Қоғам

Мүфтият қандай малды құрбандыққа шалуға болмайтынын айтты

© Photo : "Зекет" қорының баспасөз қызметіҚұрбан айтта 34 900 отбасыға құрбандық еті таратылды
Құрбан айтта 34 900 отбасыға құрбандық еті таратылды  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл Қазақстан тарихында алғаш рет карантинге байланысты мешіттерде Ораза айт намазы оқылған жоқ. Ал соңғы екі апталық шектеу шараларын ұзартқаннан кейін Құрбан айт намазы да оқылмайтын болды. Себебі барлық мешіт қайтадан жабылды

НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде – Sputnik, Арман Асқар. Құрбандық шалу шарттары өзгеріп отыр. Мүфтияттың бастамасымен Qurban2020.kz сайты іске қосылды. Сол арқылы онлайн тапсырыс беріп, құрбандық шалуға болады. Sputnik Қазақстан тілшісі қазақстандық мұсылмандар үшін осы бір тың бастаманың негізгі ерекшеліктерін зерделеп шықты. 

Онлайн-құрбандықтың басты ерекшелігі неде

Шыны керек, бұған дейін құрбандық шалуға шектеу қойылады деп ешкім ойламаған. Бірақ коронавирус бұрынғы салт-сананы түбегейлі өзгертті. Осы жолы да құрбандық қашықтан шалынады дегенде онлайн-құрбандықтың не екенін түсінбегендер көп болды. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, бүгінде қашықтан құрбандық шалу тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан бері бар және жыл сайын жасалады. Қазіргі карантин жағдайында осындай жаңашылдықты елімізде қолға алу туралы шешім қабылданды. Бірақ онлайн-құрбандықтың барлық еті мұқтаж адамдарға таратылады.   

"Осы кезге дейін құрбан шалған азаматтар құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігіне ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастарқан жаятын. Пандемия жағдайына байланысты биылғы онлайн бойынша құрбандық шалынған кезде еттің үштен бірі шалған адамға берілмей, түгелдей мұқтаж жандарға үлестірілетін болады", - дейді Тағанұлы.

Мал қай жерде сойылады

Биыл жергілікті әкімдіктер бұрынғыдай мал сою орындарын ашады. Бірақ оған барлығын бірдей кіргізбейді. Ол жерде тек онлайн-тапсырыстар ғана орындалады. Тәртіп сақшылары карантин талаптарын бақылайды. Имамдар мен қасапшылар құрбандық шалады. Ал "Зекет" қорының еріктілері тапсырыс берген адамдарға фото-есеп жіберіп, құрбандық етін тарататын болады. 

"Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде осы кезге дейін үйреніп қалған малды таңдау, қасапшының жанына барып өзіміз сою секілді жағдай болмайын деп тұр. Имамдарымыз делдалдық қызмет жасамайды, екі ортада жүріп пайда табумен айналыспайды. Біздің міндетіміз – құрбандық шалу рәсімін ұйымдастыру және құрбандық мал етін үлестіру", - дейді Тағанұлы.

Осы орайда бас мүфти сатушыларды мал бағасын қымбаттатпауға шақырды. Қасапшылар да өз қызметі үшін көп ақша сұрамайды деген сенім бар.

Малдың бағасы қанша

Qurban2020.kz сайтында кез келген құрбандық малын таңдауға болады. Бағасы да әртүрлі. Мәселен, қойдың орташа құны - 50 000 теңге. Наиб мүфти Ершат Оңғаровтың айтуынша, құрбандыққа шалынатын қойларға нақты талап бар. 

"Ауылдық жерлерде тұратын адамдар өз  ауласында шала береді. Бірақ бір нәрсені ескерген дұрыс. Шариғат бойынша құрбандыққа шалынатын қой малы бір жастан асқан болуы керек. Сондықтан биыл төлдің барлығы бірдей құрбандыққа жарамайды. Алты айдан асқан тоқтылар ғана жарайды. Қозы мен марқа қозылар жарамайды", - дейді Оңғаров.

Онлайн-тапсырыс беру сайтында тоқтының бағасы 40 000 - 45 000 теңгенің айналасында. Бұдан бөлек, ешкі - 35 000 - 40 000 теңге, ірі қара – 300 000 - 400 000 теңге, ал түйенің бағасы 450 000 теңгеден 800 000-ға дейін барады.  

Онлайн-тапсырыс қалай беріледі?

Qurban2020.kz сайтына кіргеннен кейін бірнеше батырма болады. Тапсырыс жасайтындар "Құрбандық малын шалу үшін тапсырыс беру" деген батырманы басады. Одан кейін бірнеше мәлімет енгізу керек. Олар: 

  • өңірді таңдау;
  • аты-жөнін және телефон нөмірін жазу; 
  • құрбандық малын таңдау;
  • құрбандық есебін белгілеу/белгілемеу (телефонда WhatsApp мессенджері болуы керек)
    төлем жасау.

Бас мүфтидің айтуынша, онлайн тапсырыстар 30 шілдеге дейін қабылданады. 

Құрбандық еті қалай таратылады

Құрбандық етін алу үшін де Qurban2020.kz сайтында өтініш қалдыру қажет. Ол үшін алдымен "Құрбандық етін алу үшін өтініш қалдыру" батырмасын басып, жеке мәліметтерді енгізу керек. Олар:

  • өңірді таңдау;
  • ЖСН, аты-жөнін және телефон нөмірін енгізу;
  • мекенжайды көрсету;
  • әлеуметтік мәртебені жазу;
  • құжаттардың көшірмесін тіркеп жіберу.

"Ауқатты және мұқтаж емес адамдар өтініш бере алмайды. Шын мәнінде қиын жағдайда қалған мұқтаж жандарды ойлап, түсіністік танытуларыңызды сұраймыз. Жәрдемге мұқтаж жандар құрбандыққа шалынатын малдың санына қарай көмек алады", - делінген сайттың ескертуінде. 

Айта кеткен жөн, еріктілер құрбандық етін мұқтаж адамдардың үйіне дейін жеткізіп береді. Сол кезде барлық санитарлық шаралар сақталуы шарт.

 

Жаңалықтар
0