Ит

Нұр-Сұлтанда иттің үргеніне ашуланған әскери қызметкер ерлі-зайыптының зәресін алды

1457
(Жаңартылды 17:01 18.07.2020)
Ерлі-зайыптыны тапаншамен 21 жастағы қатардағы жауынгер қорқытқан, іс материалдары әскери бөлімге жіберілді

НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтанда иттің үргеніне ашуланған қатардағы жауынгер зейнеткер ерлі-зайыптыны қарумен қорқытты. Бұл туралы "Не молчи" қозғалысының жетекшісі Дина Смайылова Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді.

"Не молчи" қозғалысына бұл жайлы хабар берген әйелдің айтуынша, ер адамның сес көрсетуіне иттің үргені себеп болған.

"Жігіт иттің үргенінен әйелі сәбиінен айырылып қалуы мүмкін екенін айтып ашуланған. (...) Әбден қорқып қалған анам маған хабарласты. Мен бірден 102 нөміріне телефон шалып, жылап жібердім. Ата-анамды аядым. Менің анам – батыр ана, сегіз қыз бен екі ұл тәрбиелеп өсірген", - деп келтірді әйелдің сөзін Дина Смайылова.

Зейнеткер ерлі-зайыптының қызының айтуынша, әкесі Альцгеймер ауруымен ауырады. Иттерді де қақпа алдына әкесінің үйден шыққанын біліп отыру үшін байлап қойған.

Ол, сондай-ақ, қарт әке-шешесі үлкен күйзелісті бастан кешіргенін атап өтті.

Тағы оқыңыз: "Енді не істейміз?": Ақтөбелік емшінің жаға ұстатарлық қылмысы әшкере болды

"Анам түні бойы ұйықтай алмай шықты. Әкем өзіне не болғанын әлі түсінбейді. Бұл жігітті жұмысынан шығарып қана қоймай, жазалайды да деген үміттемін. Әпкем әлгі жігіт итке бола ұрыс шығарып, тапаншасын алғанда, ашу-ызадан қалай селкілдегенін айтты. Жұмысқа алғанда, әсіресе әскерилерді, психологтар тексермей ме? Оның өз әйелін қалай ұрғанын көп адам көрді, полиция осы ақпаратты тексерсін", - дейді әйел.

Елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстанға оқиға бейсенбі, 16 шілдеде, Нұр-Сұлтандағы Сарыарқа ауданында болғанын хабарлады.

"Қала тұрғыны аудандық полиция басқармасына үйінің ауласында көршісі оны қорқытқанын мәлімдеді. Полицейлер ер адамды анықтады. Ол астананың 1999 жылғы тұрғыны, әскери бөлімнің қатардағы жауынгері", -деп мәлімдеді департаменттен.

Қазір іс материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін әскери бөлімге жіберілді.

Отбасылық жанжал фактісіне қатысты жас жігіттің әйелінен полицияға арыз түспеген.

 

1457
Кілт сөздер:
ит, Нұр-Сұлтан, әскери қызметкер
Абылай Балапанов

Мемлекет басшысы алматылық студентті марапаттады

9
Өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тіккен студент Абылай Балапанов құрмет грамотасымен марапатталды

НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы субұрқақта тоққа түскен адамдарды құтқарған студент Абылай Балапановты құрмет грамотасымен марапаттады.

"Мемлекет басшысы адамдардың өміріне қатер төнгенде көрсеткен асқан ержүректігі мен батылдығы үшін Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 2-курс студенті Абылай Балапановты Құрмет грамотасымен марапаттады", - деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында.

Абылай Балапанов өткен демалыс күндері Алматы қаласындағы субұрқақтардың бірінде тоқ соғып, зардап шеккен әйел мен екі баланы құтқарып қалған.

Оқи отырыңыз: Тоқаев кішкентай қазақстандықты құтқарған түрік дәрігерін марапаттады

Естеріңізге салсақ, Алматыда 19 маусымда субұрқақтардың бірінде екі қыз бен бір ересек адамды тоқ соқты. Оларды құтқарғандардың бірі – алматылық 19 жастағы Абылай Балапанов. Ол Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 2-курс студенті. 

"Орындықта кітап оқып отырған едім. Бір кезде "помогите" деген дауыс шықты, көмекке шақырды. Артыма қарасам, сол маңға он шақты адам жиналып қалыпты. "Не болды?" деп жүгіріп бардым. Барсам, субұрқақтың ішінде адам бетімен жатыр. Екі кішкентай қыз бен бір әйел кісі етбетімен суға жабысып қалған екен", - дейді Абылай.

Айтуынша, ол бірінші қыздың анасын судан шығарған. Өзін тоқ соққанына қарамастан екінші рет жасөспірімді шығаруға ұмтылған.

"Анасын қалай құтқарғаным есімде. Суға түстім, бірден аяқтан жамбасқа дейін тоқ ұрды. Бірақ қатты ұрған жоқ. Содан анасының қолынан ұстап, шығарып алдым. Қызын құтқаруға барған кезде тоқ біріншіге қарағанда қатты ұрды. Тоқ ұрды да, суға құлап түстім. Денемді толық тоқ ұрып жатты. Субұрқақ тоқтаған кезде жиегіне барып отырдым. Сол кезде қасыма 40-50 жастағы үлкен аға келді де, "тоқ ұра ма?" деп сұрады. "Иә" дедім. Сол кісі ақырындап суға түсті де қызды аяғынан тартып шығарып алды", - деді Абылай оқиғаның қалай болғаны жайлы.

Абылай тоқ соққан әйелдің қызын құтқарған ер адам туралы ештеңе білмейтінін айтты.

"Екінші қыз есін біліп, жылап тұрды. Ол қыздың қолын тоқ соққан", - деді Абылай.

Субұрқақтағы келеңсіз жағдай

Алматыда сенбіде әйел мен екі қызды субұрқақ ішінде тоқ соқты. Субұрқақ жанында балаларымен бірге отырған Үкілай Бестай есімді алматылық оқиға орнынан кадрларды жариялады. Оның айтуынша, екі қызды электр тогы ұрған. Оларды шығарамын деп барған қыздардың біреуінің анасы да темірге жабысып қалған.

"Мен сияқты суға түсуге көп адамның жүрегі дауаламады. Сол кезде осы Абылай деген жігіт өзін тоқ соғып жатса да, кезек-кезек оларды судан шығарды", - дейді видео авторы.

Оның сөзінше, аман қалған қыздардың бірі Талдықорғаннан келген, анасының құрбысы лагерьден алып 4 баланы қыдыртып жүрген екен.

Кейіннен Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы қыздардың жағдайы жақсы екенін, ал әйелдің жансақтау бөлімінде жатқанын, жағдайының ауыр екенін мәлімдеді.

9
Қыз бейнесі

"Өмір сүргім келеді": Аяжан Еділованың әпкесі оның қандай адам болғанын айтты

336
(Жаңартылды 19:08 22.06.2021)
Сондай-ақ адвокат тергеудің қалай жүріп жатқанын айтып берді

АЛМАТЫ, 22 маусым – Sputnik. Алматыда тұрғын үйлердің бірінде кісі қолынан қатыгездікпен қаза тапқан Аяжан Еділованың әпкесі Нұргүл Әбеутәліпова мен жәбірленуші тараптын адвокаты Қадыржан Ғалымжанұлы марқұмның қандай болғанын, оның күдіктінің үйіне не себепті баруы мүмкін екенін және тергеудің қалай жүріп жатқанын айтты. "31 арнаға" берген сұхбатында бойжеткеннің өліміне қатысты тараған түрлі ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

2001 жылы туған Аяжан Еділова 19 наурызда сағат 20:43-те жұмыстан шығып, сол күйі оралмаған. Оның жоғалғаны туралы хабар 20 наурызда тарады.

Бұған дейін марқұмның туыстары полицияның бастапқыда қыздың жоғалып кеткені туралы арызды алмағанын айтқан еді. Нұргүл Әбеутәліпова іздеу жұмыстарына өзі қатысқанын, сол күндері не болғанын айтып берді.

"Таңертең Аяжанды күттік. Келмеген соң Алтынай деген сіңілім өз бетінше іздеді. Жатақханасына, жұмыс орнына барды, құрбыларына хабарласты. Өзі таба алмағаннан кейін полиция қызметкерлеріне түскі сағат 12 шамасында барды. Алтынайдың жанында Аяжанның досы – Диас болған. Екеуі бірге барды. Олардың айтуы бойынша, полиция "қалада митинг жүріп жатыр, арыз алмаймыз. Ұйқысы қанған соң өзі келеді, ондай жағдай болған" деп қайтарып жіберген. Содан кейін Алмат деген інім 102-ге хабарласып, кешкі сағат 5-те іс қозғалды", - дейді Нұргүл Әбеутәліпова.

Істің басталғанына 4 айға жуықтады. Адвокат Қадыржан Ғалымжанұлының айтуынша, іске қатысты орта есеппен 25-30 сараптама тағайындалды. Оның жартысына жуығына жауап келді.

"7-10 сараптаманың жауабы келді. Оны тергеу құпиялығына байланысты жариялай алмаймын. Қалғанына жауап келген жоқ. Себебі сарапшыларға қойылған сұрақтар өте күрделі. Мұндай іспен сарапшылардың да өздері бұған дейін айналыспаған болуы керек. Жауап беру қиынға соғып жатыр. Сол себепті олардың қорытындысы да ұзаққа созылып жатыр", - дейді адвокат.

Аяжан ол үйге не үшін барды

Нұргүл Әбеутәліпованың пікірінше, Аяжан күдікті Төребековтің үйіне киімге тапсырыс алуға барған.

Бұған дейін желіде қыздың ақша үшін тәнін сатуға барғаны туралы да алып қашпа әңгіме тарады. Адвокат сол қауесетке жауап қатты.

"Өзінің тәнін сату үшін барған", "ақшаға келіскен" деген өсек шығып жатыр. Аяжан Қыдырәлі деген досына жіберген хабарламасында бартер (айырбас) туралы айтқан. "Егер бартер болса, неге үйіне барды? ", дейтін интернет-сарапшылар пайда болды. Сол кісілерге нақты жауап берейін: бұл – таза субъективті пікір, болжам. Аяжан өзінің негізгі жұмыс орнынан шығып, күдікті Төребековтің үйіне өлшем алуға барған. Сол жоспармен үйіне кірген, әрі қарай не болғаны тергеуге ғана мәлім", - деді адвокат.

Айтуынша, Аяжан жұмыстан 20:43-те шыққан, танысына бартер бойынша хабарлама жазған. Өзінің кездесіп жүрген жігітіне сағат 10-да негізгі жұмыс орны маңында болатынын айтқан.

"Егер Аяжан халық айтып жатқан арам ойымен баратын болса, біріншіден, бартер туралы айтпайтын еді. Екіншіден, өзінің кездесіп жүрген жігітіне сағат онда негізгі жұмыс істейтін салонның жанына кел деп айтпайтын еді. Ол ақылға салатын нәрсе. Арада сол кезде 1 сағат 17 минут қалады. Арам пиғылы бар кісілер мұндайға үлгермейді. Әрине, бұл – болжам. Нақтысын Аяжан мен Төребеков қана біледі. Өкінішке қарай Аяжанның жауабын ала алмаймыз, тек қана Төребековтің жауабын негіз етіп, өзіміздің қорғауымызды жалғастырамыз", - дейді адвокат Ғалымжанұлы.

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы күдікті Төребековпен кездеспегенін айтты. Себебі қазірге дейін оған қажеттілік болмаған.

Адвокаттың айтуынша, прокуратура тергеу барысында зорлаудың болған-болмағаны, күдіктінің адам бөлшектерін сатуға қатысы, оның діни ағымдарда бар-жоғы, бұған дейін қандай іспен айналысқанын кешенді түрде қарастырып жатыр.

"Университетте алған білімін фундамент ретінде қолданып, оқудан шыққаннан кейін әрі қарай білімін шыңдап, осындай кәсіби деңгейде қылмыс жасаған деген пікірім бар. Діни көзқарасынан осындай әрекет жасады дегенге сене қоймаймын", - дейді адвокат.

Оның сөзінше, күдіктінің жанында басқа біреу болған деген нұсқа қарастырылып жатыр. Алайда нақты дәлел жоқ.

Күдіктінің пәтері қалай анықталды

Адвокат Қадыржан Ғалымжанұлының айтуынша, күдіктінің үйі еріктілер арқылы анықталған. Бірақ күдіктінің қай қабат, қай пәтерде тұратыны тергеу көмегімен анықталды.

Нұргүл Әбеутәліпова сіңілісін іздеу үшін сол күні еріктілерге байланысқа шыққан. Ал еріктілердің нөмірін полиция берген.

"Аяжанның жоғалып кеткені туралы ағасына 19 наурыз түнде айтқан. Ағасы оны маған таңертең айтты. Таңертең Талдықорғаннан Аяжанның әкесі екеуміз жиналып, жолға шығып кеттік. Қайдан екенін білмеймін бізге телефоны Алғабас ықшамауданында (қазіргі Нұркент ықшам ауданы) жоғалған деген ақпарат шықты. Көбінесе Алғабастағы жер үйлер жақтан іздедік. Әрбір жер үйге кіріп, сұрап, Аяжанның фотосын көрсеттік", - дейді әпкесі.

Содан кейін күдіктінің үйінің мекенжайы хабарланған. Алайда ол маңға барған кезде марқұмның туыстарына көліктен шығуға рұқсат берілмеген.

"Сол жерге полиция немесе еріктілердің қайсы бірінші келгенін айта алмаймын. Ол жерде Төребековті жедел жәрдем алып кеткенін өзім көрдім. "Қыздарыңыз ол жерде жоқ, іште ешкім жоқ" деп сендірді. Бізді пәтерге кіргізген жоқ. Біз сол жерден Аяжанға ештеңе болған жоқ деген үмітпен қайттық. Ертеңі тағы да өз бетімізше іздеп шықтық. Іздеп жүрген кезімізде Медеу ауданы полиция басқармасына келіңіздер деп хабарласты. Ол жерге барған соң Төребеков басқа ауданнан табылғанына байланысты ішкі істер басқармасына жіберді. Мен бірнеше күн ұйықтамай жүрген соң ішке кіре алмадым. Сіңілім мен бауырым ішке кіріп кетті. Олардың жауабын көлікте күтіп отырдым. Сағат 4-5 шамасында ғаламтор желісі арқылы білдік. Аяжанның әкесі қасымда болды, ол іштен естіп шықты", - дейді Нұргүл Әбеутәліпова.

Өте сенгіш болған

Әпкесінің сөзінше, Аяжан бір көрген адаммен тез араласып, бір сағатта туысқан секілді сөйлесіп кететін болған. Сондай-ақ оның өте сенгіш және адам жатырқамайтын мінезі болғанын айтты.

Туыстарының сөзінше, Аяжан Еділова Алматыға қайтыс боларынан екі ай бұрын келген. Оған дейін карантин кезінде Талдықорған қаласында туыстарының жанында болған. Алматыдағы сән салоны мен тігін цехына жұмысқа орналасқанына да бір айдай болған.

"Осы жолы Алматыға жібермей қойдым. Коронавирустың күйіп тұрған кезі еді. Біреуге жақын отырып тырнақ жасайсың, "сен маған аман-есен керексің" деп айттым. Ортаға апасын салып, әкесін салып жүріп, бой бермей, кетті. Әйтпесе үйде байлап ұстап отырғанмын. Үйде отырып күйзеліске түсті. Жұмыс істеп, жүріп үйреніп қалған қыз ғой. Бір күні жұмыстан келсем, жылап-жылап көзі ісіп кетіпті. "Менің өлгім келмейді, өмір сүргім келеді" деп айтты", - дейді әпкесі Аяжанның коронавирус жұқтырып алудан қорыққанын айтып.

Содан қалада жұмыс істеп жүрген Аяжан ең соңғы рет жақындарымен телефон арқылы сөйлескен кезде наурыз мерекесіне үйіне баратынын айтқан.

"Ең соңғы рет анасына видео арқылы хабарласып, наурыз мерекесіне келетінін айтты. Жұмыстарын айтып, соларды бітірген соң 4 күн демалысқа келемін деді. "Сағынып кеттім" деп қоштасқандай еркелегені есімде. Анасы жолға қарап, әлі күтетін сияқты. "Келемін" деп айтқаннан кейін олар күтіп жүрді. Мұндай хабар келеді деп күткен жоқ. Шешесі әлі күтіп жүр. Аяжан оқуда жүрген сияқты сезімдеміз", - дейді Нұргүл Әбеутәліпова.

Айтуынша, Аяжанның анасы біраз уақытқа дейін істің мән-жайын білмеген. Тек қайтыс болғанын естіген.

"Ата-анасының жағдайы өте ауыр, олар күйзелістен әлі шыға алған жоқ. Стрессте жүр. Күліп отырып жылай салуы мүмкін, жылап отырып күле салуы мүмкін", - дейді әпкесі.

Күдіктінің туыстары кешірім сұрамаған

Аяжанның туыстарының айтуынша, күдіктінің туыстары кешірім сұрап бармаған.

"Келмей-ақ қойса екен деп ойлаймын. Аяжанның ержеткен ағасы бар. Ашуланып кетеді. Бірдеңе жасап қоя ма деп қорқамын", - дейді Нұргүл Әбеутәліпова.

Адвокаттың айтуынша, Төребековтың туыстары, ата-анасы ол жігіттен бас тартқан болуы да мүмкін. Себебі оған мемлекет тарапынан қорғаушы тағайындалған, туыстары адвокат қарастырмаған.

"Адами тұрғыдан ол кісілерге де ауыр. Өздері тәрбиелеген бала осындай қылмыс жасап отыр. Енді қай бетімізбен барамыз деп келмей отырған шығар. Жалпы бас тартқаннан кейін өз мәселесін өзі шешсін, бізді онсыз да қарабет қылды деп жүрген шығар", - дейді адвокат.

Ал қылмыстық істің қай уақытта аяқталып, сотқа қашан жолданатыны әлі белгісіз. Себебі ол үшін барлық сараптама нәтижесі дайын болуы керек.

Аяжан Еділованың өлімі

Алматыда 19 жастағы Аяжан Еділова 19 наурызда жоғалып кетті. Оны соңғы рет жұмыста көрген. Қызды іздеу бірнеше күнге созылды. Оның көз жұмғаны 22 наурызда белгілі болды. Оның бөлшектенген денесі Нұркент ықшам ауданындағы пәтерлердің бірінен табылды.

Оқи отырыңыз: Аяжан Еділованың сүйегі жер қойнына тапсырылды

Қылмысқа күдікті ретінде Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны ұсталды. Полиция оның үйінің есігін бұзып кіргенде күдікті қолына пышақ алып, өз мойнын тіліп үлгерген. Дәрігерлер оны құтқарып қалды.

"Араларында жанжал шыққан. Жанжалдың нәтижесінде ол қыз баланы өлтіріп, қылмыстың іздерін жасыру мақсатында оның денесін бөлшектеген. Қылмыс аса қатыгездікпен, жауыздықпен жасалған", - дейді Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

336
Кілт сөздер:
Алматы, қатыгездік, қыз, өлім
Тақырып бойынша
Аяжан Еділованың өлімі: оқу орнындағылар күдікті жайлы не дейді – видео
Алматыда денесі бөлшектелген қыздың ағасы: Тісін қағып алып, тырнағын кескен
Аяжан Еділованың күдіктімен жолыққан кезі түсірілген видео жарияланды
Аяжан Еділованың өлімі: күдіктіге қатысты желіде тараған ақпарат расталмады
Аяжан Еділованың өлімі: марқұмның ұстаздары мен құрбылары пікір білдірді