Қоғам

"Телефонмен көңіл айтыңыз": вице-министр қазақстандықтарға кеңес берді

© Sputnik / Владислав ВодневЖители Нур-Султана
Жители Нур-Султана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қайтыс болған науқастардың медициналық құжаттарын тексергенде көп адамның көпшілік шараларға, соның ішінде тойға барғаны белгілі болды

НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният қазақстандықтарды құттықтауды да, көңілді айтуды да телефон арқылы жеткізуге үндеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде эпидемиологиялық жағдай жақсарса да, өлім-жітім тыйылған жоқ. Ал қайтыс болған науқастардың 90 проценті артериялық гипертензия, жүректің ишимиялық аурулары мен қант диабетіне шалдыққан. Көбісі семіздіктен жапа шеккен.  

"Осыған байланысты барлық емханаға нұсқау берілді. Созылмалы ауруы бар адамдар емханаға қаралса, оларды дер кезінде ауруханаға жатқызу қажет. Сөйтіп, ауруды асқындырып алмай, емдеген жөн", - деп атап көрсетті  Ғиният.

Оның сөзіне қарағанда, қайтыс болған науқастардың медициналық құжаттарын тексергенде көп адамның эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, көпшілік шараларға, соның ішінде тойға барғаны белгілі болды. Ал ондай жерде бір науқас біраз адамға инфекция жұқтырады. Олардың 20 проценті ауруханаға ауыр жағдайда түсіп жатады.

Оқи отырыңыз: Билік коронавирустан қайтыс болғандардың нақты санын жасырып отыр ма? 

"Сондықтан дәрігерлердің атынан, денсаулық сақтау министрлігінің атынан көпшілік шараларға бармауыңызды сұраймыз. Біреуді құттықтаймын десеңіз, я болмаса, көңіл айтсаңыз, телефон арқылы жасағаныңыз жөн. Өйткені өлім-жітімнің болуы, эпидемиологиялық жағдайдың асқынуы медицина мамандарына ғана емес, барша азаматқа тікелей байланысты. Бұл инфекциялық ауру болғаннан кейін адамнан адамға жұғып, тоқтамай жатыр", - деп түйіндеді Ғиният.

Жаңалықтар
0