НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде – Sputnik. Коронавирустан үйінде емделіп жатқан науқастар парацетамол мен антиагулянттарды он күннен кейін өзі тіркелген емханадан тегін ала алады. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазақстанда амбулаторлық деңгейде ем алып жатқан пациенттер үшін коронавирустан емдеу хаттамасына 5 препарат қосылды. Олар: парацетамол, ибупрофен және Ривароксабан, Апиксабан, Дабигатран антикоагулянттары.
"Науқастар амбулаторлық деңгейде бұл дәрілерді тегін алуы үшін бірқатар құжатқа өзгеріс енгізілді. Хаттамаға жаңа қосылған препараттарға бүкіл өңір өтінім берді. Қазір Бірыңғай дистрибьютор сатып алу процедурасын жүргізіп жатыр. Он күннен кейін дәрі-дәрмектер коронавирустан амбулаторлық деңгейде емделіп жатқан пациенттерге қолжетімді болады", - деп жазды Бюрабекова желіде.
Тағы оқыңыз: Карантин тағы ұзартылды: Тоқаев кеңес өткізді
Ол коронавирус диагнозы қойылған пациенттер препараттарды өзі тіркелген емханадан, тек дәрігердің тағайындауымен тегін ала алатынын атап өтті.
Егер пациентке бұл дәрілер тегін берілмесе, Бірыңғай дистрибьютордың 1439 байланыс орталығына хабарласып шағымдануға болады.
Вице-министрдің айтуынша, қазір коронавирус инфекциясынан емдеу үшін түпнұсқадағы Байер (Ривароксабан) компаниясының Ксарелто, Пфайзер (Апиксабан) компаниясының Эликвис, Берингер Ингельхайм (Дабигатран) компаниясының Прадакс антикоагулянтын сатып алу бойынша өндірушілермен келісссөз жүргізілуде.
НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезия президенті Джоко Видодоға көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы Сулавеси аралындағы күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза болуына байланысты Индонезия Президенті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады.
"Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болған адамдардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Осындай қиын жағдайда біз индонезиялық достарымыздың қайғыларына ортақтасып, олармен бірге екенімізді жеткіземін. Сонымен қатар табиғат апатынан зардап шеккендердің тезірек сауығып, үйлеріне оралуына тілектестік білдіремін", – делінген жеделхатта.
Индонезияда соңғы тәулікте бірнеше рет 5,7 және 6,2 магнитудалы жойқын жер сілкінісі болды. Салдарынан отыздан астам адам көз жұмып, 600-ден астам тұрғын зардап шекті.
Жер сілкінісі салдарынан жергілікті аурухана ғимараты құлап, медицина қызметкерлері мен емделушілер үйінді астында қалғаны белгілі болды.
Билік 15 мыңнан астам тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді.
АЛМАТЫ, 15 қаңтар – Sputnik. Қазгидромет синоптиктері 2021 жылдың 16-18 қаңтарында ауа райы қандай болатынын жариялады.
Сенбі, жексенбі күндері республиканың батысы мен солтүстігінде Жерорта теңізі циклонының әсерінен ауа райы тұрақсыз болады.
Кей жерлерде жауын-шашын түседі, батыста қар мен жаңбыр араласып, солтүстікте қар жауады.
Сондай-ақ кей жерлерде жел күшейіп, боран соғады, ауа температурасы көтеріледі. Қазақстанның қалған аумағында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республика бойынша кей жерлерде тұман түседі.
Нұр-Сұлтанда түнде минус 13-15 градус, күндіз 4-6 градус аяз болады.
Алматыда түнде минус 8-10, күндіз плюс 5-7 градус.
Шымкентте түнде плюс 1-3, күндіз 15-17 градус жылы болады.
Ақмола облысының кей жерлерінде бұрқасын болады. Оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен секундына 15-20 метр жел соғады.
"Ақтөбе облысының кей жерінде тұман, көктайғақ болады. Оңтүстік-шығыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысып, секундына 18 метр жылдамдықпен жел соғады. Мұғалжар ауданында түнде желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді", – делінген хабарламада.
Батыс Қазақстан облысының кей жерінде тұман, көктайғақ, бұрқасын болады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы – 15-20 м/с, күндіз екпіні секундына 25 м/с жетеді.
16 қаңтарда Қызылорда облысының кей жерінде желдің жылдамдығы секундына 15-20 м/с-ке жетеді.
Қостанай облысының кей жерінде бұрқасын болып, тұман түседі. Күндіз кей жерлерде көктайғақ болады. Оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен секундына 15-20 м/с жел соғады.
Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман түсіп, күндіз бұрқасын болады. Жел оңтүстік, оңтүстік-шығыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғады.
Петропавлда түнде оңтүстіктен, оңтүстік-шығыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады.