Қоғам

Сағынтаев ауруханалардағы медициналық жабдықтардың жетіспеу себебін түсіндірді

© Sputnik / Евгений Самарин / Медиабанкке өтуАрхивное фото реанимации
Архивное фото реанимации - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алматы әкімі қала ауруханаларының қолданысындағы 34 мың құрал-жабдықтың он мыңы ескі болғанын айтады

АЛМАТЫ, 23 шілде – Sputnik. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев коронавирус пандемиясына байланысты қала бюджетінің қайда жұмсалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қалалық бюджет ішінде көптеген құрылыс шарасы болды, бірақ ол келесі жылға дейін күте тұрады. Біз басталған құрылыстың біразын тоқтатып тастадық. 2021 жылы жеңілдік болып, пандемия ұзақ жылға созылмайтын шығар деп үміттенеміз. Сол кезде жұмысты қайта бастаймыз", - деді қала әкімі.

Сонымен қатар Сағынтаев әлеуметтік, мәдени, спорт, туризм шаралары тоқтағанын мәлімдеді. Ал босаған қаржы Covid-19-ға қарсы күреске жұмсалып жатыр.

"Қазір ең үлкен мәселе – қаладағы ауруханаларды материалды-техникалық жабдықпен қамтамасыз ету. 2019 жылы тамызда ауруханалар қажет құрал-жабдықпен қаншалықты деңгейде қамтамасыз етілгенін тексердік. Егер 34 мың құрал-жабдық болса, соның он мыңы ескірген жабдықтар болған. Күзде үш жылға бағдарлама қабылданды. Міне, сол шешімнің дұрыс болғанын көріп отырмыз", - деді Сағынтаев.

Айтуынша, қабылданған бағдарлама қаладағы барлық емхана мен аурухананы 90% қажетті жабдықпен қамтамасыз етуге бағытталған.

"Материалдық жабдықтау – қажетті техниканың болуы. Қазір жүгіріп іздеп жүргеннің бәрі сол техниканың болмауынан туып отыр. Осы мәселе алдымыздан шықты", - деді Бақытжан Сағынтаев. Айтуынша, наурыздан бері коронавирус инфекциясымен күреске қалада 60 миллиард теңге бөлінді.

Оқи отырыңыз: Алматыда екі қонақүйі бар түрік кәсіпкері Сағынтаевқа тың ұсыныс жасады

Айта кетейік, Алматыда 9851 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды, 5 796 адам жазылып шықты,73 адам қайтыс болды.

Жаңалықтар
0