Қоғам

Балалар зорлық-зомбылығы үшін жазаны күшейту керек пе – президент кеңесшісі пікір білдірді

© Photo : Рixabay/TatlinРука на стекле
Рука на стекле - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген заңда балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады

НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде – Sputnik. Қазақстан президентінің кеңесшісі Ерлан Карин балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату қажеттілігі туралы ұсынысқа түсініктеме берді.

"Соңғы оқиғаларға байланысты, желідегі кейбір қолданушылар балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту қажет деп жазып жатыр. Бірақ былтыр мемлекет басшысының бастамасымен осындай шаралар қабылданған болатын", – деп жазды Карин өзінің Telegram каналында.

Ол өткен жылы қыркүйек айында президенттің Қазақстан халқына жасаған алғашқы жолдауында сексуалдық зорлық-зомбылық, педофилия мен есірткі және адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жеке адамдарға, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар үшін шұғыл түрде жазаны қатаңдатуды тапсырғанын еске салды.

Ал күзде тиісті заң парламентке жіберілді.

30 желтоқсанда президент 2020 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген "Қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамаларын жетілдіру және жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауды нығайту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.

Заңның жаңа нормаларына сәйкес, орташа ауырлықтағы зорлық-зомбылық ауыр қылмысқа ауыстырылды.

14 жасқа дейінгі балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Оқи отырыңыз: Министрлік өкілі Қазақстанда қанша жасөспірім бас бостандығынан айырылғанын айтты

Сонымен қатар, педофилия фактілері туралы хабарламау, жасыру, бұрмалау фактілері үшін де жауапкершілік жүктеледі. Заңда бұл енді ауыр қылмыс болып табылып, 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді.

Сәтбаевтағы толқу

24 шілдеге қараған түні Сәтпаев қаласында тәртіпсіздіктер басталды. Оған жоғалған 5 жасар қыздың белгісіз ер адамның пәтерінен табылуы себеп болған.

Бүлдіршінді бүкіл қаладан іздеді. Бала табылғаннан кейін күдікті тұратын үйдің маңына бір топ адам жиналды. Олар күдіктіні өздері жазаламақ болған. Ашулы топ барлық пәтердің есігін қағып, тұрғындардың зәресін ұшырған. 

Халық толқуын басу үшін қалаға Ұлттық ұлан күштері тартылды.

Содан кейін жиналғандар күдіктіні беруді талап етіп, қалалық әкімдікке қарай бет алды.

Қала билігі бала анасының қасында екенін мәлімдеді және тұрғындарды арандатушылыққа ермеуге шақырды.

Таңға қарай қалада жағдай тұрақталды.

Ер адам бүлдіршінді ұрлап, зорлады деп айыпталып отыр. Тергеу жүргізілуде.

Жаңалықтар
0