан кейін Теспе жалпы орта мектебіне келіп, 10-11 сыныпты тәмамдаған. Енді, бір мектептен екіншісіне ауысқанда кішкене болса да, психологиялық қиындық болады ғой. Содан 11 сыныпты көк аттестатпен тәмамдады", - дейді Тұрғанбекұлы.

ҰБТ-дан 138 балл жинаған Абзал Әбдіманап
© Photo : Абзал Әбдіманаптың жеке архивінен алынды
Ұлттық біріңғай тесттен 138 балл жинаған Абзал Әбдіманап пен мектеп директоры Бақыт Тұрғанбекұлы

Директордың айтуынша, Абзал мектептің қоғамдық өміріне белсене араласқан. Спорттық жарыстарға ғана емес, қашықтан білім олимпиадаларына да қатысып жүрді.

"Бала бір сыдырғы ақкөңіл өзі, әке-шешесінің үлкені. Ата-әжесінің қолында тәрбиеленіп, мектепті жақсы оқып бітірген. Әне, өзі де тұр ғой, атасымен әңгімелесіп. Қазір телефон тұтқасын берейін", - деді де, Абзалды шақырды.

Абзалдың дайындығы

Телефонның арғы жағынан өте сыпайы әрі байсалды дауыс естілді. Абзал ұлттық бірыңғай тестілеуге екі жыл бойы қатты дайындалғанын айтты. 10-шы сыныптан бастап сабақтан кейін мұғалімдермен де дайындық жасады. Карантин кезінде қосымша онлайн курстарға қатысты.

"Шыны керек, ҰБТ жақындағанда дайындық қатты болды. Бұрын оқығандарым есімнен шығып кете береді, соның бәрін түнімен қайталап отырдым. Мен тоғыз жылдықты үздік бітіргенмін. Ал 11-сыныпты көк аттестатпен тәмамдадым, біраз төрттер болды. Бірақ мен өзім "Алтын белгіге" қызыққан жоқпын. Бар күшімді ұлттық бірыңғай тестілеуге салып, грант ұтып алуды мақсат еттім", - дейді Әбдіманап.

Оның айтуынша, дайындықты күнде бір уақытта жасаса, адам ондай тәртіпке тез үйреніп қалады.

Абзал тестті қалай тапсырды?

"Біз ҰБТ-ны Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте тапсырдық. Маған көбінесе, оқыған сұрақтар келді, өткен тақырыптар келді. Солай жинадым. Жоғары балл жинайтыныма сенімді болдым. Сұрақтар қатты қиын болған жоқ. Өткен тақырыптар келген соң, соның бәрін оқығаннан кейін оңай болды", - деді Абзал.

Абзал биология мен химияны таңдады. ҰБТ кезінде биологиядан 39 бал жинаса, химиядан 40 ұпай алып шықты. Ал Қазақстан тарихынан бір сұрақтан ғана жаңылысты. Сөйтіп, максималды 140 балдың ішінен 138 ұпайға ие болды.

ҰБТ-дан 138 балл жинаған Абзал Әбдіманап
© Photo : Абзал Әбдіманаптың жеке архивінен алынды
Абзал құрдастарымен бірге

"Мен алдымен математикалық сауаттылықтан бастадым. Одан кейін Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы, биология мен химияны белгілеп шықтым. Білмеген сұрақтарды қалдырып отырдым. Артынан ойланып, асықпай жауап бердім. Соңына дейін отырдым, бәрін қайта-қайта тексердім. Шынымды айтсам, 138 балл алатынымды ойлаған жоқпын, бірақ 120-дан артық шығатынына сенімді болдым", - деп атап көрсетті Әбдіманап.

Абзал аппеляцияға берген жоқ. "Осыған да шүкір, қанағат", - деп отыр.

Абзалдың жоспары

Теспе ауылының мақтанышы медицина мамандығына түсуді қалайды. Ол тіс дәрігері – стоматолог боламын дейді.

"Мен – үйдің тұңғышымын. Отбасымда төрт баламыз. Екі бала, екі қыз. Үйдің тұңғышы болған соң, алдыма мақсат қойдым. Ата-анама салмақ салмайын дедім. Грант ұтып алуға күш салдым. Сол мақсатыма жеттім деп ойлаймын", - деді Абзал.

Оқи отырыңыз: ҰБТ нәтижесі жойылған талапкерлерге қатысты жағымды жаңалық жарияланды

Абзал бүгінде тест тапсырып жатқан талапкерлерге де кеңес берді. 

"Енді, "шпор" немесе телефон алып кіремін деп, қатты сеніп қалмасын. Ол жерде мүлдем қолдана алмайды. Таза білімге ғана сену керек", - дейді Абзал.

15928
Кілт сөздер:
талапкерлер, ҰБТ
Тақырып бойынша
ҰБТ-да талапкерлерді қалай тексереді – видео
Нұр-Сұлтанда түлектердің бірін ҰБТ-ға кіргізбей қойды  
ҰБТ-2020: калькуляторды қолдану тәртібі жарияланды 
ҰБТ-2020: 164 талапкердің нәтижесі жойылды
Ауыл мектебінің оқушысы ҰБТ-да 138 балл жинады
Смартфон

Қазақстандықтар мемлекеттік сайттардың осалдығын анықтап ақша таба алады

870
(Жаңартылды 19:30 13.04.2021)
Қазақстандықтар мемлекеттік сайттың осалдығы туралы Bug Bounty бағдарламасының көмегімен хабарлай алады

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Мемлекеттік сайттардың кемшілігі мен осалдығын анықтап, оны жоюға көмектескен қазақстандықтарға ақшалай сыйақы төленеді. Бұл туралы "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығының директоры Серік Холдас мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстандықтар сайттың осалдығы туралы Bug Bounty бағдарламасының көмегімен хабарлай алады.

"Мұндай бағдарламалар көптеген ірі компанияда – Mail.ru, Яндекс, Uber, Google-да бар. Егер қандай да бір маман, хакер жүйенің осалдығын тапса, ол оны тапсырып, ақшалай сыйақы ала алады. Қазақстанда біз бірегей бағдарламаны іске қостық, мұндай бүкіл әлемде жоқ. Азаматтар барлық мемлекеттік жүйеде анықталған осалдық туралы хабарлай алады", - деді Холдас брифингте.

Ол Ұлттық банкпен бірлесіп BugBounty бағдарламасына барлық банкті қосу мәселесі шешіліп жатқанын айтты.

"Осал емес жүйе болмайды, тіпті пентагонның өзін бұзып жатады. Бірақ қалай да соны қорғау процесін ұйымдастыру қажет. Мәселен, өткен аптада зерттеушілердің бірі бүкіл қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге әсер ететін осалдықты анықтады. Мұның өзі осы бағдарламаның қаншалықты пайдалы екенін көрсетеді", - деді орталық директоры.

870
Тақырып бойынша
Маман телефондағы көпшілік біле бермейтін PIN-кодтың пайдасы туралы айтты
"Кез келген адам ақша таба алады": Қазпошта жаңа қызметті іске қоспақшы
Алаяқтар картаның кодын қалай біліп алады – министрлік ақпарат берді
Ұялы телефон арқылы қалай қосымша ақша табуға болады – маман кеңесі
Вакцина

Мамин президентке ай сайын 2 миллион адамға вакцина салынатынын айтты

42
Премьер-министрдің мәліметіне сәйкес, қыркүйек айында жалпы 10 миллион азаматқа екпе салынып, вакциналау жұмысы аяқталады

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлады Ақорда.  

Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы қаңтар-наурыз айларындағы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары және санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде есеп берілді.

Премьер-министрдің мәліметіне сәйкес, аталған кезеңде экономиканың нақты секторында орнықты дамудың оң қарқыны байқалады.

Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында баяндады. Ауруханалардағы жұқпалы дертке шалдыққандарға арналған бөлімдердің – 41 пайызында, жан сақтау бөлімдердің – 27 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр. Сәуір айынан бастап өңірлерде ай сайын 2 миллион адамға вакцина салынады. Қыркүйек айында жалпы 10 миллион азаматқа екпе салынып, вакциналау жұмысы аяқталады.

Оқи отырыңыз: Вакцина салдырған соң бетпердесіз жүруге бола ма – сарапшы пікірі 

Премьер-министрдің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі қажетті мөлшерде дәрі-дәрмектермен және медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектің бір айлық, ал "СҚ-Фармация" қоймалары мен дәріханаларда екі айлық қоры жинақталған. Еліміздің барлық өңірінде дәрі-дәрмектердің, қорғаныш құралдары мен шприцтердің үш айға жететін тұрақты қоры бар.

Сонымен қатар кездесу барысында мемлекеттік бағдарламаларды, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалығының басым бағыттарын жүзеге асыру және инвестиция тарту, экономика саласын одан әрі цифрландыру, Үкіметтің жұмысына озық цифрлық шешімдер енгізу, халықты жұмыспен қамтуды қолдау, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы мәселелер талқыланды.  

Президентке 1 сәуірде өткен ОПЕК+ министрлер кездесуінің қорытындылары туралы мәлімет берілді. Онда Қазақстан үшін мұнай өндірудің тәуліктік көлемін қосымша 6 мың баррельге арттыруды көздейтін арнайы шарт келісілді. Тиісінше жыл қорытындысы бойынша мұнай өндірісінде едәуір серпін болуы тиіс.

42
Кілт сөздер:
коронавирус, вакцина
Тақырып:
COVID-ке қарсы вакцина
Нұр-Сұлтан

Нұр-Сұлтанда әлеуметтік пәтер саны 2018 жылмен салыстырғанда 9 есе өседі

0
(Жаңартылды 20:00 13.04.2021)
Көлгінов үйлердің сапасына, абаттандыруға ерекше назар аударуды, құрылыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік пәтерлер саны артқанын, сол сияқты Алматы ауданында бірқатар мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

"Елорда аудандарын "Нұр-Сұлтан - жайлы қала" мастер-жоспары аясында дамытып жатырмыз. Аудандар полиорталық қағидатына сай дамуда, яғни қажетті әлеуметтік нысандар жаяу қашықтықта орналасқан", — деп жазды қала әкімі Instagram парақшасында.

Көлгінов бүгін жеңілдікпен берілетін бірқатар қолжетімді тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Әлеуметтік тұрғын үй Алматы ауданында орналасқан. Тұрғын үй кешенінің бірінші қабаттарында оңалту орталықтары, балабақшалар, балаларға арналған үйірмелер және тағы басқа әлеуметтік нысандар ашылады.

Әкімнің айтуынша, Алматы ауданында бірқатар мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл бір мезгілде жаңа ТК тұрғындарының оқушы орындарына деген қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталды 

"Үйлердің сапасына, абаттандыруға ерекше назар аударуды, құрылыс қарқынын төмендетпеуді тапсырдым. Сапасыз жұмыс қабылданбайды", - деді ол.

Көлгінов мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үй көлемін ұлғайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өттіз. Биыл көрсеткішті 10 мың әлеуметтік пәтерге дейін көтеру жоспарланған. Көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 9 есеге артады.

2019 жылы 2900 әлеуметтік пәтер салынып, пайдалануға берілсе, өткен жылы 7 мыңнан астам пәтер салынды.

0