Қоғам

Бейсен Құранбек атындағы сыйлықтың жеңімпаздары анықталды

© Sputnik / Владислав ВодневОператор, архивное фото
Оператор, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бейсен Құранбек атындағы сыйлыққа оның шәкірті Алматы телеарнасының редакторы Ақжелең Рахатдинқызы ие болды

НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым – Sputnik. Бүгін астанада танымал тележурналист Бейсен Құранбек атындағы "Жігер" сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Жүлдегерлердің әрбіріне жарты миллион теңгеден табысталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазылар алқасының шешімімен "Әлеуметтік тақырыптағы үздік сюжет" аталымында "Хабар" телеарнасының тілшісі Мерей Шоқманова жеңімпаз атанды. Мамандар оның "200-ден астам елорда тұрғыны 1 миллиарда теңгеге жуық қаражатын қайтара алмай жүр" атты телесюжетін жоғары бағалады. Ал "Egemen Qazaqstan" газетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша тілшісі Азамат Қасым жазған "Созылмалы дертке ұшыраған орталық" материалы үздік мақала деп танылды.

Бұдан бөлек, "Әлеуметтік тақырыптағы үздік фото" аталымында Pavlodanews.kz ақпарат агенттігінің фототілшісі Ольга Бугаева оқ бойы озық шықты. Ол Семей қаласындағы әскерилердің пандемиямен күресі туралы фоторепортаж жасаған.

Бейсен Құранбек атындағы сыйлыққа оның шәкірті Алматы телеарнасының редакторы Ақжелең Рахатдинқызы да ие болды. Оның "Қараусыз қалған қарияның мұңы" атты жұмысы "Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал" деп танылды.

"Шынымды айтсам, қазір бірнеше сезім арпалысып тұр ішімде. Бір жағынан ол қуаныш, екінші жағынан Бейсен ағаның атына осылай естелік айтамын деп ойлаған жоқпын. Мен диплом алып, алғаш рет "Айтуға оңайға" тәжірибеге келгенде Бейсен аға сенім артып, жұмысқа алып қалған. Сол сенімін ақтасам, менің арманым жоқ", – дейді Рахатдинқызы.

Сондай-ақ, марапат иесі Бейсен Құранбектің өзгелерге үздік өмір сүрудың үлгісін, жақсы адам, жақсы маман, білікті басшы, рухани сырлас, дос, әке, жар болудың үздік өнегесін көрсетіп кеткенін атады.

"Мен үшін "Бейсен Құранбектің шәкірті" деген атты алып жүру – өте үлкен жауапкершілік. Бұл сыйлықтың да жауапкершілігі ауыр", - дейді ол.

Оқи отырыңыз: Депутат журналистика бойынша гранттарды көбейтуді ұсынды

Шара барысында ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бір топ журналистерге "Ақпарат саласының үздігі" төс белгісін тапсырды.

Жаңалықтар
0