Қоғам

Қазақстандықтар жеке куәлік көрсетуі тиіс - сарапшылар жаңа талап туралы айтты

© Sputnik / Абзал КалиевПосетители закупаются продуктами перед "карантинными выходными" в торговой сети
Посетители закупаются продуктами перед карантинными выходными в торговой сети - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мамандардың айтуынша, мұндай талаптың мәнісін халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру қажет. Ал олай етпеген жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қолайлы жағдай туындауы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik, Тимур Ниталиев. Қазақстандағы темекі шегушілер оны сатып алу кезінде кейбір қолайсыздыққа тап болуда. Яғни, бұдан былай сатушылар сатып алушының жеке басы мен жасын растайтын құжаттарды талап етеді. Ал мұндай талап 17 шілдеде күшіне енген Денсаулық сақтау туралы кодексте міндеттелген.

"Супермаркетте сатушы менің көз алдымда 70 жас шамасындағы қарияның өзімен бірге құжаты болмағандықтан, оған темекі сатудан бас тартты. Сатушы оның 21 жастан әлдеқашан асып кеткенін көріп тұрғанымен, ол заң талабына сай темекіні сата алмады", – дейді алматылық Виктор.

Заң талабы қандай?

110-баптың 4-тармағында былай делінген:

"Темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылған темекі, темекі тарту, кальян қоспасы, темекіні қыздыру жүйелері, электронды тұтыну жүйелері және олар үшін сұйықтық сататын адамдар:

1. жеке басты куәландыратын құжатты көрсетуін талап етуге;

2. егер жеке басын куәландыратын құжат ұсынылмаған жағдайда, темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылған темекі өнімдерін, темекі шегуге арналған кальян қоспаларын, темекіні қыздыру жүйелерін, электронды тұтыну жүйелерін және олар үшін сұйықтықтарды сатудан бас тартуға міндетті".

Заң тұжырымдамасында жас ерекшелігі қарастырылмағандықтан сатушы, тіпті зейнеткерлерден де құжат сұрауға міндетті.

"Жеке басты куәландыратын құжаттардан басқа, біз төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін де қабылдаймыз. Өкінішке орай, жағымсыз реакциялар көп. Кассирлер мұны жаңа кодекстің талабы деп қалайша түсіндіреді. Бірақ олар бәрінен құжат көрсетуін сұрауы керек", – дейді супермаркет желілерінің PR-менеджері Дмитрий Шишкин Sputnik Қазақстанға берген пікірінде.

Бұл талап әлеуметтік желілерде үлкен сынға ұшырады. Өйткені, қазақстандықтар өздерінің өмірін қиындататын ережені не үшін енгізгенін түсінбейді. Олардың бір бөлігі заң жобасын жасаушылар оны қабылдауға асығып, кодекстің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін ойламады деп болжайды.

Кодекс жобасында басқаша тұжырым жасалған

"Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін" ұлттық коалициясының жетекшісі Жәмила Садықова Sputnik Қазақстанға берген пікірінде мәжілісте өткен кодекс жобасын талқылауға қатысқанын және бұған дейін басқаша тұжырым жасалғанын мәлімдеді. Сол кезде сатушы сатып алушыдан оның жасына қатысты күмән туындаған жағдайда ғана құжатты талап етуге міндетті деп көрсетілген болатын дейді ол.

Жәмила Садықованың айтуынша, мұндай тұжырым құжат жобасы үкіметке барғанда "жоғалған".

"Қоғамдық ұйымдардың өкілі ретінде мен мәжілістегі жобаны талқылауға қатыстым. Бұл тұжырымдаманың өткеніне назар аудармадым. Бірақ үкімет құжатты мақұлдады. Бірнеше департаменттің мамандары мен заңгерлері қарады. Жоба үкіметке кірмес бұрын көрдім. Жас ерекшелігі туралы айтылған тұсы бар, бірақ оған денсаулық сақтау министрлігі тиіспеді. Мәжілісте де оған тиіскен жоқ. Ал мәжіліске үкіметтің нұсқасы енгізілді. Нәтижесінде, үкіметтің өзгерісі қабылданды", – деді Жәмила Садықова.

Сондай-ақ, ол егер темекіні сатып алуға байланысты мұндай қолайсыздық біреуді темекіні тастауға итермелесе, онда қуанатынын айтады.

Ал темекі өнімдерін сату кезінде жеке куәліктің міндетті талабы туралы норманы талқылау кезінде "Атамекен" ҰКП мен Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының өкілдері бұл мәселені көтерген.

"Жұмыс тобының мүшелері бұл мәселені айтты, бірақ тиісті түзетулер сақталмады", – деді "Атамекен" ҰКП агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Еркен Наурызбеков Sputnik Қазақстанға берген түсініктемесінде.

"Атамекен" ҰКП кодекске өзгеріс енгізу туралы өтінішпен үкіметке жүгінетінін жоққа шығармайды.

Бизнес-омбудсмен: талаптар ортақ пікірге қайшы келеді

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен Рустам Жүрсінов кәсіпкерлерден әлі ресми шағымдар келіп түспегенін айтады.

"Бірақ қоңыраулар түсіп жатыр. Шағын бизнеске түсініктемелер мен кеңестер қажет. Өйткені, кейбір талаптар жалпы мағынасына қайшы келеді. Бұл жерде 21 жасқа дейінгі жастарға темекі (басқа да темекі бұйымдарын) сатуды шектеумен байланысты екені түсінікті. Ал егер әрбір сатып алушыдан сатып алушының қандай жаста көрінетініне қарамастан жеке куәлікті талап етуі – бұл өте жоғары талап", – деді Жүрсінов.

Оқи отырыңыз: Дәрігер темекі шегетіндер үшін коронавирус қаншалықты қауіпті екенін айтты

Ол мұндай жағдайда қарапайым кәсіпкерлер көп зардап шегетінін атап өтті. Бір жағынан – наразы сатып алушылардың агрессиясы, екінші жағынан – тексеруші органдардың ықтимал бопсалауы. Оның айтуынша, қазір "Атамекен" ҰКП сарапшылары мен денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, мәселені шешудің мүмкіндіктерін қарастыруда.

"Мұндай талаптың мәнісін егжей-тегжейлі түсіндіру қажет. Халықтың, оның ішінде жас ұрпақтың денсаулығына қамқорлық жасау қажет екеніне ешкім дау айтпас. Бірақ бұл талап абсурдтық деңгейге жеткенде және оны орындау мүмкін болмай қалса, сыбайлас жемқорлыққа қолайлы жағдай туындайды", – деп қорытындылады Жүрсінов.

Сонымен қатар, алкогольді ішімдік сатып алушылар да осындай проблемаға тап болады. Sputnik Қазақстан бұл мәселеге қатысты түсініктеме сұрап, денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдады.

Жаңалықтар
0