Қазақ дастарханы

"Тойды жаназа үшін жасамайық": зиялы қауым өкілдері халыққа өтініш жасады

1916
(Жаңартылды 17:33 15.07.2020)
Олардың пікірінше, тойды заңмен бірнеше жылға тыюмен мәселе шешілмейді, тек әрбір адам қазіргі жағдайда оны өткізу қаншылықты қауіпті екенін түсінуі тиіс

НҰР-СҰЛТАН, 15  шілде – Sputnik. Бүгінде коронавирус жұқтырған және одан қайтыс болған адамдардың саны азаятын емес. Індеттің өршіп кетуіне байланысты республика бойынша қосымша шектеу шараларын енгізуге тура келді. Алайда халық арасында санитарлық нормаларға немқұрайлы қарайтындар баршылық. Әсіресе, жастар тарапынан үлкен адамдардың денсаулығына деген жауапкершілік байқалмайды. Тіпті, жасырын той өткізіп, өзіне де, өзгеге де қауіп төндіретіндер аз емес. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген зиялы қауым өкілдері халықтың денсаулығына, ұлттың болашағына атүсті қарайтындарға ақыл-кеңесін айтты. Қазіргі жағдайда тойға тыйым салу мәселесіне қатысты өз ойын да жеткізді.

Адамдар амандасудан қорқып жатыр

Қоғам қайраткері, профессор Намазалы Омашев барынша оқшауланып, санитарлық нормаларды сақтап жүр. Далаға да көп шықпайды. Ал теледидардан адамдардың карантин талаптарын сақтамай жүргенін, тіпті, той тойлағанын көргенде қатты күйінеді.

"Мынандай алапат тажалмен арпалысып жатқанда той тойлауға бола ма? Ол қара бастың жағдайын ғана күйттеп, өзгелер "бұл болмаса, күл болсын" деген қара ниеттілікке жатады. Қазіргі жағдайда жанымыздан ұлттың небір ұстындарын әкетіп жатқан кезде адамдар есік-терезесін бекітіп, аулада қалай той тойлайды? Қайтіп тойлайды оны? Не бетімен тойлайды?",– дейді Омашев.

Оның айтуынша, бұл – мылтықсыз майдан. Адам вирустың қай жағынан келіп қалғанын көрмейді. Сондықтан тойдың иесі талайдың ажалына себепкер болуы мүмкін. Бүгінде барынша тастүйін болу керек. Той тойлайтындай, жақсы әңгіме айтылатындай, көңіл көтеретіндей жағдайға жеткенше бәрін доғара тұру қажет.

"Осындай уақытта қандай отшашу болады? Қандай той-томалақ болады? Ол қандай вакуум ішіндегі той? Қазір ел-жұрт бір-бірімен амандасудан қорқып жатыр. Айналайын-ау, адамдар амандасудан қорқып жатқанда не деген той ол? Не деген дақпырт? Не деген ысырапшылдық? Сондықтан бұл туралы әңгіме қозғаудың өзі ұят", – деді ғалым.

Оқи отырыңыз: Қазір той тойлап жүретін уақыт емес – президент

Осы орайда қоғам қайраткері құқық қорғаушылардың жасырын тойларды анықтау шараларын да еске алды.

"Иә, бүгінде ішкі істер органдары тексеру шараларын жүргізеді. Сөйтіп, ұятсыз және парықсыз надандарды ғана қуалап жүріп анықтайды. Ал басында миы бар, бүгінгі жағдайды дұрыс түсінген адамдар өздері тыйылуы керек. Дүниежүзінде осындай тыйылу арқылы бұл ажалды жеңіп жатыр. Біз де жеңеміз. Біздің қазақтың қаны таза, санасы сергек. Сондықтан мұндай жағдайда тыйылады деп ойлаймын", – деп атап көрсетті Омашев.

Тойды бес жылға тыя алмаймыз

Қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков те оқшауланып, үйден көп шықпайды. Оның айтуынша, қазаққа тойды тоқтату қиын. Бірақ әр нәрсенің жөні бар. Қазіргі пандемия кезінде той тойлап отырған қисынсыз.

"Сондықтан эпидемия біткенше тойды тоқтата тұру қажет. Алла аты жаман ауруды тезірек әкетсін. Эпидемия кезінде той тойлаудың ешқандай қисыны жоқ деп ойлаймын", – деді Жолдасбеков.

Ғалым той тойлауды 2-5 жылға тыюға қатысты өз ойын да жеткізді. Бұған дейін ондай ұсынысты қоғам белсенділері жасаған.

"Жылын айқындау өте қиын. Құдай сақтасын! Қазаққа тойды бес жылға дейін тоқтат деп айту қисынсыз болады деп есептеймін. Адам өмір бойы тойға ұмтылады, той болса екен, жақсылық болса екен деп тілейді. Әркімнің өсіп келе жатқан баласы бар. Бойжеткен қызы бар. Бірақ той жасау үшін алдымен мына пәледен құтылуымыз керек", – деп атап көрсетті Жолдасбеков.

Жазушы Тұрсын Жұртбай да халықты қазіргі шектеу шараларға шыдауға үндеді. Себебі, бұл қазақтың басынан өтіп тұрған бірінші індет емес.

"Барлық жағдайда осындай тыйым салынған. Тіпті, "Абай жолында" Абайдың өзі Семейде әркімді үйден шығармай, полиция сияқты жүреді ғой. Сондықтан бұған көну керек", – дейді Жұртбай.

Ғалым терезеден тәртіп сақтамай жүрген жастарды жиі көретінін айтады. Олар бетперде тақпайды, бір-бірімен амандасып жүре береді.

"Сондай бір алаңсыздық пайда болды. Егер осындай мінез қала берсе, онда арты қиын болады. Аулада ата-аналар балаларын емін-еркін ойнатып жүр. Мен осыны түсінбеймін. Басқа адамдардың денсаулығына олай немқұрайлы қарауға болмайды ғой", – дейді Жұртбай.

Оның ойынша, тойды заңмен бірнеше жылға тыюмен мәселе шешілмейді. Бүгінде әрбір адам қазіргі жағдайды той өткізу қаншылықты қауіпті екенін түсінуі керек.

"Тойды кім үшін жасайсың? Қуанышың үшін жасайсың ба? Жоқ, жаназа үшін жасайсың ба? Сол тойға шақырған адамың шақыруыңды қуанышпен қабылдай ма? Қазір шақырған адамның тең жартысы бармайды. Сонда құда-құдағилар не ойлайды? Осыны ойлау қажет", – дейді Жұртбай.

Оқи отырыңыз: Енді той өткізгендер де, тойға барғандар да айыппұл төлейді

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Қазақстанда коронавирус жұқтырған 63 514 науқас тіркелген. 38 008 адам жазылып шықты. 396 науқас қайтыс болды. Бұдан бөлек, маусым айында пневмониямен ауруханаға түскен науқастардың саны күрт өсті. 628 науқас көз жұмды.

Жалпы, маусымда пневмонияға шалдыққан 32 724 науқас тіркелген. Ал шілденің алғашқы аптасында, яғни 1-8 аралығында 56 809 пациент тіркеліп отыр. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, бір аптаның ішінде тіркелген 39 702 науқастың пневмониясы нақтыланбаған және коронавирус инфекциясына көбірек ұқсайды.

1916
Кілт сөздер:
індет, карантин, той
Тақырып:
Төтенше жағдай және карантин (841)
Тақырып бойынша
Түркістанда төтенше жағдай кезінде үйдің ауласында той өткізгендер анықталды - видео
Қатаң карантин: қазақстандықтар алдағы екі аптада да той өткізе алмайды
Бас санитар дәрігер той-томалақ өткізуге бола ма деген сұраққа жауап берді
Алматыда той өткізгендер ел-жұртқа масқара болды – видео
Вице-премьер тығылып той өткізетіндер туралы айтты 
Қыз бейнесі

"Өмір сүргім келеді": Аяжан Еділованың әпкесі оның қандай болғанын айтып берді

7
(Жаңартылды 18:59 22.06.2021)
Сондай-ақ адвокат тергеудің қалай жүріп жатқанын айтты

АЛМАТЫ, 22 маусым – Sputnik. Алматыда тұрғын үйлердің бірінде кісі қолынан қатыгездікпен қаза тапқан Аяжан Еділованың әпкесі Нұргүл Әбеутәліпова мен жәбірленуші тараптын адвокаты Қадыржан Ғалымжанұлы марқұмның қандай болғанын, оның күдіктінің үйіне не себепті баруы мүмкін екенін және тергеудің қалай жүріп жатқанын айтты. "31 арнаға" берген сұхбатында бойжеткеннің өліміне қатысты тараған түрлі ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

2001 жылы туған Аяжан Еділова 19 наурызда сағат 20:43-те жұмыстан шығып, сол күйі оралмаған. Оның жоғалғаны туралы хабар 20 наурызда тарады.

Бұған дейін марқұмның туыстары полицияның бастапқыда қыздың жоғалып кеткені туралы арызды алмағанын айтқан еді. Нұргүл Әбеутәліпова іздеу жұмыстарына өзі қатысқанын, сол күндері не болғанын айтып берді.

"Таңертең Аяжанды күттік. Келмеген соң Алтынай деген сіңілім өз бетінше іздеді. Жатақханасына, жұмыс орнына барды, құрбыларына хабарласты. Өзі таба алмағаннан кейін полиция қызметкерлеріне түскі сағат 12 шамасында барды. Алтынайдың жанында Аяжанның досы – Диас болған. Екеуі бірге барды. Олардың айтуы бойынша, полиция "қалада митинг жүріп жатыр, арыз алмаймыз. Ұйқысы қанған соң өзі келеді, ондай жағдай болған" деп қайтарып жіберген. Содан кейін Алмат деген інім 102-ге хабарласып, кешкі сағат 5-те іс қозғалды", - дейді Нұргүл Әбеутәліпова.

Істің басталғанына 4 айға жуықтады. Адвокат Қадыржан Ғалымжанұлының айтуынша, іске қатысты орта есеппен 25-30 сараптама тағайындалды. Оның жартысына жуығына жауап келді.

"7-10 сараптаманың жауабы келді. Оны тергеу құпиялығына байланысты жариялай алмаймын. Қалғанына жауап келген жоқ. Себебі сарапшыларға қойылған сұрақтар өте күрделі. Мұндай іспен сарапшылардың да өздері бұған дейін айналыспаған болуы керек. Жауап беру қиынға соғып жатыр. Сол себепті олардың қорытындысы да ұзаққа созылып жатыр", - дейді адвокат.

Аяжан ол үйге не үшін барды

Нұргүл Әбеутәліпованың пікірінше, Аяжан күдікті Төребековтің үйіне киімге тапсырыс алуға барған.

Бұған дейін желіде қыздың ақша үшін тәнін сатуға барғаны туралы да алып қашпа әңгіме тарады. Адвокат сол қауесетке жауап қатты.

"Өзінің тәнін сату үшін барған", "ақшаға келіскен" деген өсек шығып жатыр. Аяжан Қыдырәлі деген досына жіберген хабарламасында бартер (айырбас) туралы айтқан. "Егер бартер болса, неге үйіне барды? ", дейтін интернет-сарапшылар пайда болды. Сол кісілерге нақты жауап берейін: бұл – таза субъективті пікір, болжам. Аяжан өзінің негізгі жұмыс орнынан шығып, күдікті Төребековтің үйіне өлшем алуға барған. Сол жоспармен үйіне кірген, әрі қарай не болғаны тергеуге ғана мәлім", - деді адвокат.

Айтуынша, Аяжан жұмыстан 20:43-те шыққан, танысына бартер бойынша хабарлама жазған. Өзінің кездесіп жүрген жігітіне сағат 10-да негізгі жұмыс орны маңында болатынын айтқан.

"Егер Аяжан халық айтып жатқан арам ойымен баратын болса, біріншіден, бартер туралы айтпайтын еді. Екіншіден, өзінің кездесіп жүрген жігітіне сағат онда негізгі жұмыс істейтін салонның жанына кел деп айтпайтын еді. Ол ақылға салатын нәрсе. Арада сол кезде 1 сағат 17 минут қалады. Арам пиғылы бар кісілер мұндайға үлгермейді. Әрине, бұл – болжам. Нақтысын Аяжан мен Төребеков қана біледі. Өкінішке қарай Аяжанның жауабын ала алмаймыз, тек қана Төребековтің жауабын негіз етіп, өзіміздің қорғауымызды жалғастырамыз", - дейді адвокат Ғалымжанұлы.

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы күдікті Төребековпен кездеспегенін айтты. Себебі қазірге дейін оған қажеттілік болмаған.

Адвокаттың айтуынша, прокуратура тергеу барысында зорлаудың болған-болмағаны, күдіктінің адам бөлшектерін сатуға қатысы, оның діни ағымдарда бар-жоғы, бұған дейін қандай іспен айналысқанын кешенді түрде қарастырып жатыр.

"Университетте алған білімін фундамент ретінде қолданып, оқудан шыққаннан кейін әрі қарай білімін шыңдап, осындай кәсіби деңгейде қылмыс жасаған деген пікірім бар. Діни көзқарасынан осындай әрекет жасады дегенге сене қоймаймын", - дейді адвокат.

Оның сөзінше, күдіктінің жанында басқа біреу болған деген нұсқа қарастырылып жатыр. Алайда нақты дәлел жоқ.

Күдіктінің пәтері қалай анықталды

Адвокат Қадыржан Ғалымжанұлының айтуынша, күдіктінің үйі еріктілер арқылы анықталған. Бірақ күдіктінің қай қабат, қай пәтерде тұратыны тергеу көмегімен анықталды.

Нұргүл Әбеутәліпова сіңілісін іздеу үшін сол күні еріктілерге байланысқа шыққан. Ал еріктілердің нөмірін полиция берген.

"Аяжанның жоғалып кеткені туралы ағасына 19 наурыз түнде айтқан. Ағасы оны маған таңертең айтты. Таңертең Талдықорғаннан Аяжанның әкесі екеуміз жиналып, жолға шығып кеттік. Қайдан екенін білмеймін бізге телефоны Алғабас ықшамауданында (қазіргі Нұркент ықшам ауданы) жоғалған деген ақпарат шықты. Көбінесе Алғабастағы жер үйлер жақтан іздедік. Әрбір жер үйге кіріп, сұрап, Аяжанның фотосын көрсеттік", - дейді әпкесі.

Содан кейін күдіктінің үйінің мекенжайы хабарланған. Алайда ол маңға барған кезде марқұмның туыстарына көліктен шығуға рұқсат берілмеген.

"Сол жерге полиция немесе еріктілердің қайсы бірінші келгенін айта алмаймын. Ол жерде Төребековті жедел жәрдем алып кеткенін өзім көрдім. "Қыздарыңыз ол жерде жоқ, іште ешкім жоқ" деп сендірді. Бізді пәтерге кіргізген жоқ. Біз сол жерден Аяжанға ештеңе болған жоқ деген үмітпен қайттық. Ертеңі тағы да өз бетімізше іздеп шықтық. Іздеп жүрген кезімізде Медеу ауданы полиция басқармасына келіңіздер деп хабарласты. Ол жерге барған соң Төребеков басқа ауданнан табылғанына байланысты ішкі істер басқармасына жіберді. Мен бірнеше күн ұйықтамай жүрген соң ішке кіре алмадым. Сіңілім мен бауырым ішке кіріп кетті. Олардың жауабын көлікте күтіп отырдым. Сағат 4-5 шамасында ғаламтор желісі арқылы білдік. Аяжанның әкесі қасымда болды, ол іштен естіп шықты", - дейді Нұргүл Әбеутәліпова.

Өте сенгіш болған

Әпкесінің сөзінше, Аяжан бір көрген адаммен тез араласып, бір сағатта туысқан секілді сөйлесіп кететін болған. Сондай-ақ оның өте сенгіш және адам жатырқамайтын мінезі болғанын айтты.

Туыстарының сөзінше, Аяжан Еділова Алматыға қайтыс боларынан екі ай бұрын келген. Оған дейін карантин кезінде Талдықорған қаласында туыстарының жанында болған. Алматыдағы сән салоны мен тігін цехына жұмысқа орналасқанына да бір айдай болған.

"Осы жолы Алматыға жібермей қойдым. Коронавирустың күйіп тұрған кезі еді. Біреуге жақын отырып тырнақ жасайсың, "сен маған аман-есен керексің" деп айттым. Ортаға апасын салып, әкесін салып жүріп, бой бермей, кетті. Әйтпесе үйде байлап ұстап отырғанмын. Үйде отырып күйзеліске түсті. Жұмыс істеп, жүріп үйреніп қалған қыз ғой. Бір күні жұмыстан келсем, жылап-жылап көзі ісіп кетіпті. "Менің өлгім келмейді, өмір сүргім келеді" деп айтты", - дейді әпкесі Аяжанның коронавирус жұқтырып алудан қорыққанын айтып.

Содан қалада жұмыс істеп жүрген Аяжан ең соңғы рет жақындарымен телефон арқылы сөйлескен кезде наурыз мерекесіне үйіне баратынын айтқан.

"Ең соңғы рет анасына видео арқылы хабарласып, наурыз мерекесіне келетінін айтты. Жұмыстарын айтып, соларды бітірген соң 4 күн демалысқа келемін деді. "Сағынып кеттім" деп қоштасқандай еркелегені есімде. Анасы жолға қарап, әлі күтетін сияқты. "Келемін" деп айтқаннан кейін олар күтіп жүрді. Мұндай хабар келеді деп күткен жоқ. Шешесі әлі күтіп жүр. Аяжан оқуда жүрген сияқты сезімдеміз", - дейді Нұргүл Әбеутәліпова.

Айтуынша, Аяжанның анасы біраз уақытқа дейін істің мән-жайын білмеген. Тек қайтыс болғанын естіген.

"Ата-анасының жағдайы өте ауыр, олар күйзелістен әлі шыға алған жоқ. Стрессте жүр. Күліп отырып жылай салуы мүмкін, жылап отырып күле салуы мүмкін", - дейді әпкесі.

Күдіктінің туыстары кешірім сұрамаған

Аяжанның туыстарының айтуынша, күдіктінің туыстары кешірім сұрап бармаған.

"Келмей-ақ қойса екен деп ойлаймын. Аяжанның ержеткен ағасы бар. Ашуланып кетеді. Бірдеңе жасап қоя ма деп қорқамын", - дейді Нұргүл Әбеутәліпова.

Адвокаттың айтуынша, Төребековтың туыстары, ата-анасы ол жігіттен бас тартқан болуы да мүмкін. Себебі оған мемлекет тарапынан қорғаушы тағайындалған, туыстары адвокат қарастырмаған.

"Адами тұрғыдан ол кісілерге де ауыр. Өздері тәрбиелеген бала осындай қылмыс жасап отыр. Енді қай бетімізбен барамыз деп келмей отырған шығар. Жалпы бас тартқаннан кейін өз мәселесін өзі шешсін, бізді онсыз да қарабет қылды деп жүрген шығар", - дейді адвокат.

Ал қылмыстық істің қай уақытта аяқталып, сотқа қашан жолданатыны әлі белгісіз. Себебі ол үшін барлық сараптама нәтижесі дайын болуы керек.

Аяжан Еділованың өлімі

Алматыда 19 жастағы Аяжан Еділова 19 наурызда жоғалып кетті. Оны соңғы рет жұмыста көрген. Қызды іздеу бірнеше күнге созылды. Оның көз жұмғаны 22 наурызда белгілі болды. Оның бөлшектенген денесі Нұркент ықшам ауданындағы пәтерлердің бірінен табылды.

Оқи отырыңыз: Аяжан Еділованың сүйегі жер қойнына тапсырылды

Қылмысқа күдікті ретінде Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны ұсталды. Полиция оның үйінің есігін бұзып кіргенде күдікті қолына пышақ алып, өз мойнын тіліп үлгерген. Дәрігерлер оны құтқарып қалды.

"Араларында жанжал шыққан. Жанжалдың нәтижесінде ол қыз баланы өлтіріп, қылмыстың іздерін жасыру мақсатында оның денесін бөлшектеген. Қылмыс аса қатыгездікпен, жауыздықпен жасалған", - дейді Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

7
Кілт сөздер:
Алматы, қатыгездік, қыз, өлім
Тақырып бойынша
Аяжан Еділованың өлімі: оқу орнындағылар күдікті жайлы не дейді – видео
Алматыда денесі бөлшектелген қыздың ағасы: Тісін қағып алып, тырнағын кескен
Аяжан Еділованың күдіктімен жолыққан кезі түсірілген видео жарияланды
Аяжан Еділованың өлімі: күдіктіге қатысты желіде тараған ақпарат расталмады
Аяжан Еділованың өлімі: марқұмның ұстаздары мен құрбылары пікір білдірді
Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев демалысын қайда өткізетіні белгілі болды

324
(Жаңартылды 17:56 22.06.2021)
Мемлекет басшысы бір аптаға созылатын демалысын Қазақстан аумағында өткізуді жоспарлап отыр

НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті шілде айының ортасында демалысқа шығуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты.

"Мемлекет басшысы шілденің ортасында бір аптаға демалысқа шығуды жоспарлап отыр. Президент демалысын Қазақстан аумағында өткізеді. Өздеріңізге белгілі, былтыр коронавирус пандемиясына байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы демалған жоқ", - деді Уәли ресми сауалға берген жауабында.

Ол Тоқаев президент лауазымына кіріскен сәттен бері екі жыл және үш ай ішінде тек бір рет, 2019 жылдың шілдесінде үш күндік қысқа мерзімді демалысқа шыққанын еске салды.

Былтыр жазда президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелеріне демалысты ұмытуға кеңес берді. Елде коронавирус індеті өршіп тұрған еді. Министрлер мен әкімдердің алдына эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру міндеті қойылды. Мемлекет басшысы шенеуніктерге "еңбек демалысы, демалыс деген сөздерді ұмытыңдар" деген болатын.

324
Кілт сөздер:
демалыс, Қасым-Жомарт Тоқаев